ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді одан әрі дамыту шаралары талқыланды.
Үкімет отырысында саланың тиімді дамуына кедергі келтіретін факторлар аталды. Олар – инфрақұрылымның жетіспеуі, шектеулі жатын орындары, логистика мен көрсетілетін қызметтер сапасының төмен деңгейі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
«Туристердің шағымдары мен ұсыныстарына бірден назар аудару керек. Мысалы, биыл туристер Алакөл курорттық аймағында электр энергиясының жиі өшіп қалатынына шағымданды. Туристер санын арттыру үшін инфрақұрылымды белсенді дамыту қажет. Аталған мәселелерді шешу әрбір әкімнің міндеті болуға тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің пікірінше, бүгінде еліміздің бүкіл туристік әлеуетін пайдалану өзекті күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, Баянауыл курорттық аймағында туризмді дамыту тек Жасыбай көлімен шектелген. Өңірдегі басқа да көлдердің, таулар мен мәдени ескерткіштердің мүмкіндіктері назардан тыс қалған.
«Өткен жазғы маусымда Ассы үстірті мен Қапшағай аймағына турларды ұйымдастыру кезінде қызметтердің сапасына көптеген шағымдар түсті. Такси, тамақтану және қонақ үй қызметтері бағаларының шарықтап кетуіне қатысты шағымдар жиі айтылады. Мұндай орынсыз жағдайлар елдің туристік тартымдылығын төмендетеді», — деді ол.
Әлихан Смайылов атап өткендей, қонақ үйлерді классификациялау жүйесін реформалау және стандарттарды халықаралық деңгейге дейін көтеру жұмыстарын бастау қажет. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, туризм саласындағы объектілер мен көрсетілетін қызметтерге әлемдік стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Премьер-Министр сондай-ақ ТОП-20 туристік аумақтарды дамыту жөніндегі жол карталарын бекіту қажеттігін айтты.
«Жергілікті тарихи ескерткіштер, көркем табиғи пейзаждар мен халқымыздың басқа да игіліктері түгелдей туристік өнімдерге дұрыс интеграциялануы қажет», — деді ол.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы мәдени, агро және экотуризмді дамыту бойынша нақты тәсілдерді әзірлеуді тапсырды.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов туристік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, туристердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдау, Қазақстанның шетелдегі туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқан жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ туризм саласын цифрландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігін атап өтті.
«Бұл ретте, шетелдік туристің ел аумағына келгеннен бастап, кетуіне дейінгі барлық кезеңін цифрландырудың және оңайлатудың толық циклін, сондай-ақ ішкі туризмге арналған қызметтердің барлық спектрін қамту маңызды», — деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.