Семей орманын өрт алып, Абай жері түтекке оранып, қаралы елдің қабырғасы сөгілгендей болды. «Өрісіңді өрт жайлады ма» деген осы да, қапияда 14 азаматымыздан айырылып, азалы күнде айбынды Туымыз төмен түсірілді. Не дегенмен, тар соқпақта төселген, тарғалаң жолда да тайпалған, басынан сан зұлматты өткеріп, тағы да еңсесін тіктеп келген ел емеспіз бе. Әуелгі салғырттық пен қапылысты ашына сынап, жұрт болып жұмылып тілсіз жаумен аянбай-ақ айқасып жатырмыз. Көршіге қол артпай, ағайынға жүк салмай, өз күшімізбен де апатты ауыздықтап шығатын күн де алыс емес. Әйтсе де, соңғы жылдарда тілсіз жаудың ту сыртымыздан тиіп, елді әбігерге салуы жиілегені белгілі. Әр ретте дала өртінің ауқымы кеңейіп бара жатқанын да байқадық. Бұл бізге мәселені әлемдік масштабта қарастырып көруді міндеттейтіндей.
Әлемде өрт қаупі күшейген
Бақсақ, соңғы он жылдықта мейлі табиғи, мейлі адами себептен пайда болған дала өртінің жалпы әсері тұтас жаһанда күшейе түскен екен. БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) мәліметіне қарағанда, әлемнің көптеген елінде пайда болған өрттер ауқымы, жану ұзақтығы мен қарқыны жағынан бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда күшейген. Бұның өзі жай күнде жалпы көпшілік мән бере бермейтін жаһандық климат өзгерісінің қаншалықты салмақты екенін білдіреді. Ең жаманы – орман не дала өрттері мен климаттың жылынуы бірін-бірі күшейтіп, бірін - бірі асқындырып отыратын құбылыстар.
Жаһандық Қалпына келтіру қоры: Дала өрттеріне қатысты терең ғылыми зерттеу жүргізген аталған ұйым мамандары 1952, 1972 және 1992 жылдардағы статистикалық мәліметтерді 2022 жылғы нәтижелермен салыстырып, адамдарды таңқалдыратын деректерді алға тартады. Зерттеудің жалпы қорытындысы «Қазіргі өрт бұрынғы өрттен өзгерек» дегенге саяды. Қазіргі дала, орман өрттері бұрынғыға қарағанда оңай пайда болып, қарқынды жанып, ұзақ уақытқа созылады. Әрі адам өмірі, климат өзгерісі, сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық кері әсері де ауырлай түскен.
- 2022 Бразилияның Амазонка орманындағы өрт соңғы 12 жылдағы ең жоғары шектен асып кеткен.
- Ал 2022 жылдың жазында ЕО мен Ұлыбританиядағы орман өрттерінен көміртегі шығарындылары 2007 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті.
Бұл жылдағы дала өртіне байланысты ондаған мың адам эвакуацияланып, өрт сөндірушілерді қамтыған ондаған адам көз жұмған. Назар аударарлығы, осы жылы кемінде 7 елдің астанасында 40 жылдағы ең жоғары температура тіркелген.
Еуропалық орман өртінің ақпараттық жүйесі (EFFIS): Өзіне мүше 43 елде (ЕО елдері, Солтүстік Африка мен Таяу- Шығыстағы бірқатар елдерді қамтиды) 2010–2019 жылдар арасында әр жылы орта есеппен 424 000 гектар аумақ өртеніп от ы р ғ а н . А л 2 0 2 0 ж ы л ы Хо р ват и я , Нидерланды, Польша, Румыния және Түркия қатарлы елдерде өрт шарпыған аумақ бұрынғы орташа көлемнен асып түскен. М ү ш е л і г і н д е г і 4 3 е л д і ң т а р и х ы м е н қарастырғанда өрт сирек орын алатын аумақтардағы апаттар саны таңқаларлық деңгейде жиілеген.
Апаттық филантропия орталығы (CDP) жариялаған Солтүсік Америка құрлығындағы орман өрттеріне қатысты деректер де осыған ұқсас нәтижелерді көрсетеді.
NASA: Өзінің Terra спутнигі (MODIS) арқылы жинақтаған мәліметтері арқылы 2000–2023 жылдар арасындағы әлемнің 23 жылдық «Өрт тарихын» кескінге айналдырған. Бұл да әлемде күн сайын туатын өрт апаттарының саны мен көлемінің өскенін меңзейді.
Өрт себептері
Дала немесе орман өрті табиғи және адамдардың әрекеті себебінен пайда болады. Табиғи себептерге найзағай, Күн нұрының кездейсоқ жағдайларға байланысты шоғырлануы (линза құбылысы), т.б. түрлері жатады. Бірақ эколог мамандардың пікіріне сенсек, барлық орман және дала өртінің 75 пайызы адами себептерден болып жатыр. Ал олардың ауқымының барған сайын кеңеюіне, қарқынының тездеуіне, жиілігінің артуына тікелей климат өзгерісінің әсері болуда. Былайша айтқанда, жаһандық климаттың жылыну үрдісінен аптап ыстықтар ұзаққа созылуда және құрғақшылық күшеюде. Бұлар дала өртінің орын алу ықтималдығын арттырған әрі зардабын да тереңдетіп жіберген.
Статистикалық деректер көрсеткендей, солтүстік жарты шардағы орман өртінің басым көпшілігі адамдардың абайсыздығынан немесе қасақана өртеу әрекеттерінен (ауылшаруашылық, өндірістік аумақтарды кеңейту, егістіктерді залалсыздандыру үшін өрт қою әрекеттерінен) болған. Бұған қоса, қалаланудың (урбанизация) ұлғаюы, адамдардың іс-қимыл аумағының жабайы табиғатқа шамадан тыс араласуы, адам қозғалысы кеңістігінің кеңеюі, ауылшаруашылық және өндірістік іс-қимылдардың жүйе сіздігі – бұның бәрі дала өртін тудыратын адами себептердің қатарына жатады.
Еуропада әр жылы шілде және тамыз айларында өрт апаты жиілейді. Бұл кез аймақтағы туризмнің ең қауырт мезгілі. Сәйкесінше, өрттің көбі туристік аймақтардан тамыздық алып отырады.
Зардаптары
Дала өртінің зардабы түрлі бағытта қарастырылады. Ең негізгілері – өмірлік маңызды экожүйені бұзады, әлеуметтік экономикаға, адамдардың өмір сүруіне кесірін тигізеді, мүлік пен өмір сүру құралдарына қауіп төндіреді. Бұлардан да қауіптісі миллиондаған тонна көміртекті бөліп шығарады.
Қайталай кетейік, орман немесе дала өртінің ең үлкен зардабы жаһандық климат өзгерісіне саяды. Әрі климат өзгерісі ауырлаған сайын өрт те көбейеді. EFFIS мәліметіне сай, әлемдегі орман өрттерінен шығатын көміртектің мөлшері тұтас Еуропа құрлығындағы қоғам мен өндірістен ауаға тарайтын көміртектің деңгейіне тең.
2020 жылы Калифорниядағы орман өрті атмо сфераға шығарған көмірқышқыл газының мөлшері ондағы кен және өндіріс орындарының жыл сайын ауаға бөлетін көміртек мөлшерінен 25 пайызға артық болған.
Статистика көрсеткендей, орман өрттерінің себебінен тыныс алу жүйесі және жүрек қан тамыр аурулары бойынша жыл сайын әлемде 340 000 адам көз жұмады.
Экологтардың айтуынша, бұл үрдіс жалғаса берсе, адамдарға, жабайы табиғатқа және климатқа ұзақ мерзімді жойқын зардаптар қалдырады.
Ұжымдық шұғыл әрекетті қажет етеді
Қазіргі үрдіс пен климат өзгерісінің деңгейі елімізде ғана емес, тұтас әлемде шұғыл әрі ұжымдасқан әрекетті қажет етеді. Жаһандық тұрғыда алдын алу үшін мамандар әлем елдерінің бірлесе әрекет етуін құптайды. Үкіметтерді өндіріс пен тұрмыстан бөлінетін көміртекті барынша азайту шараларын қабылдауға шақырады. Жасыл энергияны дамыту да осы қатарға кіреді.
Ал қазақстандық тұрғыда: Ең әуелі орман және дала өрттеріне қатысты, алдын алу мен күресу шараларында ғылыми негізделген тәсілдерге сүйенуге тура келеді. Бұл өртке қарсы және алдын алу шараларының жүйелілігін, өнімділігін арттырады. Бұл орайда:
Саясатты нақтылау және басқаруды үйлестіру (Семейдегі жағдайдан сабақ алу) керек;
Көршілес елдермен (әсіресе, Орта Азия елдерін негіз ете отырып) табиғи апаттарға, төтенше жағдайларға қарсы бірлесе күресу мақсатында ұйымдар құру. Бұл табиғи апаттардың зардаптарын азайтып, көлемін тежеуде тиімді шара ретінде әлем елдерінде қолданылатын тәжірибе.
Орман ағаштарын кесуге қатаң тыйым салу және жабайы табиғаттағы адам әрекеттерін белгілі деңгейде шектеу шараларын қабылдауға болады.
Қостанай және Абай жеріндегі апатты жағдайлар бізге дабыл қақты. Яғни біз тек ақпарат құралдарынан еміс-еміс естіп жүрген жаһандық климат өзгерісі бізден тым алыста емес, елімізде, іргемізде, тіпті үйіміздегі есік алдына дейін келді.