Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Тәуелсіздігін алғанына небәрі он бес күн ғана болған Қазақ Елі үшін жаңа, 1992, жыл өте ауыр да күрделі кезең болды. Дегенмен, бұл – ел Тәуелсіздігінің алғышарттары қалыптасқан бірегей де маңызды жыл еді.
Кеңес Одағының күйреуі одақтастар сапындағы республиканың онсыз да шайқалып тұрған экономикасы мен әлеуметтік жағдайын одан әрі құлдыратып жіберді. Одақтың жоспарлы экономикалық жүйесінің шикізаттық базасына айналып келген Қазақстанды әп-сәтте-ақ жаппай жұмыссыздық, гиперинфляция, дағдарыс жайлады, халықтың өмір сүру деңгейі төмендеп кетті. Банкротқа ұшырап, жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар, төлемдердің төленбеуі, дүкен сөрелерінің қаңтарылып бос тұруы, киім-кешекті былай қойғанда, азық-түлік дүкендеріндегі тауар тапшылығы елде әдеттегі көрініске айналды. Осының бәрі жас тәуелсіз мемлекет билігінің алдына экономиканы шұғыл тұрақтандырып, тез арада нарықтық қатынасқа көшу мен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру міндеттерін қойды. Сондықтан да 1992-1993 жылдар дағдарысқа қарсы батыл шаралар қабылдау кезеңі болды.Тұңғыш Президенттің «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деп, экономикалық бағдарға батыл бет бұруына да осы дағдарысты кезеңнен елді аман алып шығу мақсаты себеп болды. Осы ретте дүниеге жаңа қадам басқан мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси стратегиясын жасау, оның жаһандық геосаяси кеңістіктегі орнын айқындау, іргелес және шеттегі мемлекеттермен қарым-қатынастың дипломатиялық көпвекторлық саясатын қалыптастыра отырып, ұлттық мақсат-мүддені ұлықтау да кезек күттірмейтін мәселе ретінде қаралды. Бірінші кезекте елде мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің Ұлттық бағдарламасы әзірленіп, кеңестік одақтан қалған транзиттік проблемаларды шешу қолға алынды, түрлі заңдар қабылданып, құжаттар бекітілді, қаржы және банк жүйелерін қайта жаңғырту-құрылымдау жұмыстары жүргізілді.
1992 жылы Президент өзінің «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» атты еңбегін жариялап, әлем жұртшылығына Қазақ Елінің сыртқы саясаттағы бейбітшіл ниетін хабардар етті. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың ұжымдық қауіпсіздігін құруға ұмтылады деп мәлімдеді: «Кез келген әскери жанжал апатты салдарларға әкеп соғатынын түсіне және өз жауапкершілігін сезіне отырып, бейбітшілікті сақтау Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдықты мақсаты деп танимыз; саяси, экономикалық және басқа да мақсаттарға қол жеткізудің құралы ретінде соғысқа немесе әскери күштер қаупіне жол бермейміз; ядросыз мемлекет мәртебесін алуға және ядролық қаруды таратпау шартына қосылуға ұмтыламыз; жаппай қырып-жоятын қаруларды бірінші болып қолданбау ұстанымын қуаттаймыз және осы міндеттемелерді барлық әлемдік қоғамдастық мемлекеттері қабылдауын жақтаймыз; белгіленген шекаралардың мызғымастығы ұстанымдарын, басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпауды қолдаймыз». Бұл - тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси бағытының негізгі ұстанымдары еді. Назарбаев «Қазақстанның болашағы - Азияда, Еуропада, Шығыста және Батыста» екендігін, сондықтан да «нақ осындай саясатты жүргізе отырып, Қазақстанның қауіпсіздігіне қандай да болмасын қатерлердің пайда болуына жол берілмейтінін» шегелеп айтты.
1992. ТӘУЕЛСІЗДІК ШЕЖІРЕСІ. ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ
- Қазақ Елінің Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануы;
- Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы;
- Қазақ Елінің мемлекеттік рәміздерін бекіту;
- Дүниежүзі қазақтарының бірінші Құрылтайы.
«АЛМАТЫҢДА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?»
(«Жас Алаш» газеті, 1992 жыл, 1 қаңтар)
«1992 жылдың қаңтар айынан бастап азық-түлік және тағы да басқа тұтыну тауарлары астанада (Алматыда – Т.Д.) тұратын отбасылардың әр мүшесінің қажетіне сай белгіленген норма бойынша арнайы шақыру қағаздары арқылы сатылатын болады. Яғни, тұтынушылар өзіне қажетті заттарды арнайы бекітілген дүкендерден айына бір рет карточкаларда көрсетілген мөлшерде сатып алады. Мұндай қадамның не үшін жасалып отырғаны жөнінде түсініктеме беру артық болар. Астана дүкендеріндегі азық-түліктің жетіспеушілігі күннен-күнге үдеп келеді. Қаңтардан бастап жүргізілетін шара астана дүкендерінде азық-түліктің бірқалыпты сатылып, тұтынушылардың өз үлесін уақытылы алып отыруына жағдай туғызады деген сенім ұялатады».
1992 жыл, 3 қаңтар
Мемлекет басшысы «Бағаны ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» №569 Жарлыққа қол қойды. Көршілес Ресейдің бағаны бетімен жіберуі осы кезге дейін рубль аумағында отырған Қазақстанды да осыған мәжбүрледі. Осыған сәйкес, халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 12 қаңтарда Президент «Бағаны ырықтандыру жағдайында тұрғындарды әлеуметтік қорғау жөніндегі қосымша шаралар туралы» №577 Жарлық шығарды. Сауда-саттық саласы еркін нарыққа жіберілді.
1992 жыл, 10 қаңтар
«Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. Мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің Ішкі істер әскері құрылды.
«ЕНДІ МЕНШІКТІ ӨЗ АЛТЫНЫМЫЗ БАР!»
(«Жас Алаш» газеті, 1992 жыл, 10 қаңтар)
«Алматыда қаңтардың 7-сінде кешке Қазақтың ұлттық банкінде ерекше жантебірентерлік оқиға болды. Республиканың тарихында тұңғыш рет Қазақстанның егемендігіне және Президенттің Республиканың алтын қоры мен алмас қорын құру туралы Жарлығына сәйкес, оның жер қойнауынан алынған асыл металлдар оның өзінің игілігіне айналады. «Қаззолото» өндірістік бірлестігінің бас директоры М.А.Мұртазаев Президент Н.Ә.Назарбаевқа Қазақстан кенінен балқытылған алтын мен күмістің тұңғыш кесегін табыс етті, осы асыл металдардың құймасы Мәскеу түбіндегі зауыттарда өңделген соң республикаға қайтып оралып отыр. Бұдан былай қарай республикада өндірілетін барлық асыл металл (бұрын оны толық түрде орталық алып отыратын), енді оның халқының өзінің игілігіне айналады».
1992 жыл, 14-15 қаңтар
Бағаның ырықтандырылуына байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Үндеу жолдады. Президент сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ауылшаруашылық кәсіпорындарының мүлкін жекешелендіру ерекшеліктері туралы», «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
1992 жыл, 25 қаңтар
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Б.Бутрос-Гали Нұрсұлтан Назарбаевқа жеделхат жолдады.
Онда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі өз мәжілісінде Қазақстан Республикасын БҰҰ мүшелікке қабылдау туралы Бас Ассамблеяға ұсынылған резолюция дауыс берусіз-ақ мақұлданғаны айтылған. Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі мәлімдемеде тарихи оқиға ретінде бағаланған, Қазақстан бейбіт өмірге ұмтылған, БҰҰ Жарғысында көрсетілген міндеттемелерді орындауға қабілетті әрі ынтық мемлекет ретінде, Жарғының мақсаттары мен принциптерін қатаң сақтай отырып, бұл халықаралық ұйым қызметінің барлық салаларына белсенді және сындарлы үлес қосатынына сенім білдірілген.
1992 жыл, 27 қаңтар
Елімізде сынамасы ең жоғары, салмағы 10,5 келілік алғашқы алтын кесегі өндірілді.
1992 жыл, 30 қаңтар
Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше болды.
1992 жыл, 3 ақпан
Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің ашылу салтанаты болды. Бұл – шет мемлекеттердің Қазақстанда ашылған тұңғыш елшілігі.
1992 жыл, 2 наурыз
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. Осылайша халықаралық қатынастар жүйесінде дербес субъект ретінде еліміздің әлем мемлекеттерімен ықпалдасуы басталды.
БҰҰ - екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, 1945 жылы қазан айының 24-інде , екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым. БҰҰ–ның бас органы - Бас Ассамблея болып табылады.
1992 жыл, 16 наурыз
Мемлекет басшысының №673 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Республикалық Ұланы құрылды.
1992 жыл, 29 сәуір
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның Премьер-министрі Сүлеймен Демирел Алматыда Түркияның Қазақстандағы елшілігінің салтанатты ашылуына қатысты.
1992 жыл, 7 мамыр
Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Қорғаныс Комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы" және "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы" Жарлықтары жарияланды. Дәл осы күні генерал-лейтенант Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке «генерал-полковник» шені беріліп, ол республикамыздың тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Кеңес Одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов.
1992 жыл, 15 мамыр
Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шартқа қол қойды.
1992 жыл, 22 мамыр
Еліміз халықаралық ұйым - ЮНЕСКО-ға мүшелікке қабылданды. Дәл осы күні Қазақстан Президенті және бірқатар мемлекеттер басшылары Стратегиялық шабуыл қару-жарағы (СШҚ-1) туралы зымырандық-ядролық қаруды таратпау, бірте-бірте бөлшектеп, шығарып тастау туралы Лиссабон хаттамасын қолдап, ядролық қарудан арылу міндеттемесін алды. Еліміз өз аумағын ядролық қарусыз аймақ деп жариялады.
МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ҚАБЫЛДАНҒАН КҮН
(1992 жыл, 4 маусым)
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ҮІІІ сессиясының пленарлық мәжілісіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңба қаралып, бекітілді. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы» және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» №1372-XII, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» №1376-XII Заңдарына қол қойды.
Біздің дәйектеме: Мемлекеттік Ту авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков, Елтаңба авторлары: белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Әнұранының сөзін белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жазды. Алғашқы Әнұран музыкасының авторлары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди.
"ӘРБІР АЗАМАТ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТУЫН, ЕЛТАҢБАСЫН, ӘНҰРАНЫН ТҰМАРДАЙ ҚАСИЕТ ТҰТУЫ ҚАЖЕТ"
«Біз бүгін аса маңызды тарихи оқиғаны бастан кешіп отырмыз. Бәріміз асыға, сарғая күткен күн енді тарих жылнамасына енетін болады....Міне, жаңарған Жалауы, Елтаңбасы, Әнұраны бар ел болдық. Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы. Қуанышымыз құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін! Жоғарғы Кеңестің Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздерін қабылдау актісі қазақ халқы мен республикада тұрып жатқан басқа халықтар өкілдері үшін таптық,тоталитарлық қоғамның бұрынғы, ескі атрибуттарын жәй айырбастай салу емес. Бұл республиканың жаңа демократиялық және құқықтық мемлекет құруға, адамның бостандығы мен оның этникалық көп түрлі халқының бірлігі принциптеріне негізделген жаңа қоғам құруға ұмтылысының белгісі».
(ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ҮІІІ сессиясының пленарлық мәжілісінде сөйлеген сөзінен).
1992 жыл, 20 маусым
Екінші Алматы темір жол стансасында тұрақты түрде жоспарланған тұңғыш «Алматы – Үрімжі» халықаралық жолаушылар қатынасы ашылды.
1992 жыл, 6 шілде
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісіне сәйкес қаулы қабылдады. Оған сәйкес Орал облысы – Батыс Қазақстан облысы, Целиноград облысы – Ақмола облысы, Шымкент облысы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Целиноград қаласы – Ақмола қаласы болып өзгертілді.
1992 жыл, 19 тамыз
Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүшелікке өтті.
1992 жыл, 28 қыркүйек – 4 қазан
Бұл күндері Алматыда өткен қазақтардың тұңғыш, І Дүниежүзілік құрылтайы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Франция,Моңғолия,Германия,Швеция және тағы басқа да 33 елдерден келген 900-ге жуық делегаттардың басын қосты. Алқалы жиынның күн тәртібіне сәйкес Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Қауымдастық төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.
Біздің дәйектеме: Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия еліне сапары барысында қазақтардың әлемдік конгресін ұйымдастыру , дүние жүзінде шашырап жүрген қандастардың басын қосу идеясы тұңғыш рет қозғалған еді. Әлемнің қырыққа жуық елдерінде тұратын қазақтардың мүддесін қорғап,қамқорлыққа алу – тәуелсіздігін еншілеген жас мемлекеттің басты басымдығының бірі саналды. Осыған орай арнайы үкіметтік қаулы қабылданды. Алматыдағы Республика сарайында 30 қыркүйекте өткен салтанатта Президент сөз сөйлеп,қай елде тұратына қарамастан, дүние жүзінде шашырап жүрген 4,5 миллиондай қазақтың әрқайсысы өзін Қазақ мемлекетінің тең құқылы өкілі ретінде сезінетіндей жағдай жасау қажеттігін атап көрсетті.Құрылтайға қатысушылар Қазақ халқына Үндеу қабылдап, әлемнің әр қиырында жүрген отандастарымызды Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға, рухани-мәдени, интеллектуалдық қуатын байытуға, туған ел игілігіне қызмет етуге шақырды. 30 қыркүйек – Ұлттық бірлік күні деп жарияланды. Содан бергі жылдарда Қауымдастық бірнеше құрылтайын өткізді. Қазақ бірлігі идеясын ту еткен Қауымдастық құрылтайлары Қазақ Елінің аса ірі маңызды ғасырлық жетістігі деп бағалануы тиіс.
«ТУҒАН ЖЕРГЕ ҚОШ КЕЛДІҢІЗДЕР!»
«...Бүгінгі күн ерекше күн. Орта толды деген осы. Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекеніне, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматыға көз тігуде. Өйткені мұнда дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі исі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет бастарын қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс – Құрылтайға жиылып отыр. Күні кеше ғана мұндай болады деген ой көбіміздің қиялымызға да кірмеген шығар. Енді міне аңсаған арманның тағы біріне қол жеткіздік. Сан ғасырға созылған отаршылдықтың бұғауынан босанып, таяуда ғана тәуелсіздік алса да, қысқа мерзім ішінде бүкіл айдай әлем түгел мойындап, абыройы асып үлгерген Қазақстан жұртшылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жая қарсы алып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Мен республика Президенті ретінде бәріңізді Дүниежүзі қазақтары Құрлытайының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға «Туған жерге қош келдіңіздер!», - деймін».
(Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайының салтанатты мәжілісінде сөйлеген сөзінен).
1992 жыл, 2 қазан
Алматыда ТМД бойынша тұңғыш жаңа жоғары оқу орны – Қазақстан менеджмент,экономика және болжау институты ашылды.
1992 жыл, 5 қазан
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясына қатысты.
1992 жыл, 17 қазан
Алматыда І Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі өтті.
1992 жыл, 28 қазан
Түркия елінде Қазақстан елшілігі ашылды. Бұл - республиканың шетелдердегі тұңғыш дипломатиялық өкілдігі.
1992 жыл, 11 желтоқсан
Республика Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының мәтіні қабылданды.
1992 жыл, 13 -14 желтоқсан
Алматыда тұңғыш рет Қазақстан халықтарының форумы өткен күн.Оған Тұңғыш Президент қатысып,сөз сөйледі, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылатыны тұжырымдалды.
ЖЫЛ ТҮЙІНІ: 1992 жыл еліміздің өміріндегі осындай қабырғалы оқиғалармен тарих жылнамасына енді. Жалпы, статистикалық деректерге сүйенсек, бұл жылы тұңғыш Президент республика өңірлеріне 12 рет, шет елдерге 25 рет сапарға шыққан екен.Түрлі ресми 19 жиындарға қатысып, сөз сөйлеген. Осы бір жыл ішінде барлығы 90 Заң қабылданып, 296 Жарлыққа қол қол қойылды. Әрбір алқалы жиын, әрбір ірілі-ұсақты оқиғалар ел Тәуелсіздігін тұғырлатудың, ұлттық мүддені ұлықтаудың маңызды шараларымен негізделіп жатты...