Биыл әлемде және елімізде қандай өзгерістер болмақ?

Биыл әлемде және елімізде қандай өзгерістер болмақ? Сурет ЖИ

2025: үміт пен даму жылы

Бұқаралық ақпарат құралдары дәстүр бойынша жыл соңында өткен жылға қорытынды жасап, жыл басында алдағы жылы күтілетін маңызды саяси, әлеуметтік оқиғаларға назар аударады. ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіне әлем жұрты үмітпен қатар белгісіздік сезімімен қадам басуда. 2024 жылы әлем елдерінің үштен бірінде президенттік және парламенттік сайлаулар өтсе, биылғы жыл сайлау нәтижесінде билікке келген азаматтардың іске кірісетін жылы болмақ. 2024 жыл еліміз үшін тек ішкі саясатта ғана емес, сонымен қатар аймақтық және халықаралық саясатта да елеулі жетістіктермен есте қалды. Мақаламызда 2025 жылы жаһандық саясаттағы өзгерістер мен күтілетін маңызды шаралардың жай- жапсарын талдап көрелік.

Жаһандық изоляционизм

Өткен ғасырдың соңында, қырғиқабақ соғысы аяқталғаннан кейін жаһан жұртшылығы әлемді ортақ үй санап, жаһандық құндылықтар мен ортақ мәдениет қалыптастыруға негізделген жаһандану процесі кеңінен таралған еді. Әлемге ортақ мәдениет пен құндылықтар жүйесін қаншалықты бірегей қалыптастыра алғанымыз белгісіз, бірақ 2025 жылы деглобализация процесі бастау алды. Бұл дегеніміз, әрбір елдің өз мүддесін жоғары қойып, «бірінші біз, кейін өзгелері» деген танымға негізделуін білдіреді.

Соңғы 80 жылда, ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан әлемдік тәртіптің басты архитекторы ретінде АҚШ-тың рөлі мен маңызы ерекше болып келген еді. Алайда, ресми Ақ үй билігіне республикалық партия өкілі Д.Трамптың келуі тек Американың ішкі мәселелеріне ғана емес, сонымен қатар тұтас әлемдік саяси жүйенің бағыты мен бағдарына да ықпал етті.

Д.Трамптың 2017–2021 жылдардағы билігі кезінде АҚШ бірнеше халықаралық келісімдерден шығып, тіпті НАТО мен ДСҰ сияқты іргелі саяси қауіп сіздік және экономикалық ұйымдардан бас тартамын деп мәлімдегенін білеміз. Соңғы төрт жылда қалпына келген Американың сыртқы саясаты 2025 жылы қандай бағытқа ауысатыны жаһандық саясаттың тұғырына тікелей ықпал ететін болады. 

Қазақстанның экономикалық өрлеу кезеңі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деп аталатын сұхбатында 2025 жылы еліміз үшін маңызды экономикалық және саяси өзгерістер болатынын атап өтті. Атап айтқанда, биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толуына орай өтетін мереке мен бас қаламызда ұйымдастырылатын «Орталық Азия – ҚХР» саммиті ерекше маңызға ие. «Орталық Азия – ҚХР» саммиті C5+1 форматы аясында Орталық Азия елдерінің бірлескен іс- қимылдары мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мырзамен кездесуін қамтиды. Бұл форумның аймақ елдері үшін маңызы мен мәні өте жоғары болмақ. 

Сонымен қатар, былтырғы жылы елеулі нәтижеге қол жеткізіп, қоғам тарапынан қолдау тапқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы іске асырыла бермек. Бірінші наурызға дейін зерттеулер жүргізіліп, Парламент пен Үкімет бірыңғай уақыт белдеуі бойынша шешім қабылдайды. Президент сұхбатында 2025 жылы аяқталатын бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды да атап өтті. Достық – Мойынты теміржол учаскесі (ұзындығы 836 шақырым) қолданысқа беріліп, энергетика саласында қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, шетелдік инвесторлармен жел, күн және гидроэлектростанцияларды салу туралы келісімдер жасалады.

Елімізде биыл жүзеге асырылатын маңызды бастамалар мен шаралар саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуға елеулі ықпал етпек. Мемлекетіміздегі демократиялық реформалардың жалғасы ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау енгізілмек. Мұндай сайлаулар бір уақытта немесе кезең-кезеңімен ұйымдастырылып, жергілікті басқару жүйесінде белгілі бір деңгейде транспаренттілікті қамтамасыз етеді.

Халық пен Президент арасындағы маңызды көпір қызметін атқарып келе жатқан Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтеді.

Экономика саласында да ауқымды өзгерістер орын алмақ. Мысалы, биыл жаңа Бюджет және Салық кодекстері қолданысқа енгізіліп, елімізде атом электр станциясын салу бойынша халықаралық консорциум құру жоспарланып отыр. Жыл ортасында елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көш басшыларының VIII съезі ұйымдастырылады. Бұл шара Қазақстанның бейбітшілік пен ынтымақтастық орнатудағы жаһандық рөлін айқындайтыны анық.

Керек дерек

2025 жылы 20 қаңтарда ресми түрде қызметіне кірісетін АҚШ-тың 47-президенті Д.Трамптың билігі тек Америка құрлығы үшін ғана емес, Украина, Таяу Шығыс және Тайвань аралы бойынша маңызды геосаяси шешімдер қабылдаудың бастауы болады.

• Халықаралық дағдарыс тобының болжамына сәйкес, 2025 жыл Судан, Сирия және Украин мен Еуропалық Одақ қауіпсіздігі талқыланатын маңызды кезеңге айналады.

• Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша біріккен консорциум құрылады.

• Алматыда Digital Almaty–2025 цифрлы форумы өтеді.

«Аlmaty-akshamу», №1 (6563) 7 қаңтар, 2025 жыл

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:43

13:03

13:01

12:52

12:43

12:16

11:59

11:55

11:54

11:44

11:39

11:39

11:36

11:33

11:31

11:29

11:26

11:24

11:22

11:20

11:18

11:17

11:13

11:08

11:07