Әзербайжандық «Әдебиет және өнер» порталы Түркі мәдениеті және мұрасы қорына сілтеме жасай отырып, ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 43-сессиясы аясында қабылданған тіркі әлемі үшін маңызды ақпараттар легін бөлісті.
2025 жылдың 4 қарашасында Өзбекстанның Самарқан қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 43-сессиясы аясында түркі әлемі үшін тарихи маңызы бар маңызды оқиға орын алады — Түркі мәдениеті және мұрасы қоры алғаш рет түркі өркениетінің тереңдігін және ұлылығын бейнелейтін бірегей жобалардың тұсаукесерін өткізеді. Олардың ішінде:
– Түркі мемлекеттері басшылары қабылдаған «Түркі әлеміне көзқарас – 2040» және «TURKTIME» стратегиялық құжаттарына сәйкес әзірленген, түркі әлемінің мәдени мұрасына арналған «Түркі әлемінің мәдени коды» атты каталог;
– Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен және түркі мемлекеттері басшыларының қолдауымен жүзеге асырылған көптомдық «Түркі фольклор мұрасы» антологиясының басылымы.
Айта кету керек, ұсынылған бұл бірегей жобаларды жүзеге асыру мақсатында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры түркі әлемінің көрнекті ғалымдары мен мамандарын бір шаңырақ астына біріктірді. Олар түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени және ғылыми мұрасын жүйелеуге, зерттеуге және оны келер ұрпаққа жеткізу ісіне өлшеусіз үлес қосты.
Бағдарлама аясында, сондай-ақ, 2025 жылдың 3 қарашасында ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы қарарымен бекітілген «Дүниежізілік Түркі тілі тобының күні» (World Turkic Language Family Day) атап өтуге арналған іс-шара өтті.
Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан және Венгрияның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдіктерінің басшылары, сондай-ақ Өзбекстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, белгілі ғалымдар, мәдениет институттарының жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекелік шара Түркі мәдениеті мен мұрасының елшісі — этно-фольклорлық «Тұран» ансамблінің солистерінің әсерлі орындауларымен жалғасты.
Осылайша, ЮНЕСКО 15 желтоқсан күнін Дүниежізілік Түркі тілі тобының күні деп жариялады. Бұл күн енді жыл сайын түркі тілдерінің байлығы мен рухани бірлігін дәріптеу мақсатында атап өтілетін болады.
Бұл іс-шара түркі халықтарының тарихындағы тағы бір елеулі оқиға ретінде олардың тілдік және мәдени бірлігінің халықаралық деңгейде мойындалуын, сондай-ақ түркі өркениетінің әлемдік мәдениет пен гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуына қосқан үлесін айқын көрсетеді.