ҰҚК Төрағасының ұлттық валюта жайлы сыры
Негізі, Жеңісбек аға ешқашан өзінің қызметі жайлы ашылып әңгіме айтпаған. Дегенмен Тәуелсіз еліміз тәй-тәй басқан жылдары ұлттық құндылықтарымызды қызғыштай қорыған құпия қадамдардың сырын білмекке бір емес, бірнеше рет қолқалап қоймадық. 1995-1997 жылдары ҚР ҰҚК Төрағасы болған Жұманбеков Жеңісбек Мұхаметкарімұлы бұл жолы өзіне жасаған өтінішімізді жерге тастамады. Оның да өзіндік жөні бар. Ағымдағы жылдың қараша айында сексеннің сеңгірін еңсеретін генерал-лейтенат Жеңісбек Мұхаметкарімұлы ел тарихында елеулі орны бар көптен жасырылған оқиғаны бүгіп қалмай, енді бөлісудің де реті келгенін түйсінгендей...
- Қоймадыңдар ғой, әйтсе де отыз жылдан озған оқиғада жасыратын сыр қалмаған болар, - деп Жеңісбек аға әдемі әзілмен келісім берді...
- Рас, өткен ғасырдың белесінде қалған соңғы он жылдық еліміз үшін тағдыршешті тарихи кезең еді. Кеңес Одағы ыдырап, әлемді аузына қаратқан бұрынғы жүйе күйреп, жаңа дәуір есігін айқара ашқаны белгілі. Ел іші әбігерге түскен ала-шұбар заман. Бір кездері шылдырлаған қара бақырының өзі құнды болған кеңестік валюта сабан ақшаға айналып, күн сайын инфляция шарықтап, ақша біткен қап-қаппен тасылды. Қазақстан тәуелсіздігін алғанымен, әлі де «рубль» аймағында қалғысы бар. Бірақ бүкіл он бес Одақты уысында ұстаған Орталықтың мұрагері – Ресей күтпеген жерден жаңа валютасын енгізіп, бізді ескі кеңестік рубльмен қалдырды. Қос көрші – Қырғызстан мен Өзбекстан да өз ақшасын дер кезінде шығарып үлгірген. Енді Қазақстанға шегінер жол жоқ, жылдам шешім қабылдау қажет... Арнайы мамандар тұңғыш ұлттық валюта – теңгенің дизайнын жасап, ендігі жауапты қадам – жаңа купюраларды басып шығару болды. Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Ғалым Байназаров бастаған арнайы топ шұғыл Лондонға аттанып, шағын ағылшын компаниясымен келісім жасайды. Жас мемлекет үшін аса маңызды құпияның бірі саналатын бұл операцияны санаулы ғана адам білді.
Рас, өткен ғасырдың белесінде қалған соңғы он жылдық еліміз үшін тағдыршешті тарихи кезең еді. Кеңес Одағы ыдырап, әлемді аузына қаратқан бұрынғы жүйе күйреп, жаңа дәуір есігін айқара ашқаны белгілі. Ел іші әбігерге түскен ала-шұбар заман. Бір кездері шылдырлаған қара бақырының өзі құнды болған кеңестік валюта сабан ақшаға айналып, күн сайын инфляция шарықтап, ақша біткен қап-қаппен тасылды. Қазақстан тәуелсіздігін алғанымен, әлі де «рубль» аймағында қалғысы бар. Бірақ бүкіл он бес Одақты уысында ұстаған Орталықтың мұрагері – Ресей күтпеген жерден жаңа валютасын енгізіп, бізді ескі кеңестік рубльмен қалдырды. Қос көрші – Қырғызстан мен Өзбекстан да өз ақшасын дер кезінде шығарып үлгірген. Енді Қазақстанға шегінер жол жоқ, жылдам шешім қабылдау қажет... Арнайы мамандар тұңғыш ұлттық валюта – теңгенің дизайнын жасап, ендігі жауапты қадам – жаңа купюраларды басып шығару болды. Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Ғалым Байназаров бастаған арнайы топ шұғыл Лондонға аттанып, шағын ағылшын компаниясымен келісім жасайды. Жас мемлекет үшін аса маңызды құпияның бірі саналатын бұл операцияны санаулы ғана адам білді.
1993 жылдың көктемінде бізге – сол кездегі Жамбыл облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) басқармасына Орталықтан аса маңызды тапсырма түсті. Жаңа ақшаны елге әкелу, сақтау және бүкіл өңірлерге тарату талабы – басқарма бастығы болған маған жүктелді. Бұл дегеніңіз, міндетті түрде және мүлтіксіз «миссия орындалуы тиіс» операция еді. Осылайша сол кездегі Жамбыл қаласына кәрі құрлықтан басылып шығарылған теңге жасырын жеткізіле бастады. Ұшақтарда «Президент сарайына фурнитура әкелінуде» деген сөз «айналадағыларға» таратылды. Арнайы жалға алынған әуе кемелері түннің бір уақтарында қонып жатты. Жиырма рейс шамасындағы ұшақтарды арнайы көліктерімен қарсы алдық. Ал қала тұрғындарына «лотерея билеттері мен ескі облигациялар тасылып жатыр» деп бүркемеледік. Әдейілеп таратылған қауесетке сенген жергілікті халықта ешқандай күмән де болмады.
Әуежайда бар болғаны оншақты адамнан құралған шағын жедел топ жұмыс істеді. Шықырлаған су жаңа теңгелер 40–45 келілік (кг) қара жәшіктерге салынды. Әрбір тасымалдау барысында жол бойында жасырын күзет орындары тұрды, тіпті мергендер де сайланып қойған. Себебі зәредей болса да бір арандатушылық немесе оқиға қылаң берсе, бүкіл мемлекет үшін орны толмас өкінішке айналуы мүмкін еді. Айта кететін жағдай, тұңғыш төл валютамызды Қазақстанға әкелу үшін қазіргі Тараз шаһарының таңдалуы да тегін емес. Шағын қала әрі онда сенімді банк қоймасы бар болғандықтан, назардан тыс жұмыс жүргізуге ыңғайлы еді. Қаланың банкирлері де сенімді, жауапкершілігі мол азаматтар болатын. Әйткенмен ақша тасымалдау кезінде қызығушылық танытып, «Бұл не жәшіктер?» - деп сұраған жандар да кездесті. Бірақ олардың барлығы жедел және жасырын түрде тексеру барысында күдікті, «бөтен ойлы» адамдармен байланыстары анықталмады.
Сонымен, күзге салым тарихи сәт таяды! Президент Жарлығымен 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Сол сәтте Тараз қаласына еліміздің түкпір-түкпірінен өкілдер ағылды. Әр облыстың жауапты уәкілдері арнайы күзетпен, қарулы қорғаушылармен бірге жаңа ақшаны алып кетіп жатты. Жақын аймақтар көлікпен келсе, алыстағылар пойызбен, ұшақпен жетті. Небәрі сегіз күнде тұңғыш теңгеміз бүкіл Қазақстан банктеріне таратылды. Осылайша, елімізге алғашқы теңгенің әкелінуі сәтті орындалған мемлекеттік миссия болып тарихтың ең құпия беттерінің бірі болып енді. Бұл – тәуелсіздіктің алғашқы қаржылық қадамы еді, – деген генерал ағамыз әңгімесін тәмамдағандай сөзін түйіндеді.
Қош дейік! Бұл әңгіменің төркіні тегін емес, ағамыздың сексеннің белесі алдында паш етіліп отыр! Көрнекті мемлекет қызметкері (әлде қайраткер?), елімізге белгілі тұлға Жеңісбек Мұхаметкарімұлы Жұманбеков туралы бір ауыз қысқаша қайырсақ: кәсібінің майталманы, мемлекет мүддесін бәрінен биік қойған халқымыздың адал перзенті. Қауіп-қатерге толы қызметте жүрсе де, ешқашан өз даңқын көздеп, мадақ-мансапты күйттеген емес. Көзге көрінбейтін майдандағы Отан үшін атқа қонған үзеңгілес әріптестері оны табанды, мінезді, шешім қабылдауда сарабдал, бірақ қарапайым болмысынан айнымайтын азамат деп бағалайды. Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасы қызметінен соң Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Директоры (ШЫҰ АТҚ, дипломатияда Елші дәрежесі), «Даңқ ордені», бірнеше шетелдік марапат иегері, ҚР ҰҚК-нің генерал – лейтенант Жеңісбек Мұхамедкәрімұлының өмір жолы – жас ұрпаққа ұлағатты өнеге. Қай жерде, қандай лауазымда жүрсе де, ел тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздікті басты мұрат тұтты. Оның бастамасымен бірқатар құпия операциялардың табысты жүзеге асқаны бүгінде санаулы адамдарға ғана мәлім. Бірақ сондай көпшіліктен көмескіленген ерліктердің арқасында Қазақстан алғашқы қиын кезеңінен сүрінбей өткеніне тарих куә.
Жеңісбек ағамыздың әңгімесі арқылы біз өткеннің бағасын, болашақтың қадірін түсінеміз. Өзгеге сыр бермес арамыздағы сұңғыла жанның ғұмыры мен парасаты, батылдығы мен сабыры – ұлт үшін шынайы қызмет үлгісі.
Ардақты ағамызға айтарымыз көп, әйтсе де сөзімізді жүрекжарды лебізімізбен түйіндейік: «Жасыңызға жас қосылып, елге сіңірген еңбегіңіздің шарапатын көре беріңіз! Ұрпақтың алғысы мен елдің құрметі – ең үлкен марапат. Халқымызға рух беретін Сіздей ағаларымыз аман жүрсе – тәуелсіздіктің туы мәңгі желбірей бермек!».
PS. Осы мақала жазылып бітер-бітпестен Астанадан сүйінші хабар келді. Президенттің жарлығымен ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы генерал-лейтенант Жұманбеков Ж.М. Республика күніне орай І дәрежелік Даңқ орденімен марапатталды. Құрметті Жеңісбек Мұхамедкәрімұлы, туған күніңізбен бірге орденіңіз құтты болсын! Бейнеттің зейнетін көре беріңіз!