Бүгінгі еңбек нарығы едәуір өзгерді. Олай дейтініміз, атын бұрын-соңды естіп көрмеген SMM, нейросеть маман, таргетолог, мобилограф, байер деген жаңа мамандықтар шықты. Бұл ұялы телефонмен-ақ, үйінде отырып табыс табатын мамандар.
Ал Қытайда ванхундар деген бар. Олар – TikTok және басқа да стримдерде тікелей эфирде отырып тауар сататын блогерлер. Мәселен, Остин Ли деген әйгілі ванхун 12 сағат бойына стримде отырып, тікелей эфир арқылы 1,7 млрд доллардың тауарын сатып жіберген.
Қысқасы, ақшаны күреп табатын, нарықтың қазіргі сұранысына бейімделген жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Біз бүгін соның ішіндегі мобилограф туралы аз-кем тарқататын боламыз.
Мобилографтың дәурені де бүгінгі цифрландыру дәуірінде қарқынды дамып келеді. Сәл шегініс. «Мобилография» дегенді ең алғаш енгізген ресейлік суретші Дмитрий Резван екен. 2004 жылы Дүниежүзілік мобилографтар қоғамы құрылған. «Мобилография» сөзі «мобиль» – «мобильді телефон», «граф» – «жазу, сипаттау, суреттеу» дегеннен шыққан.
***
Бұрын суретке түсу үшін арнайы фотосалонға барып, фотографқа барып түсетін едік. Ал қазір қолыңыздағы алақандай ұялы телефоныңызбен-ақ қалаған жеріңізде тұрып өміріңіздің әр сәтін видеомен де таспалай бересіз. Әйтпесе, сол жұмысты атқарып беретін адам, яғни мобилограф жалдауыңызға болады.
Қазір әлеуметтік желілерден байқасаңыз, елге белгілі тұлғалардың, өнер адамдарының әр күні, жүрген-тұрғаны жарқ-жұрқ еткен сәттерге, салтанатқа толы. Немесе әлдебір тауарлардың жарнамасын қарап отырсаңыз, бірінен-бірі өтеді, еріксіз еліктіріп әкетеді. Міне, соның бәрін қалта телефонымен-ақ сәндеп жасайтын мобилографтар. Смартфон арқылы түрлі креативті және қысқа ғана, үзік-үзік шолу бейнелерін түсіріп, оны монтаждауға, тікелей эфирлер жасауға болады. Бұл бағытқа, әсіресе, жастар бейім келеді.
Иә, бүгінде көптеген бизнес видео-контент арқылы дамиды. Қазіргі күні Қазақстанда 1,5 млн-нан асатын бизнес нүктесі бар екен. Кәсіпкерлер сол бизнесін көпшілікке ұсыну, сату, өткізу үшін мобилограф маманға жүгінеді. Ал бұл өз кезегінде бизнесмендердің шығынын айтарлықтай азайтып, оларға қосымша мамандар ұстауды қажет етпейді.
***
Мобилографтардың өзгелерден артықшылығы – материалды жедел беруінде. Ал мұндай жылдамдық бүгінгідей бірін-бірі жұтып жатқан ақпараттар тасқынында ауадай қажет. Сонымен қатар, жәй ғана ұялы телефон арқылы визуалды контент әзірлей отырып, болып жатқан үлкенді-кішілі іс-шараларды тез жариялау сіз ұсынған өнімдердің әрқашан трендте болуына мүмкіндік береді.
Бүгінде үлкен сұранысқа ие болған мобилографтар үшін олардың өзін одан әрі дамыту, қолданыс аясын кеңейтуіне жол ашу үшін арнайы курстар ашылған. Өзін осы саладан көргісі келетін жастар курстардан ақшасын аямайды. Себебі, оқуға, үйренуге жұмсаған қаржысын екі еселеп қайтарып алатынына сенеді.
***
Қазақстанда мобилография соңғы бір-екі жылда жақсы дамып келеді дейді мамандар. Таяуда Алматыда «MOB FEST» бірінші республикалық мобилография фестивалі өтті. ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырған фестивальге 16–40 жас аралығындағы 7524 қазақстандық мобилограф қатысқан. Ұйымдастырушылар ерекше байқауға осынша мобилограф қатысады деп күтпегендерін айтты. Байқауға «Мәдениет пен салт-дәстүр», «Туризм», «Адамдар» тақырыптары бойынша 1537 жұмыс қабылданған. І кезеңінде 100 үздік мобилограф анықталып, олар екінші, қорытынды кезеңде бақ сынап, 20-сы суырылып алға шықты. Сол 20 мобилограф енді Нью-Йорк кино өнері академиясында (NYFA) тағылымдамадан өтетін болды. Олардың ең үлкен марапаты сол. АҚШ-қа жолдама алған 20 жігіттің 6-ауы алматылық. Олар: Тахыр Тұрар, Рамазан Мырзатайұлы, Иманғали Мақсолұлы, Ильяс Айдарұлы, Қуатбай Мырзабек және Ескендір Каменов.
Тақырыпқа орай
Сая АЙДОСҚЫЗЫ, мобилограф, 22 жаста:
Президенттің де жеке мобилографы бар
Мобилограф таныстарым көп. Бұл жақсы табыс әкелетін мамандық. Мен де қызығып, заман көшінен қалмайын деп, өз бетімше үйрене бастадым. Арнайы курстарға да жазылдым. Себебі, бұл жұмыс аса ыждағаттылықты, шығармашылық ізденісті, тіпті сабыр, төзімді талап етеді екен. Әрине, сосын ұшқыр қиял, сергектік, яғни болмашы ғана дүниенің өзінен әдемілікті көре білетін қасиет, талғампаздық, еңбекқорлық керек. Білетін боларсыз, Президентіміздің өзінде жеке мобилографы бар. Бұл – керек мамандық.
Алматы – әсем қала. Кез келген жері әдемі, видеоконтент жасауға сұранып тұрады. Қазір маған бір өнер орталығына мобилограф болуға ұсыныс түсіп жатыр. Айналысып жүрген ісімді тағы бір пысықтап, жетілдіріп алайын деп, шамалы уақыт сұрадым. Бұйыртса, маманданған мобилограф болатын шығармын.