Үш жыл ішінде 288 млрд-тан астам цифрлық теңге айналымға енді

Үш жыл ішінде 288 млрд-тан астам цифрлық теңге айналымға енді almaty-akshamy.kz

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК) «Цифрлық теңге» жобасын іске асырудың қорытындылары мен 2025–2026 жылға арналған даму жоспарын таныстырды. Департаменттің бас сарапшысы Руслан Қоңырбаевтың айтуынша, үш жыл ішінде 288,1 миллиард цифрлық теңге шығарылған.

«Цифрлық теңге – бұл ұлттық валютаның үшінші цифрлық нысаны, ол таратылған тізілім технологиясына негізделген. Біз токендерге негізделген үлгі жасап, екі деңгейлі архитектураны іске асырдық. Бұл дегеніміз, соңғы пайдаланушыларға бұрынғыдай екінші деңгейлі банктер арқылы қызмет көрсетіледі. Маңыздысы – цифрлық теңгеде пайыз болмайды, бұл енгізу барысында қаржылық тұрақсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Қазір цифрлық теңгені толыққанды пайдалану үшін нормативтік-құқықтық база әзірленіп жатыр», – деді Цифрлық теңге жүйесін дамыту департаментінің жетекші қызметкері Айгерім Бабағалиева.

Қазақстан Орталық банктердің цифрлық валюталарын (CBDC) енгізу бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына кіреді. «Цифрлық теңге» жобасы Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Currency Research секілді халықаралық ұйымдардың жоғары бағасына ие болды.

ХВҚ-ның «Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы орталық банктердің цифрлық валюталары» атты баяндамасында Қазақстан цифрлық теңге бойынша екі пилоттық бағдарлама өткізгеннен кейін өңірдегі ең озық елдің бірі деп танылған. Былтыр жоба Leadership in Digital Currencies Adoption (Currency Research) және Pioneering CBDC Initiative (CD+BC) халықаралық сыйлықтарына ие болды.

Жоба екі деңгейлі классикалық әдіспен іске асады: пайдаланушылармен өзара әрекеттесу нарық қатысушылары арқылы жүзеге асады. Платформа таратылған тізілім (блокчейн) технологиясына негізделген және ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін токенизацияланған үлгіде жұмыс істемек.Айгерім Бабағалиева цифрлық теңгенің криптовалюталардан айырмашылығын да түсіндірді:

«Көптеген ұлттық цифрлық валюталар криптовалюта әлеміндегі технологиялар – таратылған тізілім мен блокчейн негізінде жасалады. Цифрлық теңге де блокчейн технологиясына сүйенеді, ол барлық операцияның қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Алайда басты айырмашылығы – цифрлық теңге орталықтандырылған мемлекеттік валюта саналады, оны шығару мен реттеу толық Қазақстан Ұлттық банкінің құзыретінде. Осылайша, децентрализденген және тұрақсыз криптовалюталарға қарағанда, цифрлық теңге – сенімді әрі заңды төлем құралы», – деп атап өтті ол.

2024 жылы «Цифрлық теңге» платформасы аясында екі негізгі бағдарламалық архетип енгізілді — таңбалау (мақсатты пайдалану) және холдинг (белгілі бір оқиға орындалғанда төлем жасау). Осы негізде бірнеше ірі сценарий жүзеге асырылды:

* Ұлттық қор қаражатын мақсатты пайдалану. 2024 жылғы маусымда цифрлық теңгемен алғашқы транш аударылып, оның 19,7%-ы соңғы жеткізушіге дейін таңбаланды. Бұл сценарий инфрақұрылымдық жобаларды — «Достық–Мойынты» және «Талдықорған – Үшарал» аралығындағы теміржолды қаржыландырудың барынша  ашық болуын қамтамасыз етті.

* Жолдарды орташа жөндеу. Қаржы министрлігі, Индустрия және құрылыс министрлігімен бірлесіп, цифрлық теңге арқылы жол жөндеу жұмысына мақсатты қаржыландыру тетігі енгізілді.

* Цифрлық ҚҚС. Мемлекеттік кірістер комитеті, Халық банкі және Банк ЦентрКредиттің қатысуымен цифрлық теңге арқылы ҚҚС әкімшілендіру сценарийі іске қосылды. Бұл шешім салықты қайтару процесін жеделдетіп, бақылау барысының көлемін едәуір азайтты.

* «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Ауыл шаруашылығы министрлігі және «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, ауыл тұрғындарына цифрлық теңгеде ауыл шаруашылығы малын сатып алу үшін микронесиелеу сценарийі (холдинг) жүзеге асты.

* АӨК-дегі инвестициялық субсидиялар. Ауыл шаруашылығы министрлігі және «ҚазАгроФинанс» АҚ бірлесіп, техника мен жабдық сатып алу кезінде цифрлық теңгемен алдын-ала төлем жасау тетігін енгізді.

2025 жылға қарай жүзеге асқан сценарийлер аясында шығарылған цифрлық теңге көлемі 288 млрд теңгеге жетіп, транзакциялар саны 61 мыңнан асты.

2025 жылы Ұлттық төлем корпорациясы платформаны кеңейтіп, енгізілген сценарийлерді ұлғайту жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар цифрлық теңгенің айналымына қатысты кешенді құқықтық-нормативтік базаны қалыптастырып, заңнамалық түзетулерді даярлау барысы қолға алынды.

Басты бағыттың бірі — трансшекаралық төлемдерді дамыту. Ұлттық төлем корпорациясы Біріккен Араб Әмірлігінің Орталық банкімен бірлесіп, Jisr жүйесі арқылы цифрлық теңге мен цифрлық дирхам платформасын интеграциялалайтын пилоттық жобаны іске асыра бастады.

«Цифрлық теңге енгізудің азаматтар үшін нақты артықшылықтары бар. Біріншіден, бұл – жаңа төлем құралы. Енді азаматтарға қолма-қол және қолма-қолсыз қаражаттан бөлек, тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасайтын тағы бір мүмкіндік туды. Екіншіден, бұл төлем тәсілі жаңа инновациялық қасиеттерге ие, олар жаңа сервистердің пайда болуына жол ашады. Мысалы, біз шарттық міндеттемелерді автоматтандыру сценарийлерін әзірлеп жатырмыз. Бұл – «Қауіпсіз мәміле» сценарийі, ол тараптардың тәуекелін барынша азайтып, мәміле жасауды жеңілдетеді. Сондықтан цифрлық теңге – абстрактілі ұғым емес, ол болашақтағы жаңа сервистер мен қаржы саласындағы түбегейлі жаңа өнімдердің негізі», – деді.

Сонымен қатар «Цифрлық теңге» жобасы төлем жүйелері мен елдің қаржылық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған басқа бастамалармен қатар, 13–14 қарашада Алматыда өтетін Central Asia Fintech Summit саммитінің негізгі тақырыптарының бірі болады.

Саммитте жасанды интеллектің қаржы жүйелерінің дамуына әсері, төлем шешімдерінің болашағы және өңірдің финтех қауымдастығын қандай инновациялар күтіп тұрғаны талқыланбақ. Бұл қаржы секторындағыларға тәжірибе арттырып, замандық трендтермен танысуға тамаша мүмкіндік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:24

17:17

16:54

16:36

15:57

15:50

15:36

15:10

14:46

14:25

14:10

12:34

12:18

11:56

11:09

10:55

10:44

10:17

10:16

09:55

09:21

09:14

08:55

08:40