ffin.kz

«НЕВАДА СЕМЕЙ» қазір немен айналысады?

«НЕВАДА СЕМЕЙ»  қазір немен айналысады? almaty-akshamy.kz

Семей ядролық полигонының жабылуының отыз жылдығы қарсаңында «Невада–Семей» халықтық қозғалысының бастамашысы және көшбасшысы Олжас Омарұлы Сүлейменовпен әңгімелескен едік.


Олжас Сүлейменов – қазақтың біртуар ақыны, жазушы, қоғам және саяси қайраткер, әдебиеттанушы, зерттеуші ғалым, дипломат, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық жазушысы. Көптеген іргелі лингвистикалық еңбектердің авторы, «Alataý Аqparat» медиахолдингі Шығармашылық даму жөніндегі кеңесінің төрағасы.



– Осыдан тура 30 жыл бұрын тәуелсіз мемлекетте халықтың күшімен алғаш рет ядролық полигон жабылды және тұңғыш рет еліміз өз еркімен ядролық қарулардан бас тартты. Осының нәтижесінде әлемде де бірнеше полигон жабылды.


Полигондар жабылды, бірақ оның зардабы әлі ондаған жылдарға созылады. Қазір «Невада–Семей» қозғалысы қай бағытта жұмыс істейді, соңғы жылдары қандай жетістіктерге жетті?


 – «Невада–Семей» КСРО мен Қазақстандағы алғашқы экологиялық қозғалыс болды. Біз бірінші болып табиғаттың ядролық ластануымен күресуді бастадық. Біздің ұранымыз: «Таза ауа, таза жер, таза су». Соңғы онжылдықтарда не бітіре алдық?


КСРО-ның ыдырауына аз ғана уақыт қалғанда бүкіл әлем «Невада–Семей» таратқан хабарламаларға құлақ түре бастаған еді. Тарихта алғаш рет XX ғасырда құрлықтың алтыншы бөлігін алып жатқан мемлекет – Қазақстанның халқы өз жері мен өз өмірін қорғау үшін бас көтерді. Полигонға жақын орналасқан облыстардағы екі миллионнан астам қазақстандық біздің 1989 жылы 28 ақпанда бастаған «Полигон жабылсын!» атты жанайқайымызға қолдау білдірді. Бұл күн қозғалыс ардагерлерінің ғана есінде.



Елбасы «Рухани жаңғыру» ұранын енгізгенін бәріміз білеміз. Бірақ өткен тарихты білмей, рухани жаңғыру мүмкін емес. Сондықтан өткен-кеткенімізді түгендеуге ұмтылдық, бірақ нақты ғылыми дерек таппадық. Біздің санамызда «Көшпенділерде тарих қайдан болсын?» деген түсінік қалыптасып қалған. Өткенімізге деген осындай көзқарас ежелден бар. Тіпті, бертіндегі тарихымызды да біле бермейміз. Еліміздегі XX ғасырдың екінші жарты жылдығындағы қандай тарихи оқиғалар халықтың жадында? Мұндай оқиғалар саусақпен санарлық. Ал біздің қозғалыс тарихымызды әлем тарихында маңызы бар бірнеше оқиғалармен толықтырды. Бұл ісімізбен мақтануға, жастарды тәрбиелеуге, қоғамдық сананы жаңғыртуға болады, бірақ біз жар сала бермейміз. Мектеп оқулықтарына енгізуге сұранып тұрған фактілер жоқ емес.



Ең алғаш полигондағы жарылыс 1949 жылдың 28 тамызында басталды. 1989 жылдың 28 ақпанында біздің қозғалыс пайда болды. Ең соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында жерді күңіренткен еді. 1991 жылы 29 тамызда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны мәңгілікке жабылды. Көбінесе, осы маңызды күн ғана жиі айтылады. Негізі, жоғарыдағы барлық маңызды күндер туралы жастар біліп жүруі керек. Сонда ғана жер бетіндегі 5 полигонның бірін Қазақстан халқы жойғанын бәрі білетін болады.


Ядролық сынақтардың тоқтатылғаны туралы ресми құжат болған жоқ, бірақ жарылыстар тоқтады. Бұл біздің қолымыздан келгеніне әлем сене бастады. Жер планетасындағы барлық антиәскери, антиядролық қоғамдық ұйымдардың ішінде жарылыстарды тоқтату біздің қолымыздан келді. Неге? Біз алғаш рет ерекше әдісті қолдандық, біздің стратегиямыз дұрыс болып шықты. Халық пен КСРО Жоғары кеңесінің құрамындағы парламенттің күшін біріктіріп, мықты «Ядросыз әлем» фракциясын құрдым. Бұл дегеніміз – 500 дауыстың ішінде 150 белсенді дауыс деген сөз. Фракция халықтық қозғалыстың сөзін сөйлеп, 1989 жылы 20 қарашада Жоғарғы Кеңестің Семей полигонын жабу мәселесін қарауына мұрындық болды. Осы акция біздің ары қарайғы бағытымызды айқындап берді. Бұл біздің «Әлем сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» деген ұранымызда көрініс тапты.


Барлық ядролық мемлекеттер мен антиәскери ұйымдарға «Әлем сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» атты тұңғыш Халық­аралық конференцияға шақырту жібердік. Конференция 1990 жылдың мамырында сол кездегі Алма-Атада өтті.


Ел егемендігі мен біздің қозғалыстың 30 жылдығы атқарылған игі істер мен жетістіктерді қорытындылауға, еске түсіруге түрткі болып отыр. Конференцияда аса маңызды мәселені көтере отырып, біз Ғаламдық антиядролық альянстың құрылуына себепкер болдық. Бұл альянсқа Шығыс пен Батыстың барлық беделді деген антиәскери, антиядролық ұйымдары кірді.


Альянстың ауқымды конференциясын 1991 жылы Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-квартираларының бірінде өткіздік. Сол жерде біздің күрестің негізгі мақсаты – ядролық қаруды ұлттық қорғаныс құралы мәртебесінен айыру туралы мәселе көтерілді.


Біз табиғат пен адамзатты қорғау үшін барын салған КСРО-дағы алғашқы қозғалыс құрдық. Басқаша айтқанда, тұңғыш экологиялық ұйым. 90-шы жылдары және кейінгі жылдары біздің қозғалыс белсенділері ядролық жарылыстың салдарымен күресті. Өйткені, «бейбіт» жарылыстар тек белгілі полигондарда ғана емес, белгісіз полигондарда да болған еді. Біздің тәжірибеміз облыстар мен аудандарда, қалаларда экологиялық топтар мен ұйымдардың құрылуына көмектеседі. Міне, соңғы үш жылдан бері «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы күш алып келеді. Бұл дегеніміз, қазіргі кезде экологиялық мәселелердің маңызды екенін көрсетеді.


Адамзат үшін экологияны сақтау мәселесі алғашқы орынға шықты. Қазір атомдық соғыс болмауы мүмкін, себебі, ядролы алпауыт елдердің басшыларына аздап ақыл кірді, бірақ экологиялық апат басталып та кетті. Адамзат ғасырдың ортасына дейін жете ала ма деген сұрақ туындап отыр.


Ал бізде, қазақстандықтарда 2050 жылға керемет жоспарымыз бар. Өркениетті 30 елдің қатарына енуіміз керек. Бұған да жетеміз, бірақ ол үшін бүкіл әлемде біздің әріптестеріміз бірігіп, жер шарында ашық аспан, таза өзен, таза жерді сақтау үшін күресуіміз керек.


 


«Мың бір сөз»


 


– Сіз – зерттеуші-ғалымсыз, сіздің тарихқа, тіл мен жазудың дамуына қатысты өзіндік көзқарасыңыз бар. Сұхбаттарыңыздың бірінде «Тысяча и одно слово» еңбегіңіз бен жаңа лингвистикалық әдістемелеріңіз жайлы айтқан едіңіз. Сіздің айтуыңызша, бұл еңбек филологиялық түсінікті түбегейлі өзгертеді, бұған ескі мектеп қарсы шығады. Осы туралы нақтырақ айтып беріңізші.


 – Бұл кітаппен бірнеше онжылдықтан бері жұмыс істеп келемін. Қосымша осы тақырыпты ашуға көмектесетін басқа да кітаптар да басылып шығып жатыр. Кітап не жөнінде? Сөз туралы. Ғылыми тілтану XIX ғасырда пайда болды. Сөз бен тілдің пайда болуын шіркеу Құдайдан деп санайды. Сөзді адамдар шығарды деген болжамды ең алғаш Швейцария университетінің ғалымы Фердинанд де Соссюр айтқан болатын. Ол өзінің шәкірттеріне «Кез келген сөз еркін пайда болды» деп айтатын. Еуропаның ғалымдары осы пікірді іліп әкетіп, сөздің пайда болуы туралы ғылымның, этимологияның негізі етті.


Енді сөз тарихының беткі қабаттарын қазбалауға мүмкіндік туды, яғни сөз қалай таралды, фонетикалық жағынан қалай дамыды деген секілді болжамдар ғылыми түрде дәлелдене бастады. Лексеманың жүйелік өзгерістері мен архаикалық формаларын қалпына келтіру этимологтың негізгі мақсаты болды. Ал жасанды архетип қалай пайда болды, бұл ешкімді қызықтырмады. ХХ ғасырдағы барлық этимологиялық сөздіктер Соссюрдің «Кез келген сөз еркін пайда болды» деген тұжырымын басшылыққа алды.


Осыдан бірнеше жыл бұрын «Язык письма» атты кітабым шықты. Бұл еңбек тақырыпты ашуға бағыт береді. Кітап сөздің пайда болуын алғашқы жазу иеро­­глифпен байланыстырады. Ал бейнелі жазу белгісі еркін пайда болмаған, ол нақты бір затты бейнеледі.


Меніңше, қазақстандық ғылым жақын аралықта фундаментальды салалар бойынша өзін танытуы екіталай, бірақ гуманитарлық салада әжептәуір жетістікке жетуі мүмкін. Қазақстанда этимологияның жаңа әдістері жасалды, бұл көптеген түрік, славян, басқа тілдердің тарихи маңызын ашуға мүмкіндік береді. Егер бірнеше университетте филология («сөзді сүю») тек сынақ пен емтихан тапсыру үшін ғана оқытылмай, мамандар осы тақырыпты ашу үшін еңбек етсе, бес жылдың ішінде қазақстандық филология «Жаңа тілтану» саласында үлкен жетістікке жетер еді. Бұл дегеніміз, біздің ғалымдардың Президент айтқан қоғамдық сананы жаңғыртуға қосқан үлесі болар еді.



Сонда біз тілдердің қашан пайда болғанын, алғашқы жазу Ежелгі Азияда ма, Жерорта теңізінде ме, Қытайда пайда болды ма, білетін едік. Бұл деректер бізде жоқ артефакт музейлерде емес, ауызекі тілде, көне сөздерде сақталған.


Тарихтың бұл мұрағатын өшіруге, көшіруге, редакциялауға келмейді. Бізде қазір сөздің құпиясын ашатын «алтын кілт» бар. Мұны қолданбау – кезекті мәрте мәдениетке деген салғырттық.


Сондықтан қолымыздағы кілтті өзгелер қағып кетпей тұрғанда, қолдауымыз керек. Этимологияның жаңа әдісі туралы мен өзімнің «Код слова» (2013 жыл) кітабымда жаздым. Ал Халықаралық этимологиялық сөздік «1001 слово» кітабын шығаруға халықаралық авторлар ұжымы күш салуы қажет, алдымен қазақстандық ғалымдар бастауға міндетті.


Ата-бабаларымыздың Шумер жазулары, Египеттегі папирусқа жазылған жазулар, Ежелгі Қытайдағы тасбақаның қабына жазылған жазбалар арқылы қалдырған іздерін жарты ғасырға жуық іздеп, зерттеп, зерделегендіктен, ежелгі адамзат тарихында түркілердің мәдениетті, зиялы, мемлекетшіл болғанын дәлелдейтін сөз бен жазу белгілері бар екенін нақты айта аламын.


Қазір тек археологтар ғана емес, лин­­­гвист-этимологтар да табылған деректерді талдайды, олар оғызбаба (түріктердің, әзербайжандардың, түркімендердің бабасы), қыпшақбаба (қазақтардың, татарлардың, қарашайлардың бабасы), бұлғарбаба (чуваштардың бабасы) және басқа да ата-бабаларымыз өздерінің іздерін қайда, қашан қалдырғанын айта алады.


Ежелгі қазақтар өздерінің атауларын бірнеше рет өзгертті. Бірақ тілдің грамматикалық нормалары дактилоскопия секілді қазақтың сөздерін әлемнің кез келген бұрышынан, мыңжылдықтардан таба алады.


 


Ақын және жазушы


 


– Ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы. Бір кездері кітап шығару қаншалықты қиын болғанын, қазір қаншалықты оңай екенін өзіңіз жақсы білесіз. Алайда, қазір нағыз әдебиет өте аз. Бүгінде жазушылар бірлестігінде не болып жатыр? Жалпы, жазушылар ұйымы бар ма өзі? Кітап құндылық болып қала ма?


 – Кез келген елде қоғамдық сананы қалыптастыру қарапайым орта мектептерде тарих, әдебиет пәндерінде жүреді, рухани жаңғыру да солай. Сосын әрине, үйдегі сөредегі кітаптарыңыздың ықпалы зор. Кітап өсіп келе жатқан, білімге құмар адамға «адам» феноменін түсінуге, өзінің қай этносқа жататынын білуге, «Біз кімбіз?», «Мен кіммін?» деген сұрақтарға жауап табуға мүмкіндік береді.


Соңғы үш онжылдықта бірнеше жаңа буын ауысты, олар үшін көркем әдебиеттің орнын смс-тер басты. Бұрын «ең көп оқитын» мемлекеттің қоғамдық санасы өзгерді. Сондықтан осы 30 жылда әдебиет пен гуманитарлық пәндерді жоғалтып алғанымыз өкінішті. Менің айтып отырғаным, нағыз әдебиет пен ғылым. Pulp Fiction («Криминальное чтиво») көп данамен басылады және жақсы сатылады, псевдо­ғылыми академиялық дүниелер де дәл солай. Өкінішке қарай, әдебиет те, ғылыми тілтану да мамандық болудан қалды.


Кітап оқу миды да, рухты да дамытады, адамның ойлауын, сезінуін күшейтеді. Сонда адамға секс, таныстық, міндеттен гөрі махаббат, достық, парыз деген дүниелер жақынырақ болады.


Егер халық арасында ұлтымыздың зиялы элитасы болатындай адамдар көп болса, өзара келісімге келу де, кез келген мәселені бейбіт түрде шешу де оңай болар еді.


Қандай жағдайда да цифрлық заманда әріптен тұратын кітапсыз өмір сүру мүмкін емес. «Сан» – әлемнің күрделі картинасын сан түрлі бояумен салатын Суретші қылқаламының бір ғана қимылы. Цифрлық заманнан соң тағы басқа заман келеді, ал кітаптың дәурені сол кезде де аяқталмайды.


Өкінішке қарай, соңғы отыз жылда әдебиеттен сән кеткен соң сын және аударма жанры да жоғалды. Мысал келтірейін. Жақында маған Лев Толстойдың «Воскресенье» романының аудармасын алып келді. Аударған адам барынша тырысыпты, үш жыл жұмыс істеген. Мен бір ғана ескерту айттым. Толстойша – «Воскресенье» – бұл демалыс күні емес (жексенбi), тірілу, қайта туу екенін түсіндірдім.


Қазақ әдебиетіне де қайта тірілуді тілер едім.


Әзірлеген  Айнұр СЕНБАЕВА.


 


 


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51