Алматы – мол мүмкіндіктер қаласы

Алматы – мол мүмкіндіктер қаласы Суретті түсірген - Қ.Қоныспаев

Алматы жаңа жылды жақсы қарсы алды. Шаһар көшелері жылдағыдан өзгеше безендіріліп, жасыл шыршалар көптеп орнатылып, айналасына түрлі аниматор бейнелер орын тепті. Бұл көрініс, әсіресе, жарқ-жұрқ еткен әлемді сүйетін балаларға ерекше көңіл күй сыйлады. Абай алаңындағы алып шырша маңында ойнап жүрген, бетін аяз сүйген балдырғандардың ата-аналарын сөзге тартып, өзгерген Алматы туралы ойын бөлісуге шақырған болатынбыз.

 

Иманбек МОЛДАХМЕТҰЛЫ, зейнеткер: Өркениет көшінде

Біздің Наурызбай ауданы бұрынғыдан кеңейіп, үлкейіп келеді. Бала саны көп. Байқауымша, біздің ауданға мектеп авто­бусы көп бөлінген. Баланы мектепке апарып, алып қайтатын автобустарды шет ел киноларынан көруші едік қой, сол өр­кениет бізге де жетті. Оқушылардың түскенін, қайтарда мінгенін қадағалап отыратын мұғалімдер де бөлінген екен. Қала әкімдігінің балалар қауіпсіздігіне үл­кен мән беретіні көңілге қонады. Бұл ата-аналардың да күндіз алаңдамай жұмыс істеуіне жасалған жағдай деп білемін.

Жаңыл ӘПЕТОВА, Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті: Комьюнити  орталықтары оң болды

Көшелер кеңейтілді. Әдемі, заманауи ғимарттар бой көтеруде. Қаланың бос жерлеріне көп жеміс ағаштары отырғы­зылды. Енді соның әрі қарай өсіп-өнуі қадағаланып отырса деген тілегім бар.  Алматының барлық сегіз ауданында да жастардың комь­юнити орталықтары іске қосылып, ұл-қыздарымыздың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдайлар жасалғаны да қуан­тады.  Қатты тұрмыстық қалдықтар тастауға арналған заманауи контейнерлер қондырылды биыл. Бұл да қаланың келбетін бұзбай, әсемдігін сақтауға арналған қадам деп ойлаймын.  Біздің Әуезов ауданында биыл жаңғырту-жаңарту, жөндеу жұмыстары көп жүргізілді. Әсіресе, «Сайран» жасанды көлін заманауи үлгіде қайта жасап жатқаны қуантады.

Ләззат ӘМІРЖАНОВА,

қала тұрғыны:

Біз қыдыратын жер көп

Алматы қазір жыл санап көркеюде. Біздің Алатау ауданының аумағы бұрын­ғыдан да үлкейіп, мәдениет орындары, балалар шығармашылығы орталығы ашылды. Аулалардың көркейгені өз ал­дына бөлек әңгіме. Немерелеріммен жиі қыдырамын. Үйде анам бар. Біз қыдыратын жер көп.

Бір үйлі жан болғасын, ауырмай-сырқамай тұрмаймыз. Жуырда ғана біздің Алатау ауданындағы №23 емхана базасы­нан «Үздік тәжірибе орталығы» ашылды. Бұл – Алматы бо­йынша ашылған алғашқы медициналық орталық. Тұрғындар мен дәрігерлер арасындағы байланысты нығайтуға бағыттал­ған аталмыш жоба халықаралық стандарттарға негізделген. Мұнда халыққа кешенді медициналық, әлеуметтік және пси­хологиялық көмектер көрсетіледі. Алматының барлық жетістігіне тілекшімін.

Бақыт ҚАНАЙ,  жүргізуші:  «Сергек» көптік етпейді

Алматыда «Сергек» бейнекамерала­рының көбейгені дұрыс болды. Көлігін жылдамдықты асырып жүргізетіндер үшін тежеу болған сияқты бұл қадам. Кейбір таныстарым «аттап бассаң, каме­ра!» деп ренжіп жатады. «Тәртіпке ба­ғынған құл болмайды» демекші, бұл ең алдымен өзіңіздің де, өзгенің де қауіпсіздігі үшін жасалған оң шешім екенін айтып жүремін.

Айдана АСЫЛБЕК,  болашақ дәрігер:  Медицина мүмкіндігі жоғары

Мен әзірге студентпін. Бірақ маман­дығыма сай медицинадағы тың жаңалық­тарға құлақ түріп жүремін. Медициналық қызметтердің сапасын арттыру – әлеу­меттік тұрақтылықтың кепілі. Өткен жазда елімізде алғаш рет «Ұрық хирур­гиясы» пилоттық жобасы енгізілді. Бұл, егер құрсақта жатқан шарананың дамуында кінәрат болса, соны емдейтін жаңа инновация. Бұл операция ең алғаш заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған Алматы клиникасында жасал­ды. Енді бізде жылына 150-ге дейін жатырішілік операция жасауға болатын көрінеді. Бұл дегеніңіз, ең үлкен озық жетістік!

Қорлан БОЛАТҚЫЗЫ,  ұстаз:  Кітапхана аурасы бөлек

Қазір Алматы кітапханаларының күнімен, түнімен, яғни 24/7 қағидатымен жұмыс істейтіні ұнайды. Жастар күндіз сабақта, түрлі әдеби-мәдени іс-шаралар­да боламыз да, кешке кітапханаларға ба­руға үлгермей қалып жатады. Қазір ізде­геніңнің бәрі интернетте тұр дегенмен, кітапхананың аурасы бөлек. Алатын ақпаратың да сенімдірек. Мен, мәселен, Жам­был атындағы жасөспірімдер кітапханасына жиі баратынбыз. Іші сондай жайлы, жап-жарық, еңселі. Тыныш қана отырып кітап оқитын зона бөлек. Ал достарыңмен әлдебір тақырыпта пікір таластыру қажет болса, оған бөлек зона арналған. Ешкім ешкімге кедергі жасамайды. Бізге рухани бай ұрпақ керек деп ойлаймын.

 

Біз тілдескен тұрғындар алып шаһардың жетістігін осылайша тізіп берді. Әрине, қуандық. Алматының жарқын келбеті – халқының әл- ауқатының көрсеткіші деуге де негіз бар. Алматылықтарды Жаңа жылмен құттықтаймыз. Алдағы табыстырға дәл осылай ниет, тілек, жүректерді біріктіріп бірге жетеміз деген сенімдеміз.

Әңгімелескен Нұржамал ӘЛІШ

«Аlmaty-akshamу», №1 (6563) 7 қаңтар, 2025 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:43

13:03

13:01

12:52

12:43

12:16

11:59

11:55

11:54

11:44

11:39

11:39

11:36

11:33

11:31

11:29

11:26

11:24

11:22

11:20

11:18

11:17

11:13

11:08

11:07