Бір жақын туысымыздың Айдын есімді жалғыз ұлы бар-тын. Бір күні ол ата-анасына өзінің үйленгісі келетін қызды кездестіргенін айтады. Танысып, қыз бен жігіт болып жүргенде әлгі сабазымыз ғашығына күнде қымбат сыйлық, құшақ-құшақ гүл сыйлап жүрсе керек, қыздың жүрегін аз уақыт ішінде-ақ жаулап алған ғой.
Қош! Сонымен, Айдынның ата- анасы той қамына кіріседі. Тойға дайындалудан бөлек, «қалың малға қанша апарамыз?» деген әңгіменің шеті шыққанда, жігіттің ата-анасы еш ойланбастан «миллион апарамыз» деді. «Бір талынан» не аясын, кредит алмақ. Өйткені, көпшілігіміздің той- тойлауға ақшамыз жетпесе банктен несие алуды тиімді шешім деп ойлаймыз. Алайда, сол қаражатты аларда «алмақтың да салмағы бар» екенін ойлауды ұмытпаған абзал.
Бастапқы әңгімеме оралайын. Сонымен не керек, кредит деген бәлеге басын байлап, ата-ана банктен қарыз алады. Қанша дегенмен, жалғыз ұл. Ешкімнен кем етпей той жасап бергісі келгісі келіп отырғаны айдан анық. Жалғыз ұл болса, неге жиған қоры жоқ дейтін шығарсыз. Оларда сол құрғыр миллионнан басқаның бәрі бар еді. Қымбат көлік, екіқабатты коттедж үй...
Сөйтіп, қалың малына миллионын алып, китін салып қызға құда түседі. Жастар үйленеді. Жігіттің ата-анасы Талғар тас жолының бойындағы танымал мейрамханалардың бірінде дүркіретіп тұрып, тойын жасайды. Адам жақсыға тез үйренеді ғой. Үнемі қымбат сыйлық алып үйренген ару келін болып түскеннен кейін де жалғасады деп ойласа керек, жігітінің тосын сыйларының сап тыйылғанына көндіге алмады. Той өткен соң «әлгі келініміз» қылық шығара бастайды. Әдетте, әдепті қыздың өнегелі келін болатынын білуші едік. Келген келініміздің кертартпа, қыңыр мінезді, еркетотай екеніне налыдық. Ерте тұру, ата-енеге ас әзірлеу, үй тірлігіне араласу, жалпы, келіндік міндетін атқару дегенді мүлде білмеді. Бөлмесінде жатып алу күнделікті әдетіне айналды. Алғашында «жас қой, үйренер» деген ата- ененің көңілі су сепкендей басылды. Ұзын сөздің қысқасы, екі-үш ай өтпей-ақ екеуі ажырасып тынды. Мұндайда «кеткен қыз шиден тысқары» дейтін шеше қайда? Себеп- салдарын білместен, қызды шешесі келіп алып кетті. Бүгінде сол шаңырақта қарызға батырған қуаныштың ізі де жоқ. Ұлдың әкесі әлгі миын қатырған миллионды төлеу үшін күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Анасы көкірегі қарс айырылып, жалғыз ұлының жолы болмағанына налып үйде отыр. Жігері құм болған жігітіміз ата-анасынан кешірім сұрағаннан басқа амал таппай жүр.
Кім кінәлі? Ата-ананың үкілеген үмітін ақтамаған, тәрбиесі нашар қыз ба, әлде, сырын білмей, ғашық болып, асығыстық жасаған жігіт пе? Бәлкім, баласының айтқанын орындағысы келген ата-ана шығар?! Не десек те, таразылайтын біз емес. Енді «аузы күйген үрлеп ішер». Айтпағым, сол миллион жастардың бақытына кепіл бола алмады. Мына оқиғадан кейін, кредит алып той жасаудың қайыры жоқ екенін түсінсек керек. Реті келсе, «көрпемізге қарай көсілуді» үйренейік. Бір отбасының жағдайын көріп, көп отбасы ойланар. Біреудің қателігін келесі бір жан қайталамаса екен, осындай келеңсіз оқиғалардан жастар сабақ алса екен ой ғана менікі.
«Аlmaty-akshamy», №137, 16 қараша, 2023 жыл