Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Үкімет пен атқарушы органдардың жұмысына, халықпен коммуникация сапасына және өңірлердегі жүйелі мәселелерге қатысты бірқатар өткір сын айтты. Ол бұл туралы фракцияның кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, жазда "AMANAT" фракциясының депутаттары еліміздің барлық өңірінде 543 елді мекенді аралап, мыңнан аса кездесу өткізген. Сол сапарлар барысында халықты ең көп толғандыратын негізгі проблемалар анықталған.
"Бүгін депутаттар қойған 40-тан астам сұрақ – елдегі күрделі мәселелердің шағын ғана бөлігі. Әр мәселенің артында мыңдаған түйткіл мен жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблемалар тұр", – деді Бейсенбаев.
Оның айтуынша, Үкіметтен келген жауаптар да көңіл көншітпейді:
-
46 пайызы – тек түсіндірме сипатындағы жауап;
-
20 пайызы – "орындау сатысында" деп көрсетілген;
-
13 пайызы – мүлде шешілмеген;
-
5 пайызы – жауапсыз қалған.
"Бұл статистика Үкіметтің сұрақтардың жартысынан астамы бойынша нақты шешім қабылдамағанын, ал әр бесінші өтініштің бюрократиялық созбалаңға ұшырағанын көрсетеді", – деді депутат.
Инфляция, ауылдағы табыс және ауыл әкімдерінің өкілеттігі
Бірінші кезекте Бейсенбаев инфляция мен қымбатшылық мәселесін көтерді. Оның сөзінше, бұл – жай ғана экономикалық көрсеткіш емес, халықтың өмір сапасына тікелей әсер етіп отырған фактор.
Ауыл тұрғындарының басым бөлігі табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды.
"Бағаның күн сайын өсуі отбасылардың бюджетін қысқартып, азаматтардың мүмкіндігін шектеп отыр", – деді ол.
Екінші мәселе – ауыл мен қала тұрғындарының табысындағы алшақтық.
Депутаттың келтірген дерегіне сүйенсек, 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақы алатын бір миллионнан астам азаматтың көбі – ауылда тұратындар.
"Яғни табысы да, жалақысы да ең төмен адамдар – ауыл тұрғындары. Бұл өте қиын жағдай", – деді ол.
Үшінші бағыт ретінде Бейсенбаев жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, ауыл әкімдерінің жауапкершілігі мен құзыретін арттыру қажетін атап өтті. Президент әкімдердің өкілеттігін кеңейтіп, жергілікті бюджетке салықтың бір бөлігін қалдыру туралы нақты тапсырма бергенін еске салды.
"Бұл жай ұсыныс емес, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған саяси шешім. Ауыл әкімдеріне лайықты құзырет беру – ұлттық басқару жүйесін жаңғыртудың басты шарты", – деді ол.
Жылдар бойы бітпейтін құрылыс және "құмға сіңген" бюджет
Депутат ерекше тоқталған тағы бір мәселе – аяқталмаған жобалар мен созбалаңға түскен құрылыс.
Оның айтуынша, мемлекет жобалау-сметалық құжаттамаға және дайындық жұмыстарына қыруар қаражат жұмсайды, алайда жобалардың бір бөлігі жылдар бойы іске аспай, қағаз күйінде қалып қояды.
Бейсенбаев келтірген деректер:
-
Әр бесінші ЖСҚ – мерзімі өтіп кеткен, дайындалғанына үш жылдан асқан құжат;
-
Әлеуметтік нысандардың әр екіншісінде – қаражатты толық игермеу фактілері бар;
-
Әр төртінші нысан – ұзаққа созылған құрылысқа айналады.
Мұның бәрі, депутаттың пікірінше, қоғамның ашу-ызасын тудырып, БАҚ-та жиі сынның нысанасына айналып отыр.
Сонымен қатар, елді мекендердегі су, кәріз, электр желілерінің тозығы жеткені де айтылды:
кейбір өңірлерде электросетілердің тозу деңгейі 85 пайызға жеткен. Маңғыстаудағы кәріз-қоныстану құрылыстары, Атыраудағы газ құбырлары, Байқоңырдағы су құбыры секілді ірі нысандар жобалау мен қаржыландырудағы кідірістерге байланысты уақытында іске қосылмай отыр.
"Нәтижесінде біз жыл сайын дамуға емес, "тесіктерді жамауға" ақша жұмсаймыз", – деді Бейсенбаев.
Теміржол және жолдағы қауіп
Фракция депутаты жүк теміржол тасымалындағы дағдарысты да атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық оператор транзиттік жүктерге басымдық беріп, отандық өндірушілердің мүддесін екінші орынға ысырып отыр.
Уақытша тыйымдар мен шектеулер салдарынан отандық тауарлар шетелдік нарықтарға кеш жетіп, біздің өндірушілерден босаған орындарды бәсекелестер тез басып алуда.
Сондай-ақ, Бейсенбаев праворульді минивэндер – Toyota Alphard және Estima төңірегіндегі ахуалға тоқталды.
Кейінгі10 айда жол-көлік оқиғалары 27 пайызға өскені атап өтілді. Такси қызметінде праворульді көліктерді пайдалануға заңмен тыйым салынғанына қарамастан, көлеңкелі тасымал әлі де жалғасуда, ал агрегаторлар тиісті бақылау жасап отырған жоқ.
"Барлық коммерциялық және қалааралық жолаушылар тасымалында праворульді көліктерді пайдалануға толық әрі бұлжымас тыйым енгізу қажет", – деді ол.
"Құлақ асатын Үкімет" және шенеуніктердің сөздері мемге айналды
Бейсенбаев Үкімет мүшелерінің қоғаммен диалогқа дайындығы мен этика мәселесін де сынға алды.
Салық кодексін қабылдау кезіндегі жағдайды мысал келтіріп, Парламенттің ескертулерін елемеу кейін Президенттің араласуы арқылы ғана кейбір нормаларды "тоқтатуға" әкелгенін айтты.
"Үкімет тағы да Президенттің артына тығылып, өз қателіктерін Мемлекет басшысының шешімімен бүркемелеп отыр", – деді ол.
Сонымен қатар, вице-министрдің жаңа жылдық дастарқан құны туралы "әмиян мен қалауына қарай" деген жауабы, облыс әкімінің орынбасарының мүгедектігі бар азаматтарды қорлай сөйлеуі, Қорғаныс министрінің әскердегі суицидке қатысты ирониялық пікірі – "мемге айналған", халықтың ашуын тудырған мысалдар ретінде аталды.
Әскердегі әлімжеттік пен суицидке байланысты ауыл тұрғындарының өзі алаңдап отырғанын айтқан депутат:
"Кейінгі 3,5 жылда әскери қызметте 280-нен астам адамның қазасы тіркелген. Бұл – дабыл қағатын мәселе", – деді.
Білім беру жүйесі және Tesla оқу орталығы дауы
Астанадағы Tesla оқу орталығы төңірегіндегі жағдай білім беру саласындағы жүйелік проблемаларды айқын көрсеткенін айтты.
Ата-аналар адал тапқан 1 млрд теңгесінен айырылған. Балалар мектепке барып жүргенімен, оқу бағдарламасын қайта түсіну үшін қосымша курстарға жаппай баруға мәжбүр.
Соңғы жылдары мектеп бағдарламасын түсіндіретін курстар мен репетиторлыққа сұраныс 25 пайызға өскен.
"Қосымша сабақ бүгін қажеттілікке айналды. Ата-аналар балаларын ҰБТ-ға дайындау үшін жаппай оқу орталықтарына жүгініп жатыр. Бұл – парадокс", – деді Бейсенбаев.
"Халық министрді емес, алдымен депутатты іздейді"
Сөзінің аяғында депутат қоғамдағы сенімге тоқталды.
"Бүгінде қарапайым халық көбіне министрді немесе әкімді емес, алдымен депутатты іздейді. Өйткені депутат – халықтың тікелей сенім мандатына ие тұлға", – деді ол.
Оның пікірінше, салалық ведомстволардың басшылары қарапайым азаматтардың сұрағына үстірт, формалды жауап беріп, көтерілген мәселеге жеткілікті мән бермей отыр.
"Сессия басталғалы бері "AMANAT" фракциясы Үкіметке 120-дан астам депутаттық сауал жолдады. Бірақ олардың шамамен 60 пайызы – мазмұнсыз, формалды "отписка" сипатындағы жауаптар", – деді Бейсенбаев.
Осыған орай, ол Президенттің "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидаты атқарушы билік тарапынан жеткілікті қолдау таппай отырғанын атап өтті.
"Құлақ асатын Үкімет дегеніміз – мәселені тыңдап қана қоймай, оған нақты, жүйелі, уақытылы және тиімді шешім ұсына алатын институт. Парламент депутаттары көтерген әр сауал – жай қағаз емес, миллиондаған адамның өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан мемлекеттік органдар формализмнен арылып, нақты нәтижеге бағытталған іс-қимылға көшуге тиіс", – деп түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.