Отбасы – адам өміріндегі ең маңызды тіректердің бірі. Бұл – жылулықтың, сенімнің, махаббат пен мейірімнің ордасы. Отбасы – бұл бірге тұратын адамдар емес, бір-біріне сенім арта алатын жандар.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Осы атаулы күн қарсаңында біз бала тәрбиесімен кәсіби түрде айналысып жүрген маман, педагог Елжас Ертайұлымен сұхбаттасқан едік. Ол – елімізде баланы жазаламай тәрбиелеуге болатынын кеңінен насихаттап жүрген аз маманның бірі.
Бала тәрбиесіне бет бұрған математика пәнінің мұғалімі
Елжас Ертайұлының педагогикаға келу жолы қызық: ол бастапқыда математика пәнінің мұғалімі болған. Бірақ бала тәрбиесіне деген қызығушылығы оны терең зерттеуге жетелеген. 2016 жылдан бері Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, бала тәрбиесіне қатысты семинарлар өткізіп келеді.
«Басында 2-3 адамға семинар өткізіп жүрдік. Осыдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазір ата-аналар баланың тәрбиесіне бұрынғыдан көбірек мән бере бастады», – дейді ол.
«Мен + Мен = Біз»: Отбасы формуласы қандай болуы керек?
Спикердің айтуынша, отбасының басты құндылығы – бірлік пен түсіністік.
«Үйлену – бір бөлек, үй болу – мүлде басқа нәрсе. Егер ерлі-зайыптылар «мен + мен = біз» бола алмаса, онда шынайы отбасы құрылмайды. Біз болу – бір-бірін түсіну, сыйластық таныту. Әркім өз «менінде» қалып қойса, ондай одақ әлсіз болады», – дейді Елжас мырза.
Отбасындағы сезімді күту – гүлге су құйғанмен бірдей
Сарапшының айтуынша, көптеген ажырасулардың түпкі себебі – сезімдердің суып кетуі.
«Сезім – гүл сияқты. Оны күнделікті суарып, күтіп, назар аударып отыру қажет. Жылы сөз, ілтипат, ортақ уақыт – осының бәрі отбасының беріктігін сақтайды. Сол үшін ерлі-зайыптылардың бір-біріне арнайтын жеке уақыты болуы керек деп ойлаймын. Отбасылық сағат енгізуге болады. Сол кезде отбасының бірлігі нығая түседі», – дейді ол.
Ата-аналар жиі жасайтын қателік
Көп ата-аналар баласының киімін бүтін, қарнын тоқ қылса – сол жеткілікті деп есептейді. Маман Елжас Ертайұлы бұл ретте Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабы тапсырмас көмекші екенін тілге тиек етеді.
«Жұмабаев бала тәрбиесін екі бөліп қарастырады. Ол - дене тәрбиесі және жан тәрбиесі. Сол тұжырымды негізге алатын болсақ, материалдық қажеттілікті қамтамасыз ету ол тек қана дене тәрбиесі болып есептеледі. Ал жан тәрбиесі ол баланың сезімдеріне көңіл бөлу, ішкі жан дүниесіне үңілу, бүгінде көп ата-ана баланың рухани дамуына үлес қосу екенін ескермей жатады.
Материалдық қажеттілік – бұл тек дене тәрбиесі. Ал балаға жан тәрбиесі де қажет: сезіміне көңіл бөлу, ішкі әлемін тануға тырысу. Осы жағы бізде жиі ұмыт қалады», – дейді Елжас Ертайұлы.
Балаларымның жеке телефоны жоқ
Технология дәуірінде бәрі экранға телміріп отырған шақта Елжас мырза өз балаларына жеке телефон ұстатпайды.
«Апта бойы ойын немесе мультфильм көруге рұқсат жоқ. Аптаның соңында ғана белгіленген уақытқа сай көреді. Мектепке баратын болса да, олардың жеке телефоны жоқ. Ортақ планшет – тек белгілі уақытқа ғана», – дейді ол.
Оның өзінде баланың танымы үшін пайдалы болатын шахмат, дуолинго сияқты қосымшаларды қолданудан ары аспайды.
Отбасылық өмірге дайындық – маңызды қадам
Болашақ отбасын құрушыларға кеңес сұрағанда, Елжас Ертайұлы:
«Отбасылық өмірге көзді жұмып келе салуға болмайды. Саналы әрі сапалы дайындық керек. Кітап оқып, арнайы курстарға қатысып, үй болуға дайын болған жөн. Сонда ғана ұсақ-түйекке бола ыдырамай, берік отбасы құруға мүмкіндік бар», – деп кеңес береді ол.
Бұл отбасы, бала тәрбиесі тақырыбын күндіз-түні зерттеп, оны тәжірибеге енгізіп жүрген маманның жалпылама кеңестері. Бұдан бөлек, ол осы салада қалам тербеп, кітап жазып жүрген жеке автор. Бүгінде оның алты кітабы жарық көрген. Оның «Баланы жазасыз тәрбиеле» атты кітабы халық арасында бестселлерге айналып үлгерген десек артық болмас. Отбасы туралы әңгіме ешқашан ескірмейді. Себебі бұл тақырып қай заманда да өзектілігін жоймайды. Ошақ қасынан басталатын әр отбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекеттің түтінін түзу ұшыру – оны құрған екі жанның басты міндеті.