Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынты-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
1994 жылғы 28-30 наурыздағы Мәскеу сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінің профессор-оқытушы құрамы мен студенттері алдында сөз сөйлеп, өзінің әйгілі бастамасы – Еуразиялық экономикалық Одақ құру идеясын ұсынды.
1994. ТӘУЕЛСІЗДІК ШЕЖІРЕСІ. ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ
- ҚР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы. Тұңғыш кәсіби Парламент.
- Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық Одақ идеясы.
- Астананы Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы шешім.
- Қазақ Елінің мемлекеттік ордендері мен медальдары.
- Екінші қазақ азаматы – Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты.
1994 жыл мемлекеттік құрылыстың алғашқы қадамдары жасалған, тоталитарлық жүйенің сарқыншақтарынан арылу, нарықтық экономиканың басталған кезеңі болды. Қазақ Елі дамудың жаңа моделін – «қазақстандық жолдың» іргетасын қалауға талпынды. Әрине мұндайда, ең алдымен, ұтымды саяси жүйені қалыптастырып алмай, экономикалық дағдарысты еңсеру де, халықтың әл-ауқатын жақсарту да, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де мүмкін емес еді. Осы жәйттерді жан-жақты зерделеген ел билігі экономиканы ырықтандыру арқылы макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуді мақсат етті. Жаңа реформалар мен өзгерістерді құқықтық тұрғыда негіздеу үшін кәсіби білікті парламент керек болды.
1994 жыл қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуындағы айырықша маңызды кезең ретінде есте қалды. Ел тарихында саяси партиялар мен қозғалыстар тұңғыш рет биліктің нақты тұтқаларына қол жеткізді. Көппартиялылыққа жол ашылды. Демократиялық сайлау нәтижесінде Жоғарғы Кеңесте Қазақстан Халық Бірлігі Одағы, Қазақстан Халық Конгресі партиясы, Социалистік партия және Кәсіподақтар федерациясы фракциялары құрылды, сондай-ақ, негізінен кәсіби белгісі бойынша 14 депутаттық топ қалыптасты. Олар мемлекеттік бағдарламаларды қалыптастыруға және қабылдауға қатысу мүмкіндігін алды. Он үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің төрағалығына белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев сайланды.
Он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес аз уақыт жұмыс істесе де (1994 жылғы сәуір – 1995 жылғы наурыз) тәуелсіз Қазақстан парламентаризмінің жүйесін қалаған Қазақ Елінің тұңғыш кәсіби парламенті еді.
КСРО-ның шикізат базасы болып келген республика тәуелсіздігін алғаннан кейін халық шаруашылығының «үзіліп қалған тамырларына қан жүгіртіп, дем беру», Қазақстанды тек шикізат шығаратын мемлекеттен өндірісі дамыған өркениетті өнеркәсіптік мемлекетке айналдыру – кезек күттірмес шараларды талап етті. Күн тәртібінде жас тәуелсіз елдің басқаға тәуелді болмауы үшін жүйелі экономикалық реформаларды жеделдете жүргізуді қолға алу қажеттігі тұрды. Бағаны ырықтандыру салдарынан пайда болған гиперинфляцияны ауыздықтау мен қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу әлі буыны қатаймаған мемлекеттің экономикалық саясатының негізгі міндеті болды. Сонымен бірге одақтан еншісін алған жергілікті кәсіпорындарды «тірілту» мақсатында ұлттық экономиканы инвестициялармен «қоректендіру» бағыты да Президенттің алғашқы қадамдарының қаншалықты күрделі болғандығын көрсетсе керек. Тіпті осы жылдан бастап жекеменшік инвестициялық қорларға шетел капиталын құюға да рұқсат етілді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік экспорт-импорт банкі» құрылды. Ұлттық алтын-валюта резерві 805,221 млн. АҚШ долларын құрады. Парламентте стратегиялық жағынан маңызы зор «Мұнай туралы» Заң жобасы қабылданды. Әлемнің ядролық державалары бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның қадамын жоғары бағалап, ел қауіпсіздігіне кепілдеме берді.
1994 жыл, 10-11 қаңтар
Президент мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасына барып, Нүкіс қаласында өткен Орта Азия мемлекеттері басшыларының Арал теңізі бассейнінің проблемаларына арналған конференциясына қатысты. Онда «Арал теңізі алабының бағдарламасы» қабылданды. Бағдарлама арқылы Арал теңізі алабындағы қоршаған ортаның жағдайын тұрақтандыру, Арал маңының бүлінген экологиясын қалпына келтіру, алқаптың су және жер ресурстарын қалпына келтіру және басқа да жұмыстар көзделді.
1994 жыл, 28 қаңтар-1 ақпан
Мемлекет басшысы Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысты.
1994 жыл, 12 ақпан
Қазақстанда Адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия құрылды. Ол адам құқығы мен бостандығының құрметтелуін қамтамасыз ету,олардың сақталуы жолындағы кепілдікті күшейту мақсатын көздеді.
1994 жыл, 13-18 ақпан
Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Америка Құрама Штаттарында болды. Екіжақты келіссөздер барысында екі елдің мемлекет басшылары демократиялық ықпалдастық Хартиясына қол қойды.Қазақстан ядролық қаруы жоқ ел ретінде танылып, Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қол қойылды. Осы сапар аясында Қазақ Президенті Нью-Йоркте БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Б.Галимен жүздесті.
1994 жыл, 25 ақпан
Ақмолада , Тыңгерлер сарайында тың және тыңайған жерлерді игерудің 40 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті.
1994 жыл, 7 наурыз
Ата Заң негізінде дәл осы күні республиканың жоғары заң шығару органының алғашқы демократиялық сайлауы өткізілді. Аты айтып тұрғандай, бұл сайлау Қазақстанда көппартиялылықтың қалыптасуына ықпал етті. Сайлауға барлық сайлаушылардың 73,84 пайызы қатысты. Саяси партиялар мен қозғалыстардың, бір мандатты округтерден сайлауға түскен үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары шынайы демократиялылықтың көрінісіндей болғанын ерекше атап өткен жөн. 135 бір мандатты округтер бойынша 910 адам ұсынылса, тіркеу шарттарына сәйкес 692 адам іріктеуден өтті, бір депутаттық мандат үшін 5 үміткер күресті.
1994 жыл, 28-30 наурыз
Қазақстан Республикасының Президенті Ресей Федерациясына ресми сапармен барды.Екі ел басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельцин экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияны тереңдету туралы Шартқа қол қойды. Сондай-ақ « Байқоңыр» ғарыш айлағы туралы келісімге келді. Ресей Федерациясында тұратын Қазақстан азаматтарының, Қазақстан Республикасында тұратын ресейлік азаматтардың азаматтық және құқықтық мәртебесі жөнінде Меморандумға, Әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Осы сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінің профессор-оқытушы құрамы мен студенттері алдында сөз сөйлеп, өзінің әйгілі бастамасы – Еуразиялық экономикалық Одақ құру идеясын ұсынды.
1994 жыл, 6-8 сәуір
Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Жапонияда болып қайтты.
1994 жыл, 12 сәуір
Президент Қазақстанға ресми сапармен келген Австралия генерал-губернаторы У.Хейденмен кездесті.
1994 жыл, 15 сәуір
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасында егемендігін, территориялық тұтастығын және шекараларының қол сұғылмаушылығын сақтау туралы Декларация қабылданды.
1994 жыл, 19 сәуір
Он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңестің 1 сессиясы ашылды.
1994 жыл, 26 сәуір
Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Пэнмен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан-Қытай шекарасы туралы,Қытай тарапынан Қазақстанға мемлекеттік несие және гуманитарлық көмек беру жөнінде,екі ел арасындағы халықаралық жүк және жолаушылар тасымалын дамыту, тағы басқа да келісімдерге қол қойылды.
1994 жыл, 28 сәуір
Бұқаралық ақпарат құралдарында АҚШ президенті Билл Клинтонның Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған хаты жарияланды. Онда Клинтон Қазақстанның ядролық қаруларды таратпау жөніндегі Шартқа қосылуы күллі әлем үшін үлгі болатын қадам екендігін,бұл бағытта Қазақстан көшбасшы мемлекет болғандығын ерекше атап өткен.
1994 жыл, 29 сәуір
Бішкекте Қазақстан,Өзбекстан,Қырғызстан мемлекеттері басшыларының үшжақты кездесуі өтті.
1994 жыл, 10 мамыр
Америкадағы «Сабин металл корпорейшн» зауытында арнайы Қазақстан шикізатынан балқытылған тұңғыш қазақстандық платина құймалары ( жалпы салмағы 14 килограмм болатын алты құйма) алынды.
1994 жыл, 27 мамыр
Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасына қосылған 19-шы мемлекет атанды.
1994 жыл, 3 маусым
Қазақстан Республикасының он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің Үйлестіру кеңесіне қатысқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Еуразиялық Одақты құру туралы жобасын жария етті.
1994 жыл, 9 маусым
Он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңестің бірінші сессиясының пленарлық мәжілісіне қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады.
1994 жыл , 22 маусым
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Министрлер Кабинетінің арнайы отырысында Үкіметтің реформаларды тереңдету және 1994-1995 жылдары экономикалық дағдарыстан шығу жөніндегі іс-қимыл бағдарламасының жобасы қаралды.Онда мемлекеттің экономикалық дамуына байланысты жаңаша бағыттар талқыланды.
1994 жыл, 3 шілде
Қазақ Елінің тағы бір азаматы – Талғат Мұсабаев ғарыш сапарына аттанды.
1994 жыл, 6 шілде
Қазақстан Республикасы Парламент сессиясының жалпы отырысында Президенттің астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысы мақұлданды. Жоғарғы Кеңес депутаттары астананы Алматыдан Ақмола қаласына көшіру жөнінде шешім қабылдады.
Біздің дәйектеме: ел астанасын ауыстыру ,біріншіден,Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігінен туындады. Ақмоланың географиялық жағынан елдің орталық бөлігінде, ірі көлік жолдарының түйіскен жерінде, маңызды шаруашылық,астықты аймақтарға жақын орналасуы ескерілді. Екіншіден, бұл шешімнің қабылдануы қауіпсіздік мәселесіне тікелей байланысты еді: тәуелсіз мемлекеттің астанасы орталықта, мүмкіндігінше, шекарадан жырақта орналасуы тиіс деген тұжырым жасалды.Үшіншіден, күн тәртібінде Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігі тұрған еді,ал мұның өзі ел экономикасының тиімділігін қамтамасыз етудің жолы деп есептелді. Облыс орталықтарының дамуына айырықша көңіл бөлінді. Осындай шаралардың нәтижесінде экономиканың құрылыс материалдары өндірісі, тұрғын үй құрылысы, жол төсеніштері, энергетика және машина жасау сияқты салалары жоғары қарқынмен дами бастады. Жаңа астананы көтеру еліміздің солтүстігінде белең алған славяндық қозғалыстардың жер дауы хақында белсенділігі артқан тоқсаныншы жылдары ерлікпен пара-пар қиын да күрделі шаруа еді. Бұл бағдарлар түсіне білген адамға Қазақ Елінің тәуелсіздігінің іргетасын нығайтудағы батыл қадам болғаны сөзсіз.
1994 жыл, 8 шілде
Алматыда Қазақстан,Өзбекстан,Қырғызстан мемлекеттері басшыларының үшжақты кездесуі өтіп,бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
1994 жыл, 21 қазан
Мәскеуде ТМД мемлекеттері басшыларының кезекті мәжілісі болып өтті. Онда мемлекетаралық экономикалық комитет құру мәселесі талқыланды.
1994 жыл, 23 қазан
Қазақ Елінің жаңа ордендері мен медальдары алғаш рет тапсырылған күн.
1994 жыл, 4 қараша
Мемлекет басшысы космостағы вахтасын аяқтап,Жерге оралған космонавтар Т.Мұсабаевты , Ю.Маленченконы және У.Мербольдты қарсы алу рәсіміне қатысты.
1994 жыл, 5 желтоқсан
Будапештте Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің жоғары дәрежелі кездесуі өтті. Онда Ресей, Ұлыбритания және АҚШ басшылары Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы Меморандумға қол қойды.Меморандумға қол қоюшы мемлекеттер өздеріне Қазақстан Республикасының территориялық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолданбауға, тәуелсіз жас мемлекетті экономикалық жағынан қысым мен мәжбүрлеуден бас тартуға міндеттеме алды. Бұл міндеттемелерге кейіннен Франция мен Қытай Халық Республикасы да қосылып,кепілдіктерін берді.
СТАТИСТИКА:
1994 жылы Президент республика өңірлеріне 14 рет, шет елдерге 22 рет ресми сапарға шықты. Түрлі ресми жиындарға қатысып, сөз сөйлеген. Бір жыл ішінде барлығы 24 Заң қабылданып, 308 Жарлыққа қол қойылды.
ЖЫЛ ТҮЙІНІ:
«Бұл жыл біздің қазақстандықтар үшін елдігі мен ерлігін танытқан жыл болды. Республика халқы инфляцияның ащы дәмін татып,қиын шақтарды бастан кешірді. Осындай күрделі жағдайға қарамастан біздің адамдардың бойында тамаша қасиеттер қалыптаса бастады:өтпелі кезеңнің болмай қоймайтын ауыртпалықтарына түсіністікпен қарады, ең бастысы – әркімнің көкірегіне болашаққа, қалап алған бағытымызға деген сенім ұялады».
(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылғы 31 желтоқсандағы
Қазақстан халқына жаңажылдық Үндеуінен).
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
халықаралық бастамаларынан
1994 жыл, 22 наурыз
Ең алғаш рет мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру идеясы мәлімделген күн. Болашақ мемлекетаралық бірлестікті – «Еуразиялық Одақ» деп атау ұсынылды. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «CHATHAM HOUSE» Корольдік халықаралық қатынастар институтында сөйлеген сөзі (Ұлыбритания).