Соңғы уақытта елімізде алаяқтарға алданғандар көбейіп барады. Көпшілігі – жиған-терген аз-маз ақшасын еселеп қайтарып алу мақсатында әлдебір күмәнді платформаларға, шоттарға аударып жіберіп, ақырында жер сипап қалатындар. Сайып келгенде, «мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылғанның» кері.
Деректерге жүгінсек, Қаржылық мониторинг агенттігі былтыр 22 қаржы пирамидасын әшкерелеген. Тексеру барысында олардан зардап шеккендер саны 3 есеге артқаны белгілі болған. Яғни 2022 жылы 427 адам шағымданса, 2023 жылы алаяқтардың құрығына 1275 адам іліккен. Ресми ақпараттарда жапа шеккендердің дені – әйелдер мен қарт адамдар екені көрсетілген. Бұл, негізі, алданғанын айтып, тиісті орындарға жүгінгендер ғана. Кейбір кісілер салған ақшасының еселеп қайтуынан әлі де дәмелі күйінде жүргенін немесе «болған іс болды, бояуы сіңді» деп, арыз да жазбай, ішінен тынып қалғанын ескерсек, қапы қалғандар қатары шындығында бұдан әлдеқайда көп екенін шамалау қиын емес.
Ал таяуда Астанада Қаржылық мониторинг агенттігінің қолдауымен өткен «АФМ – онлайн» конференциясында биылғы жарты жылдықта 36 қаржы пирамидасы әшкереленгені айтылды. Сондай-ақ арнайы тексеріс нәтижесінде 200-дей WhatsApp, Telegram чаттар тоқтатылған. 182 чат мүлде жойылған. Он мыңға жуық сайттар мен аккаунттар бұғатталған. Сөйтіп, соларға тіркелген талай жұрттың алаяқтық құрбанына айналуының алдын алуға мүмкіндік туған.
Сайып келгенде, қазіргі таңда қаржы пирамидаларына, қаржылық алаяқтыққа қатысты мейлінше ауқымды ақпарат беру маңызды болып тұр. Бұл ретте, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова бүгінде ең осал аудитория – жастар екенін, әлеуметтік желіде көп отыратындықтан, сәйкесінше, алаяқтарға тұтылатын да солар болатынын айтады. Сондай-ақ, «Құзырлы органдармен бірлесіп, қаншама заңбұзушылықты әшкерелеп жатырмыз. Бірақ ұйымдастырушылар бір орында тұрмайды, күннен күнге схеманы өзгертіп отырады. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, жастарды ақпараттандыру мәселесіне ден қоюымыз керек», – дейді.
Ақпараттандыру демекші, қаражатын инвестициялағысы келетін әр адам не нәрсеге мән беруі керек, қандай да бір компанияда қаржылық пирамида белгісі бар-жоғын қалай білуге, қайдан тексеруге болады, оның бәрі ресми хабарламаларда, сенімді дереккөздерде айтылмай, жазылмай жатқан жоқ. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қырағы болуға, жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға үндеп, хабарламалар да таратады, арнайы телеграмм боты, саll-орталығы бар. Күні-түні қолынан телефоннан түспейтін, әлемнің бүкіл жаңалығын алақанындағыдай айқын көріп-біліп отыратын жұртқа өз еліндегі мекеменің ең қажетті, ең маңызды хабар-ошары қалай жетпейтіні түсініксіз.
Жақында ғана бір таныс келіншек сондай алаяқтарға тап болып, біраз қаражатынан қағылды. Айтуынша, Kaspi Profit дегенге тұтылған. Тез арада және мол табысқа кенелтуге уәде еткендер Kaspi.kz логотипін пайдаланып, одан бөлек, компания басшысының жалған бейнесін, даусын қолдан құрастырып қосып, аңғал жұртты сендірудің түрлі айла-шарғысына барып жүр. Инстаграмды, ю-тубты ашып қалсаң алдыңнан шыға келетін, ең көп таралған бейнежазбаның бірі де – осы. Kaspi Profit туралы таратылған ақпарат жалған екені және Kaspi.kz компаниясына оның еш қатысы жоқтығы әр жерде айтылғанымен, соны желіге жүктеушілер мен бейнежазбаны таратушылар неге аяқ тартпайтыны, неге құрықталмайтыны ойландырады.
Бұл ретте, мамандар қаржылық пирамидадан қалай қорғануды ғана емес, алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда одан қалай шығу керектігін түсіну де маңызды екенін ескертеді. Полицияға баруға, ал іс қозғалған жағдайда адвокат жалдауға кеңес береді. Себебі, «қаржы пирамидасы бір адамның ғана шыр айналдырып отырған тірлігі емес, оның маңайында ұйымдасқан үлкен топ бар. Біреулері – ұйымдастырушы, біреулері – филиалдарын басқарушы, енді біреулері – жарнамамен айналысушы. Адвокат олардың қандай активтерді уысқа түсіргенін, келтірілген шығынды өтеуге қаншалықты дайын екенін анықтауы шарт». Алаяқтық жүйе жылдар бойы ойластырылып, қалыптасқандықтан, өкінішке қарай, қолды болған қаражатты қайтару оңайға соқпайтыны анық. Ең қиыны, сазға отырған адам бір тығырықтан шығам деп, екінші пәлеге ұрынып жатады.
Kaspi Profit-ке тұтылған келіншек те соның кебін киген. Алаяқтардың қолдан құрастырған жалған платформасы екенін білмеген. Сөйтіп, күн сайын, сағат сайын «өсіп» жатқан қаражат мөлшеріне қарап қызығып, үсті-үстіне сала берген. «Пәлен мың долларға жетті» дегенде шығарып алмақ болып, чаттағы «кеңесшіге» жазған. Ол «ақшаны шығару үшін мұнша комиссия төлеу керек, банк талабы сондай» деген. Бұл «қыруар ақша алады екенмін, ендеше, комиссиясын төлегенде тұрған не бар» деген оймен кредит алып, 800 мыңды тағы салып жіберген. Сөйтіп, күмәнді платформаға өз қолымен аударған қаражаты 5 миллион теңгеге жеткен. «Комиссиясын төледім, енді ақшаны қалай алам?» деп жазса, жауап жоқ. Әлгі чат та, кеңесші де, сайт та зым-зия.
Алданғанын сонда ғана біліп, енді қаражатын қайтарып алудың амалын іздеген. Интернетті шарлап жүріп бір жерден: «Сіз брокерге алдандыңыз ба, біз ақшаңызды қайтарып береміз» деген жарнаманы көрген. Алақайлап соған хабарласқан. Бүкіл жағдайды «сұрап-біліп», «жанашырлық» танытқан жалған жарылқаушылар бұдан төлқұжатын, банк карточкасының мәліметтерін сұрап алған. Біраз күннен соң алаяқтардың «табылғанын» хабарлаған. Сосын жалған құжат жасап, «активтеріңіз мұнша есе өсіпті» деп көрсетіп, сақтандыру шарты ретінде 500 доллар төлеуді «өтінген», одан кейін жаңадан «есепшоттар» жіберіп, тағы бір «қызметтер ақысын» төлеу керектігін мәлімдеген. Сонда ғана миына бірдеңе барып, қайта-қайта ақша жіберуден бас тартқан келіншекке әлгілер: «не төлейсің, не қаражатыңды қайтара алмаймыз» деген. Ақырында, алданғанын түсініп қойғанын білген де, мүлде бұғаттап тастаған. Сөйтіп, бала емес, шаға емес, дап-дардай адам ішпей-жемей, бүкіл тапқан-таянғанын алаяқтардың аузына салып берді, ол аздай, кредитке ұрынды. Жалпы, «жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес» демекші, ештеңе оңайлықпен келмейтіні белгілі ғой. Әсіресе қаражатты инвестициялауға қатысты, кім болса да, өзінің хабары шамалы нәрседен тартынғаны, тәуекелге бармағаны жөн.
Осы орайда еске түсетін бір жайт, қайбір жылдары мектеп бағдарламасына «Қаржылық сауаттылық» пәнін енгізу туралы әңгіме болған-ды. IT жетістіктерін жақсы жағынан да, керісінше, теріс мақсатта да қолдану мүмкіндігі артқан бүгінгідей заманда мұны жай әңгіме күйінде қалдырмай, шешімін табар мәселе ретінде көтеретін кез келді. Қысқасы, бізге қазір жоғары сыныптағы балалардың кәсіпкерлік, банк жүйесі, инвестиция, қаржы ұйымдары және олардың ішіндегі қызметі алаяқтықпен байланыстыларын ажырата алу тұрғысындағы сауатын қалыптастыру ауадай қажет.