Қалада медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарына халықты тіркейтін жыл сайынғы науқанның қорытындысы шықты. Қалалық бөлімше директорының орынбасары, ҚР ДСМ «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының» өкілі Бибігүл Айтбақина Өңірлік коммуникациялар қызметінде осылай деді.
Жыл сайынғы тіркеу науқаны 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейінгі аралықта өтті. Биыл акцияға 80 медициналық ұйым қатысқан, олардың ішінде екі жаңа клиника – Tengri Medical Clinic пен NaraMed те бар.
Науқан қорытындысы бойынша 14 303 адам жаңа МСАК ұйымдарына тіркеліп, 14 822 тұрғын емханасын ауыстырған. 2 394 841 адам тіркелгенімен, бұл науқан басталғанға дейінгі көрсеткіштен 519 адамға аз.
«Тіркелгендердің көбі әдеттегідей студенттер, зейнеткерлер мен Алматыда уақытша тұрып жатқан азаматтар болып отыр. Науқанды жоспарлы түрде, емханаларға салмақ түсірмей өткіздік», – дейді Бибігүл Айтбақина.
15 қыркүйектен бастап қағаз жүзінде өтініш беретіндер үшін Face ID жүйесі арқылы жаңартылған сәйкестендіру жүйесіне көшу жүзеге асырылды. Енді 18 жасқа дейінгі балаларды, мүгедектігі бар адамдар мен сотталғандарды қоспағанда, азаматтарды тіркеу Face ID арқылы немесе Kaspi қосымшасындағы жеке кодты көрсету арқылы жүргізіледі. Бұл жеке деректің қорғалуын күшейтіп, өтініштің қайталануына да жол бермейді.
«Тіркелген халықтың тізімі» ақпараттық жүйесі арқылы тіркелген азаматтың дерегінің дұрыстығына бақылау жасалады. Онда ЖСН, тұрғылықты жері, азаматтығы мен тіркеудің өзектілігі автоматты түрде тексеріледі. Деректерді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен салыстырып, тоқсан сайын бақылайды.
«Цифрландырудың арқасында жұмыс барынша ыңғайлы, ашық өтті осы жолы. Емханаға бармай-ақ, бәрі онлайн тіркеле алады енді. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандар сияқты кейбір санаттағы адамдар құжаттарымен офлайн тіркеле беретін болды», – деп толықтырды спикер.
Естеріңізге салсақ, емханаларға тіркелу ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша жүзеге асып, азаматтар тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша медициналық ұйымды өзі таңдап ала алатындай етіп істелді.