2024 жылы ең ұзақ түн 21 желтоқсанда орын алады – бұл күн қысқы күн тоқырауымен сәйкес келеді. Әлемнің көптеген мәдениеттерінде қысқы және жазғы күн тоқыраулары маңызды орын алады. Осы ерекше күннің қазақ халқы үшін мәні, онымен байланысты дәстүрлер және оны қалай қарсы алу керектігі туралы «Қорқыт» қоғамдық қорының директоры, блогер-ақын, халықаралық гид және этноауыл иесі Дана Мейірбекова Taspanews.kz тілшісіне айтты, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Қаратүн мен Нұртуған
Дана Мейірбекованың айтуынша, жылдың ең ұзақ түні – «Қаратүн» тек қазақ халқы үшін емес, ежелгі халықтардың барлығында дерлік аталып өткен.
– Мысалы, славяндарда бұл түн «Карачун» деп аталған. «Карачун» сөзі «қараңғы түн» дегенді білдіруі мүмкін, себебі «кара» сөзі тікелей түркі тілдерінен енген, ал ол «қараңғы» немесе «қара» деген мағына береді. Қазақ халқы үшін 21 желтоқсан – «Қаратүн», ал 22 желтоқсан – «Нұртуған», яғни жарықтың дүниеге келу күні, – деп түсіндірді Дана Мейірбекова.
Бұл күннің символизмі жарық пен қараңғылықтың арасындағы күресті білдіреді. Әлем халықтарында бұл күн әртүрлі атап өтілген: шотландтар тау басынан бөшкелерді домалатып, от жағып, жарықтың келуін атап өткен. Қазақтарда да бұл күнді ерекше атап өтіп, оның маңыздылығын түсінген.
Түнмен байланысты наным-сенімдер
Бұрынғы дәстүрлерде қазақтар үшін бұл күн аруақтар әлемімен байланысатын ерекше уақыт деп есептелген. Аруақтармен бірге кейде қараңғы рухтар да келуі мүмкін деген сенім болған. Оларды үркіту үшін адамдар жануар терілерін киіп, қорғанған. Бұл дәстүр кейінгі уақытта бетперде кию дәстүріне, қазіргі Хэллоуин мерекесіне ұқсас болған.
Жаңа жыл мен күнтізбе
Дана Мейірбекованың айтуынша, түркі халықтары табиғи күнтізбеге сүйене отырып, жаңа жылдың басталуы деп 21-22 желтоқсан түнін санаған. Бұл күн жыл мезгілдерінің өзгеруін білдіретін ерекше күн деп есептелген.
– Қазіргі 31 желтоқсан күні тойланатын жаңа жыл табиғи күнтізбемен байланысты емес. Бұл күн ежелгі Римде салық жинау кезеңінің аяқталуына сәйкес келетін. Кейіннен І Петр еуропалық күнтізбеге сәйкес бұл күнді ресми түрде жыл соңы ретінде бекітті. Бірақ қазіргі Еуропада бұл күнге аса мән берілмейді, Рождество басымырақ, – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, Дана Мейірбекова қазіргі Дед Мороздың бейнесінің түп-тамыры түркілердің Аяз Атасынан басталатынын атап өтті.
– Түркілердің Аяз Атасы – аяздың құдайы іспетті болған. Ол көк, ақ немесе көгілдір шапан киген. Оған арнап құрбандық шалу дәстүрі де болған, – деді сарапшы.
Жылдың ең ұзақ түнін қалай өткізу керек?
Дана Мейірбекова бұл түнді ерекше дайындықпен қарсы алуды ұсынады. Үйді тазалап, қажетсіз заттардан арылу – тазалық пен жаңарудың символы.
– Бұл түнде шам жағып, отбасыңызбен жылы шырайлы әңгіме айтып, шелпек пісіріп, тілек тілеуге болады. Алайда қатты көңіл көтеріп, алкоголь қолданудан аулақ болған дұрыс. Түркі мәдениетінде күшті алкоголь емес, қымыз секілді табиғи сусындар көбірек қолданылған, – деп кеңес берді ол.
Ең ұзақ түн жарықтың жеңісін білдіреді. Бұл түнді жақындарыңызбен бірге өткізу – жаңа бастамаларға ниет білдірудің керемет мүмкіндігі.