Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
1993 жыл – Қазақ Елінің тағдырында экономикалық дағдарыстың ең тереңдеген және құлдырауға қарсы батыл шаралар қабылданған кезең болды. Билік алдында тәуелсіздікті баянды ету үшін уақыт көшіне ілесу міндеті тұрды. Жас мемлекеттің геосаяси кеңістіктегі орнын белгілеп, ұлтты ұлықтау, Қазақ Елін жаһанға мойындату, мемлекеттік мүддені қалыптастыру, сыртқы саясаттың стратегиялық бағдарын айқындау сияқты басты мақсаттарға басымдық берілді. Елде қаржы-экономикалық,әлеуметтік салаларға айырықша көңіл бөлінген ұлттық бағдарламалар жүзеге асырыла бастады. Қаржы мен банк жүйесі құрылымдарын жаңғырту,қайта құру бағытына жете мән берілді. Мұндай посткеңестік транзиттік проблемалар бұрынғы одақтас республикалар-дың қай-қайсысына да тән еді. Солардың арасынан қысқа уақытта қателікке ұрынбай, ұлтаралық дүрдараздыққа жол бермей, дұрыс шешімдер қабылдап, бірінші болып сол транзиттік дағдарысты сәтті еңсерген де Қазақстан деп батыл айтуға болады. Қазір көптеген шетелдік және отандық сарапшылар бұл серпінді қадам республиканың тұңғыш Президенті қолға алған «қазақстандық моделдің» арқасында сәтті шешілді деп санайды. Олардың тұжырымдарына сүйенсек, Елбасының әлем мемлекеттері басшыларымен арадағы тығыз достық қарым-қатынасы да, ресми жоғары деңгейдегі мемлекеттік келіссөздері де отандық сыртқы саясаттың қалыптасуының маңызды міндеттерін шешуге оң ықпал еткен.
Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси бағытының негізгі ұстанымдары айқындалды. Олар: бейбітшілікті сақтау, әлемдік қоғамдастықтың ұжымдық қауіпсіздігін құруға ұмтылу, соғысқа немесе әскери күштер қаупіне жол бермеу, ядролық қарусыз мемлекет мәртебесін алу, ядролық қаруды таратпау шартына қосылуға ұмтылу, басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпауды қолдау. Бұл тәуелсіз жас республиканың мемлекеттік құрылысының теориясы бойынша жасалған тұңғыш фундаментальдық еңбек десек те болар. Онда еліміздің халықаралық аренадағы сыртқы саясатының бейбітшіл бағыты жан-жақты сараланды. «Қазақстанның болашағы - Азияда, Еуропада, Шығыста және Батыста. Нақ осындай саясатты жүргізе отырып, біз Қазақстанның қауіпсіздігіне қандай да болмасын қатерлердің пайда болуына жол бермейміз»,- деп жазды Президент. Сыртқы саясатта көпвекторлыққа басымдық берілді.
Әлем Қазақ Елінің жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау бастамаларын, еліміздің дүние жүзі бойынша төртінші әскери ядролық арсеналдан бас тартып, ядролық қарусыздану жолына ерікті түрде және белсене қосылғанын, Семей полигонының жабылуын ерекше бағалады. Әскери өнімдер шығаратын кәсіпорындарды бейбіт өмір тауарларын шығаратын кәсіпорындарға айналдыру қолға алынды. Және бір маңызды мәселе, Қазақ Елі Лиссабон хаттамасын ратификациялап, ядролық қаруы жоқ ел ретінде ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуға міндеттенді. Қазақстан өзін ядролық қарудан еркін аймақ ретінде жариялады.
1993. ТӘУЕЛСІЗДІК ШЕЖІРЕСІ. ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ
- Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
- 1993–1995 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы жекешелендіру және мемлекеттік меншіктен шығарудың ұлттық бағдарламасы қабылданды.
- “Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” концепциясы жарияланды.
- Ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді.
1993 жыл, 28 қаңтар
Мемлекетіміздің тәуелсіздігін заңды түрде бекіткен Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданған күн. Әлемге Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде мойындатқан Ата Заңымыз жас мемлекеттің алғашқы институттарын саяси, қоғамдық, құқықтық жағынан негіздеп берді. Құрылымы 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан түзілді. Өтпелі кезеңге арналған тарауында еліміздің қоғамдық даму ерекшелігі бейнеленді.Конституцияда Қазақ тілінің мәртебесі нақтыланды. «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілді.
1993 жыл, 29-31 қаңтар
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Швейцария Конфедерациясының Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумына қатысты.
1993 жыл, 6 ақпан
Мемлекет басшысы «Қазақстанның халық бірлігі» одағының құрылтай конференциясына қатысты.
1993 жыл, 25 ақпан
Тоқтар Әубәкіров Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры болып тағайындалды.
1993 жыл, 26 ақпан
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заң өз күшіне енді.Қазақ Елі жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұр.Шекарасының ұзындығы – 14000 шақырым. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезек күттірмес міндеттің бірі – көршілес мемлекеттермен өзара келісіп, шекараны бекіту еді. Ел шекарасының 1700 шақырымы Қытай Халық Республикасымен,7591 шақырымы Ресеймен шектеседі. Бұл елдермен шекараны рәсімдеу жолында екіжақты келісімдерге қол жеткізілді.Сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркменстанмен де екі жақты келіссөздердің барысында шекаралық маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді.
1993 жыл, 3 наурыз
Президент орталық және жергілікті атқару органдары жетекшілерімен 1993-1995 жылдарға арналған Ұлттық бағдарлама жобасы жөнінде кеңес өткізді.
1993 жыл, 26 наурыз
Қызылордада «Арал - ғасыр қасіреті» атты І халықаралық конференция өтті. Оған қатысушы Орта Азия және Қазақстан мемлекеттері, Ресей Федерациясы басшылары Арал проблемасын талқылады. Біріккен Ұлттар Ұйымына үндеу қабылданды. Халықаралық Арал қорын құру туралы келісім жасалды. Аралды қорғау Халықаралық қорының төрағасы болып, Н.Ә.Назарбаев сайланды.
1993 жыл, 9 сәуір
«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы» алғашқы Заң қабылданды. Осы Заң арқылы ел қорғанысын ұйымдастырудың негіздері бекітілді. Жалпы, 1992-1993 жылдары республикалық гвардия, ішкі және шекара әскерлері, әскери-теңіз күштері құрылды.Бұл еліміздің шынайы тәуелсіздікке ұмтылуының, Қазақстанның дербес қорғаныс қуаты мен қауіпсіздігін нығайтудың маңызды қадамы еді.
1993 жыл, 14 сәуір
«Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Нәубет жылдары кеңестік жүйенің залалымен ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған азаматтар ақталды. Осылайша ақтаңдаққа айналған отаршылдық өктем саясатпен жасалған тарих қателігі түзелді.
1993 жыл, 27-28 мамыр
Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев, Қырғызстан Республикасының Президенті А.Ақаев және Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов Ордабасыда өткен Қазақ Елінің ХҮІІІ ғасырдағы ұлы тұлғалары,мемлекеттік қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бабаларымызға тағзым шарасына қатысты.
1993 жыл, 9 қазан
Мемлекет басшысының "Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” еңбегі жарияланды. Еңбекте жаңа үлгідегі идеология мәселесі қозғалды.Ұлттық идея төңірегінде әңгіме өрбіді. Республиканың өтпелі кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдайына баға берілді, ел тәуелсіздігін нығайту мен қоғам тұрақтылығын сақтау бағыттары көрсетілді.
1993 жыл, 5 қараша
Мемлекет басшысы «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
1993 жыл,12 қараша
«Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлық шықты. Жарлыққа сәйкес, 1993 жылғы 15 қарашада, сағат 08.00-ден бастап ұлттық валютамыз - теңге айналымға енгізіліп, Қазақ Елінің заңды төлемқұралы пайда болды. Содан бері ресми түрде 15 қараша – Ұлттық валюта күні мерекесі ретінде тіркелді.
1993 жыл, 5 қараша
«Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Бұл бағдарлама дарынды жастардың шетелде сапалы білім алуына көмектесу арқылы олардың өз жинақтаған тәжірибелерін мемлекет игілігіне пайдалануы идеясына негізделген. 1994 жылы бір топ қазақстандық студенттер осы бағдарлама аясында тұңғыш рет шетелдің жоғары оқу орындарына жіберілді.
1993 жыл,13 желтоқсан
Жылдың қараша-желтоқсан айлары Кеңестердің өз өкілеттіктерін тоқтату айлары болды. Олар «баспалдақ» әдісімен,төменнен жоғары органға дейін жаппай өзін-өзі таратты. Кеңестер к жылдар бойы Кеңестік империяның билік жүргізудегі халықтың атын жамылған «бет-перде» институты болып келді. жүзеге асыруға пайдаланған шымылдық-пердесі болды. Компартия жойылып, басқару жүйесіне аудандық, қалалық, облыстық әкімшіліктер құрылымы келгенде, Кеңестер өздерінің бұрынғы мазмұнынан айырылды. Әкімшіліктер мен Кеңестер арасында қайшылдықтар туындай бастады. Саяси қоғамда әйгілі «не істеу керек?» деген сауал туындауы да заңдылық еді. Оның ақыры Кеңестердің өзін-өзі таратуымен тынды. Ең бірінші Алматы қаласының Алатау аудандық кеңесінің депутаттары өздерін тарататыны жайлы мәлімдеме жасады. Олар әріптестеріне арнаған үндеуінде мұндай шешім қабылдау себебін «ескі кеңестердің дағдарысқа ұшырағанын, бүгінгі заманда елдегі саяси және экономикалық процестерде елді тығырықтан шығаруға депутаттар корпусының дәрменсіздігімен» түсіндірді. Оларды Алматы қалалық және облыстық кеңестері, жүзге тарта жергілікті кеңестер депутаттары қолдады. Халық депутаттарының бір тобы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің де өзін-өзі таратуы жайлы мәселе қозғады. Желтоқсанда өткен Жоғарғы Кеңестің XI сессиясы депутаттар өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды жақтады. Ұйымдастыру-құқықтық іс-шаралар ауқымы әкімшілік басшыларына міндеттелді. Парламент сонымен қатар «Қазақстан Республикасының сайлау туралы Кодексін» қабылдап, Орталық сайлау комиссиясын құрды. Сөйтіп, Жоғарғы Кеңес өзін-өзі тарату туралы мәлімдемесін жариялады. Осылайша 1990 жылдың 25 наурызында өткен алғашқы демократиялық сайлау негізінде дүниеге келіп, сол жылдың 24 сәуірінен бастап қызметіне кіріскен,қазақстандық парламентаризмнің негізін қалаған он екінші шақырылымдағы Жоғары Кеңес мерзімінен бұрын өз өкілеттігін тоқтатты.Бұл парламент мемлекет тәуелсіздігінің маңызды саяси құқықтық құжаттары Егемендік туралы Декларацияны,Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңды,Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясын, Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау туралы Заңды қабылдауымен есте қалды.
Жыл түйіні: 1993 жыл еліміздің банк жүйесінің дамуына үлкен өзгерістер әкелген жыл болды. Ел билігі сырттан келетін қаржы ресурстарынсыз сыртқы қарызды қысқарту,ішкі ақша айналымын тұрақтандыру және нарықтық экономиканы құрудың міндеттемелерін шешу мүмкін еместігін зерделеп, халықаралық экономикалық жүйенің ірі өкілдері – халықаралық ұйымдармен іскерлік ,өзара түсіністік ахуал орнықтыруға күш салды. Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, Еуропалық даму банкі сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа ұмтылудың маңызы зор еді. Осы ретте билік әлемнің ірі қаржылық және экономикалық институттарын Қазақстанға дипломатиялық шеберлікпен бұрып, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ете алды. Қазақстан Халықаралық валюта қорына қабылданып, шетел бизнесін өз нарығына тартуға мүмкіндік алды,бірқатар бірлескен кәсіпорындар пайда болды.Шетел инвестицияларын тартудың бір үлгісі – әлемге танымал Шеврон корпорациясы мен Филипп Моррис және т.б. компаниялардың Қазақстан нарығына келуі еді.
1993 жылдың соңғы айлары республикада Кеңестердің жаппай өзін-өзі таратуымен ерекшеленді. Бірінші болып Алматыдағы Алатау аудандық кеңесінің құрамы өзін-өзі тарату жайлы мәлімдеме жасады. Желтоқсан айына дейін Алматы қалалық, облыстық кеңестерінен бастап жүзге жуық жергілікті кеңестер өздерінің таратылатындықтарын мәлімдеді. Желтоқсанның 8-күні Алматыда осы мәселеге қатысты Республика Жоғарғы Кеңесі XI сессиясының II кезеңі өз жұмысын бастады. Жылдың соңында елімізде саяси партиялардың белсенділігі байқалды. Республика көлемінде төрт саяси партия пайда болды. Олар: Социалистік партия, Қазақстанның республикалық партиясы, «Қазақстанның халық Конгресі» және Коммунистік партия. Сондай ақ, ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей», азаматтық «Азат» және «Қазақстанның халық бірлігі» одағы қоғамдық қозғалыстары, 11 республикалық ұлттық мәдени топтар тіркеуден өткен 1993 жылы статистика бойынша республикада 300-ден аса қоғамдық-саяси ұйымдар, 68 әр түрлі қорлар тіркелді. Ал, 1993 жылғы желтоқсанның 13-інде Қазақстан Ядролық қаруды таратпау шартын ратификациялады.
СТАТИСТИКА:
1993 жылы Президент республика өңірлеріне 12 рет, шет елдерге 25 рет ресми сапарға шықты.Түрлі ресми 17 жиындарға қатысып, сөз сөйлеген. Бір жыл ішінде барлығы 89 Заң қабылданып, 237 Жарлыққа қол қойылды.