ӨЗБЕКСТАН: Діни радикализммен күрес басталды ма?
Қыркүйекте біздің қоғам Өзбекстандағы діни жағдай жайлы ақпаратты көп талқылады. Ақпараттық кеңістік көрші елдегі дәстүрлі емес исламмен күресіп жатыр деген мессенджермен толды. Бетті тұмшалауға тыйым салынғаны жайлы ақпарат тарады. Бұдан «ислам дінімен күресіп жатыр ма?» деген сұрақтар да туындады. Қала берді, бізде де мектептегі хиджаб дауы қатар талқыланды. Бұл да отқа май құйғандай болды. Алайда, мәселе бұдан да тереңде. Мұнда исламның саясилануы, діни сенім еркіндігі мен ислам радикализмі ұғымдарының аражігін ажыратып алу қажет.
Заң алдында бәрі бірдей
Мемлекет құрылғаннан бері билік пен дін арасы қарама- қайшы. Мұндай қайшылықтың жарқын мысалы орта ғасырдағы Еуропа. Бұл кезеңді «Қараңғы Еуропа» деп те атайды. Қараңғы деп атаудың да себебі жеткілікті. Себебі, дін, яғни христиан діні қоғамның барлық саласына өктемдік етті. Ғылым мен білім дамыған жоқ. Христиан дінін бүркемелеп католик шіркеуі билік етті. Мемлекеттерде саяси билік рим папасының қолында болды.
Саяси биліктің рим папасына өту процесі бірнеше ғасырға созылды. Оған билік пен дін арасындағы текетірес себепші болған жоқ. Король мен оған қарсы билікке таласушы элита арасындағы бірнеше ғасырға созылған саяси қақтығыс діннің билікке келуіне жол ашты. Бұл билік институттары әлсіреген тұста діннің елдегі ықпалы күшейеді дегені.
Орта ғасырда король институты өз билігін нығайту мақсатында католик шіркеуіне арқа сүйеді. Себебі, сол кездегі қоғамда діни сенімнің рөлі үлкен болатын. Осылайша халықтың көзінде легитимді билікке қол жеткізуді көздеген. Алайда, ғасырлар өте келе католик шіркеуінің билігі нығайды. Король тек қуыршақ басшыға айналды. Оның кім болатынын рим папасы шешкен.
Биліктің өз ықпалын қоғамдық институттар арқылы күшейту әрекеттері біздің тарихта да кездеседі. Мысалы, Қазақ хандығы тұсында сұлтандар мен билер институты алма-кезек беделді болған. Тәуке хан тұсында билердің ықпалы күшейіп, сұлтандар билігі азайды. Ал Абылай хан билік еткен тұста керісінше билер институтын әлсіретті.
Мемлекеттің әлсіреуінен радикалды діни топтардың күшею үрдісі кеңес үкіметі ыдыраған тұста да байқалды. Мұндай жағдай әсіресе Орталық Азия елдерінде белең алды. Өзбекстан да бұл үрдістен қалыс қалған жоқ. Орталық Азия елдерінде халықтың басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Бұл дін христиан дініне қарағанда жас болғандықтан, әрі ұзақ уақыт кеңес үкіметінде шектенгендіктен орта ғасырдағы Еуропада өткен діннің саясилану үрдісінің кейбір элементтерін басынан өткеруде. Әрине, екі үрдісті салыстыруға келмес. Себебі, Орталық Азияда дін сияқты қоғамдық институт билікке ықпалды болмаған. Дін қоғамдық қарым-қатынасты реттеу қызметін атқарып келген. Өзбекстанда да жағдай осындай.
Билік зайырлылықты қолдайды
Зайырлылықты қарастырған кезде ислам радикализмі мен діни, оның ішінде ислам дінін ұстану еркіндігі арасын ажыратып алған жөн. Заң да мұны талап етеді. Егер елдің конституциясын сараптайтын болсақ, онда жалпы еркіндік пен қауіпсіздік ұғымдарының аражігін ажыратуға деген талпыныс бар екеніне көзіміз жетеді. Діни еркіндік болғанымен қоғамдық қауіпсіздікке жол берілмейді.
Конституцияның 1-бабында Өзбекстан өзін зайырлы мемлекет ретінде мойындайтыны жайлы жазылған. Яғни елдегі қоғамдық-саяси қатынастар діни нормалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Діни сенім еркіндігі де заңмен бекітілген. 19-бапта дініне байланысты ешкімді алалауға болмайтыны жазылған. Яғни заң алдында бәрі бірдей.
Діннің саясиланбауы жайлы да конституцияда бекітілген. Саяси құқықтар қарастырылған VIII бөлімнің 39-бабында елдің азаматтары кәсіби одақтар, саяси партиялар мен өзге қоғамдық бірлестіктерге бірігуге құқылы делінген. Бірақ бұл этникалық және діни мақсаттағы саяси партияларға қатысты емес. Конституцияның 71-бабында этникалық және діни мақсаттағы саяси партиялардың құрылуына тыйым салынған. Осылайша діннің саясиланбауына заңмен шектеу қойылған. Бұл тек ислам дініне ғана емес барлық дінге қатысты норма.
Әндіжан елесі
«Жаңа Өзбекстанда» жаңа конституция. Қазақстандағы 2022 жылғы өткен саяси реформаларды көршіміз үлгі ретінде алған. Бүкілхалықтық референдум бізде 2022 жылдың 5 маусымында болған, ал онда биыл 30 сәуірде өтті. Саяси науқан елге жаңа Конституцияны әкелді. Сонау 1992 жылы қабылданған елдің негізгі заңының жаңа редакциясы қабылданды.
Осылайша «Ескі Өзбекстанмен» көршілер қоштасты. Алайда, ол тек қағаз жүзінде болды. Ескінің сарқыншағы, саяси қорқыныш пен үрей әлі сейілген жоқ. Сондай мәселенің бірі – діни радикализм мен экстремизм. Діни болғанда да ислам радикализмі. Өзбекстанда ислам радикализмінің қоғамға қауіп тудыру фактілері болған. Оған 2005 жылғы Әндіжан оқиғаларын мысал ретінде келтірсек болады. Әндіжан қаласында 12–14 мамырда бір топ кәсіпкерлерді түрмеден босатуды талап еткен наразылық өтті. Наразылықтардың артында «Акрамия» исламдық секта өкілдері мен оның негізін қалаушы, әрі идеолог Акрам Юлдашев тұрған.
Акрам Юлдашев 1992 жылы көптеген елде террористік деп есептелетін «Хизбут-Тахрир» діни ұйымынан шыққан. Өзінің «Иманға жол» атты діни еңбегін жазды. Кейін ол еңбегіне заңмен шектеу қойылды. 2005 жылдың 11 ақпанында оның идеясын қолдайтын 23 кәсіпкерге қарсы сот ісі басталды. Соттың болуы да бекер емес. «Акрамия» сектасында кәсіпкерлер көп шоғырланған. Олар әлеуметтік теңдік идеясын ұсынып, өздерінің кәсіпорындарында жұмыскерлеріне жайлы жұмыс пен жалақы берген. Қайырымдылықпен айналысып, халық алдында бедел жинай бастаған. Осылайша исламның саясилану үрдісіне мықты тұғыр жасай бастаған.
Мұндай қоғамға қауіпті оқиға қазіргі билікті те алаңдатары сөзсіз. Сондықтан діни киімдерге қатысты шектеу қойылуда.