Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында офлайн/онлайн форматта Парламентаризм институтының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру» тақырыбында «дөңгелек үстел» болып өтті.
Оған ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Жоғарғы Сотының, ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, «Nur Otan» партиясының орталық аппараты, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ), «Астана» халықаралық қаржы орталығының, Еуразиялық экономикалық одақ сотының өкілдері, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар, ғылыми-зерттеу мекемелері және басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен бірлесе Парламентаризм институтының бастамашылдығымен ұсынылған атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы кең талқылауға шығарылды. Талқылау барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу бойынша қолданыстағы заңнамасындағы олқылықтарды, қайшылықтарды жою бойынша бірқатар түзетулер барын атап өтті.
Жиын басында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор, академик, ҚР ҰҒА вице-президенті Тілектес Есполов құттықтау сөз сөйлеп, өткізіліп отырған іс-шараның ауылшаруашылық өндірістік кешені үшін өте қажетті тақырып екендігіне тоқталды.
Сонымен бірге, осы университет базасында Республикалық Парламентаризм институтының ұйымдастыруымен «Агроөнеркәсіптік кешеніндегі проблемалық мәселелер» тақырыбы талқыланды. Басқосудың мақсаты – Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешені саласындағы проблемалық мәселелерді және қолданыстағы заңнаманы жетілдірудің, орын алған проблемаларды мемлекеттік деңгейде шешудің нақты қадамдары жан-жақты талқылау.
Іс-шараны Парламентаризм институтының директоры Мансұрхан Махамбетов ашып, қатысушыларды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, агроөнеркәсіптік кешеннің экономиканың маңызды секторларының бірі ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров арнайы сөз сөйлеп, өткізіліп отырған іс-шараның ауылшаруашылық өндірістік кешені үшін өте қажетті тақырып екендігіне кеңінен тоқталды.
Парламентаризм институтының директоры Мансұрхан Махамбетов өз сөзінде өзекті мәселелердің қатарында: көтерме-тарату орталықтарының (КТО) қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актіні әзірлеу қажеттілігі, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру тиімділігін арттыру үшін елеулі резервтердің болуы, кредиттеудің нысаналы бағыттарының пысықталмауы, олардың АӨК субъектілерінің бірінші кезектегі мұқтаждықтарына бағдарланбауы, іске асырылып жатқан жобаларға жергілікті атқару органдары тарапынан мониторингтің әлсіз жүргізілуін атап өтті.
«Сондай-ақ, бүкіл елдің алдында климаттық өзгерістерге қарсы күрес бойынша міндеттер күтіп тұр, оларды шешу аясында жаңа тұжырымдамалық тәсілдер талап етіледі. Мемлекет құрғақшылықтың салдарымен күресу үшін елдің батыс және оңтүстік аймақтарына үлкен қолдау көрсетуде», – деді ол.
Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті Ғани Қалиев бұған дейінгі сөйлеген баяндамашыларды қолдап, АӨК-тің өзекті мәселелерін шешуде жұмысты күшейту қажеттігіне назар аударды.
Республикамыздағы жетекші аграрлық оқу орнының басшысы ретінде, экономика ғылымының докторы, профессор, академик Тілектес Есполов еліміздегі ауыл шаруашылығында қордаланған күрделі мәселелерді ғылыми тұрғыда шешудің жолдары туралы баяндама жасап, университетте жасалынып жатқан ғылыми іс-тәжірибелер нәтижелерін ортаға салды.
Ғалымның айтуы бойынша, Қазақстанда аграрлық нарықтың дамуы – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан тәуелсіздігі деңгейінің басты катализаторы болып табылады.
«Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің алдында үлкен мақсаттар тұр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысының тұрақты өсуі, еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есе арттыру міндеттер қойылған. Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері 10 бағдарламалық құжат әзірленіп, олардың негізінде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясат жүзеге асырылуда. Алайда, қабылданған заңдарға, бағдарламаларға және басқа құжаттарға қарамастан, бұл салада қомақты нәтижелерге қол жеткізу мүмкін болмай тұр», – деді ректор Т.Есполов.
Қазіргі кезеңде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде көптеген проблемалар бар. Олар: техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және өндіріске нашар енгізілуі, тиімді агротехнологиялар трансферті мен олардың шағын және орта шаруашылықтар үшін қолжетімсіздігі, ресурстық әлеует, оның ішінде жер, су, еңбек ресурстарын тиімсіз пайдалану. Пайдаланылатын суармалы жерлердің алаңы 2,5 млн. гектардан 1,1 млн. гектарға дейін қысқарды. Сондай-ақ, өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің төмен үлесі, ауыл шаруашылығының төмен инвестициялық тартымдылығы, АӨК салаларын мемлекеттік қолдаудың төмен деңгейі, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу жүйесінің төмен деңгейі, ауыл шаруашылығын заманауи инновациялық технологиялармен әлсіз қамтамасыз ету және т.б.
Кеңеске қатысушылар АӨК саласындағы барлық проблемаларды егжей-тегжейлі ашып көрсетті және «дөңгелек үстел» қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға, қоғамдық, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарына жіберілетін ұсыныстар топтамасы әзірленді.