ffin.kz

Жолаушы тағдыры ойыншық емес

Жолаушы тағдыры ойыншық емес almaty-akshamy.kz

Алып шаһар Алматының тыныс-тіршілігін көліксіз елестете алмаймыз. Бірақ көлік көбейген сайын, соған қатысты көлденең мәселе де аз болмай тұр. 


Деректерге көз жүгіртсек, бүгінде Алматыда 500 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Бұған қаланың шеткі аймақтарынан келетін 250 мыңға жуық көлікті қосыңыз. Егер көліктің басқа түрлерін (қоғамдық көлік, ауыр жүк көлігі, арнайы қызмет көліктері) есептемегенде, қала көшелерінде күн сайын шамамен 700-ден астам жеңіл көлік жүреді екен. Ал Алматы қаласы полиция департаментінің ресми деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері мегаполисте 2,2 мың адам зардап шеккен 2 мыңға жуық  жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Бұл жағымсыз көрсеткіштер көлік санының артқанынан ба, әлде жүргізушілердің салғырттығынан һәм жауапкершілігі жоқтығынан ба?


Әлбетте, ешкім бірдеңеге ұшырайын деп тәртіп бұзбайтыны белгілі. Бірақ транспорт саласының сарапшылары жолдағы апаттардың басым бөлігіне алдымен көлік жүргізушілері кінәлі деп есептейді. Дейтұрғанмен, бұл жағдайларға жаяу жүргіншілердің де қатысы бары сөзсіз. Себебі, олар да еліміздегі жол қозғалысына негізделген жалпыға ортақ жолда жүру ережелерінің бірыңғай белгіленген тәртібіне бағынуы тиіс. Мәселен, жол қозғалысы ережелерінде жаяу жүргінші көлік жүргізушісінің тоқтағанына көз жеткізіп барып, жолдан өтуі қажет, яғни әрбір жол қозғалысына қатысушы өзінің «аумағына» жауап беруі керек. Бірақ бізде бұл заңдылыққа бағынатындар аз. Керісінше, жан-жағына қарамастан, келесі бетке өту үшін жолды кесіп өтуге құмарлар көп. Қартайған кезде көздің көруі, құлақтың естуі, тіпті жүріс-тұрысының баяулауы қалыпты жағдай. Сондықтан кейде егде жастағы қариялар да өз мүмкіндіктеріне қарамай, көлік апатын туындатуға себепші екені жасырын емес. 




Жолда түрлі адам кездеседі


Қоғамдық көлік жүргізу – аса жауапты жұмыс. Өйткені, автобуспен бірді-екілі адам ғана жүрмейді, оның ішінде тұтас бір отбасының мүшелері отыруы мүмкін немесе бір үйдің жалғыз ұлы, асыраушысы болуы мүмкін. Ал салғырттықтан адамның өмірі қиылады, айрандай ұйыған отбасылар бұзылады. Сондықтан жүргізушілердің көлік басқарудағы кәсіби шеберлігі автобустағы адамдардың ғана емес, сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің өміріне де әсер етеді. Дейтұрғанмен, қала көшелеріндегі қоғамдық көлік тізгіндеген азаматтардың «тәртібі» алматылықтардың көңілінен шыға бермейді. Бұл туралы әлеуметтік желілердегі пабликтерде жиі жазылады. Әлбетте, көпке топырақ шашпаймыз. Араларында көлік тізгінінде байсалды, жолдың жайы мен жолаушының жағдайын білетін, өте сақ, есебі мықты жүргізушілер бар. Өзгелермен жарысатын немесе жолға таласатын, құдды бір ағаш басып алып келе жатқан адамша жүйткитіндер де жетерлік. Салонда темекі шегіп, телефонмен сөйлесетіндер де жоқ емес. Жалпы айтқанда, жол-көлік оқиғаларының көбі жүргізушінің қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан орын алады. Сондықтан олар жол үстінде барынша сақ, абай болғаны жөн. Өйткені, жолаушылар тағдыры ойыншық емес.


Көлік жүргізушілерінің темекі шегіп, болмаса телефонмен сөйлесуі – өрескел құқықбұзушылық болып есептеледі. Олар бұл әрекеттері үшін заң алдында жауап береді. Қазіргі таңда қоғамдық көліктердің барлығында арнайы ақпараттық тақталар орнатылған. Егер көлік жүргізуші қандай да бір заңға қайшы әрекеттерге барса, жолаушылар сол жерде көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарласып, өздерінің шағымдарын қалдыруына болады, –  дейді қалалық Мобильділік басқармасының мамандары.


 


Тапшылық жағдайдың жоқтығынан туындайды


Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының Көлік және қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Роман Барабановтың айтуынша, көлік жүргізушілердің жетіспеушілігі Алматы жолдарындағы жағдайды қиындата түсуде.  



– Жүргізушілердің тапшылығы, бұл – республикалық ауқымдағы мәселе. Менің ойымша, оның себебі, көлік жүргізу куәлігін беру регламентіне жатыр. Мәселен, өтініш беруші, яғни болашақ көлік жүргізуші барлық қажетті санаттар бойынша қажетті құжатты өз есебінен және өз бетінше алуға мәжбүр. Мұндай әрекет жеті жылдан немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Алайда, мұнша уақытқа созылатын әрекет мамандықтың қажеттілігін айтарлықтай төмендетеді. Ал мамандардың жетіспеушілігі қолданыстағы жүргізушілерге жүктемені едәуір арттыруда. Себебі, уақыт өткен сайын адамның денсаулығы нашарлап, мамандыққа деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Нәтижесінде біз куә болып жүрген қайғылы жағдайлар орын алуда, –  дейді урбанист.



Ал автобус парктері басшылары қоғамдық көлік жүргізуге рұқсат беретін санатты алу өте қиын, сондықтан жүргізуші жоқ екенін айтуда. Бүгінде автобус жүргізушілері кесте бойынша екі күн жұмыс істеп, екі күн демалуы тиіс. Ал оны алмастыратын кісі ауырып қалса немесе жұмыстан кетсе, жағдай қиындай түсетін көрінеді. Өйткені, жүргізуші тапшы. Ал оған себеп қоғамдық көлікті айдауға қажетті санат екінің бірінде бола бермейтіні дейді мамандар. 


Көлік жүргізушілердің сөзінше, гармошка автобусты жүргізу үшін Д мен Е категориялары қажет. Өйткені, оның артқы бөлігі прицеп болып есептеледі. Қазіргі таңда көбінің категориясы аз.


2014 жылы шыққан «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес қоғамдық көлікті нақтырақ айтқанда, автобус пен троллейбусты жасы 25-ке толған азаматтарға жүргізуге рұқсат. Оның өзінде Д санатында 5 жыл, ал Д1 санатында 3 жыл еңбек өтілі болуы керек. Оған қоса, Е санаты болуы тиіс. Жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын мекеме басшыларының айтуынша, жұмыс істегісі келетін жүргізушілер осы талаптарға сай келмейді. Сол себепті де, қоғамдық көлік жүргізушілер қат.


Ал Роман Барабановтың пікірінше, жүргізушілердің тапшылығын азайту үшін сертификатталған кәсіпорын негізінде оқытуды ұйымдастыру қажет. Егер оқыту процесін тасымалдаушы компаниялардың өздері бақылайтын болса, тіпті жақсы. Бұл олардың өздері қызығушылық танытқан маманды жұмысқа қабылдаулары үшін, сонымен қатар, кәсіби жүргізушілердің санын көбейтуге мүдделі болуы үшін керек. Ол сондай-ақ, жолаушылардың өмірі мен денсаулығы автобус жүргізушісіне тікелей байланысты болғандықтан, осы жауапты лауазымға үміткерлерді іріктеуге қатаң қарау керек деп санайды. Жұмысқа орналасу кезінде жүргізуші тәжірибесін ескеру қажет (жұмыс өтілінің неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы), жүргізушінің еңбек өтілін қарау керек деп есептейді.  


Сарапшы бұдан бөлек, көлік жүргізушілерінің демалатын орындары жөнінде де орынды уәж айтты.



– Негізінен, тапшылық жағдайдың жоқтығынан туындайды. Егер жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялар жүргізушілерді жалдайтын болса, онда олар тек көлік жүргізу ережелерін ғана емес, сонымен қатар жүргізушілерге жағдай жасауды да ұмытпағаны жөн. Мәселен, соңғы аялдамаларда жүргізушілердің демалуы мен ауысуы үшін қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Оларды тамақ ішіп, демалып, дәретхананы пайдалана алатын орындары бар көлік-трансплантациялау тораптарымен қамтамасыз ету қажет, – дейді урбанист.



 


Жол мұраты – жету


Алматыда Абай даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер жолағында екі адамды автобус қағып кеткені, қала көшелерінің бірінде жүргізушісі жоқ автобустың артқа қарай жүріп кетіп, жасаған жол апаты естеріңізде болар. Айдың-күннің аманында жол апаты­нан қаза тапқандар ешкімді бей-жай қал­дыр­мауы тиіс. Қысқасы, жол ере­жесін сақта­май, жоғары жылдамдықпен  жүйт­кіген­дер азаймайынша, жол бойындағы апат­ты азайту қиын.


Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы бұл маңызды әлеуметтік мәселе екенін атап өткен. Алайда, «баяғы жартас – сол жартас» демекші, мәселе әлі шешілген жоқ. Өйткені, жол-көлік апаты әлі азаймай отыр.  


Қоғамдық көлік болғандықтан, оның ережесі мейлінше қатаң сақталуы керек. Ендеше, жолаушылар тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көлік кәсіпорындарының да, жүргіншілердің де автобус ішінде, жолда мәдениет қалыптастыруға бейімделетін уақыты жетті.


Десек те, бұл салада халыққа қызмет ету көлемінің ұлғайғаны айқын. Жаңа, экологиялық таза автобустар, қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер көбейіп-ақ жатыр. Бірақ ол қоғамдық көліктердегі мәдениетті қалыптастырып, жол апаттарын азайтуға қаншалықты әсер етуде?


Қорыта айтқанда, біз кез келген болмашыға тез ашуланып, айналасындағы көлік иелеріне немесе жолаушыға айқайлай кететін емес, жол үстінде өте ұқыпты, межелі жерге асықпай жететін жүргізушілерге зәруміз. Сондықтан қала көшелерінде жолаушыларының қауіпсіздігі үшін өзінің эмоционалды қалпының маңызды екенін жақсы түсінетін жүргізушілер көбейсе дейміз. Жол мұраты – жету. Ал жол – қателікті көтермейді!


 


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30