Үлкен саясатта соңғы жылдары Орталық Азияны ортақ халықаралық қатынастар субъектісі ретінде қарастыру тенденциясы байқалады. 2021 жылдан бері АҚШ, ЕО, Қытай және Түркия сияқты әлемдік және аймақтық геосаяси күш орталықтарының аймаққа қызығушылығы артты. Бұл процесті Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс үдете түсті. Осы орайда сарапшылар Мәскеудің Орталық Азияға ықпалы азайып келе жатқандығын айтуда.
КӨЗҚАРАС ӨЗГЕРЕ БАСТАДЫ
Вашингтон 2015 жылдан бері «G5+1» форматында Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын жалғастырып келеді. Бірақ АҚШ-тың сыртқы саясаты 2020- 2021 жылдарға дейін Орталық Азияны Ауғанстан мәселесінің көлеңкесі ретінде қарастырды. Дегенмен, Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс Вашингтонның Орталық Азия бағытындағы саясатын өзгертіп жіберді. Бұл Вашингтонның Орталық Азияға бетбұрысы 2022 жылдың 24 ақпанындағы оқиғадан кейін басталды деген сөз емес.
АҚШ-тың саяси жүйесінің басты ерекшелігі – президенттер ауысқанымен, сыртқы саясаттағы стратегиялық басымдықтар өзгеріссіз қалады. 2020 жылдың ақпанында Трамп әкімшілігі мен Талибан билігі Ауғанстаннан АҚШ әскерін шығару туралы бейбіт келісімге келіп, бұл процесс 2021 жылдың 31 тамызында аяқталды.
Ауғанстаннан АҚШ әскерін шығару шешімінің астарында стратегиялық себеп бар. Сарапшылар әскердің Ауғанстаннан шығарылуы экономикалық шығынның өсуінен дейді. Дегенмен, оның сыртқы саяси себебі де бар. Вашингтон әскерді жылдам шығарғандығына қарағанда, Мәскеу мен Киев қарым-қатынасы нашарлайтынын алдын ала болжаған. Қандай әлемдік держава болсаң да, барлық тарапта саяси ойынды жүзеге асыруға ешкімнің әлеуеті жетпейді. Соған қарағанда, Киевті ашық, әрі жан-жақты қолдауға Вашингтон ертеден қамданған сияқты.
Ресей–Украина арасында қарулы қақтығыс контексінде биыл АҚШ Орталық Азия елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысуда. Мұны 28 ақпан мен 3 наурыз аралығындағы АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Орталық Азия елдеріне сапары барысында айтқан сөздері дәлелдейді. Сонымен қатар, Энтони Блинкен АҚШ аймақ елдеріне жаңа жұмыс орындарын құру үшін 25 млн еуро көлеміндегі қаржылай көмек көрсететінін мәлімдеді.
Энтони Блинкеннің аймаққа сапарының астарында терең саяси мән жатыр. Себебі, Ресей– Украина қарулы қақтығысына орай Орталық Азия елдерінің позициясы әлі күнге дейін қалқып тұр. Мемлекеттік сапарға дейін, 23 ақпанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында Украинадағы жағдайды реттеуге қатысты резолюцияға дауыс беруде Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан мен Өзбекстан қалыс қалып, Түркіменстан мүлдем дауыс беруге қатыспады.
ЕО пен Пекин көш соңында қалмады. 17 - 18 мамырда Алматыда «ЕО-Орталық Азия» форматындағы екінші экономикалық форумы өтті. Форумда Еуропалық Одақ аймақ елдеріне экономикалық қолдауды күшейтеміз деген сарында месседж таратты. Ескерте кететін жайт, ЕО пен Орталық Азия арасындағы бірінші экономикалық форум 2021 жылдың 5 қарашасында Бішкекте өткен болатын.
Ал 18-19 мамырда ЕО пен қатарласып ҚХР-ның Сиань қаласында тұңғыш рет «C5+1» форматында Пекиннің Орталық Азиямен байланысын нығайтуға бағытталған саммиті өтті. Онда Пекин Орталық Азия аймағында бейбітшілікті сақтауға және қорғаныс саласын күшейтуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай- ақ, Пекин Орталық Азия елдерімен транспорт маршруттарын нығайтуға ниетті екенін мәлімдеп, қаржылай көмек ретінде 26 млрд юань (3,8 млрд АҚШ доллары) бөлетінін айрықша атап өтті.
Саммиттің Ұлы Жібек жолы бастау алған Сиань қаласында өтуі де шараның маңыздылығын арттыра түседі. Себебі, Пекиннің «Бір белдеу – бір жол» жобасы күн тәртібінен шығып қалған еді. Саммит оны қайта жандандыруға әсер ететіні сөзсіз.
Осы орайда Түркияның да Орталық Азия елдерімен қарым- қатынасты нығайтуға ниетті екендігін ескерген жөн. Түркия Орталық Азия елдерімен ортақ түркілік идеология негізінде әрекет етеді. Мұндағы негізгі алаң Түркі мемлекеттерінің ұйымы. Ол Түркі кеңесі деген атаумен 2009 жылы құрылған. Ал 2021 жылы 12 қарашада бірлестік Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгерді. Бірақ Түркияның өзге саяси күштермен салыстырғанда қысқа уақыттық перспективада аймаққа ықпалы төмендейді. Оған елдегі экономикалық дағдарыс, жер сілкінісі мен соңғы президент сайлауында көрініс тапқан саяси дағдарыс себеп.
МӘСКЕУДІҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ
Орталық Азия біртұтас субъект ретінде Мәскеудің сыртқы саясатында жеке бағыт болмаған. Алғашқы 1993 жылғы сыртқы с аяси концепцияда Мәскеу ТМД және өзге елдермен тең негізде қарым-қатынас орнатуды көздеді. Мәскеу Кеңес Үкіметінен қалған империалистік идеологиялық ұстанымды ысырып тастап, бейбіт сыртқы саясатты ұстанды.
Дегенмен, Ресей Президенті Борис Ельциннің ұстанған сыртқы саясаты елдегі ұлтшыл саяси күштердің наразылығын тудырды. Бұл күштер Ресей сыртқы саясатта ықпалын төмендетіп жатыр деген пікірде болды. Мәскеудің сыртқы саясаттағы дағдарысы 2000 жылы жаңа концепцияның қабылдануына түрткі болды. Жаңадан сайланған Владимир Путин қабылдаған құжатта елдің сыртқы саясаттағы алға қойған мақсаттарына жетпеді делінген. Концепция мемлекеттің сыртқы саясаттағы басым бағыты ретінде халықаралық қатынастардың көпполярлы жүйесін құру, көрші елдермен достық қарым-қатынасты орнату, шетелдегі Ре сей азаматтарын қорғау және әлемде Ресейдің жағымды имиджін қалыптастыру мен орыс тілін танымал етуді көздеді. Сонымен қатар, құжатта АҚШ басшылығында бірполярлы халықаралық жүйе ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп екендігі атап өтілді. Концепцияның тағы бір маңызды бағыты ретінде Белоруссиямен Одақтастықты дамыту көзделді.
2008 жылғы концепция алдыңғысын толықтырды. Онда Тарихи Батыстың жаһандық процестерге ықпал етудегі монополиясы аяқт алды делінді. Құжаттың тағы бір ерекшелігі – Мәскеу алғаш рет Еуразиялық экономикалық қауымдастық пен Кедендік одақ бағытына бет бұрып, Ресей еуразиялық держава деп аталды.
Мәскеудің шығысқа бетбұрысы мұнымен аяқталмады. 2013 жылғы концепцияда 2008–2013 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы нәтижесінде Батыс елдері өз позициясын жоғалтты делінген. Енді Мәскеудің болжамы бойынша әлемде Азия мен Азия- Тынық мұхит аймағы жаңа күшке айналады. Құжатта сонымен қатар, Украинаға терең интеграциялық процестерге қосылуына қолұшын беру керектігі айтылады.
Ал 2016 жылғы концепцияда Ресейдің батыс елдерімен қарым- қатынасындағы дағдарыс ашық айтылды. АҚШ, НАТО және ЕО- тың геосаяси экспансиясы қарым- қатынастың нашарлауының басты себебі деп көрсетілді. Сондай-ақ, концепцияда алғаш рет Сирия дағдарысын реттеу туралы айтылды. Мәскеудің назарынан Украина дағдарысы да тыс қалмады. Құжатта Ресей Украина ішіндегі дағдарысты саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге ниетті екендігі айтылады.
Қолданыстағы концепция биыл 31 наурызда қабылданды. Құжатта көпполярлы әлемді нығайту мақсатында АҚШ пен өзге де дос емес елдердің әлемдегі басымдықтарын азайту негізгі бағыт деп көрсетілді. Сонымен қатар, Ресей БРИКС, ШЫҰ, ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, РИК (Ресей, Үндістан және Қытай) және өзге де мемлекетаралық бірлестіктердің әлеуетін нығайтып, халықаралық рөлін арттыруға күш-жігерін салады делінген.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БІРЛІГІ ҚАЖЕТ
Мұндай күрделі геосаяси жағдайда Орталық Азия елдері қалай әрекет етуі тиіс?
Орталық Азия елдеріне ортақ аймақтық экономикалық, гуманитарлық, мәдени бағытта әрекет ететін ұйым қажет. Жаңа одақ Қытай, Ресей, АҚШ және ЕО пен күш балансын сақтау мен сыртқы саясатта ортақ әрекетті жолға қоюы тиіс. Себебі, әлемдік саяси күштердің Орталық Азиямен қарым-қатынасын жақсартуының астарында жеке мүдделері жатыр.
Орталық Азия аймағы әлемдік және аймақтық державалардың саяси ойын алаңына емес, солармен терезесі тең саяси күшке айналуы стратегиялық маңызға ие. Бірақ аймақта сыртқы саясаттағы ортақ көзқарас жоқ. Бүгінгі күні аймақ елдері әртүрлі одаққа мүше. Мысалы, Қазақстан мен Қырғыз Ре спубликасы ЕАЭО, ШЫҰ, ҰҚШҰ ұйымдарына, ал Өзбекстан ШЫҰ-на ғана, Тәжікстан ҰҚШҰ мен Ш Ы Ұ - н а м ү ш е е л д е р . А л Түркіменстан сыртқы саясатта ешқандай ұйымға мүше болмай «оқшаулану» саясатын ұстанады. Осыдан әлі күнге дейін аймаққа Мәскеу мен Пекиннің ықпалы басым екені байқалады. Себебі, бұл ұйымдарда олардың саяси ықпалы басым.
Сыртқы себептерден бөлек, Орталық Азия елдері арасында өзара қордаланып қалған мәселелер де жеткілікті. Шекаралық мәселелерден тартып, энергетикалық және су қауіпсіздігі кейінге қалдырмай, бірлесіп шешуді талап етеді.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҮДДЕСІ БЕЙБІТШІЛІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ
Сыртқы саясатта көпвекторлылық стратегиясын ұстанатын Қазақстан үшін бірінші кезекте елдің экономикалық мүддесі мен БҰҰ-ның халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу, мемлекеттердің тұтастығы мен суверенитеті сияқты принциптері маңызды.
Қазақстан халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешуде біршама бастамалар көтерді. Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі, Мәскеу мен Түркия арасындағы 2015 жылғы кикілжің сияқты халықаралық дауларды реттеуде Қазақстан үлкен үлес қосты.
Сыртқы саясатта Қазақстан мемлекеттердің тұтастығы мен суверенитеті принципін қатаң ұстанады. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Петербург халықаралық экономикалық форумында айтқан сөздері дәлел. Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясаты тұрақты және мемлекеттердің тұтастығын қолдайды, сондықтан ДНР, ЛНР сияқты квазимемлекеттік бірлестіктерді мойындамайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев 24 мамырда өткен Еуразиялық экономикалық форумда Қазақстан үшін ЕАЭО бағытындағы интеграция ең алдымен экономикалық сипатта екендігін шегелеп айтты.