Заман өзгеріп, ұрпақ ауысқан сайын тойдың форматы да өзгеріп барады. Сәйкесінше, тойдағы жөн-жоралғылар мен кейбір салт-дәстүрлер көмескіленіп, мәнін жоғалтып бара жатқандай. Aqshamnews.kz тілшісі мәні азайған кейбір жөн-жоралғыны тізіп, талдап көрді.
Босқа шашылған шашу
Жуырда әлеуметтік желіде тараған бір бейнежазба назарымызға ілінді. Онда тойда шашылған шашудың жиналмаған күйі қоқысқа кеткені бейнеленген.

Бұл жай ғана ұқыпсыздық емес, ата дәстүрге деген немқұрайлық пен құрметсіздіктің көрінісі іспетті. Өйткені халқымызда шашу қуаныштың дәмі мен киесі саналған.
Шашудың тарихы қандай?
Шашу - "той тойға ұлассын", "той жұғысты болсын", "береке үзілмесін" деген ізгі тілекпен орындалатын ежелгі жоралғы. Оны ақ жаулықты аналар, көпті көрген әжелер мен келіндер шашқан. Шашуды аяққа басуға, термей қоюға, елемеуге болмайды. Себебі "шашуды аттаса, үйден қуаныш кетеді" деген сенім бар.
Бүгінде ер адамдардың да шашу шашып жүргенін байқаймыз. Бұл кейде әзіл ретінде қабылданса да, дәстүрдің түпкі мәнін білмеудің салдары болуы мүмкін.
Ел алдында абыройын асқақтатып көрсетуге тырысу, шамадан тыс тыраштану қазақтың тойында көп көзге түсіп қалып жатады. Бірақ ол әрекеттің бәрі "ойдағыдай" болмай жататыны тағы бар.
Сүндет тойда баланы атқа мінгізіп, елге таныстыру ертеден келе жатқан дәстүрлердің бірі. Бірақ бүгінде кей мейрамханаларда атпен кіріп келу сияқты әрекеттер жиі кездеседі. Еркін даланың жануары үшін жылтыр кафель мен тар есік - табиғи орта емес. Бұл да дәстүрді заманға бейімдейміз деп, артық кетудің, бір жағы бос мақтанның белгісіндей. Бірақ мұндай әрекеттің соңы кейде осындай масқараға, мазаққа айналатыны тағы бар.
Этнограф Марат Тоқашбаев мұндай жағдайды бір сөзбен "понт" деп сипаттады. Өздерін ерекше етіп көрсеткісі келетіндер осылай асыра сілтейтінін айтып, сынады.
"Бір кездері тіпті жас жұбайларды той өткелі жатқан дүйім жұрттың ортасына, мейрамхана ішіне дейін машинамен әкелген кездерді де көрдік. Атқа мінгізіп әкелген осындай жағдайларды да көрдік. Бірақ, бұл - тым асыра сілтеу", - дейді ол.
Этнограф сүндеттелген баланы атқа мінгізіп, аттың жалына, жан-жағына қоржын байлап, көрші-көлемді, үйді-үйді аралату әдеті болғанын жоққа шығармайды. Ол мұндай көріністі ауылды жерде жасаса жарасатынын айтады. Бірақ, бұлай мейрамхана ішіне атпен кіру - дарақылық, - дейді.
Киіттің қадірі мен киесі
Халқымыздың тойымен бірге жасасып келе жатқан салттың бірі - киіт кигізу. Киіт - құдалық рәсіміндегі ең маңызды жоралғылардың бірі, екі жақтың арасындағы сыйластық пен құрметтің белгісі. Ертеде "құдалық белгісі - киіт, қоныс белгісі - бейіт" деп айтылған сөздің өзі осы дәстүрдің терең маңызын айғақтайды. Бұл рәсім алғашында құдалардың иығына шапан жабудан бастау алып, уақыт өте келе жүйеленген салтқа айналған. Киіттің басты ерекшелігі - оның міндетті түрде киім немесе мата түрінде берілуі.
Дәстүр бойынша киіт бас киіт және аяқ киіт болып екіге бөлінеді. Бас киіт - үлкен құдаларға, яғни әке-шеше мен ел ағаларына арналған. Аяқ киіт - оларға еріп келген басқа құдалар мен туыстарға кигізілетін кәде. Киіттің қадірі оның құндылығында емес, сый-құрметінде.
Алайда бүгінде бұл жоралғының мазмұны өзгеріп бара жатқандай. Киіт кейде екі жақтың "абырой жарысына" айналып, "кім қымбат киім әкелді?" немесе "қай жақ көбірек берді?" деген таласқа себеп болуда. Кей жағдайда киіттің құнына қарап баға беріліп, дәстүрдің рухани мәні көмескіленіп барады. Мұндайда киіттің қадірі емес, киесі жоғалатынын естен шығармау қажет.
Киіт - тек сый емес, ұлттың ұяң мәдениетінің, кісілік пен келісімнің көрінісі. Сондықтан оны мақтанның емес, мәрттіктің белгісі ретінде сақтап, ұрпақ санасына сол рухта сіңіру - бүгінгі буынның парызы.
Қазақтың тойы - ұлттың жаны мен болмысының айнасы. Той дәстүрін заман талабына сай жаңарту орынды, бірақ оның рухын, киесін жоғалтуға болмайды. Десе де, тойларымыз кейінгі кезде арзан ойын-күлкіге, орынсыз әзіл-қалжыңға толып бара жатқандай. Мұны көзі қарақты оқырман әлеуметтік желіден де байқап, көріп жүрген шығар. Еске сала кетейік, жақында Мәжіліс депутаттары тойда ұлттың абыройы мен қадірін түсіретін көріністерге заңмен тыйым салу керек деген мәселе көтерді.
Той төңірегінде тұщымды ой айтып жүрген этнограф Марат Тоқашбаев ағамыз да "тойды бір тәртіпке түсіру, регламенттеу - маңызды" деген пікір білдірді. Той - тәрбие құралы, сондықтан тәртіп мәселесінде алдымен, асабалардан бастау керек, - дейді сарапшы.
"Осы мәселені бірнеше жылдан бері айтып жүрміз. Өз басым асабаларды кәсіби дайындықтан өткізу керек деп санаймын. Ол үшін Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының жанынан кәсіби асабалар дайындайтын факультет ашу керек. Асабаларға маман ретінде қарау қажет. Оларға сахнада жүріп-тұрудан бастап, сөйлеу, дикция, тыныс алу дегеннің бәрін үйрету керек. Елдің алдында қандай әңгіме айтылу керектігіне дейін үйретілсе. Себебі асабалар елді күлдіремін деп тым артық кететін кездері де жоқ емес", - дейді ол.
Іс жүзінде тойды қазақтың дәстүрінен алып тастай алмаймыз. Өне бойына қазақтың салт-дәстүрін жинақтаған қазынамыз - тойдан бас тарта алмаймыз. Бастысы, оны ретке келтіру керек. Маманның пікірі осыған саяды.
Иә, қанша сын айтсақ та, кейде артықтау кетіп, бос мақтанға, кейде мазаққа айналып кеткен той - ұлтымыздың қазынасы. Бірақ, оны түзетіп отырмаса, халықтың базынасына айналып кетпейтініне кім кепіл!? Сондықтан, тойдың тек көңіл көтеру емес, ұлттың мәдени коды мен рухани мұрасын сақтау алаңына айналдыруға ойланып жүрсек абзал.