Қазақстандықтардың табысының шамамен 1,2%-ы өзге адамдарға көмек көрсетуге жұмсалатыны белгілі болды, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Бұл туралы Ranking.kz сайты хабарлады. Ал еліміздегі ең дәулетті азаматтардың қайырымдылыққа қанша қаражат бөліп отыр?
Forbes.kz порталы қазан айының басында жариялаған мәліметке сәйкес, Қазақстанның ең бай 10 кәсіпкерінің барлығы дерлік қайырымдылықпен айналысады. Олардың кейбірі өз қорлары арқылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, ашық қаржылық есеп жүргізеді.
Болат Өтемұратов: 51,9 млрд теңге - игі істерге
Рейтингтің көш басында дәстүрлі түрде Болат Өтемұратов тұр. Оның атындағы қор - елдегі ең ашық әрі белсенді қорлардың бірі.
2024 жылғы есеп бойынша, өткен жылы қор қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларға 51,9 млрд теңге жұмсаған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,8 есе көп.
Қордың танымал жобаларының бірі - «Аутизм. Әлем баршаға ортақ» бағдарламасы. Бүгінде еліміздің түрлі өңірінде аутизмі бар балаларға арналған 13 орталық жұмыс істейді.
Сонымен қатар, қор Қызылорда әуежайындағы жолаушылар терминалының, Есік қаласындағы мектептің құрылысына қаржы бөлген, су тасқынынан зардап шеккендерге және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсеткен.
Вячеслав Ким және ANSA қоры
Екінші орында тұрған Вячеслав Ким бірнеше жылдан бері ANSA қайырымдылық қорын тұрақты қаржыландырып келеді.
Тек өткен жылдың өзінде қор 2 мың қазақстандыққа 20 млрд теңгеден астам көмек көрсеткен.
ANSA қорының қаражатына Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған екі көпқабатты үй, 300 жеке үй, балабақша салынды.
Сондай-ақ Esen Foundation қорымен бірлесіп, ауыл тұрғындарының білім мен медицинаға қолжетімділігін арттыруға бағытталған Baquatty Audan жобасы іске қосылды.
Білім саласында қор Ауылдық педагогикалық академияны, 5 Sandyq қосымша білім беру орталығын ашты. Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған инклюзивті кабинеттер жабдықталды.
Қор спортты да қолдайды: «Барыс» хоккей клубының импакт-серіктесі атанды, ал 2025 жылдан бастап ANSA қоры Қазақстанның бочча федерациясының ресми серіктесі болады.
Бес ірі меценат және ашық есептілік дәстүрі
Қазақстанның ең бай бес кәсіпкерінің әрқайсысының жеке қайырымдылық қоры бар. Олардың қатарында:
- Нұрлан Смағұлов (Astana Group);
 - Тимур Турлов (Freedom Holding Corp);
 - Тимур Құлыбаев (Halyk қоры арқылы).
 
Мысалы, Halyk қоры мектептер мен балабақшалар салуға, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге және дарынды жастарды қолдауға қаржы бөледі.
Ал Тимур Турлов шахмат, балалар футболы және экологиялық жобаларды дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Көрінбейтін қайырымдылық: ашық деректер аз
Forbes тізіміндегі Владимир Ким, Айдын Рахымбаев, Шухрат Ибрагимов, Андрей Лаврентьев және Кеңес Рақышев те қайырымдылықпен айналысады. Алайда олардың бұл бағыттағы нақты шығындары ашық жарияланбайды — ақпарат көбіне жеке жобалар туралы жаңалықтарда ғана кездеседі.
Көптеген кәсіпкерлер тек өз қорларымен шектелмей, басқа ұйымдарға да үлес қосады. Мысалы, «Ана Үйі» қорының жұмысына бірнеше меценат тұрақты түрде демеушілік етеді. Бұл қордың басты мақсаты — әлеуметтік жетімдікті азайту, яғни аналардың балаларынан бас тартпауына жағдай жасау.
Қайырымдылық мәдениеті қалыптасып келеді
Кейінгі жылдары мемлекет қайырымдылық бастамаларын белсенді қолдап келеді.
2023 жылдан бері елімізде «Құрметті қайырымды жан» атағы беріліп келеді. Биыл бұл марапатты 33 қазақстандық иеленіп, жалпы саны 164 адамға жетті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, қазір елде 1,3 мың қайырымдылық ұйымы жұмыс істейді.
2025 жылы «Игі істер марафоны» жобасы аясында 2,5 мыңнан астам қайырымдылық бастамасы жүзеге асты, ал еріктілердің жалпы саны 275 мыңнан асып, оның ішінде 3,5 мыңы – 55 жастан асқан азаматтар.