Не үй ала алмаса, не «Жасөспірімдер үйіне» сыймаса, не туған-туысы кеңшілік жасамаса, олар қайда бармақ?
Қазір еліміздегі кез келген балалар үйлері басшыларымен сөйлесе қалсаңыз, «балалардың жағдайы жақсы, не ішем, не кием демейді, білікті педагогтардың тәрбиесімен білімді жастар өсіп келе жатыр» деп айтатыны белгілі. Ал ондағы шынайы жағдай қалай, балалардың еркін жүріп-тұруы, уақытылы тамақтанып, дұрыс киім киюі, ең ақыр аяғы олар өздерін Қазақстанның азаматы ретінде толық сезіне алып жүр ме? Балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан, бүгінде Алматының Сейфуллин даңғылында жалданып жұмыс жасайтын Мұрат есімді жігітпен пікірлескенде, мүлдем басқаша ойда қалдық.
Мұнда тәрбиешілердің ұрсып-ұруы, жекіп сөйлеп, дұрыс тамақтың берілмеуі өз алдына бөлек әңгіме. Оның сөзіне сенсек, балалар үйіндегі тәрбиешілер бүлдіршіндерді өз үйлеріне апарып жұмысқа жегіп, тіпті кейбір жағдайларда солар арқылы пайда тауып отырады екен. Ол-ол ма, тіпті қылмыс жасайтын қарақшылар да балалар үйінен шыққан жастарды өз тобына тартуға құмар келетін көрінеді.
– Кейбір апайлар үйіне апарып, жұмысқа салып, өзінің үйі бітсе, туған-туыстарының үйіне қора-қопсысын салуға, тазалатуға апарады. Ал ондайға бармаймын деп қарсы шықсаң, саған дұрыс тамақ та, киім де, жылы көзқарас та болмайды. Мен сізге бір нәрсе айтайын, «үлкен үйде» еркін жүріп-тұру үшін мұғалімдердің «шестеркасы», балалардың арасында атаман болуың керек. Себебі онда кім күшті, сол қалғандарының тамағын тартып жейді. Бүлдіршіндердің балалар үйінен қашып, көшеде қайыр тілеп кететіні, міне, осыдан. Сонымен қатар, кез келген балалар үйінің алдын жылда қарақшылар аңдып жүреді. Ол жақтан қалай шықтың, сені өздеріне тартып, қолыңа аз-мұз ақша беріп, түнгі клубтарға, қыздарға апарып, жеңіл жүріске арбайды. Онсыз да енді не істеймін деп жүргенде, бұлардың жылы көзқарасын көріп, қастарынан өзің де қалғың келмейді. Ал оларға қосылған күні сені «семіртіп-семіртіп сойып» жібереді. Демек, қылмыс жасап, түрмеден бір-ақ шығасың, – дейді ол.
Мұраттың бұл айтқандарына сену қиын сияқты. Бірақ оның балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда өсіп-жетілгенін ескерсек, оның үстіне, кейде жетім балалардың базарларда қайыр тілеп жүретінін көрген соң, әрі құқық қорғау органдары да балалар үйінен шыққан бүлдіршіндердің қылмысқа көп бой алдыратынын растағаннан кейін нанбасқа лаж қалмайтын тәрізді.
Бізде жетім балалар 18-ге дейін ғана мемлекеттің қамқорлығында болады. Одан кейін туған-туысы барлар сонда барып, ал тұлдыр жетімдер «Жасөспірімдер үйінде» тәрбиеленеді. Мәселе осы жерден басталады. Алматыдағы жалғыз «Жасөспірімдер үйі» - 100 балаға арналып салынған шағын ғана ғимарат. Ал онда 200-ден астам бала жатыр. Ол мекеме - созыла беретін резеңке емес. Алайда, ол жерге өзге өңірдің балалар үйінен келетіндер көп. Өкінішке қарай, олардың барлығы онда сыймайды.
Ербол АМАНТАЙҰЛЫ, Алматы қаласының тұрғыны:
– Қазір жетімдерге жеткілікті дәрежеде қолдау көрсетіліп отырған жоқ. Кезінде балаларымызды шет елдерге саттық. Талай қазақтың қаракөздері мұхит асып кетті. Мен бес жасымнан жетімдікті көрдім. Халық жауының баласы деп әбден құқай көрсететін. Жетімнің күні ешқашан жетіскен емес. Ал қазіргі жетімдеріміздің жағдайы тіпті де мүшкіл. Оларға қатысты әлі бір мардымды заң жоқ. Ал тастанды балаларымыз әркімнің күңі, құлы болып жүр. Бұған кімнің жаны ауырмайды, бірақ біздің қолымыздан не келеді? Оларға мемлекет қолдау көрсету керек.
Сонымен қатар, еліміздегі балалар үйінде тәрбиеленген жастарға осы уақытқа дейін шағын үй бөлінбей келеді. Қазіргі таңда қаншама жетім тұрғын үй алуға кезекте тұрғанымен, олардың басым көбі үйге қол жеткізе алмай жүр. Не үй ала алмаса, не «Жасөспірімдер үйіне» сыймаса, не туған-туысы кеңшілік жасамаса, олар қайда бармақ? Ал далада қалған жетім баланың қаңғырып жүріп ұрлыққа бармасына, тіпті бәрінен түңіліп, күйзеліп, маскүнемдікке, нашақорлыққа салынбасына кім кепіл?! Қыз балалар да сол секілді, әрі күресіп, бері күресіп, болмаған соң барып арын сатып, күн көрістің ең арзан жолын таңдауы ғажап емес. Бүгінде жолын дұрыс тапты дегеннің өздері азын-аулақ тиын-тебен үшін біреулердің басыбайлы құлы болып өмір сүріп жатыр. Біз осы нашақорлық, жезөкшелік секілді қоғамдық дерттерді осылайша көбейтіп отырған жоқпыз ба, қалай ойлайсыз?..
Р.S. Кезінде Алматы облысының әкімі болған Серік Үмбетов пен Ақтөбе облысының экс-әкімі Елеусін Сағындықов кәсіпкерлердің қолдауымен жетімдер үйінен шыққан жастарға бір бөлмелі үй алып беруге көмектесіп, тамаша бастама көтерген болатын. Осылайша, олар 20–30 шақты жетім баланың үйлі болуына мұрындық болды. Бірақ осы тамаша бастама кейінгі кезде іске аспай қалды. Дәл осы үрдісті еліміздің қазіргі билігі іліп әкетіп, жетімдерге жергілікті әкімдіктер қолдау көрсетсе, дұрыс-ақ болар еді...