Қазақ таэквондосының негізін қалаған тұлғаның отаншылдық-патриоттық рухы, ұлттық сезімі жоғары еді...
Бүгін – таэквондодан алтыншыдан қара белбеу иегері, Қазақстан Таэквондо федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің туған күні. Қазақ спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға тірі болғанда, биыл өзінің 70 жылдық мерейтойын қарсы алар еді...
Ол 1954 жылы Түркияның Қайсері қаласына қарасты Мұсаходжалы ауылында дүниеге келген. Ол – 1930 жылдары аталары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтайына кетіп, ол жерден Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі.
«Ата-бабамыз Шығыс Қазақстаннан екен. Аталарым Әлкенбай, Төлебай деген кісілер болған. Олар ел басқарған, би болған азаматтар. Әкемнің аты – Кәбен. Ол кісі кітаптар жазған. Бірақ баспаға шықпаған. Халық әкемді қажы Кәбен деп таниды. Ол балуан болыпты», – дейді спортшы «Барып қайт, балам, ауылға» деректі фильмінде.
1975–1980 жылдары Мұстафа Тайбэйдегі Халықаралық саясат университетінде оқып, журналист мамандығы бойынша диплом алады. Сол жақта оның ынтасы спортқа ауып, таэквондоны үйренеді. Оқу бітіргеннен кейін Өзтүрік Мюнхенде әскерилер мен полицейлерге шығыс жекпе- жегінен жаттықтырушы болып жұмысқа тұрады. Кейін Германиядағы алғашқы таэквондо мектептерінің бірін ашады. 1980 жылдардың басында Стамбулда да Мұстафа Өзтүрік мектебі ашылып, түрік шәкірттері әлемдік жарыстарда жүлде ала бастайды.
«Бұл спорт түрі осыдан екі мың жыл бұрын Кореяда пайда болған. Тэ – аяқ, кон – жұдырық, до – рух, жол, тәртіп және басқа да мағыналарды білдіреді. Яғни «таэквондо» жұдырық, аяқ, рух пен тәрбиенің жолы деген мағынаны білдірсе керек. Спорт мектебімді ашпас бұрын ұстаздарымның мектебінде сабақ бердім», – дейді кейіпкердің өзі деректі фильмде.
1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік Қазақстан билігі өкілдерінің шақыруымен тарихи атажұртына алғаш рет келеді. Күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан Таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады. Осы жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алды. Ал оның шәкірттері алғаш рет 1992 жылы Түркиядағы халықаралық жарысқа барып, екі алтынмен оралды. 1995 жылы Мұстафа Өзтүрік жаттықтырған қазақстандық спортшылар әскерилер арасындағы таэквондодан әлем чемпионатында Оңтүстік Корея спортшыларына ғана есежіберіп, командалық есепте екінші орын алады.
1995 жылы Мұстафа Өзтүрік тамашалау үшін барған жарыстардың бірінде өзін жайсыз сезініп, Алматыдағы медициналық орталықтың клиникалық ауруханасына жатқызылады. Өкінішке орай, осы жылдың 15 наурызында 6 дүркін әлем чемпионы, 6-шы дан иегері атанған қазақ спортшысы өмірден озады.
Бүгінде ел арасында қазақтың даңқты ұлының есімі де, оның тағылымды ой-тұжырымдары да аңызға айналған. Бір сұхбатында: «Ауылда жүрген кезде балалар жүгіріп келеді де, «мен Мұстафа Өзтүрік» боламын дейді. Мені кішкентай балалар жақсы көреді ғой. Оларға: «Сендер Мұстафа Өзтүрік болмаңдар! Ғалым, жазушы, ақын, педагог болыңдар!» деймін. Мен ең оңай жолды таңдадым. Ашығын айтқанда, менікі қара күш қой. Чемпион болу – оңай, адам болу – қиын», – деген екен Мұстафа Өзтүрік.
ҚАЗАҚТЫҢ АЙБОЗ ҰЛЫ ТУРАЛЫ 5 ДЕРЕК
1. Шын есімі – Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман.
2. Әкесі Қабен түрік жерінде палуандармен белдескенде жауырыны жерге тимейтін шебер болған. Түрік бауырлардың Қабен ағаға деген сыйластықтары артып, Өзтүрік атап кеткен. Осылайша отбасы мүшелері осы атауды өздеріне тек етіп алады. Сондықтан Қабен аға өмірге келген ұлының есімін Мұстафа қойып, тегін Өзтүрік етіп жаздырады.
3. Негізгі мамандығы – журналист.
4. 6 тілді жетік меңгеріп, еркін сөйлеген.
5. 1991 жылы белгілі кинорежиссер Қалила Омаров Мұстафа Өзтүрікке арнап «Барып қайт, балам, ауылға» фильмін түсірді.
Абдуләзиз ТЕЙЖИ, Мұстафа Өзтүріктің туысы:
«ТІЛІМІЗДІ ҰМЫТСАҚ, БӘРІН ЖОҒАЛТАМЫЗ»
Ағамызбен Түркияда да, Қазақстанда да бірге болдық. Менің Қазақстанға келуіме себепкер болған адамдардың бірі – сол кісі. Оның «қазағым, Отаным» деген ұлттық сезімі жоғары еді. Өзінің «тілімізді ұмытсақ, бәрін жоғалтамыз» деген сөзі жазылып сақталған. Сондай-ақ, емшілік қасиеті бар болатын. Бірде қатты басым ауырып тұрғанда отырғызып, «қазір алақаным маңдайына күш береді, ыстыққа шыдайсың, сосын жазылады» деді. Сөйтіп, оң алақанын маңдайыма жақын ұстады, 5 минуттан кейін оның жылуын сезе бастадым. 15 минуттай ұстап болған соң, басымның ауырғаны жазылып кетті.
Мұстафа Өзтүрік ағамыз қалжыңдағанды да жақсы көретін еді. Қара жорғаны билеп, ән айтатын. «Жұлдыздарды білесің бе?» деген өзінің әні де бар болатын. Шындықты кейде турасынан кесіп айтатын, кейде қалжыңмен спортшы балаларға нені, қалай істеу қажеттігінің ақиқатын жеткізетін.
Ол кісімен Алматыда да біраз бірге жүрдік. Ағамыз көлік айдамайтын, «інім, қалай барамыз?» деп сұрағанда, «міне, былай барасыз» деп түсіндіретінмін. Сонда ол кісі күліп, «сені осында мен шақырдым, бірақ менен бұрын көшелерді жаттап алдың» деп айтатын.
Қайыр МЕЙІРБЕК, Мұстафа Өзтүрік атындағы орталықтың президенті:
«ЕЛІМЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН» ДЕП КЕЛДІ
Мұстафа Өзтүрік ағамыз қазақ еліне алғаш таэквондоны әкеліп, негізін қалаған кісі екені барлығына белгілі. Ол ел арасында аңыз адамға айналған өте құрметті азамат. «Еліме қызмет етемін», «бауырларымды осы спортта үлкен деңгейге жеткіземін» деген қағидаттармен өмір сүрген тұлға болды. Бүгінгі күні Мұстафа Өзтүрік атындағы орталығымызда таэквондо және одан бөлек бокс, күрес, жекпе-жек, грэплинг, дзюдо спорт түрлері бойынша 500-ден астам бала жаттығады. Көбісі мектеп жасындағы балалар, оның ішінде 200-ге жуық бала таэквондоға қатысады. 15 жаттықтырушымыз бар. Реті келгенде Мұстафа Өзтүрік атындағы аудандық, қалалық, республикалық жарыстарды өткізіп отырамыз. Мұстафа Өзтүріктің өзі ашқан алғашқы спорт мектебі №143 мектепте орналасқан. Балалар осы мектеп қабырғасында және Бесағаш ауылындағы спорт кешенінде жаттығады.
Қайрат ҚЫРҒЫЗБАЕВ, Мұстафа Өзтүріктің шәкірті:
МЕН ҮШІН ӨТЕ ЖАУАПТЫ МІНДЕТ
Мен Мұстфа Өзтүріктің алғашқы шәкірті, әрі алғашқы ұлттық құраманың мүшесі болдым. Ол кісіден таэквондоның қыр-сырын үйрендім. 1992 жылы Түркияда өткен ашық Европа чемпионатына қатысып, чемпион атандым.
Ол кісі қайсар, ұлтжанды болатын. Қазаққа деген құрметі ерекше еді. Өзінің шәкірттеріне «Батыр болам десең, елің мен жеріңді сүй» деп жиі айтатын. Сосын «Балалар сендердің мені жақсы көретіндіктеріңді білемін. Бірақ сендер Мұстафа болмаңдар, ғалым болыңдар» деген ақылын үнемі айтып отыратын. Ол кісі жаттығу алаңында жүргенде арыстандай айбарлы, қасқыр мінезді көрінеді де, сыртқа шыққанда ибалы, қарапайым көрінетін. Мен Мұстафа атындағы мектепті 1993 жылы аштым. Сол жылы Денешынықтыру институтын бітіріп жатқан кезім еді. Ұстазым маған «сен осы балаларды оқыт, менен үйренген әдіс-тәсіліңді үйрет», – деп сенім білдірді.
Бұл мен үшін өте жауапты міндет болды. Дегенмен, сенім үдесінен шықтым-ау деймін. Әлем, Азия ойындарының чемпионы шықты. Өзім Ұлттық құраманы басқардым. Мұстафадан бата алған балалар Түркияда өткен чемпионатқа қатысып, чемпион атанғанда Мұстафа Өзтүріктің «осы күнге де жеттік-ау» деп жылағаны есімде.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
ӨНЕРІМЕН ЖҰРТТЫ ТӘНТІ ЕТТІ
Мұстафа Өзтүрік 1989 жылы менің туған інім, белгілі суретші Бексейіт Түлкиевпен Мюнхен қаласында танысады. Жалпы, Мұстафамен алғаш танысып, оны Қазақстанға шақырған да інім Бексейіт болатын. Ол кезде Кеңес Одағының әлі де күшінде тұрған кезі. Балтық жағалауы мемлекеттері енді-енді тәуелсіздікке ұмтылып, әлемдік сілкіністердің белең алған кезі еді. Сондай кезде қазақтың екі баласы шет жерде танысып, Бексейіт інім «Мұстафа, сәл шыдашы, Одақтың құлайтын түрі бар. Біз де өзге мемлекеттер сияқты өз алдымызға мемлекет боламыз. Сол кезде туған еліңе ораласың!» деп үмітін оятқан екен.
Содан 1990 жылдың күзінде алғаш рет Мұстафа Өзтүрік Қазақстанға келді. Оны әуежайдан бір топ азамат қарсы алып, Балуан Шолақ атындағы Спорт кешеніне алып келді. Ол өзімен бірге Түркияда таэквондо өнеріне баулып жүрген 12 шәкіртін де ерте келген екен. Мыңдаған адамның алдында әлемдік біріншілікте, Азия біріншілігінде көрсеткен жаттығуларын көрсетті. Сол жолы Мұстафа екі жігіт саусағының ұшымен ғана ұстап тұрған газетті лебімен-ақ қайшымен қиғандай етіп тіліп түсті. Сосын 4 метр биіктікте тұрған таяқты, сосын кірпішті сындырған өнерімен жұртты тәнті етті. Мұстафа мен Бексейіт екеуі жан дос болды. Осылайша қазақ топырағында 1990 жылы алғаш рет құрылтай өткізеді. Ал 1991 жылы Қазақстан Таэквондо федерациясы құрылып, оған Мұстафа Бексейіт Түлкиевті президент етіп өзі сайлады. Осылайша Бексейіт екеуі 1995 жылға дейін жұбын жазбай бірге жүрді. Шәкірттері 56–92 салмақта Нью-Йорктегі Манхеттен спорт кешенінде Мұхаммед Әли, Майк Тайсон өнер көрсеткен алаңда өнер көрсетті.
Ернат РАХМЕТОЛЛА, әуесқой велошабандоз, журналист:
ӨР ТҰЛҒАЛЫ ҚАЙСАР ҰЛ
Мұстафа Өзтүріктің туған күні – 23 қараша күні «Бәйтерек» монументінің алдынан бастау алатын соло велошеру өткіземін. Велошеру мақсаты – Қазақстан Таэквондо федерациясының (WTF) негізін қалаушы, таэквондодан 6 дүркін әлем чемпионы, қара белбеу 6-шы дан иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы, аты аңызға айналған дара тұлға Мұстафа Кәбенұлы Өзтүрікті еске алу, рухына тағзым ету, өнегелі өмірі мен еңбегін дәріптеуге үлес қосу.
Менің ниетім – өзімді насихаттау емес, түпкі ой – Мұстафа Өзтүрікті насихаттау. Биыл оның 70 жылдық мерейтойы болса да, еліміздің Спорт министрлігі немесе өзі негізін қалаған Қазақстанның Таэквондо федерациясы тарапынан түк еленбеді. Жыл болса, аяқталып келеді. Бұл біз үшін үлкен сын. «Халқымыздың төл перзентін ұлықтауға келгенде мұндай немқұрайлық, құрметсіздік неге қалыптасып отыр?» деген ой мазалайды. Мұстафа есімі мен еңбегін ұмытуға лайықты адам ба еді?! Отаны мен Ұлтын шын сүйген өр тұлғалы қайсар ұлдың рухы жасай берері сөзсіз.