«Almaty aqshamy» газеті Бас редакторының орынбасары Әнуар Әуелбек туралы лебіз
Біздің аяулы әріптесіміз, «Almaty aqshamy» газеті Бас редакторының орынбасары Әнуар Әуелбек 63 жасқа толып, зейнетке шығып жатыр. Қазақтың санын көбейтуге елеулі үлес қосқан көпбалалы әке. Ақын, журналист. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң Журналистика факультетiн бiтiрген.
Республикалық «Лениншiл жас» («Жас Алаш»), «Қазақ әдебиетi», «Егемен Қазақстан», халықаралық «Түркiстан», «Дала мен қала» газеттерi мен «Хабар» телеарнасында қызмет iстеген. Осы телеарнадан берiлiп тұрған тарихи-танымдық 110 сериялы «Солай болған» бағдарламасының авторы.
«Ақ жауынды шақ», «Жаныңмен жаз сырыңды» атты жыр кiтаптарының, сондай-ақ, «Солай болған» және «Болашағына қол созған Қазақстан» атты публицистикалық кітаптардың авторы. Өлең-жырлары 2015 жылы жарыққа шыққан 10 томдық «Қазақ поэзиясының антологиясына» енген. ҚР Мәдениет қайраткерi, «Ақпарат саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы», «Мейірім» төсбелгілерінің және «Ы.Жақаев» медалінің иегері.
Әнуар Әуелбектің шымшыма әзілдері де біртөбе. Анекдотты жақсы айтады. Үлкен-кішіге теңдей әзілдей береді. Еш зілсіз. Сондықтан ешкім көңілге алып ренжи қоймайды. Төменде әріптесіміздің әзілқой болмысын ашатын бірер оқиғасын беріп отырмыз.
Тәуелсіздік және сұлулық
Қалам ұстап жүрген соң, үйінің айналасында тұратын үлкен-кіші Әнуар Әуелбекті мерекелерде жиі мазалайтыны бар. Мәселен, мұғалімдер «Ашық сабағым бар еді, Ән-аға, екі-үш шумақ өлең керек боп тұр» десе, әп-әдемі студент бойжеткендер «Аға, Тәуелсіздік туралы бір шумақ өлең шығарып бересіз бе?» деп қиылып тұрғандары.
Әдемілікке, сұлулыққа құмар ақынжанды әріптесіміз қарап қалсын ба, әсіресе, арулар сұраған Тәуелсіздікті де, өздерінің көркемдігін де аппақ параққа түсіріп, шабыттана жырлап береді.
Тағы бірде есіктің қоңырауы басылады. Терезеден әдемі бір қыздың келгенін байқап тұрған Әнуар ағай зайыбына жорта:
– Біреу келіп тұрған сияқты, кім екен, қарай салшы, – деген ғой, сұлулыққа сүйсіне, маңғазданып тұрып.
Сонда жеңгеміз терезеден мойнын созып:
– Е-е, Тәуелсіздік қой! – деген екен. Жеңгеміз де осал жан болмады.
Дүние – кезек
«Almaty aqshamy» газетіне алғаш келген кезім. Әнуар Әуелбектің кабинетіне «Жылжабар» нөміріне берілетін бір мақала жөнінде ақылдасу үшін бас сұқтым.
Сол мақалаға қатысты өзіміздің журналист-әріптестерді Қалекең (Қали Сәрсенбай), Төкең (Төрехан Данияр), Өтеш (Өтеш Қырғызбай), Сәрсеағаң (Сәрсенбек Бекмұратұлы) деп қаламының ұшымен тізіп келе жатты да, Нұржамал Байсақалға келгенде ақ қағазына «НБ» деп түртіп қойды. Ал мен сізге осы «НБ»-ның тарихын айта отырайын.
Белгілі журналист Нұржамал Байсақал мен Әнуарбек Әнуар журфакта бір курста оқыған. Еті тірі, кез келген нәрсеге немқұрайды қарай алмайтын сергек, қағілез ару староста болған. Курстың ұлын да, қызын да ұршықша иіріп әкетіп, барлық іс-шараның ортасында жүретін.
Сабақтан көп қалатын жігіттерді журналға «нб» (Кеңес одағы кезіндегі «не было») деп бірде белгілесе, енді бірде белгілемей кеңшілік жасайтыны да бар. Ән-ағаңдар тіпті жүйкесіне тиіп кетсе, екі- үш күн қатарынан «нб» қоятыны тағы бар. Старостаны одан әрі күйіп-пістіру үшін, ашуланғанын қызық көріп жігіттер: «Ертең екі сабақта да болмаймыз, «нб»-ыңды қоя сал», – дейтін көрінеді.
Екі курстастың өмір һәм қызмет жолы кейін «Almaty aqshamy» газетінде тоғысарын кім білген. Бірде Әнуар Әуелбек осы басылымға бірінші орынбасар болып келді. Алдына келген, Нұржамал Байсақалдың бөліміне қатысты өңделетін мақаланың сол жақ шекесіне НБ деп белгі соқты да, курстас-әріптесінің кабинетіне кіріп барып:
– Бұдан былай енді мен саған «нб» қоятын боламын, – дегенде, екеуі де еріксіз күліп жіберген екен.
Аға, бауыр, дос
«Вечерний Алматы» газетінің жауапты хатшысы Әбдіжамал Халилұлы жайында да бірер сөз
«Alatau Aqparat» медиахолдингінің қанатының астында қанаттаса жұмыс істеп келе жатқан «Almaty aqshamy» мен «Вечерний Алматы» газеттерін бөліп- жару мүмкін емес. Екі басылым да ару Алматының тыныс- тіршілігімен біте қайнасып жатқан іргелі ұжым.
Сондықтан «Almaty aqshamy» газетіндегі әріптесіміз Әнуарбек Әуелбек туралы айтып тұрып, «Вечерний Алматы» газетінің жауапты хатшысы Әбдіжамал Сапарқұловтың мерейлі жасы туралы бір ауыз лебіз білдірмегеніміз азаматтығымызға сын болар дедік.
Әбдіжамал Халилұлы – журналистика майталманы, «Ақпарат саласының үздігі». М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын «Өркен-Горизонт» газетінде бастап, фототілші, тілші, жауапты хатшылыққа дейін көтерілген. «Труд-Казахстан» газетінің штаттан тыс тілшісі, «Сақшы» газетінің Бас редакторы, «Время-Уақыт» газетінің жауапты хатшысы болды.
1997 жылы «Қазақстан полициясы» журналының негізін қалады. Республикалық «Хабар» телеарнасынан 2000 жылы жарық көрген «Тергеу аяқталды...» («Следствие окончено...») телевизиялық жобасының авторы әрі продюсері болған.
Иә, Әбдіжамал Халилұлы журналистиканың майын ішіп, жілігін шаққан маман. Газет-журналдың алғашқы бетінен бастап соңғы парағына дейінгі безендірілуі, мақалалардың орналасуы осы асқан талғампаз, шығармашыл әріптесіміздің қолынан, жүрек көзінен өтеді.
Әбдіжамал Халилұлының сырт тұлғасы қаншалықты ірі болғанымен, басқан ізі білінбейді, дауысының да қатты шыққан жерін естімедік. Бірімізге аға, бірімізге дос, енді бірімізге бауыр болған үлкен жүректі әріптесіміз көзге түсіп қалуға да ұмтылмайтын қарапайым, салиқалы, сабырлы жан.
Осылай асықпай, аптықпай, аяңдап жеткен 63 жасыңыз құтты болсын, құрметті Әбдіжамал Халилұлы! Сіздің де барлық жақсылық, қуанышыңызға «Alatau Aqparat» медиахолдингінің үлкен ұжымы әркез тілекші.
Бүгін қос әріптесімізді зейнет жасымен құттықтадық. Ізгі лебізімізді арнадық. «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы Әнуарбек Әуелбек пен Әбдіжамал Сапарқұловтың ұзақ жылғы еңбегіне алғыс айтып, қадірлі ағалардың иығына шапан жауып, ұжым атынан сыйлықтар табыс етті.