ffin.kz

«Өткірдің жүзі»

«Өткірдің жүзі» almaty-akshamy.kz

Қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға және жаңғыртуға орасан зор үлес қосқан Алаш ардақтысына құрмет көрсетілді.


Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы-ғалым, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуездің 80 жылдық мерейтойына арналған «Өткірдің жүзі» атты кездесу өтті.


Мерейтой иесіне осынау кешін ұйымдастыруға мегаполистегі Республика сарайынан бастап, түрлі іргелі мәдениет ошақтары, театр, филармония ғимараттары ұсынылған екен. Бірақ ұлының ұлы «мен үшін кітапханадан асқан киелі орын жоқ» деп осы үйді таңдаған көрінеді.


Иә, кеше парасат пен руханият ұйыған еңселі кітапханаға бейне Қазақстанның бүкіл зиялы қауымы жиналғандай әсерде болдық. Рухани кеште мерейтой иесіне тілекші жандардың көп болғаны соншалық, жартысы тікесінен тік тұрып тыңдады барлық лебіз-тілекті.


Мерейтой иесін Астанадан арнайы келіп құттықтаған ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов:



– Кешегі Алаш арыстарының аманатын ауырсынбай арқалаған, ел мен жерге деген шексіз махаббатты ту еткен Мұрат Мұхтарұлы жайлы қалай айтсақ та жарасады. Түбі бір түркі әлеміне ортақ тұлға «Жас тұлпар» ұйымында қабырға газетін шығарудан бастап, қабырғалы қайраткерге айналғанға дейін тыным таппады. Қазірдің өзінде қолыңыздан қаламыңызды түсірмей, жас ұрпаққа рухани мәдениетімізді танытуда, ұлт мұрасын зерттеп, зерделеуде атқарып жатқан істеріңіз аз емес. Келешек жас буын сізді ділмәр дипломат, терең пәлсапашы, ірі мәдениет қайраткері деп тануы қажет. Өнегелі өмір жолыңыз өскелең ұрпаққа темірқазық болғай дейміз. Біз өз кезегімізде сол сіздер салған тағылымды жолмен жүріп, жарқын болашаққа айқын бағыт ұстауымыз керек. Аса қадірлі Мұрат Мұхтарұлы, сізге барша игілікті тілей отырып, әлі де халық қазынасын молайта беріңіз, ұлтымыздың ұстынына айналған биік тұлғаңыз ешқашан аласармасын дегім келеді, – деп, жылы лебізін білдіріп, мерейтой иесінің иығына шапан жапты.



Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың арнайы құттықтауын жеткізген қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев та Мұрат Мұхтарұлының иығына оқалы шапан жауып, гүл шоғын ұсынды.


Олжас Сүлейменов, Марат Сембин, Смағұл Елубай, Төрегелді Шарманов сынды замандастары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қаламгерлер сөз сөйлеп, осыдан тура 60 жыл бұрын «Жас тұлпардың» жалына жармасқан 20 жастағы жалынды жігіттің 80-нің сеңгіріне шыққанға дейінгі әрбір қадамынан, бел-белесінен, күрескерлікке толы өмірінен қызықты естеліктер айтты. Сонау Абай мен Ақтөбе облыстарынан арнайы құттықтай келген өкілдер де қазақтың Мұрат Әуездей ұлына шапан кигізді. Сондай-ақ, «Абай ауданының Құрметті азаматы» атағы салтанатты түрде табысталды.


Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанованың ерекше естелігіне де жиналған жұрт қол соқты.



– Мұрат Мұхтарұлы біздің кітапхананы біраз жыл басқарды. Сонда таңертең жұмысқа, есіктен кіріп келе жатып ең бірінші осы қарашаңыраққа басын иіп сәлем беретін. Сосын есік аузында жүрген қарапайым еңбек адамының, яғни әріректе еден жуып жүрген кісінің жанына барып, амандасып, «сәлеметсің бе, қарғам, жағдайың қалай, балаларың жақсы ма, өсіп жатыр ма?» деп сұрайтын. Сонда бұл неткен қарапайымдылық, биіктік деп таңғалушы едік. Ал еден жуушы әйел мәз болатын, «осы күнге дейін ешкім бұлай бала-шағамыздың жағдайын сұрамапты» деп. Қайраткерлігіне лайықты қаншама рет ірі сыйақылар алды. Сонда Мұрат Мұхтарұлы соның бәрін қалтасына салып алып кеткен жоқ. Осында 300- дей қыз-келіншек жұмыс істейді, соның бәріне таратып беретін, бізді театрға шақыратын. Гүл әкеп сыйлайтын. Шетелге барған сапарларында бәрімізге сыйлық көтеріп келетін. Міне, бекзаттық, мәрттік! – деп ізгі тілегін арнады кітапханашы шәкірті.



Мұрат Әуез Қазақстанның және халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихимәдени құндылықтарын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. «Сорос–Қазақстан» қорының басшысы ретінде білім беру, мәдениет және қоғамды демократияландыру саласындағы бірқатар маңызды орталықазиялық жобаларға бастамашы болды және жүзеге асырды, қазақ әдебиеті мен Қазақстанның жас шығармашылық күштерінің дамуында да өз қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға және жаңғыртуға орасан зор үлес қосты.


Кездесу аясында ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан Мұрат Әуездің қызметі мен шығармашылығына арналған «Өткірдің жүзі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда 1962 жылдан бастап осы жылға дейін түрлі басылымдарда жарық көрген мақалалары да қойылды. Әр кезеңдерден сыр шертетін фотосуреттер де Мұрат Әуездің бел-белесінің белгісіндей тіл қатып тұр.


Кеш соңында «Жас тұлпардың» гимні шырқалды


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04