Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Тілендиев көшесін ұзарту үшін мемлекет мұқтажына сатып алынатын жер телімдері мен тұрғын үйлердің өтемақы көлеміне қатысты мәселе көтерген Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында әкімнің орынбасары қала басқармаларының өкілдерімен бірге тұрғындардың өтініш-сауалдарын тыңдап, қолданыстағы заң нормаларына түсініктеме берді.
"Қала қарқынды дамып келеді. Мектеп, емхана, спорт және мәдениет орталығы, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын кеңейту, жаңа метро бекеттерін салу, магистральдық көшелерді ұзарту секілді инфрақұрылымдық жобалардың қажеттілігі артып отыр. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін бұрыннан қалыптасқан аудандар мен жеке құрылыс басым аумақтарды қайта ұйымдастыру қажет. Сол себепті жер телімдерін сатып алуға мәжбүрміз. Бұл тәуелсіз бағалау негізінде нарық құны бойынша жүргізіледі, әкімдік бағалау нәтижесіне ықпал ете алмайды", – деді Бейбіт Шаханов.
Кездесуге келген Өжет шағынауданының тұрғындары мүліктің бағалау құнынмен келіспейтінін айтты. Сондай-ақ, көпшілігінің жер телімдері мен құрылыс нысандарына қатысты құқық белгілейтін құжаттары жоқ.
"Бүгінде шамамен 30 меншік иесінде жер мен тұрғын үйге қатысты құжат рәсімдеуге байланысты қиындықтар бар. Салаға жауапты басқармалар әрбір жағдайды жеке қарастырып, қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі, ал қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнама аясында мүлікті заңдастыруға жәрдем көрсетуге тиіс", – деді әкімнің орынбасары.
Кездесу соңында Бейбіт Шаханов Жер қатынастары басқармасына аудан әкімдігімен бірлесіп тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сонымен қатар бағалау компаниясының өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, мүлікті бағалау талаптарын кеңінен түсіндіруді тапсырды.
Айта кетейік, Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары аясында көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру және жол-көше желісін жетілдіру мақсатында Тілендиев көшесін Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін ұзарту қарастырылған.
Тілендиев көшесін ұзарту жобасы екі кезеңге бөлінген:
1. Бірінші кезең – Рысқұлов даңғылынан Сабатаев көшесіне дейін, ұзындығы 5,8 шақырым. Мұнда 123 жер телімін сатып алу көзделген.
2. Екінші кезең – Сабатаев көшесінен қала шекарасына дейін, ұзындығы 4,9 шақырым. Бұл кезеңде 344 жер телімі сатып алынуға тиіс.
Бүгінде 70 жер телімі сатып алынды. Еске сала кетейік, мемлекет қажетіне жер телімдері заңнамаға сәйкес нарық құны бойынша сатып алынады. Бағалау меншік құқығы қалай пайда болғанына, құжаттың толық болуына немесе болмауына байланысты емес, яғни бағалау барлық жағдайда нарық құнына негізделеді.