ffin.kz

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ: Мақсатымыз – қазақ журналистикасын әлемдік деңгейде дамыту

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ:  Мақсатымыз – қазақ журналистикасын әлемдік деңгейде дамыту almaty-akshamy.kz

Басы ашық ақиқат, еліміздің бай-қуатты болуына, әлеуметтік-экономикасының өркендеуіне бұқаралық ақпарат құралдарының, яки медианың ықпалы зор. Ертеңгі басталатын «Туризм мен жаңа коммуникациялардағы БАҚ-тың маңызы» тақырыбындағы І халықаралық медиа және туризм форумына үміт артамыз. Редакциямыздың бүгінгі қонағы – «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті, Қазақстандағы Әйел журналистер клубының жетекшісі, Медиа-тренерлер мектебінің директоры Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.




ЖАҚСЫДАН ҮЙРЕНІП, ЖАМАННАН ЖИРЕНУ КЕРЕК


– Нәзия ханым, жас та болсаңыз,сізді журналистиканың отымен кіріп, күлімен шыққан орақ ауыз, от тілді журналист ретінде білетінбіз. Әңгі­меміздің әлқисасын ертең басталғалы тұрған медиа-форумнан бастасақ. Шар­тараптағы тілші қауымның басын қо­сып, осындай ауқымды іс-шара өткізу­дегі мақсат не? Форум аясында нендей жоспар бар?


– Түркітілдес журналистер қорының басты мақсаты мен міндеті – әлемдік дең­гейде дамуға көңіл бөлу. Дамыған елмен бірге оның бұқаралық ақпарат құралдары ілгері басып, көш түзейді. Әрбірден соң сол елдің өркен жаюына БАҚ-тың қосар үлесі мол. Сын түзелмей, мін түзелмейтіні сияқты, БАҚ та келешегі кемелді елдердің жанды бір бөлшегіне айналған. Абай ата­мыз «Болмасаң да – ұқсап бақ» деген. Сол айтқандай, біздің елдің бұқаралық ақпарат құралдарындағы журналист қауымы жер- жаһанға көз тігіп, жақсыдан үйреніп, жа­маннан жиренуі қажет. Алматы облысы­ның орталығы Қонаев қаласында болатын І Халықаралық медиа және туризм фору­мы аясында туризм мен медианың өзара сабақтастығы, БАҚ-тың туризм индуст­риясын дамытудағы маңызы мен орны талқыланып, ортақ жобалар жайлы ақыл­дасамыз.


Елімізде өндірілетін тауарларды сатып алуға үндеу, инвесторларды қаржы құюға шақыру, кәсіпкерлеріміздің ортақ кәсіпорындар құруы, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы сияқты артта қалған сала­ларды дамытуда шаруалардың тәжірибе алмасуы, т.б. медиада үздіксіз жиі жария­лануы қажет. Сонымен қатар, медиа ел мен ел арасындағы туризм саласының дамуына үлес қосқаны дұрыс. Мұхит аспай-ақ, бұ ған мысалды бауырлас ел түркі халықта­рының топ басындағы Түркиядан келтіру­ге болар. Бұл елде туризм ұлттық экономиканың локомативіне айналған, ту­ризм индустриясы өте жақсы дамыған, мол пайда тауып отыр. Керісінше, Орталық Азиядағы мемлекеттер сыртқы туризмді дамытуға қауқарсыз.


Форумға келсек, қатысушылар Алма­тыға жиналады, сосын Алматы облысы­ның орталығы Қонаев қаласында іс-шара басталады. Келушілер көлікпен, 3 мезгіл тамақпен, қонақүймен қамтылған. 21 шіл­деде таңғы астан кейін, ертелетіп Көлсай, Шарын шатқалы, Қайыңдыға пресс-тур­ мен жол тартамыз. Есік қаласы маңындағы «Алтын адам» аспанасты мұражайында боламыз. 22 шілдеде таңертең «Әуе шарла­ры фестивалі» күтіп тұр. Бұл да болса, Тәңіртауда таңның атуын тамашалауға бір мүмкіндік.


Форумды ұйымдастырушы – «Түркітіл­дес журналистер қоры» ҚҚ, басты серік­тестеріміз – ҚР Мәдениет және спорт ми­нистрлігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Алматы облысының әкімдігі. Аталған ведомстволар мен әкімдіктерге алғысымыз шексіз.


– Медиа мен туризм – егіз ұғым деуге болады.


– «Бармасаң, келмесең – жат болар­сың» деп қазақ бекер айтпаған. Сол айт­пақшы, өзімізді-өзіміз танымасақ, таныт­пасақ, өзге жұрт бізді қайдан білсін. Өзімді-өзіміз жаттай сыйласақ, жат жаны­мыздан түңілмей ме. Ертеңгі қолға алынар шараның алғы мақсаты осы. Мемлекет тарапынан көп шаралар атқарылып жатса да, нәтижесі аз. Исі түркінің Атажұрты саналатын Қазақстанда сырттан келетін туристер үшін қызықтайтын жер көп: киелі Түркістан қаласы, Ахмет Ясауи кесе­несі, Арыстан баб кесенесі, Қызылордада­ғы Қорқыт ата кесенесі, Көкшетаудағы Бурабай, Алматы облысындағы Тамғалы тас, Көлсай… Айта берсең, өте көп. Біздің елде ішкі туризм дұрыс жолға қойылмаған. Шекара сыртынан келетін туристер саны тым аздығы осыған дәлел. Бұл олқылық­тың орнын толтыруда туризмге қатысты ортақ жобалар – таптырмас құрал.



БАСТЫ МАҚСАТ – ТҮРКІ ЖАСТАРЫНЫҢ БІРЛІГІ


– Нәзия Жоямергенқызы, түрік тіліне деген ынта-ықыласыңыз қалай пайда болды? Қазақ журналистикасы, түркі бірлігі, түркі ақпараттық кеңістігін қа­лыптастыру идеясы жөнінде жинақта­ған мол тәжірибеңізбен бөлісе отырса­ңыз.


– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің 1-курсында оқып жүргенде түрік тілін үй­рене бастадым, кейін өз бетімше дамыт­тым. Осыдан 10 жылдай бұрын Түркітіл­дес журналистер қорын құрғаннан кейін түрік тілі өзім күнделікті қолданатын 3 тілдің қатарына қосылды. 2016 жылы «Тілде, пікірде, істе – бірлік» деп ұранда­ған түркі жастары Солтүстік Кипр аралын­да бас қосқан. Солтүстік Кипрдің Кириния қаласында өткен І Түркі жастарының фо­румы түбі бір түркі мемлекеттеріндегі жас буын өкілдерінің басын қосты. Басты мақ­сат – түркі жастарының бірлігі. Қазақстан­дағы «Түркітілдес журналистер қорының» атынан сөз алған біз түркі журналистерінің бірлігін арттыруға көңіл бөлдік.


– «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президентісіз. Осы тұрғыда сөз са­бақтасаңыз.


– «Түркітілдес журналистер қоры» 2014 жылдың 11 қарашасында құрылды. Қордың жанынан ашылған Жас журналис­тер мектебі, Әйел журналистер клубы, Медиа-тренерлер мектебі бар. Басты мақ­сат – түркі елдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен ынтымақтастық орнату, кәсіби бірлікті күшейту, ортақ жо­балар арқылы тәжірибе алмасу. 2017 жылы Түркияның Бұрса қаласындағы ASGD (Anadolu Spor Gazeteciler Dernegi) қоры­мен бірігіп, «Стамбұл-Бұрса-Аланья» жо­басын ұйымдастырдық. Шараға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Герма­ния, Франция, Дания елдерінен келген журналистермен бірге Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау қалаларынан мамандар қатысқан болатын.


Осыдан алты жыл бұрын Стамбұл қа­ласында І Түркітілдес журналистердің медиа-форумын өткіздік. Аталған шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б. түркі елдерінен бұқаралық ақпарат құралдары­ның өкілдері қатысып, түркі журналис­теріне тән қиындық пен мүмкіндік, ортақ жобалар туралы кеңесті. Былтыр Алматы қаласында осы форумның екіншісі ұйым­дастырылды. 2023 жылы ІІІ Түркітілдес журналистер медиа форумы Астанада өткізіледі. Басты серіктесіміз – «Шеврон» компаниясы.


Қазір Қазақстанда халықтың қаржылық сауаты төмен. Іскерлік журналистика, қар­жылық журналистика дұрыс дамымаған. Осы мақсатта, Түркітілдес журналистер қоры 2017 жылдан бері «Halyk Bank» АҚ серіктестігінде «Еркін сөз» шығармашы­лық байқауын ұйымдастырып келеді. «Еркін сөз» – Қазақстанда бірнеше жылдан бері қаржы және қаржылық сауат тақыры­бына өткізілетін жалғыз байқау. Қазақ журналистикасының дамуына, бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің сапасы мен журналистердің кәсіби біліктілігінің ар­туына «Түркітілдес журналистер қоры» лайықты үлес қосуда. Солардың бірі – са­лалық журналистиканы дамыту мақсатын­да әр тақырыпқа ұйымдастыратын семинар мен вебинарлар. «Шеврон» компаниясы­ мен 2015 жылдан бері өткізіп жүрген «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбындағы семинар-тренинг бірнеше қалада биыл да өткізіледі. Түркітілдес журналистер қоры Еуропа елдеріне жобаларын бастайды. Мақсатымыз – әлемдік деңгейдегі ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, тәжіри­бе алмасу.


– Қордың ТҮРКСОЙ, ТүркПА ұйымдарымен байланысы қалай?


– Әрине, бар. Түркі елдері арасында құрылған ТҮРКСОЙ, ТүркПА сияқты бас­қа да түрлі ұйымдар Қазақстан мен өзге де түркі мемлекеттер арасындағы өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға үлкен сеп. Соңғы жылдары түбі мен тарихы, діні мен ділі, дәстүрі мен рухани құндылықта­ры ортақ түркітілдес халықтардың ынты­мақтастығы арта түсуде. Кез келген мемле­кеттің территориялық тұтастығы, ұлттық идеологиясы, саяси және экономикалық тұрақтылығы ақпараттық қауіпсіздікке ті­келей қатысты. Осы тұрғыда, Түркітілдес журналистер қоры БАҚ саласында іргелі істердің атқарылуына мүдделі.



ЖАЛҒАН АҚПАРАТ  ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ


– Әйел журналистер клубының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныссақ...


– Қазір бүкіл әлем бойынша журналис­тика саласында қыз-келіншектердің үлес салмағы басым. Өзге салалардағы секілді, әйел-журналистер де әділетсіздіктерге жиі тап болуда. Мәселен, мансап баспалдағы­мен өсу барысында қыз-келіншектерге қа­рағанда, ерлерге мол мүмкіндік беріліп жүр. Нәзікжандылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға да уақыты мен мүмкіндігі шек­теулі. Өйткені, олар түзде – журналист, ал үйде – жар, ана, келін, әйел. Сол себептен, отбасы алдындағы міндетін мүлтіксіз атқа­руға мүдделі. Осы мақсатта, Түркітілдес журналистер қорының жанынан Әйел журналистер клубын құрып, қыз-келін­шектерге тегін семинар-тренинг, тәжіри­белік сабақ, шетелдік сапар ұйымдастыру­мен айналысып келеміз.


– Журналистер арасында түрлі та­қырыпта өткізілетін семинар-тренинг­терге тоқталсаңыз...


– Өкінішке орай, кейбір әріптестеріміз кәсіби біліктілігінің төмендігінің салдары­нан өз өміріне қауіп төндіретін жағдаймен бетпе-бет келуде. Кейінгі кезде әлеуметтік желі мен БАҚ-та жалған ақпарат тарату, жаңалықты тексерместен жариялау, факт­чекиң, тролль мен фейктің жазғанымен бөлісу, ұлт және дін араздығын қоздыру, ар-намысқа тию, қорлау, жеккөрушілік пен агрессия, т.б. келеңсіз құбылыс көбейіп кетті. Бұл тұрғыда қарапайым азаматтар­мен бірге, БАҚ өкілдері де ҚР Қылмыстық және Азаматтық кодекстерінің белгілі бір бабымен жазаға тартылуы жиілеуде. Бұл т ұ р ғ ы д а ә р і п т е с т е р і м і зд і ң к ә с і б и біліктілігін арттыра түсу мақсатында отан­дық заңгерлердің қатысуымен семинар- тренинг өткізуді жиі қолға алдық. Мұндай маңызды шаралар журналистердің өз сала­сында шыңдала түсуіне жол ашып жатқа­ны көңіл қуантады. Осы орайда, Түркітіл­дес журналистер қоры «Шеврон», «Halyk Life» АҚ, Қазақстандағы АҚШ диплома­тиялық миссиясы, т.б. түрлі тақырыпта семинар-тренинг пен онлайн форматтағы вебинарлар жиі өткізеді.


– Біраз жұртқа сіздің «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбына өткізілген се­минар-тренингіңіз керемет әсер еткенін білеміз. Өзіңіз де әлеуметтік әділеттілік жолында тайсалмай еңбек етіп, тайпал­май тура тартқан тілші болғаныңыз есте...


– Кез келген қоғам үшін әлеуметтік мәселелер баса назар аударуды қажет ететіні түсінікті. Осы мақсатта бірнеше қалада «Әлеуметтік журналистика: БАҚ- тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында өткізілген семинар-тренингке еліміздің көптеген қаласынан 70-тен астам журна­лист білімін арттырды. Аталған шараға Түркітілдес журналистер қоры Ұлыбрита­нияның Лондон қаласынан арнайы шақыр­ған медиа-тренер Ватан Өз қазақ журна­листермен ВСС, CNN, Reuters сияқты халықаралық ақпарат құралдарындағы тәжірибесімен бөліскен. Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясымен бірігіп, «Fake news. Fact-Checking. Information manipulation» тақырыбына жалған ақпарат, деректерді тексеру, ақпа­раттық манипулцияны анықтау мақсатын­да Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай қалаларында семинар-тренингтер өткіздік.



САЛАЛЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ДАМЫТУ ҚАЖЕТ


– Қазақ журналистикасының бас ауыртар мәселесі – салалық журналис­тиканың дамымауына қатысты не деріңіз бар. Осы мәселенің түйінін тар­қатуға сіз басқаратын қор қалай үлес қосуда?


– Иә, еліміздегі салалық журналистика­ның дамымауы өз кезегінде көптеген мәсе­лелердің туындауына түрткі болуда. БАҚ өкілдерінің басым бөлігінің әлі күнге дейін «әмбебаптық» ұстанымнан арыла алмай келе жатқаны – кәсіби тұрғыдан әлсіздігін көрсетеді. Әріптестеріміздің көпшілігі таңертең саясаткерден сұхбат алып, түсте сәулетшімен кездесіп, кешке шоу-бизнес өкілдерімен өнер саласын талқылайды. Ертесі күні басқа салалардың өкілдерімен өз жұмысын жалғастыруға мәжбүр. Бір саланы жіті зерттеп, терең меңгеру жоқ. Бұл – дұрыс емес. Қазіргі нарықта өз ор­нын таппағандар бәсекелестік көшіне іле­се алмайды. Осы орайда, Түркітілдес журналистер қоры салалық журналистика­ны дамытуға көңіл бөледі. Түрлі тақырып­қа ұйымдастырылатын шараларда белгілі бір саланың білікті мамандары медиа-тре­нер ретінде шақырылып, өзінің білім- білігімен бөлісуде.


– Медиа-тренердің (қазақ тілді) аз­дығы бұл іске қолбайлау емес пе. Жал­ған ақпаратпен күрес қалай жүруде?


– Осындай олқылықтың орнын толты­руға Түркітілдес журналистер қорының жанынан ашылған Медиа-тренерлер мек­тебі сүбелі үлес қосуда дер ем. Мақсат – кәсіби тұрғыда мықты мамандарды қор­дың ұйымдастыруымен өткізетін семинар, тәжірибелік сабаққа медиа-тренер ретінде тарту. Қазір Медиа тренерлер мектебінің құрамында Қазақстанмен бірге Еуропа, Түркия, Орталық Азия елдерінен білікті мамандар дәріс оқып жүр.


– Жас журналистер мектебінің жайы қалай?


– Түркітілдес журналистер қорының жанынан Жас журналистер мектебі ашыл­ған. Мектепте балалар журналистика жанрларымен қатар, шешендік өнер, кө­семдік қасиет, сөздік қорын байыту, жаңа медиа, оның ішінде әлеуметтік желілердегі белсенділік, сайтқа мақала салу, сурет, ау­дио және видео жүктеу, YouTube арнасы­мен жұмыс істеуді үйренеді. Жас журна­листер мектебінің балалары еліміздегі және шетелдердегі тарихи жерлерге экс­курсия жасап, редакцияларға пресс-турға қатысуда.


Жас тілшілер Самарқанд пен Ташкент қалаларында болып, тарихи орындарды аралап, көкейге көп нәрсені түйіп қайтты. Тәшкеннің төріндегі Төле би атамыздың кесенесіне барып, Құран бағыштап қайт­ты. Ұлы Жібек жолының бойында орна­ласқан Самарқанда, мәшһүр қолбасшы Әмір Темірдің кесенесіне де арнайы бар­ды. Алдағы уақытта Түркия, Әзербайжан­мен бірге Еуропа елдеріне пресс-тур жос­парланған. Оны уақыт көрсетеді.


– Емен-жарқын әңгімеңізге алғыс айтамыз. Үмітін үкілеген форум жұмы­сына сәттілік тілейміз.


– «Ақшамдық» әріптестеріме шынайы шығармашылық тілеймін. Ойлы оқырман молайсын!


Сұхбаттасқан Айнабай МӘДИ


«Аlmaty-akshamу», №86, 20 шілде, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05