2024 жылы Қазақстанның теміржол машина жасау саласы бұрын-соңды болмаған өндіріс көлеміне қол жеткізді. Зауыттар 124 локомотив, 2565 жүк вагоны және 122 жолаушы вагонын жасап шығарды. Бұл жетістік елдің жылжымалы құрамын жаңартуға және сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік берді.
Еліміздегі теміржолдардың ұзындығы 21 мың шақырымды құрайды. 2024 жылы сол жолдармен 21 миллионға жуық жолаушы мен 430 миллион тоннадан астам жүк тасымалданған. Соңғы 10 жылда Қазақстанда 600-ге жуық вагон жаңартылды. 2024 жылы 143 жаңа вагон, соның ішінде елімізде шығарылған вагондар пайдалануға берілді. Бұл «Қызылорда– Семей», «Астана–Көкшетау», «Павлодар– Алматы», «Павлодар–Түркістан», «Жезқазған–Алматы», «Ақтөбе – Атырау» және «Маңғыстау – Атырау» бағыттарында тасымалдау сапасын арттыруға мүмкіндік туғызды.
2025 жылы тағы 226 вагон беріледі деп күтілуде, бұл парктың тозу көрсеткішін 44-тен 38%-ға дейін төмендетіп, жолаушыларға қолайлы жағдай туғызады. Жаңа вагондар заманауи климаттық бақылау жүйелерімен, жақсартылған дыбыс оқшаулауымен және ыңғайлы ұйықтайтын орындарымен жабдықталған. Бұл ел бойынша саяхаттау ыңғайлы болып, қызмет көрсету деңгейінің жақсарғанының дәлелі.
Алматы айналма теміржолы
Қазақстанда теміржол инфрақұрылымы бойынша бірнеше ірі жоба іске асырылып
жатыр. Соның бірі – Алматы станциясының айналма теміржол желісін салу. Бұл жоба қаладағы жүк пойыздарының транзитін жақсартып, Алматыдағы теміржол инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтады. Жаңа айналма теміржол магистралі арқылы жүк тасымалы тиімділігін арттыру, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық жағдайды жақсарту көзделген. Жобаның мақсаты – Алматы станциясын айналып өтіп, «Жетіген – Қазыбек-Бек» жаңа теміржолына жүк ағынын қайта бағдарлау есебінен жүк жеткізу уақытын қысқарту. Ұзындығы 75 шақырым болатын жаңа желі «Қазыбек-Бек» станциясы мен «Жетіген» станциясын байланыстырады.
Сапар бастауы мен оралу нүктесі
Қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне өткен «Алматы-1» және «Алматы-2» теміржол вокзалдары арқылы жолаушылар қалаған бағытына сапарға шығады. Алматы вокзалдары тек жолаушыларды тасымалдау нүктелері ғана емес, қаланың тарихымен және сәулетімен ерекшеленеді. Уақытпен үндескен мәдени орындарды бір жағынан – өткеннің куәсі, екінші жағынан – келешекке бастар қақпа деп атасақ та болады. «Алматы электротранс» ЖШС «Алматы-2» теміржол вокзалының эксплуатация бойынша басшысы Ерболат Бекболатұлының айтуынша, өткен жылы «Алматы-1» вокзалына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан, Қазақстан теміржолының басты транзиттік торабы жолаушыларға қажетті барлық құрал-жабдықтардың барлығымен қамтамасыз етілген. Заманауи эскалаторлар, пандустар, кеңейтілген жерасты өткелдері, жаңа ақпараттық жүйелер – LED-экрандар орнатылған, ана мен бала бөлмелері, медпункт бар, бейнекамералармен қамтылған. Бұл жаңартулар қызмет көрсету сапасын арттырып, халықаралық стандарттарға жақындатады. Кеңес заманында салынған вокзал архитектурасы кеңістікті тиімді пайдаланып, үлкен жолаушылар ағынын қабылдауға лайықталған.
Спикердің айтуынша, қала вокзалдарымен тәулігіне шамамен 5 мың жолаушы жол жүреді. Бұл көрсеткіш жаз айларында 8 мың жолаушыға дейін көбейеді.
«Алматы-2» теміржол вокзалы – қаланың орталығында, туристер мен қала тұрғындарының негізгі сапарға шығатын орны. Ол өзінің тарихи сәулетімен, классикалық стилімен және ерекше атмосферасымен ерекшеленеді. Көптеген жолаушылар үшін «Алматы-2» вокзалы – сапардың бастауы немесе Алматыға оралу нүктесі болып қала бермек.
– Биыл жазда нысанның ішкі бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Шатырын жаңартып, инженерлік желілерді ауыстырамыз. Қазіргі таңда жобалау- сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Жайлылық деңгейін арттыру, сервис сапасын жақсарту мақсатында ІІД басқармасымен бірігіп камералар орнаттық. Тамақтану орындары, заманауи күту залдары, электронды билет сату жүйесін іске қостық. Бұл жаңғыртулар қаланың көлік жүйесін жеңілдетіп, жолаушыларға жайлы сапар ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жолаушылардың жолға дайындығын жеңілдетеді, – дейді Ерболат Бегдаиров.
Бүгінде контейнермен жүк тасымалдау көлемі артты. 2024 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша Алматы жүк тасымалы басқармасы 18,4 млн тонна жүк тиеген. Бұл – 2023 жылдың деңгейінен 2,3 млн тоннаға немесе +14%-ға артық. Ағымдағы жылдың қаңтар айында МКҚК Алматы филиалында жүк тиеу 1,6 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 323,9 мың тоннаға немесе +25%-ға артық. Айта кетейік, Алматы вокзалдары арқылы қалааралық бағыттармен қоса, «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы», «Алматы – Қытай» бағыты бойынша туристік пойыздар қатынайды.
60 отандық кәсіпорында
8 мыңға жуық адам жұмыс істейді
Теміржол машина жасау көлік инфрақұрылымының дамуына ғана емес, сонымен қат ар жұмыс орындарын құру арқылы
жұмыссыздықты азайтуға да әсер етеді. Саладағы 60 отандық кәсіпорында 8 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 2024 жылы Астана, Қо станай және Екібастұз қалаларында 215 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін жаңа өндіріс орындары ашылды.
Алдағы екі жылда Қазақстанда 3000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Саладағы жұмысшылардың орташа жалақысы қазірдің өзінде 440 мың теңгені құрап, мамандарға сұраныс артып келеді. Салада шамамен, 3500 жаңа кадрлар қажеттілігі бар, оларды даярлау 39 жоғары оқу орны мен 39 колледжде жүргізілуде.
Өткен жылы теміржол машина жасау саласына 23,2 млрд теңге инвестиция салынды. Жылжымалы құрамды өндіру көлемі 5 есе өсті. Бұл жаңа зауыттарды іске қосып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік берді. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 1400 шақырым теміржол жөнделеді. Қазіргі уақытта 1100 шақырым жаңа жолдар (оның ішінде «Достық–Мойынтыда») салынуда, бұл учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге арттырып, халықаралық транзитті жақсартады. Алматы айналмалы теміржолы өңірдің теміржол желісіне түсетін жүктемені азайтады, ал «Дарбаза–Мақтаарал» оңтүстік өңірлерде жаңа көлік байланыстарын жасайды.
Тақырыпқа орай
Қанат ШАРЛАПАЕВ, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢҒЫРТУ – САЯХАТ ПЕН БИЗНЕСКЕ ЖОЛ АШАДЫ
Қазақстанның теміржол саласы рекордтар жаңартып келеді. Өткен жылдың соңындағы 124 локомотив, 2565 жүк вагоны және 122 жолаушылар вагоны – бұл жай ғана сандар емес, ол экономикалық өсу, жаңа жұмыс орындары мен Қазақстандағы қуатты өндірісіміздің, соның ішінде тәуелсіздігіміздің тірегі. Бүгінде біз вагондар мен локомотивтердің рекордтық санын шығарып қана қоймай, отандық өнеркәсіптің болашағын құрудамыз. Бұл шаралардың барлығы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған: жаңа вагондар азаматтарымызды тасымалдауды ыңғайлы етіп, жаңа зауыттар өңір тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, ал инфрақұрылымды жаңғырту саяхат пен бизнес үшін көбірек мүмкіндіктер ашады.
Ербол МАГАЗОВ, Алматы көлік және коммуникация колледжінің директоры:
ТЕМІРЖОЛ МАМАНЫН ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЙДЫ?
Теміржолшылар еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарады. Олар халықты, тауарларды және жүктерді тиімді әрі қауіпсіз тасымалдау үшін жауапты. Қазақстанның кең ауқымды теміржол желісі бар, бұл ішкі және халықаралық тасымалдау үшін үлкен маңызға ие. Біздің колледж осы саланың үздік мамандарын даярлауға баса назар аударады. Теміржол көлігі ауыл шаруашылығы, өндіріс, экспорт және импорт сияқты маңызды салаларға қызмет көрсетіп қана қоймай, халықты жұмыспен қамтуға, инфрақұрылымды дамытуға және өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады. Теміржолшы болу – бір күнде игерілетін кәсіп емес. Ол қажырлы еңбекті, тәжірибені, үздіксіз білім алуды талап етеді. Бірақ осы салада жұмыс істейтіндер өз мамандықтарына үлкен құрметпен қарайды. Бүгінгі таңда Қазақстанда теміржол саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа бағыттар ашылып, пойыздар жаңартылуда, қызмет көрсету сапасы жақсаруда. Мұның барлығы – теміржол мамандарының еңбегі.
Еңбек адамы
Мейіржан ШАЯХМЕТОВ, тепловоз машинисі:
ЖАУАПТЫ ӘРІ ҚҰРМЕТТІ МАМАНДЫҚ
Машинист болу – менің бала күнгі арманым еді. Теміржолға жақын жерде тұрғандықтан, пойыздарға қатты қызығатынмын. Жоғары сыныптарда осы мамандық туралы ізденіп, қай жерде оқуға болатынын зерттей бастадым. Ақыры Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына түсіп, 2003–2008 жылдар аралығында осы саланы меңгердім.
Бәленбай мың тоннаны сүйретіп келе жатқан локомотивті басқару – үлкен жауапкершілікпен қатар, мақтаныш сезімін де сыйлайды. Пойыз жүргізгенде ерекше әсерге бөленесің. Мамандықтың жауапкершілігімен қатар өз қиындықтары да бар. Біз Алматы локомотив бригадалары негізінен, Сарыөзек немесе Алтынкөл бағытында жүреміз. Әр бригаданың өз аймағы бар. Мысалы, біз Алматыдан Сарыөзекке дейін 192 км жол жүреміз. Сарыөзекте арнайы демалыс үйлері бар, сол жерде тынығып, кейін қайтадан Алматыға қайтамыз. Жұмысты аяқтаған соң 16 сағат демалыс беріледі, содан кейін қайта шақырту түсуі мүмкін. Түнгі уақыт, жолға шығып кететін малдар немесе адамдар – бәрі машинистке стресс береді. Сондықтан әрқашан мұқият, сергек отыруымыз керек.
Бұл мамандықта ең бастысы – стреске төзімді болу. Кез келген төтенше жағдайға дайын болу қажет. Паникаға берілмей, көмекшіге нақты нұсқау беріп, қажет болса пойыз диспетчеріне, станция кезекшісіне хабарлау керек. Мен жүрген жерімде теміржол мамандығын, әсіресе, машинист жұмысын насихаттап жүремін. Бұл – өте қызықты мамандық. Күнделікті бірсарынды емес, әр күн жаңа оқиғалармен өтеді. Жалақысы да жақсы. Ең бастысы – мен өзімді бақытты маман ретінде сезінемін. Бала кезімнен армандаған мамандығымды игеріп, қазір сонымен айналысып жүрмін. Сондықтан бұл жұмысты таңдағаныма еш өкінбеймін.
Гүлназ УСПАНОВА, жолсерік:
ӨЗ ІСІҢДІ СҮЙСЕҢ, ЕШҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚ КЕДЕРГІ БОЛА АЛМАЙДЫ
Жолсеріктің басты міндеті – жолаушыларды сапалы қызметпен қамтамасыз ету, оларды жылы шыраймен қарсы алып, діттеген жеріне аман-есен жеткізу. Әрбір адам өз мамандығын жүрек қалауымен таңдауы керек. Бұл кәсіп маған ұнайды, өйткені әр сапар – жаңа адамдар, жаңа оқиғалар, жаңа әсерлер.
Жұмыста қиындықтар кездеседі. Тіпті, пойызда толғағы келген бір әйелді босандырған кезіміз болған. Ұзақ сапарлар, ауа райының қолайсыздығы, әртүрлі жолаушы-лар – бәрі де өз әсерін тигізеді. Жолда әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін, бірақ менің тәжірибемде төтенше жағдай орын алған емес. Қауіпсіздік – біздің басты қағидамыз. Әйел адамға бұл жұмыстың өзіндік қиындықтары бар. Көп күндік сапарлар отбасынан алыстататыны рас. Қазіргі уақытта балаларыңнан жыраққа кету – оңай емес. Сағынасың, уайымдайсың. Бірақ жұмыстың аты – жұмыс. Отбасың үшін, балаларың үшін еңбек ету керек. Сондықтан мен бұл кәсіпті сүйіп істеймін. Мамандығымды мақтан тұтамын. Теміржол – үлкен өмір мектебі, ал жолсерік – сол мектептің сенімді өкілі. Егер осы салаға келгісі келетін жастар болса, оларға айтарым: өз ісіңді сүйсең, ешқандай қиындық кедергі бола алмайды.