Мәнерлеп сырғанаудан еліміздің маңдайалды спортшысы Михаил Шайдоровтың есімі бүгінде алыс-жуыққа кеңінен таныс. Даңқты Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева сынды жұлдыздардың ізін ала, өзінің ерекше талантымен көзге түскен жас спортшымыз Қазақстан атынан алғашқы болып Гран-при финалында атой салды. Жақында Италияның Турин қаласында өткен Универсиада ойындарында үздік үштікке еніп, тағы да ел абыройын асқақтатты. Алайда әлеуметтік желілерде Шайдоровтың азаматтығына қатысты түрлі алыпқашпа сөздер айтылып, оны Ресей спортшысы деп жүргендер де табылды. Бұл пікірлердің тууына оның Ресейде, Олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың қол астында жаттығуы себеп болған. Десе де, Михаил Шайдоров өз елінің патриоты екенін айқын көрсетіп, жүрегінде Алатаудың баурайындағы туған қаласы — Алматының ерекше орны бар екенін анық мәлімдеді. Осылайша, спортшы Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүргенін тағы бір мәрте дәлелдеп, даулы сұраққа нүкте қойды.
Біз сырғанап жүріп те сүйікті шаһарын жадынан шығармаған конькиші жігіттің көңіл күйінен, оның әкесімен болған әңгімеден сыр ақтарғанды жөн көрдік.
Баласының бейімін байқаған
Сан алуан сайыстарға дайындықтан қолы босамайтын Михаилмен сұхбаттың сәті түспеді. Спортшы өзімен хабарласу мүмкін болмаса да, бірер күн бұрын әкесімен хабарластық. Ресейдің Краснодар өлкесінің Сочи қаласында екен. Аз-кем әңгімелестік.
« Әкеге қарап ұл өсер» дегендей Конькишінің әкесі Станислав Шайдоров та мәнерлеп сырғанаудан мықты спортшы болды. М.Шайдоровтың әкесі ұлының «ой жетсе де, қол жетпеген» қоңыр күйде қолға іліккен қарапайым спорттық жабдықтарымен мүмкіндігінше талай сайыста бақ сынағанын айтты. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.
Әскери-әуе күштері сапынан запасқа шыққан С.Шайдоров – бұрынғы кәсіби мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Рас сол, Станислав Александрович республикалық чемпионаттардағы жеңісінің нақты санын есіне түсіре алмады. Мәнерлеп сырғанаудың майталманы: «Жүлдемнің ұзын-саны – бес-алтау. Сертификаттар үйде сақтаулы, санауға болады, – деп күліп алды Станислав. – Соңғы рет 2004 жылы қысқы Спартакиадада жеңіске жеттім, ұмытпасам, алғашқы жеңісіме 1995 не 1996 жылы қол жеткіздім. Институтта оқып жүрген кезім. Америкада тұрып, жаттығып жүрген Юрий Литвинов, Дмитрий Касарлыга мен Элизабет Стекольникова халықаралық жарыстарға қатысатынын білемін. Спорттық мансабымның шағында Солтүстік Кореяға бір рет барғаным есімде. Кемеровода өткен жарыстарға қатыстым. Жаттықтырушым Адольф Яковлевич Киреев бірнеше рет спорт комитетінен мені турнирге шет елге жіберуді сұраған. Қазақстан құрамасына бір жылға қостырды, жалақы 100 доллар болатын. Жиналған ақшаға жаңа конькилер алдық. Біз қарашадан наурызға дейін көшеде жаттығатынбыз. Қалған уақытта жаттығу залында болатынбыз. Алматыдағы Спорт сарайында мұз айдынын құюды тоқтатқаннан кейін қаламызда жасанды мұз қалмады. Оның артында үлкен «Олимпик» ангары салынған. Жасанды мұз «Рамстор» сауда ойын-сауық орталығы ашылған кезде пайда болды», – дейді атақты спортшының әкесі.
Алғашқы жасанды мұз пайда болған кезде балалардың шағын тобы жинала бастады. Әрине, жаттығуға тегін уақыт берілді. Алайда, Станислав ұлымен көбірек уақыт өткізуге мұз шоуына шықты. Мишаның коньки тебуіне төрт жылын арнап, балаларды өзі жаттықтыра бастады. Мишаның мұздан шаршап, бір жыл бойы спорттық гимнастикамен жаттыққаны бар. Оның да пайдасы аз болмағанға ұқсайды.
Бала ғой, гимнастикадан жалыққан болар, әкесінен тағы мұз айдынына сұранды. 11 жасында Миша мәнерлеп сырғанаумен айналысқысы келетінін айтты. Осы кезден жарыстарға қатысып, жас өрен біраз жетістікке жете бастады.
Денис Тенмен «Рамсторда» танысты
Таяуда осы бір жайдары қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Sport + Қазақстан арнасындағы «Тікелей әңгіме» бағдарламасының эфирінде өзінің шығу тегі, сондай-ақ БАҚ-тағы жарияланымдары жайындағы сауалдарға жауап қатты. «Алматы – менің тұрағым, осы қалада тұрамын» деді мәрт мінезді жайдары жігіт.
«Көп уақытымды Қазақстандағы сүйікті қаламда өткіземін. Маған көп уақыт бөлетін Алексей Евгеньевич Урмановтың басшылығымен жаттығуға мүмкіндігім бар екеніне өте қуаныштымын. Мен «Рамстор» сауда, ойын-сауық орталығындағы жасанды мұз айдынында коньки тебуді бастадым. Онда көптеген конькишілермен танысып, білістім. Солардың белортасында даңқты Денис Тен болды» дейді Михаил. Дениспен таныстығы осы жерден басталды. «Рамстор» Қазақстандағы алғашқы мұз айдынының бірі болатын...
«Мен Ресейде көп уақытымды өткіздім, жиындарда жаттықтым, бірақ соңғы уақытта бірқатар қиындық туындады. Сондықтан қазір Алматыда көбірек жаттығамын. Мені «ресейлік» дегенді де естідім. Бірақ бұл маған мүлдем құрмет емес деп ойлаймын» дейді Михаил. 2024 жылдың соңында Гран-придегі сәттіліктен кейін бәзбір БАҚ өкілдері оның орыс тегі туралы жазғаны бар.
Бұл бағдарламаның эфирінде өзінің алдағы жоспарлары мен Гран-при финалына шығуы жайында ол былай деді: «Қалай болғанда да, бұл маусымның бірінші жартысында Гран-при финалына жете алмаймын деп ойладым. Ең алдымен, тамаша мәнерде коньки тебуді, өзімнің шеберлігімді шыңдауды көрсеткім келеді. Негізгі бәсекелестер – рейтингтің алғашқы алтылығы, негізінен жапондық және американдық спортшылар».
Эфирде болған әңгімеде даңқты спортшы ақпан айының басында Харбинде басталатын Азиада жайлы: «Конькимен сырғанаушылар Азиадада өнер көрсеткені үшін жалпы рейтингке ұпай жинамайды. Оған қоса, бір аптадан кейін менде маңызды жарыс – Төрт құрлық чемпионаты болады. Сондықтан біз Харбиннен Сеулге ұшамыз. Соған қарамастан, қатарынан екі стартта өнер көрсетуге практикалық тұрғыдан қарауға тырысамын. Бұл – өте күрделі жағдай. Қатарынан осындай екі ірі жарыста, әрі маңызды турнир – Төрт құрлық чемпионатына шығуға өз күшіңді бағамдап алу аса қажет. Ал Азия ойындары – командалық жарыс, бұл әрі жақсы нәтиже көрсететін үлкен мереке болады деп үміттенемін» деп сенімін білдірді. Төрт құрлық чемпионаты Оңтүстік Кореяда 18–23 ақпанда өтеді.
Тікелей эфирде белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров оның ре с ейлік шығу тегі туралы айналымдағы қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарды. Спортшы өзінің тамыры мен спорттық жолы туралы егжей- тегжейлі айтып берді. Ол өз өмірінің Қазақстанмен, соның ішінде сүйікті Алматысымен тығыз да терең т амырлы байланысы барын білдірді.
Біз кішкентай Миша Шайдоров т абалдырығын имене аттаған мектепке де бардық. Қазақ ха лқының көрнекті кинорежиссері Мәжит Бегалин атындағы мектеп- гимназия. Митяның үйі де гимназия жанына жақын болатын. Бізді гимназия директоры Оксана Анатольевна қуана қарсы алды. Осында Мишаның бастауыш сыныптағы жетекшісі Людмила Федоровнамен кездестік. Мектеп мұражайында болып, болашағынан зор үмітті, спорттың мәнерлеп сырғанауынан бірталай биікті бағындырған отандасымыз Миша Шайдоров оқыған сыныпта, ол отырған партаның жанында тұрып жетекшінің өзімен азын-аулақ әңгімелестік.
Біз бірталай жетістікке жеткен алматылық жерлесімізге: «Осы кезге дейінгі жетістіктерің биік белестерге баспалдақ болсын. Бақ-талайың артаберсін!» деген тілек қосамыз.
Людмила ПАРАМОНОВА, Михаил Шайдоровтың алғашқы ұстазы:
ШӘКІРТІМЕ РИЗАМЫН
Миша аласа бойлы, мінезі ашық-жарқын оқушы болатын. Алдыңғы партада отырды. «Білімнің негізі – бастауышта» деген сөз бекер емес. Ол сабақты «төртке» оқыды. Ылғи достарына көмек қолын созып жүретін. Мектепішілік денешынықтыру сайыстарынан қалмай жүретін. Төрт жыл бойы сабақ беріп, бастауыштан түлеттік. М.Шайдоров осы білім ошағында 6-сыныпты бітіріп, талантты шәкірт спорттық мектеп- интернатқа ауысты. Ұстаздың талантты шәкірттеріне алаңдап жүретіні бар. Мен де спортқа аса ықыласты оқушымның мектеп-интернатта оқып жүріп, қалалық, республикалық жас жеткіншектер арасындағы спорттық сайыстарға қатысқанын естіп жүрдім. Кейін отбасы оның спорттағы болашағын ескеріп, Ресейде жаттығуы үшін Сочи қаласына көшкенін бір-ақ естідім. Бәрібір ол – мен үшін алматылық секілді. Өзі туып-өскен Алматысына жиі келіп тұрады. Бір келгенде сәлем беріп кеткені бар. Әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарға, Гран-прилерге Қазақстан атынан қатысып жүр. Бұл – біз үшін, ұстаздары үшін үлкен мәртебе. Мерейімізді өсірді. Үздік спортшы шәкіртіме ризамын.
"Аlmaty-akshamу" №9, 31 қаңтар, 2025 жыл