Бауыржанды қаһарман, Шоқанды ұлы, Мәншүкті батыр еткен кинорежиссер хақында
Бүгін – картиналары қазақ киносының «Алтын қорында» сақталған белгілі кинорежиссер және сценарист Мәжит Бегалиннің туған күні. Соңына өшпес һәм өміршең туындылар қалдырған, ұлттық киноның дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнер өкілін кейінгі ұрпақ біліп жүруі керек.
МӘЖКЕН
Мәжит Бегалин Семей топырағында дүниеге келген. Тете өскен ағасы Хамитке қарағанда тентектеу болыпты.
Режиссер туралы жазылған кейбір естеліктерде кішкентай күнінде оның құлынды ерекше жақсы көргені айтылады. Жаздыгүні желіде байлаулы тұрған құлындардың жалын тарап, кекілін сипап, айналшықтап жандарынан шықпай жүріп, ақырында «бұлардың қарны ашып тұр ғой» деп босатып жібереді екен. Сөйтіп, ауылдағы ағайынды талай рет қымызсыз қалдырып, май құйрықтан талай таяқ жеген дейді.
1929-1930 жылдары Бегалиндер отбасы Алматыға қоныс аударады. Мәжит ағасы Хамитпен бірге Некрасов атындағы №10 мектепке қабылданып, кейіннен №36 мектепке ауысады. Мектеп қабырғасында өтетін барлық әдеби-мәдени іс-шараның белортасынан табылған. Музыкалық пьесаларда ойнап, көпті домбыра шерту шеберлігімен тәнті еткен деседі. Болашақ кинорежиссер спортқа да жақын болыпты. Футбол, хоккей, жеңіл атлетика сынды спорт түрлеріне аса қызығушылық танытқан.
Тез есеюге асық, сергек, зерек Мәжит 1940 жылы тоғызжылдық мектепті бітіріп, Тау-кен институтының дайындық курсына оқуға түсіп кетеді.
Мәжит Бегалин – Ұлы Отан соғысының қан майданын кешкен жауынгер. Соғыс басталған жылы Новочеркасскідегі әскери училищеде білім алады. Оны 1942 жылы тәмамдап, кіші лейтенант шенін алып шыққан соң, Алматыда құрылған 100-ші бригаданың құрамында Великие Лукиге майданға аттанады. Украина майданында қолына жаудың оғы тиіп, қансырап жатқан жерінен украиндық бір қыз тауып алып, медсанбатқа жеткізген екен. Оң қолы шынтағынан кесіліп, ауыр жарақаты салдарынан ұзақ емделіп, ақыры елге оралады.
АРМАН
Ол жасөспірім шағындағы арманы – шығармашылық жолға түсуді көздейді. Соғыс жылдары ару Алматы кеңестік киноиндустрияның ошағы болған. Сол бір сұрапыл шақта Мәскеудің Үлкен театры, «Мосфильм» Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты секілді іргелі өнер ордалары Алматыға шоғырлана бастаған тұс.
Болашақ режиссер бір күні әкесі – қазақтың белгілі жазушысы Сапарғали Бегалинге ВГИК-ке түссем деген ойын жеткізеді. «Айналайын, Мәжкен (әкесі осылай еркелеткен екен), бұл менің де ойымда жүрген жай еді. Мен қарсы емеспін. Тек көбірек дайындық жүргізгін, ел-жұрттан ұят болып қалмасын», – деп батасын береді. Осылайша Мәжит Бегалин 1943 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетіне оқуға, орыстың әйгілі режиссері Сергей Герасимовтың шеберханасына түседі. Оның қасында ассистенті болып жүріп үйренген, түйгендері бойынша алғаш түсірген фильмі «Жас гвардия» еді. Бұдан кейін Мәжит Бегалин Чаурелидің «Берлиннің күйреуі» атты фильміне, сонымен бірге, Сызғанның «Жамбыл» картинасына ассистент болады. Сонымен қатар, актер ретінде кішкентай рольдерді де ойнап жүреді.
Институтты бітіргеннен кейін «Мосфильмде» жұмыс істейді. Кино өнері оны Бондарчук, Чухрай, Шукшин сынды мэтрлермен табыстырады.
ШАҢЫРАҚ
Мәскеуде жүріп болашақ режиссер жары Олеся Иванованы кездестіреді. Кеңес Одағының халық әртісі Инна Макарованың бір естелігінде: «Күнде кешке институтқа түсуге келген үміткерлерге жәрдем көрсететін едік. Сол кездері қыздар арасында «Институтқа сұр костюмді, әдемі қазақ жігіті келді. Өзі майданнан оралған офицер екен, режиссерлік факультетке түспекші көрінеді» деген сөз тарады. Алғаш көргенімде, маған ол экраннан жаңа ғана жарқ етіп шыққан шет елдің актеріндей әсер етті. Сыпайы, мәдениетті, шығыстың көркем жігіті Олесяның жүрегіне от салды. Көңілдері жарасқан Мәжит пен Олеся бірінші курста-ақ үйленіп, шаңырақ көтерді. Олар менің ең жақын достарым болды», – деп жазады.
Әкесі мен анасының жолын қуып, ВГИК-ті тәмамдаған ұлдары Нартай да кино өнеріне қадам басып, алғашқы фильмімен Одаққа таныла бастаған сәтінде қайғылы қазаға ұшырап, мезгілсіз көз жұмады.
ОРАЛУ
Ол Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтын 1948 жылы бітірген. Келесі жылы елге, Алматыға оралып, «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік жетекшісі болып қызмет етеді.
Оның елге келгеннен кейінгі алғашқы қойған фильмі «Бұл Шұғылада болған еді» («Это было в Шугле», 1955 ж.) деп аталады. Жас режиссердің кинодағы алғашқы қадамын жұртшылық жылы қабылдады. Оның ерекше дарынына, келешегіне сенген, қолдау білдіріп, қолұшын бергендердің бірі Шәкен Айманов болатын.
1950-1978 жылдар аралығында «Қазақфильмде» режиссер болып, «Жерге қайта оралу», «Тұлпардың ізі» көркем фильмдерін қойды. Ш.Уәлиханов туралы «Оның күні туады», Б.Момышұлы жайындағы «Ел басына күн туса» фильмі сценарийінің авторы әрі қоюшы режиссері болды. «Мәншүк туралы балладаны» да, «Дала күркірін» де көрермен жылы қабылдайды.
Мәжит Бегалиннің әріптестерінің «Ол ұсақ-түйек, жеңіл-желпі туындыларды түсіре салудан аулақ болды. Алдына үнемі зор міндет қойып, әлеуметтік маңызы бар тақырыптарға барды. Ол туған елі мен Отаны үшін от кешкен қаһарлы күндерде қайыспаған қаһармандарды асқақтықпен жырлап, биік өнерге қол созған ардагер азамат еді» деген естелік-пікірлері де сақталыпты.
Оның шығармашылығы өз дәуірінде-ақ жоғары бағаланып, түрлі марапаттармен аталып өтілген. Мәселен, 1968 жылы Бішкек қаласында (ол кезде Фрунзе) өткен Орта Азия мен Қазақстан кино өнері байқауының бас жүлдесі мен І дәрежелі дипломын иеленген. «Мәншүк туралы балладасы» 1970 жылы Минскіде өткен Бүкілодақтық кинобәйгеде КСРО Қорғаныс минстрлігінің бас жүлдесін қанжығасына байлаған. ҚазКСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері атанды. А.Довженко атындағы жүлдені иеленді.
ШОҚАН
Мәжит Бегалин туралы естеліктерде, сыр-сұхбаттарда оның ең үлкен арманы – Шоқанды түсіру болғаны жиі айтылады. Шоқан образы режиссерге он жыл бойы маза бермеген деседі.
Бұл орайда көрнекті қаламгер Әкім Тарази естеліктерінің бірінде былай деп толғайды: «…Ал енді мен Мәжікеңнің тағы бір фильмін талдап айтып бергім келеді. Ол фильм «Оның заманы келеді әлі» деп аталады. Бұл - Шоқан Уәлиханов туралы түсірілген кинотуынды. Қылышынан қан тамған Ресей патшасы Шоқанды қабылдап: «Иә, жас офицер, не тілегің бар?» – дегенде, Шоқан айтады ғой: «Мені толғандырып жүрген қазақ халқының тағдыры. Сол туралы айтсам деп едім», – деп. Патша бұрылып, сөзінің аяғын естімей кетіп қалады. Мәжікең, міне, сол эпизодты қалай түсірген деп таңқалам. Мәжікеңнің Шоқаны фильмнің соңында өлмейді ғой… Ауырып жатқан адам: «Атты әкел!» – дейді. Атқа мініп, шауып кетіп бара жатады.
Мұны көрген қазақтың көзіне жас үйірілмеуі мүмкін бе? Осы оқиғаны қалай түсіргенін, мұны «қырағы көздердің» қалай жібергенін түсінбеймін. Сол фильмде Тараз қаласына шабуыл жасайды ғой патша генералы, Шоқанның өз досы. Екі достың арасына сол арада жік түседі… Ал Қ.Жандарбеков ойнаған көтерілісшілердің басшысы қандай сүйкімді адам?! Интеллектуал, зиялы адам. Сондай-ақ патша үкіметінің зеңбірекпен қаруланған дивизиясына қарсы атқа мінген қазақтардың шабуылын көрсетеді. Соғыс тәсілін көрсетеді. Жеңілмегенін көрсетеді. Өзінің досына: «Тараз қаласындағы қарусыз халықты қырып жібердің, сенімен мен енді дос емеспін», – деп теріс айналып кетіп қалатын жері бар Шоқанның. Соны қалай түсірген?! Соны қалай өткізе алды деп ойлаймын. Ал Шоқанның демалысқа елге келгенінде, көкпарға қосылып кетіп, «Абылай! Абылай!» деп шабатынын сол кездегі қырағы көздердің қалай өткізіп алғаны тіпті, таңқаларлық жай. Мәжікеңнің өзі жұртпен тіл табыса білетін адам еді. Әйтпесе, мұндай фильм сол кезде экранға шығуы түгілі, сценарийдің өтуінің өзі оңай болмайтын».
ТҮЙІНСӨЗ:
Ол бар-жоғы 56 жыл ғұмыр кешті. Киногер ретінде, режиссер ретінде бұл көп ғұмыр емес. Бірақ қазақ халқына адал қызмет етті. Қазақ кинематографиясын кәсіби деңгейге көтерді. Ұлы Отан соғысы тақырыбында алғаш болып қазақша фильмдерді дүниеге әкелген де Мәжит Бегалин. Оның киім киісі, жүріс-тұрысы да ерекше болған деседі. Заманауи киімдер киіп жүрсе де, оның бір жерінен қазақы оюмен көмкерілген қазақы үлгіні көруге болатын еді дейді замандастары өз естеліктерінде. Ұлтын сүйген осындай ұл елінің есінде қалуы тиіс.
Әзірлеген Нұржамал ӘЛІШЕВА.