Заңды неке vs азаматтық неке: ерлі-зайыптылар ажырасқанда үй, несие, мүлік қалай бөлінеді?

  • 14:45, 04 желтоқсан 2025
Заңды неке vs азаматтық неке: ерлі-зайыптылар ажырасқанда үй, несие, мүлік қалай бөлінеді? сурет: gemini

Елімізде ажырасу жиілеп, көптеген отбасы үшін қалыпты жағдайға айналып барады. Бірақ ерлі-зайыптының көбі "заңды неке" мен "азаматтық неке" арасындағы айырмашылықты, ажырасқанда мүлік пен несиенің қалай бөлінетінін толық түсіне бермейді. Заңгер Арман Шәріпов Aqshamnews.kz тілшісіне ерлі-зайыптылардың ең көп қателесетін тұстарын түсіндіріп, құқығын қалай қорғау керегін айтып берді.

Арман Шәріпов 

заңгер, құқық қорғаушы

Заңды неке мен азаматтық неке: айырмашылығы жер мен көктей

Заңгердің айтуынша, ең үлкен қате түсінік – заңды некені де, бірге тұруды да "бәрібір бірдей" деп қабылдау.

"Көп азамат заңды неке мен азаматтық некені шатастырады. АХАТ-та тіркелмей, жай ғана бірге тұрып жатқан жас жұбайлар "бәрін бірге алдық, демек бәрі тең бөлінеді" деп ойлайды. Бұл – қате", – дейді Арман Шәріпов.

Егер неке ресми түрде тіркелген болса, онда сол кезде алынған:

  • жылжитын мүлік (көлік, тұрмыстық техника, жиһаз және т.б.),

  • жылжымайтын мүлік (пәтер, үй, жер),

  • несие, қарыздар,

  • жалақы, сыйақы, басқа да кірістер

– барлығы ортақ мүлік.

Отбасы кодексіне сәйкес, бұл мүлік жалпы ереже бойынша, екіге – 50/50 үлеспен бөлінеді.

Ерлі-зайыптылар кейде ажырасқанда тек некені бұзуды ойлайды да, мүліктің тағдырын екінші кезекке қалдырады. Шын мәнінде, олар:

  • өзара келісіммен (нотариус арқылы) "мына пәтер – сенікі, мынасы – менікі" деп жазбаша келісімшарт жасай алады;

  • немесе сот арқылы мүлікті бөлу туралы талап-арыз беріп, тең немесе үлестерін нақтылауды сұрай алады.

Маңыздысы, талап-арызды ажырасып жатқанда немесе кейін де беруге болады.

Мүлікті тек әйел немесе еркек төлеп алған жағдайда не болады?

Қазір қоғамда әйел жұмыс істеп, табыс тауып, үй, көлік, техника алып, ал ер адам үйде жатып алып, қабырғаға шырт түкіріп, ақша таппайтын жағдайлар да жиі. Осындайда: "сонда да бәрін екеумізге тең қылып бөлу әділ ме?" деген сұрақ көп туындайды.

"Иә, заң бойынша заңды некеде алынған мүлік ортақ және әдетте тең бөлінеді. Бірақ бұл жерде сот бір ғана 50/50 қағидатына сүйеніп қатып қалмайды", – дейді заңгер.

Егер әйел өзі ғана жұмыс істеп, табыс тауып, сол ақшасына үй, көлік, мүлік алғанын, күйеуі ешқандай үлес қоспағанын дәлелдеп көрсете алса, сот мұны міндетті түрде ескереді.

Сондықтан мұндай жағдайда әйелге:

  • еңбек өтілі, жалақы туралы анықтамалар,

  • сатып алу-сату келісімшарттары,

  • төлем түбіртектері,

  • банк көшірмелері

сияқты құжаттарды жинап, сотқа дәлел ретінде ұсыну өте маңызды.

Ажырасып, қайта қосылғандар және азаматтық некедегі несие жайы

Тағы бір кең тараған сценарий: ерлі-зайыптылар ажырасып кеткенімен, біраз уақыттан соң қайта қосылады. Алайда некесін қайтадан АХАТ-та тіркемейді. Осы аралықта бірге тұрып, мүлік алады, несие, ипотека рәсімдейді. Арман Шәріповтың түсіндіруінше, мұндай жағдайда олардың некесінің мәртебесі – азаматтық неке. Яғни жай ғана бірге тұру.

"Азаматтық некеде алынған мүлік заң бойынша автомат түрде 50/50 болып бөлінбейді. Бұл жерде сот әр жағдайды бөлек қарап, кім қаншалықты үлес қосты, кім несие алды, кім төледі соған қарайды", – дейді ол.

Мысалы, несие күйеудің атына рәсімделген, бірақ төлемнің бәрін әйел өзі жасап жүрген немесе ипотека, несие төлемдерін әйелдің жалақысынан ұстап отырған жағдайлар болуы мүмкін. Мұндай кезде де бәрін тең бөлу міндетті емес. Әйел өз еңбегін, төлеген сомаларын құжатпен растаса, сот оны да назарға алады.

Мәселенің негізі – көп жұп ешқандай жазбаша келісім жасамайды, барлығы ауызша жүреді. Ал ауызша келісімді дәлелдеу үшін:

  • куәгерлердің сөзі,

  • ақша аударымдарының тарихы,

  • хат-хабар, жазбалар

сияқты жанама дәлелдерге жүгінуге тура келеді.

"Үйленбей тұрып жазбаша келісім жасауға ұялмаңыздар"

Арман Шәріпов осы тұста шетелдік тәжірибені мысалға келтіреді:

"Көп елде жұптар үйленбей тұрып-ақ мейлі заңды неке болсын, мейлі бірге тұру болсын міндетті түрде отбасылық келісімшартқа отырады. Ол жерде ажырасқан немесе айырылысқан жағдайда мүлік, несие, бизнес қалай бөлінетіні нақты жазылады", - дейді.

Заңгердің айтуынша, Қазақстанда да некеге дейінгі/некелік келісімшарт заңда бар, тәжірибеде қолданылады. Бірақ, өкінішке қарай, өте сирек.

Маман жастарға үйленбей тұрып келісімшартқа отыруды ұсынады.

"Неке құрғанда да, азаматтық некеде бірге тұрған жағдайда да жұптар алдын ала жазбаша келісім жасаудан ұялмауы керек. Әсіресе азаматтық некеде жүргендерге әрбір ірі сатып алуды (үй, көлік, жер, техника), кімнің ақшасына, қай үлесте алынғанын жазбаша бекітіп, мүмкін болса нотариус арқылы рәсімдеген дұрыс. Қолхат, келісім, ортақ меншік туралы белгілерді сақтау, төлемдерді бір адамның ғана картасынан жасаса, түбіртектерін жоғалтпай жинау қажет. Сонда ертең екі жаққа кетіп қалған жағдайда, азаматтық некеде болсаңыз да, қолыңызда нақты дәлел болады. Сотта өз мүддеңізді қорғау әлдеқайда жеңілдейді", - дейді заңгер. 

Сондай-ақ, ол жастарға құқықтық тұрғыдан сауатты болуға, шешімді эмоциямен емес, ойланып қабылдауға, түсінбеген жерін ғаламтордан оқып қана қоймай, заңгерге, адвокатқа барып, кеңес алуға кеңес берді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:24

15:08

14:45

14:29

12:55

12:28

12:15

12:15

12:03

11:49

11:35

11:28

11:04

11:01

10:23

10:15

10:07

10:05

09:53

09:38

09:35

09:25

17:57

17:44

17:42