"Ешқашан сәбилі бола алмайсыңдар". Мирас пен Құралай жұрт білмейтін құпиясын ақтарды

"Ешқашан сәбилі бола алмайсыңдар". Мирас пен Құралай жұрт білмейтін құпиясын ақтарды сурет: кейіпкердің жеке архивінен

"Байқамайды екенбіз, бақыт деген – екеуміз". Белгілі ақын Қадыр Мырза-Әлінің осы бір өлең жолдары бір-біріне ынтық қыз бен жігіттің махаббат әлемінен сыр шертіп тұрғаны анық. Ал өнердің де, өмірдің де айдынында қатар жүзіп келе жатқан Мирас пен Құралай Бекжановтардың бізге берген сұхбатының өн бойынан дәл осы бір сөздердің ұшқынын көргендей болдық. Кәне, жұлдызды жұптың әлеміне бірге сапарлайық.

ТІЛШІ: – Сіздерді бір-біріңізден бөлек алып қарау мүлдем мүмкін емес.  Заманауи тілмен айтсақ, "Мирас пен Құралай" брендін қалыптастырдыңыздар. Өнер айдынында қол ұстасып келе жатқандарыңызға қанша жыл?

МИРАС: – Құралай екеуміздің шаңырақ көтергенімізге биыл жиырма бес жыл. Ал қол ұстасып ән айтып жүргенімізге жиырма жеті жыл болыпты. Екеуміз студент кезімізде Алматының Неке сарайына жұмысқа кіріп, дуэт болып өлең айтатынбыз. Енді ғана шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлар біздің әнімізбен баспалдақпен көтеріліп, салтанатты залға кіріп, некесін заңдастырып, ақ параққа қолдарын қойып, тіркеуден өтетін. Солай талай жастың бақытты сәтіне куә болғанбыз.

ТІЛШІ: – Қазір қаншалықты өстіңіздер? Өнер әлеміндегі тоқырау, өрлеу – қайсысын көбірек өткердіңіздер?

МИРАС: – Консерваторияны бітірген соң екеуміз шаңырақ көтердік. Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжіне жұмысқа кірдік. Одан Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармонияда, сосын Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетте де қосымша жұмыс істеп жүрдік. Жас отбасымыз. Өмірге құштармыз дегендей. Шаршауды білмейтінбіз. Сөйтіп төрт-бес жерде қатар істеп жүрдік. Үш-төрт жылдан кейін Астанадағы "Шабыт" музыка академиясына аспирантураға түсіп, оны да ойдағыдай бітіріп шығып, қайтадан Ақтөбеге оралып, филармониядағы жұмысымызды жалғастырдық. Оркестрмен ән айтып жүріп, арасында жеке концертімізді де беріп қоятынбыз. Шынымды айтсам, бізде тоқырау деген мүлдем болмаған секілді. Бәлкім екеу болып жүргесін бе, әлде әке-шешемізбен тұрғандықтан болар, көтерген жүгіміздің салмағы да сезілмейтін.

Бірде "Нұр-Мұқасан" тобындағы Мұқасан Шахзадаев: "Жиын-тойларда дуэттеріңе жұртшылық ықыластана қол соғатынын байқап жүрмін. Алматыға көшіп келсеңдерші. Алып мегаполисте мүлдем басқа орта, үлкен сахна дегендей. Сендерден жұлдызды жұп көріп тұрмын", – деді. Сол бір ауыз достық пейіл бізге қанат бітіріп, Алматыға ұшып келдік. Біржолата көшіп келдік. Бізді қарсы алған да Мұқасанның өзі. Бірден белгілі сазгер, талай әншінің жұлдызын жаққан Бағлан Омаровпен таныстырды. Кейін бізге де жанашыр, туған ағамыздай болып кетті. Продюсерлігі бөлек әңгіме!

Сөйтіп, Бағлан ағамыздың студиясында ең алғаш "Асыл жарым" деген әнімізді жаздырдық. Ерлан Нұрманғалиев деген композитор сонау Арқалықтан келіп, осы туындысын Бағлан Омаровқа қалдырып кеткен екен. "Кімге лайықты деп тапсаң, соған сыйларсың" деп. Ал өзі көп ұзамай сырқаттанып, қайтыс болып кеткен екен. Сол әдемі ән бізге бұйырды. Және біздің болмысымызға, жан дүниемізге дөп келе қалды. Сондықтан болар, бізді танымал еткен сол "Асыл жарым". Көп ұзамай Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына қызметке кірдік. Арада аз өтпей Құралай декреттік демалысқа шығып кетті. Ал мен жұмысымды жалғастыра бердім. Он екі жыл Өнер академиясында вокалдан сабақ бердік. Ал қазір Алматы облысы мәдениет басқармасына қарасты "Алатау әуендері" ұжымының әншілеріміз. "Қаншалықты өстіңіздер?" деген сұрағыңызға айтып жатқаным ғой. Сол жүріп өткен жолдардың жемісі болар, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" деген дәрежеге жеттім. Құралай болса "Мәдениет саласының үздігі" атағын иеленді. Бізге үздік деген атақты алып беріп жатқан, әрине, халық, өнерімізді бағалайтын көрермен.

сурет: кейіпкердің жеке архивінен

ТІЛШІ: – Ән таңдағанда көбінесе кім бастама көтереді? Ең бастысы неге мән бересіздер – әуенге ме, әлде сөзге?

ҚҰРАЛАЙ: – Көбіне Мирас көтереді бастаманы. Мен қуаттаймын. Себебі, оның биік талғамына сенемін. Жалпы, құлаққа кез келген өлеңнің әуелі әуені келеді ғой. Жағымды болғаны, әрине, маңызды. Дегенмен, біз Мирас екеуміз де мектепте орысша оқығанымызбен, сөзіне, қазақы мағынасына көбірек үңілеміз. Тіпті, бізге ұсынылған шығарманы филолог, ақын достарымызға көрсетіп аламыз, ұйқасы қалай, сөз тіркесі дұрыс тұр ма деп кеңес сұраймыз. Үйдегі анамыздан да пікір сұрайтын сәтіміз аз емес. Жалпы, не нәрсенің де көппен шешілгені жақсы ғой. Сондай-ақ, жақсы сөз бен жағымды әуен де ұрпақ тәрбиелеуге қауқарлы үлкен күш екені анық.

ТІЛШІ: – Қазақ эстрадасында "арзан" әндер көбейді деген пікірмен келісесіз бе?

МИРАС: – Жалпы, біз сыншы емеспіз ғой. Екіншіден, өзгені жамандауға құқымыз да жоқ. Дегенмен қоғамның бір мүшесі ретінде пікірімді айтар болсам, халықтың сұранысы сол деңгейге түсіп кеткен секілді көрінеді маған. Сондай жеңіл әндерді тыңдап, соған билеп, көңіл көтергенді қалап тұратындай. Соған қарай кейбір әншілер де арзан дүниелерге әуестеніп кеткендей.

Оқушы күнімде мынаны жиі еститінмін. Бір ән жарыққа шықса, ол әуелі Композиторлар одағының талқысына салынады екен. Одан соң Жазушылар одағына келіп түседі. Ондағылар "бұл өлеңді кім жазды, бұрынғы шығармалары қандай еді" деген секілді електен өткізген. Тіпті, сол одақтардан құралған көркемдік кеңес "бұл әнді қай әншіге ұсынамыз, шығарманың табиғаты қай өнерпазға келеді" деп ортаға салатын болған. Бәлкім ол ән тыңдарманға алғашқы күні, екінші күні де, тіпті үшінші күні де ұнамауы мүмкін. Бірақ күнде қайталап тыңдай берген соң, жүрегіне жол тауып, сол жоғары әннің деңгейіне өзі де көтерілуі мүмкін ғой. Ән де – идеология. Ал қазір керісінше. Тыңдарман әншілерді тәрбиелеп кетті. Өкінішке орай сол деңгейге түсіп бара жатырмыз. Сондықтан баяғы тегеурінді, бақылаушы, көркемдік кеңес деген керек болып тұр.

сурет: кейіпкердің жеке архивінен

ТІЛШІ: – Қазір бұрынғыдай емес, жұлдызды жұп көбейді. Сіздердің ерекшеліктеріңіз неде?

ҚҰРАЛАЙ: – Екеуміз де классикалық бағытта біліп алдық қой. Эстрада да жолымызды айқындап алған жұппыз. Былтыр Республика сарайында Мирастың елу жасқа толған мерейтойына орай "Біздің ән" деген атпен жеке концертімізді бердік. Бірінші бөлімі "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрінің сүйемелдеуімен, ал екінші бөлімі эстрадалық жанрда өтті. Оның алдындағы жеке концертімізде бірінші бөлімде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрі мен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының сүйемелдеуімен қазақ, орыс, шет ел композиторларының классикалық танымал әндерін шырқадық. Екінші бөлімді эстрадаға арнадық. Ерекшелігіміз сол шығар. 

ТІЛШІ: – Уақыт өте келе әндеріңізді келешек ұрпақтың қалай еске алғанын қалар едіңіздер?

МИРАС: – Киелі сахнада жүрген соң, әрине, ізіңнің қалғаны жақсы ғой. Мен, мысалы, Ермек Серкебаевтің әндерін тыңдасам, жаным рахаттанып, бір тынығып қаламын. Біздің әндерімізді де күндердің күнінде тыңдармандарымыз "Мирас пен Құралайдың әндері жанымызға шуақ себеді" деп жатса, өнерде бекер жүрмегеніміз ғой. Қазір Қазақ радиосының "Алтын қорында" біздің де дауысымыз, өнеріміз жазылып қалып жатыр. Ол да бізге шабыт сыйлайды.

ТІЛШІ: – Отбасылық өмір мен өнерді қатар алып жүрудің қиындығы бар ма? Әлде екеу болып жүрген соң бәрі оңай ма?

ҚҰРАЛАЙ: – Бізге бәрі оңай. Бір-бірімізді бір ауыз сөзсіз-ақ, бір көзқарастан, ыммен-ақ түсіне қоямыз. Себебі, екеуміз – бір адамбыз.

МИРАС: – Осы ретте есіме түсіп отырғаны, баяғыда Құралайдың аяғы ауырлап демалысқа шығып кеткенде, мені ешкім ән айтуға тойға да шақырмай қалғаны бар. Өйткені халық бізді бір адам ретінде көреді, дуэт ретінде іздейді.

ҚҰРАЛАЙ: – Бірақ бір минусы бар: гастрольдік сапарларға кеткенге балаларымыз үйде қалады. Әрине, жалғыз қалмайды. Біз анамызбен тұрамыз ғой. Шыны керек, балаларымыздың қалай өсіп қалғанын да білмеппіз. Мамамызға үлкен рахмет, бізді жоқтатпауға тырысады. Дегенмен балаға ата-ананың махаббаты әрқашан керек. Біз балаларымыздың барынша мейірім, қамқорлыққа бөленіп өскенін қалаймыз. Тұңғышымыз – Іңкәр Алматы менеджмент университетін бітіріп, жұмысқа орналасты. Ал екінші қызымыз – Кәмшатты жақында ұзаттық. "Нархоздың" студенті. Жас қой демедік, көңіл жарастырған  адамымен арасындағы махаббатты құрметтеп, батамызды бердік. Арыстанбегіміз он төртте, музыка мектебін бітірді. Ал кіші қызымыз Айсұлу музыка мектебіне ән сабағына барып жүр. Барлық ата-анаға осылай ұрпағымен мақтанып отыруға жазсын деп тілеймін.

ТІЛШІ: – Бір-біріңізді қиын сәтте қалай қолдайсыздар?

МИРАС: – Жаңа ғана Құралай айтып кеткендей, бізге бәрі жеңіл. Қиындық дегенді ең алғаш бас қосқанда кешкеніміз бар. Төрт жылға дейін бала сүйе алмадық. Құралайға дәрігерлер "ешқашан бөпелі бола алмайсыз" деп диагноз қойып тастаған кез. "Мирас, мені жібер. Семейіме қайтайын. Саған еш өкпем жоқ. Тағы да үйлен, ұрпақ сүюің керек, үбірлі-шүбірлі бол, мен саған тілекшімін" деп жылады бір күні. Ол кезде Ақтөбеде тұрамыз. Сондай сәтте әке-шешемнің, әсіресе, анамның қолдауы керемет болды. "Бәрі жақсы болады. Уайымдамаңдар, оқуларыңды жалғастырыңдар. Астанаға барыңдар, жер ауыстырыңдар" деді. Сөйтіп үлкен қалаға қоныс аударуға ниеттеніп жүрген кезімізде Димашымыздың анасы – Света Айтбаева Раушанын өмірге әкеліп, адал досымыз Қанат пен Светаның өтінішімен сол сәбиге кіндік әке-шеше болғанбыз. Ниет, тілек, ықылас, пейіл деген қандай! Біз үлкен жолға жиналып жатқанда Света Құралайға Раушантайымыздың иткөйлегін ырымдап берген екен. Қазір, Аллаға шүкір, төрт перзентіміз бар. Бізге сонда күш берген – сенім, үміт және махаббат.

ТІЛШІ: – "Бақытты отбасы" деген ұғымды қалай түсіндірер едіңіздер?

ҚҰРАЛАЙ: – Бұл сұрағыңызға былай жауап берсем қалай болар екен? Мысалы, бізді көп көрермен, тыңдармандарымыз "Сіздердің жолдарыңызды берсін, екі жасты кіргізіп, тойымызды бастап берсеңіздер, қызымызды ұзатып шығарып салсаңыздар. Болашақта екеуіңіз сияқты қол ұстасып жарқырап жүрсе, көп бала сүйсе дейміз" деп ырымдап шақырып жатады. Бізге өнерімізді сүйетін тыңдармандарымыздың "Бақытты отбасы" деп берген осындай бағасынан асырып ештеңе айта алмаспыз-ау.

ТІЛШІ: – Қазіргі жастарға ең алдымен қандай құндылықтарды дәріптеу керек деп ойлайсыздар?

МИРАС: – Ең алдымен сабырлы, ұстамды бола білу керек дер едім. Бүгінде екінің бірі ажырасып кетіп жатыр. Себебі, қазіргі жастардың көбі сабырсыз. Екі тараптың уәжін тыңдай қалсаңыз, "сен менің шалбарымды дұрыс үтіктемедің", "мамама біреңе деп қалдың" секілді болмашы ұсақ-түйекті теріп алады да, ақыр соңында бір-біріне иілгісе келмей, екі жаққа кетіп тынады. Әлгінде ғана айттым ғой, Құралайға "сәби сүйе алмайсың" деп медицинаның өзі үкім шығарғанда, екеуміздің үлкендерге көрсетпей көрпе астында талай тұншығып жылаған түндеріміз болған. Ал мен өмірлік болуға серттесіп алған жарымды енді керегің жоқ деп қалай апарып тастаймын?! Азаматтығым, адамгершілігім қайда?! Сондай қиын сәтте бізді алға жетелей білген сабыр деген үлкен досымыз болатын.

ТІЛШІ: – Сіздерде бой да, келбет те бар. Киноға түсуге шақырса, барар ма едіңіз және кімді сомдағыңыз келеді?

МИРАС: – Бізге кішігірім эпизодтық рөлдер ұсынылған сәттер болды. Бірақ мен ойлаймын, "Шымшық сойса да қасапшы сойсын" демекші, әр адам өзінің мамандығының шыңына жетсе де жаман емес. Құралай екеумізде де кәсіби музыкалық білім бар, дәріс те оқыдық. Айтпақшы, біздегі жақсы жаңалық – Астанадан да "Мирас – Құралай" өнер мектебін ашып жатырмыз. Білімді мұғалімдер жинадық. Өзіміз де жүрегі өнер деп соққан балалармен етене араласып, шеберлік сабақтарын жүргізіп отырмақпыз. Білгеніңді үйрету, бөлісу – ол да адамдық парыз.

ТІЛШІ: – Егер әнші болмасаңыз, басқа кім болуыңыз мүмкін еді?

ҚҰРАЛАЙ: – Мен өзімді басқа мамандықта мүлдем елестете алмаймын. Қандай тосын жағдай болмасын, әнші болар едім. Ал Мирас бәлкім инженер-механик болар ма еді. Себебі, темір-терсекке, техникаға жақын.

ТІЛШІ: – Өз-өзіңізге сыймай асып-төгіліп қуанған сәтіңіз қайсы?

МИРАС: – Астанадамыз. Аспирантурада оқып жүрген кезіміз. Бір күні Құралай "аяғым ауыр" дегенде, жүрегім кеудеме сыймай атқақтап, үйге телефон соғу үшін телеграфқа қарай жүгірген сәтімді әлі күнге ұмытпаймын.

ТІЛШІ: – Мирас пен Құралай үйде қандай: қатал, талапшыл, әлде жұмсақ? Не нәрсеге (әлде кімге) "жоқ" дей алмайсыздар?

МИРАС: – Негізі екеуміз де жұмсақпыз. Бауырмалмыз. Қарапайымбыз. Сол қасиетіміздің арқасында айналамызға жақсы дос жия білдік.

Әлгінде айтқанымыздай, біз мамамыздың қолында тұрамыз. Сол кісіге "жоқ, болмайды" дей алмаймыз. Анамыз "ақ" десе – ақ, "қара" десе – қара. Не айтса да біз үшін заң. Әкеміз өмірден озып кетті. Біз Алматыға көшіп келгеннен кейін үш жылдан соң аты жаман дерттен көз жұмды. Тағы бір естеліктің ойға оралып отырғаны. Біз Ақтөбеден ең алғаш Алматыға қоныс аударып келгенде, пәтер жалдап тұрғанбыз. Одан ән жазып, клип жазып, лезде танымал бола бастадық. Материалдық жағдайымыз да көтерілді. Бірақ көңілім ел жаққа елеңдей берді. Әке-шешемнің, бауырларымның жанында жүретін бұрынғы күндерді сағына беретінді шығардым. Бірде үйге телефон шалдым. "Папа, мама, егер сіздер көшіп келмейтін болсаңыздар, біз онда Ақтөбеге қайтамыз. Бізге танымалдылық та, жұлдыз болу да қажет емес, бізге сіздер керексіздер!" деп. Содан ата-анам біздің карьерамызды ойлады ма екен, Ақтөбедегі үйді сатып, Алматыға көшіп келді. Сатылған үйдің ақшасына осы жақтан үй тұрғыздық. Бір кіндіктен үш ұл едік, екі бауырым да менің сөзімді жерге тастамай көшіп келді. Қазір екі інім де отбасымен Қаскелеңде тұрады. Бұл орайда бізді бауырмалдыққа тәрбиелеген әке-шешеме алғысым шексіз.

Сұхбаттасқан

Нұржамал ӘЛІШ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:49

12:36

12:26

12:21

12:18

12:07

11:52

11:45

11:21

11:08

11:00

10:54

10:50

10:35

10:25

10:09

09:56

09:42

09:29

09:25

09:13

09:08

08:45

08:30

17:55