Қазақстанда "cancel" мәдениетіне ұшыраған шоу-бизнес өкілдері кімдер? "Кәнсел мәдениеті" дегеніміз не? Ол елімізде қашаннан қалай пайда болды? Аqshamnews.kz тілшісі шолу жасады.
"Кәнсел мәдениеті" деген не?
"Кәнсел мәдениеті" (ағылш. cancel culture) - қоғам белгілі бір адамның әрекеті, сөзі немесе көзқарасы бұрыс деп тапқанда, оны көпшілік алдында сынға алып, бойкот жасау, ақпараттық алаңнан "жоюға" тырысу құбылысы.
Яғни адам белгілі бір "қателігі үшін" көпшіліктің ашуына ұшырап, оның сөзіне шектеу қойылады, жобалардан шеттетіледі, әлеуметтік желіде сынға ұшырайды, жарнамалық келісімдері тоқтайды, репутациясы құлайды.
"Кәнселге" ұшыраған қазақстандықтар
ТМД елдері арасында танымал әнші Jah Khalib (шын есімі - Бахтияр Мамедов - еск.) кәнселге ұшыраған Қазақстандық өнерпаздардың қатарында. 2022 жылы ол отандық подкасттардың бірінде зорланған қыздарды кінәлап, "қыздар дұрыс емес уақытта, дұрыс емес киімде, дұрыс емес жерде жүргені үшін зорланады" деп пікір білдіріп, хейттің астында қалған болатын
Бұл сөздер әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көптеген қолданушының шамына тиді. Солайша желіде "Jah Khalib-тың әндерін плейлисттен жой" деген акциялар басталды. Көпшілік оның концерттеріне бармай, желідегі парақшасына жаппай шағым тастаған еді.
Кейін отандық әртістер, медиа өкілдері Jah Khalib-пен бірге жұмыс істегені үшін өкінетінін айтып, бірнеше компания серіктес болудан бас тартты. 3 жыл өтсе де қазақстандықтар әртістің бұл сұхбатын әлі де ұмытпаған. Осы аралықта ол бірнеше мәрте концерт өткізуге бекінгенімен жұртшылық оның өнеріне бұрынғыдай тартылысы жоқ екенін дәлелдеп жатыр. Мәселен оның Алматыда өтетін концерті екінші рет уақытын жылжытса да, әлі өтпей жатыр.
Жұртқа қанша жақпай жатса да, ол әлі бірде-бір рет осы жағдайға қатысты пікір білдірмеді.

Шәріп Серіктің мансабының күйреуі
Қазақстандық танымал актер Шәріп Серік те "кәнселге" ұшырап, мансабын аяқ асты етті. Оның абыройының төгілуіне зорлық-зомбылық әрекеттері әсер етті. Биыл сәуірде Әлия желіде Шәріптің оны лифтіден сүйреп шығарып жатқан видеосын жариялап, қол көтергенін және бірнеше уақыт бойы қорлық көрсеткенін жазып, жазба жариялан еді.
Бұл видеодан соң отандық кинокомпания актер Шәріп Серікті "қара тізімге" енгізіп, барлық келісімшартты тоқтатты.
"Кейінгі оқиғаларға байланысты Sәlem Entertainment ұжымы Шәріп Серікті "қара тізімге" енгізіп, онымен кез келген ынтымақтастықты толығымен тоқтатты" деп жазды компания.
Компанияның бұл шешімі актердің қатысуымен жоспарланған жобалардың тоқтатылуына және жобалардан шеттетілуіне әкелді. Тіпті жарыққа шыққалы отырған "Патруль" фильміндегі актердің түскен сахналары қиылып тасталды. Сонымен қатар Topcars компаниясы да актермен серіктестігін бұзғанын жариялады. Кейін Шәріп Серік өзінің парақшасында кінәсін мойындап видеоүндеу жариялады және сот шешімімен бес тәулікке қамауға алынды.
Жақсыген неге "Жамангенге" айналды?
Ал қазір қазақстандықтар әлеуметтік желіде танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің әрекетін талқыға салып, "кәнсілдеу" керегін айтып жатыр.
Актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы әйелі Фариза Алмазқызы желіде жазба жариялады. Онда ол Жақсыгеннің балаларына алимент төлемейтінін, үнемі тіл тигізетінін, маза бермейтінін, қорлық сөздер жазатынын айтқан. Оның жазған хабарламаларын жариялап, актерге бойкот жариялауға шақырды.
Көпшіліктің шамына тиген актердің әрекеті желіде лезде тарап, Тредсте де, басқа қосымшаларда да хейтке көмілді.
"Елдің бәрін күлдіріп, өз отбасын жылатып жүрген Қабатов"
Тұрсынбек Қабатов та "кәнсілге" көнгендердің тізімінен бір-ақ шықты. Оның бұрынғы әйелі Мөлдір Мұқан бірнеше күн бұрын сұхбат беріп, онда ол әртістің бірнеше жыл бойы көзіне шөп салғанын жайып салды. Мөлдірдің әңгімесінен кейін көпшілікке Қабатов жақпай қалды.
Сұхбатта Мөлдір Мұқан 14 жыл бойы Тұрсынбектің "еркелігіне" үндемегінін, ақыр соңы отбасы ажырасып тынғандарын айтты. 5 баласы мен ақ адал жарын басқа әйелге айырбастап кеткен Қабатов әлеуметтік желіде сынға ұшырап жатыр. Әсіресе Тредс жұрты оның концертіне бармауды үгіттеп, оның әрекетін айыптап жатыр.
