Республика күні – еліміздің тарихындағы ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн – Қазақстан халқының егемендік пен тәуелсіздік жолындағы жетістіктерін дәріптейтін, ел бірлігі мен татулығын айшықтайтын мерейлі мереке. Қаламыздағы № 191 бөбекжай-балабақш ұжымы да осынау мерекені зор шабытпен атап өтті. Мектепалды «Шабдалы» тобында өткен «Менің Республикам – менің мақтанышым!» атты мерекелік іс-шараны меңгеруші м.а Е. Әбіллмәжит пен тәрбиешілер А.Жакыпова, М.Имаматдинова, музыка жетекшісі Г. Хакимжанова зор ықыласпен ұйымдастырды.
Өскелең ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, патриоттық сезімдерін қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін, мерекелерін танып-білуге баулу мақсатында ұйымдастырылған кеш шын мәнінде мағыналы өтті. Бұл күнгі мерекеге тәрбиеленушілер мен ата-аналар, ұстаздар және қонақтар белсене қатысты.
Іс-шара салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Балалар мен ұстаздар қолдарына көк байрақ ұстап, еліміздің басты мерекесіне айрықша құрмет көрсетті. Шараның жүргізушілері Қазақстан Республикасының қалыптасу тарихы мен тәуелсіздікке дейінгі күрес жолдары туралы қысқаша мағлұмат беріп, балалардың назарын ел тарихына аударды. Одан кейін бүлдіршіндер өздерінің жаттаған өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. «Отаным – Қазақстан», «Туған жерім – алтын бесігім», «Менің елім» секілді патриоттық тақырыптағы өлеңдер арқылы кішкентайлар өз елін сүйетінін, оның болашағына сеніммен қарайтынын көрсетті. Музыкалық бөлімде балалар «Қазақстан – Отаным!», «Татулық тірегіміз» әндерін шырқады. Әннің әуенімен бірге айтылған таза да мөлдір дауыстар көрермен жүрегіне қуаныш пен мақтаныш сезімін ұялатты. Ал «Мұзбалақ» және «Хас жүйрікте сын болмас» атты билер ұлттық нақышта орындалып, мерекенің сәнін кіргізді. Қазақ халқының би мәдениетін дәріптеген бұл көріністер балалардың шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген сүйіспеншіліктерін айқындады. Шара барысында «Рәміздерді тап» атты танымдық ойын да өткізілді. Бұл ойынның мақсаты – балалардың мемлекеттік рәміздер туралы білімін тереңдету және олардың мән-мағынасын түсіндіру болды. Балалар Ту мен Елтаңбаны сурет арқылы танып, олардың элементтерін дұрыс атауға тырысты. Сонымен қатар, шығармашылық тапсырмалар барысында бүлдіршіндер түрлі-түсті қағаздардан Ту мен Елтаңбаның бейнелерін құрастырып, өз қолдарымен жасаған туындыларын мақтанышпен көрсетті. Бұл бөлімде олардың ұқыптылығы мен отансүйгіштігі айқын байқалды.
Мерекелік іс-шараның тағы бір ерекше сәті – «Қазағым» атты флешмобта балалар ұлттық киім киіп, әсем әуен ырғағымен бірігіп би биледі. Бұл көрініс шараның шарықтау шегі болды.
«Менің Республикам- менің Мақтанышым!»
- Автор Рая ЕСКЕНДІР
- 15:55, 03 қараша 2025