ffin.kz

Домбыра жасаудың хас шебері - қолөнершінің өмірі мен өнерінен үзік сыр

Домбыра жасаудың хас шебері - қолөнершінің өмірі мен өнерінен үзік сыр Самат Құсайынов

Апта соңында Астана күнімен қатар төл өнеріміздің төріндегі домбыраның да атаулы күні келе жатыр. Қастерлі ұлттық жәдігерімізге арнайы күн белгілеп, қадір-парқын әспеттеп жатсақ, ол-дағы елдіктің айшықты бір айғағы.

«Alatau Aqparat» медиабірлестігі Домбыра күнінің ақпараттық насихатын арттырып, ұлттық қолөнерге қолдау көрсету мақсатында «Қосмұра» ұлттық саз аспаптары шеберханасымен байланыс орнатқан болатын. Шеберхананың ұжымымызға арнайы дайындаған домбырасы мереке қарсаңында келіп жетті. Шанағы қайыңнан қақтай шабылып, мойыны берік қызылағаштан салынған, тиегі талдан кертіліп әсем домбыраның бет қақпағында медиа-бірлестіктің эмблемасы салынған. Реті келгенде «Қосмұра» шеберханасын құрушы Қуанышбек Рахманды әңгімеге тартқан едік. Ұлттық қолөнер саласында еңбектеніп жүрген шебермен өз кәсібі төңірегінде, сондай-ақ, ұлттық музыкалық аспаптарын жасаудың қыр-сыры жайында әңгіме өрбіттік.

 

Бәсеке қолөнердің қозғаушысына айналды

Қазір ұлттық қолөнер саласында бәсеке қызу жүріп жатыр. Тіпті ұлттық музыкалық аспаптар жасаудың технологиясы жыл сайын жетіле түскен. Ол жайында Қуанышбек Рахманмен болған әңгімеден білдік. Айтуынша, дәстүрлі қолөнершілер нарықтық өмірге бейімделіп, өз өнімдерін барған сайын сапалы өндіруге тырысып жатыр. Нәтижесінде бұл саладағы бәсекелестік іскерлік салалардың қай-қайсысынан кем түспейтін деңгейде. Саладағы қыза түскен бәсеке кәсіби қолөнершілердің бәсін биіктете түскен.

Қуанышбек Рахманнан әуелі ұлттық қолөнер саласының қазіргі жағдайын сұрадық. Отандық өнім өндірушілер ретінде осы саланың бәсекесі мен базары қандай деген сауалымызға: «Мысалы, Жүргенов атындағы академияның мектебінен, колледжінен тартып қолөнерге баулыған, кейін академияда да кәсіби білім алған жастар қазір жыл сайын осы салада топ жарып жүр. Себебі, олар суретті, дизайнды арнайы этаптарымен жастайынан оқып жетілген. Домбыраның, қобыздың үн тазалығы, кәсіби деңгейі жағынан есе бермесек те, дизайнды кәсіби деңгейде меңгерген, әрі жаңа заманға сай модернизациялай алатын жаңа буын өзінің мықтылығын танытып келеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай», – деп жауап берді. 

Қарап отырсақ, қазір домбыра жасаушы шеберлер саны да көп, әрі музыканттар немесе сала мамандары болмаса, былайғы жұртқа нағыз үздіктерін анықтау да қиын.  Дегенмен, шебердің айтуынша, саладағы тәжірибе бәрінен маңызды. Әсіресе, домбыраның үні мен сыртқы дизайнын қатар меңгерген кәсібилер ғана осы салада өз қолтаңбасын қалдырып келеді.

Жақсы домбыра несімен бағалы?

Әдетте, 10–15 мың теңгеден бастап ондаған мың АҚШ долларына бағаланатын домбыралардың бар екенін білеміз. Заты бір ағаштан жасалғанымен, қолөнердің құнын қалай бағалайды? Қуанышбекке бұл сұрақты да қойып көрдік. 

«Домбыра шертушілер үшін домбыраның бағасы оның үнінде, ал шеберлер үшін үні де, жасалу материалы да, оған қоса дизайны да маңызды», – дейді шебер.

Оның пікірінше, әдетте кейбір домбыралар бастабында үні де, дизайны да әдемі тұрғанымен, сол қалпында ұзақ сақталмайды. Уақыт өте келе не үні солғындап, бұзыла бастауы мүмкін; не болмаса мойыны қайып, бет қақпағы түсіп кетеді дегендей әуелгі күйін жоғалтады. Таза кептірілген әрі қызылағаш секілді табиғатынан берік ағаш материалынан жасалса ыстық-суыққа, қолданысқа төзімді аспаптар шығады. Сондықтан шебер жұмысы тек мінсіз жұмыспен қана емес, оның барынша ұзаққа сақталуымен де бағаланады.  

 Атадан қалған асыл мұра

Әңгіме барысында Қуанышбектен өз өмірі мен өнері туралы да сөз тарттық.

 «Қолөнерім – атаның қаны, ананың сүтімен келген асыл мұрам» деп түйді Қуанышбек бұл өнерге қалай келгенін сұрағанымызда.

Темір иіп, жез илеген, күміс қақтап, алтын аптаған ұсталық пен зергерлік арғы аталарында да болған екен. Көзі көрген атасы да, әкесі де, алдын көрген ағалары да қара темірдің суын тапқан, ағаштан түйін түйген шебер, арғы бет Алтайдағы өз аулына белгілі ұсталар болыпты. 

«Қолөнерге бала жасымнан қызықтым, 4-5 жасымнан бастап қолыма бәкі-пышақ ұстап әлде бірдеңелерді жасауға құмар едім. Үлкендер жараланып қалмасын деп алаңдай ма, бәкі-пышақ ұтатпайтын. Бірақ баланы неге талпынса да бетін қақпай соған қарай баулыған дұрыс екен деп ойлаймын, қазір», – дейді қолөнерге деген бала күнгі талпынысы жайында.

Жаныма жақын өнер

Мектептегі «үздік оқушы», «қолөнерші бала» әрі домбыра шертіп ән салатын өнерлі жеткіншек мектептен кейін өзі сүйген өнерді игеруге бел буыпты. Бірақ сол өңірде кәсіптік-техникалық колледжден қолөнер мамандығын таңдаған жалғыз шәкіртке арнайы топ ашылмай қалады. Өз арманынан уақытша қол үзсе де көркемөнерлік таланты оны өнерден алыс алып кетпепті. Кәсіби ән мамандығы бойынша оқу бітіріп, 7 жылдай туған елі Алтайда қалалық филармонияда жұмыс істеген.

«Филармонияда жүрген кезімде халыққа ұнаған бірқатар авторлық әндерім болды. Ал концерттік, өзге де қойылым сахналарының декорациясын жасай жүріп, өзімнің бала күннен қызыққан қолөнер кәсібіне қайта бет бұрдым. Осылайша өзім сүйген өнерім бәрі бір өзімді іздеп тапқандай болды», – дейді Қуаныш.

Дегенмен, кез келген шебер кемінде біреуден үлгі алмай өнерін ұштамасы анық. Алтайдың Шеміршек деген жеріндегі әрі шебер, әрі сазгер Пайзолла Қабдырахманұлымен шығармашылық достығы болашақ шеберге тәлім болады.

«Сол кісінің бірқатар әндерін сахналарда айтып жүрдім, кейде шеберханасында боламыз. Әне сол қарапайым шеберхана менің ұлттық саз аспаптарын жасауға деген ынтамды оятты. Өнерімді одан сайын жетілдіру үшін Алтайдағы жайлы орын, жақсы қызметімді біржола тастап, 2013 жылы Атамекенге келдім. Бірден Темірбек Жүргенов атындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясындағы Сәндік қолданбалы өнер кафедрасына тапсырып, сонда 4 жыл академиялық білім аладым. Онда нағыз кәсіби өнерге баулыған Ердос Рахымбеков, Мақсат Мағзұм қатарлы елге белгілі шебер ұстаздарым болды. Домбыралары эстрада жұлдыздарынан тартып елге белгілі өнерпаздарға, домбырашы шеберлерге де белгілі болатын.  Өнерде міне осы кісілерден тәлім алдым», – дейді Қуанышбек Рахман.  

Ақша табу үшін жасамаймын

Біздің кейіпкеріміз 2017 жылы академияны бітіре салысымен өз өнеріне сүйеніп кәсібін ашып, «Қосмұра» шеберханасын құрады. Ұлт аспаптары арасынан негізінен домбыра мен қобызды көбірек жасайтындықтан, шеберханасының атын осылай қойған екен. Содан бергі табанды еңбегі оны  домбырашы шеберлер арасында өз қолтаңбасын әйгілей бастаған.

«Шынымды айтсам, домбыраны ақша табу үшін жасап көрмедім. Бұл сөзіме көп адам илана қоймас, «домбыралары 100 мыңнан басталады, айына 10 домбыра жасаса да миллион тауып отыр» деп ойлауы мүмкін. Бірақ менің өз ұстанымым бар, домбыраның үні мен сапасы көңілімнен шықпайынша, оны иесіне табыстамаймын. Қашан дыбыс бояуы келіп, сапасы көңіліме толады, сол кезде жұмысымды аяқтадым деп есептеймін. Осылайша кейбір домбыраларға бірнеше апта уақыт жұмсаймын. Осы өнерге жан-тәнімен берілген өзге де кәсіби шеберлер осылай жасайды деп ойлаймын». Бұл біз әңгімелескен шебердің төл сөзі.  

Әрине, қазіргі технологиялық мүмкіндіктермен станоктар құрып, күніне жүздеген домбыра жасап шығарып, лайқты бағасында сатуға болады. Бірақ қол өнерін атадан мұра деп санаған әрі өзі де домбыраға жаны құштар шын шебер үшін бұл жөнді саналмайды. Біздің кейіпкеріміз тіпті оны қиянатқа балайды. «Бір домбыра жасасам да жақсы домбыра жасағым келеді. Сапалы қолөнер туындысын зауыт өнімімен салыстыруға келмейді», – дегені бар.   Мүмкін, кәсіби шебер үшін өз жұмысының ащы азабы мен тәтті рахаты да міне осы жерде болса керек. 

Шебердің кеңесі (Вырезка)

Оқырмандарымыз үшін шеберден «Жақсы домбыраны қалай таңдау керек?» деген сауалды да қойдық. Ондағы жауабы: «Домбыраны нағыз кәсіби күйшілерге, домбырашыларға таңдатқан ең абзал. Одан кейін әрине ағашының, қолданған материалының сапасына қарау керек. Қолданылған ағашына қарай домбыралардың үні де әртүрлі болып шығады. Бұл жайлы айтсақ ұзақ әңгіме, сондықтан бастысы жақсы кептірілген, қызыл ағаш секілді берік ағаштардан жасалған домбыраларды таңдаған дұрыс», – дейді шебер кеңесінде.

Бұған қоса, Қуанышбек шебер балаларға домбыра таңдауға қатысты да өз кеңесін ұсынды: «Көбінде балаларын домбыраға берген ата-аналар қазірше осымен үйрене тұрсын, әбден игерген кезде жақсы домбыра алып беремін деп бастап та арзанқол домбыра алады. Егер баласынан шын үміт күтсе керісінше әу бастан сапалы, үні таза, пернелері дұрыс қойылған домбыра таңдағаны дұрыс. Себебі, бұлар баланың музыкалық талантының ұшталуына, ішкі түйсігінің оянуына тікелей әсер етеді. Баланың әр пернедегі ноталарды әуелден дұрыс танып үйренген өте маңызды, басында сапалы домбырамен үйреніп шыққан бала кейін кез келген домбыраның тілін сайрататын болады», – дейді ата-аналарға кеңес ретінде. 

Шеберлер арасында конкурстар өтіп тұрса екен

Әңгіме соңында қолөнершіден Домбыра күніне қатысты ой-пікірімен бөлісуді сұрадық. Арнайы Домбыра күні белгіленіп, дәстүрлі өнер мен ұлттық жәдігердің әспеттелуіне дән риза екенін жеткізді. Мектептерде домбыра сабағы енгізіліп, Домбыра күнінде түрлі мерекелік іс-шаралардың өтуі, ұлттық құндылықтың кең көлемде насихатталуын қолөнерші дәстүрлі қадірлейтін, өз құндылығын төрге шығаратын ел екенімізді көрсетеді деп санайды.

Бұларға қоса домбырашы шебер атаулы күнге қатысты өз ұсыныстарын да айтып өтті: «Домбыра күнінде еліміздің әр өңірінде шеберлер арасында да конкурстар өтіп тұрса деймін. Бұл ауылдарда да қолөнердің дамуына, кей өңірде сақталған дәстүрлі мектептердің жандануына мүмкіндік берер еді. Сондай-ақ, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы сынды жоғары оқу орындарында домбыра жасау мамандықтары ашылып жатса нұр үстіне нұр болатын еді», – деген ойын айтады.

Расында Домбыра күнін тек ән мен күйдің ғана емес, ұлттық қолөнердің күніне айналдыруға әбден болатындай. Шеберлер арасындағы конкурс ұлттық қолөнердің дамуына да кең айдын ашып берері анық. Соның әсерінде қолөнердің өзге салаларына да оң әсерін беріп жатса, Домбыра күні нағыз ұлттық мерекеге айналды деген сол болар.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
5
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32