Бинашевтің баға жетпес байлығы

Бинашевтің баға жетпес байлығы Сурет: автор

Ол тасқа жан бітірген мүсінші. «Он саусағынан өнер тамған» нағыз өнер шебері. Оның туындылары көркемдік қана емес, тарихи-рухани терең мағынаға ие.  Қолынан шыққан мүсіндер Қазақстанның түрлі өңірлерінде орнатылып, халықтың құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп келеді. Бүгін біз белгілі мүсінші, скульптор Тілеуберді Мелдешұлы Бинашев жайлы сөз қозғамақпыз. 

«Іздегенге сұраған» Тілеуберді аға жайында жазу үшін оның жұбайы Нұржамал апайға хабарласып едім, ол кісімен телефонды бір шалғаннан-ақ тілдестім. Хабарласқаным мұндай жақсы болар ма, өзі де аға жайлы жазуым керек дегеніме қуанып қалды. Үйлеріндегі мұражайды түсіруге рұқсат сұрап, екі күн апайды сұрақтармен әуреледім. 

Сонымен, Тілеуберді Бинашев деген кім?

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Көркемсурет академиясының құрметті академигі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Түркістан облысының Құрметті азаматы, талантты мүсінші.

Осыдан үш жыл бұрын өмірден өткен ерекше дарынды өнер иесі киелі Түркістан өңірінде Арыс қаласына қарасты Байырқұм ауылында туған. Тума талант Тілеуберді Бинашевті танымал еткен, өмірлік «төлқұжатына» айналған туындысы - 20 жасында тұрғызған әйгілі «Қажымұқан» ескерткіші. Өнер әлемінде жұлдызын жаққан күш атасының тас мүсіні оның тырнақалды туындысы деуге болар. Сол ескерткіш Тілеуберді ағаның бұл өнерін ең алдымен өзіне де, өзгелерге де  мүсіншілік оның бойына біткен ерекше қасиет екенін ұғындырған, әрі үлкен өнер жолына қадам бастырған, мерейін асырған тұсаукесер туынды іспетті.

Арыс – өнерлі ұлдардың киелі ордасы. Тілеуберді аға өскен орта.

Бір әке, бір анадан 7 бала өмірген келген: үш ұл, төрт қыз. Десе де, өзге бауырларының ішінде жарқырап шыққаны да, өзгелерінен ерек болғаны да – осы Тілеуберді аға екен. Қарапайым қойшының баласы, ауылда өскенімен  шаруаға қырсыз болған. Әкесі Мелдеш Тілеуберді ұлына қой бақтырып, атқа отырғызып, еңбекке баулып көрген. Бірақ іштегі ерекше қасиет түбі бір шықпай қоймайды ғой, қой бағып жүріп, тас қашап, топыраққа сызба сызып, сурет салу әдетіне айналса керек. Шеберлік, қолдың ептілігі мүсіншіге анасынан дарыған болуы керек. Тілеуберді ағаның жары Нұржамал апайдың айтуынша, енесі қолөнерге жақын, ісмер кісі болған, кілем тоқып, құрақ көрпе тігіп, жүн де иірген.

Тілеуберді Бинашев жайлы жазылмаған, айтылмаған, түсірілмеген бағдарлама қалмапты. Ғаламтордан ол кісі жайлы ізденіп отырып, осыны аңғардық. Оған алып қосарымыз болмас, дегенмен Тілеуберді ағаның Құдай қосқан қосағы, өмірлік серігі – Нұржамал апайдың айтқаны бізге құнды көрінді. 

 Сценарий бойынша жүре алмайтын адам немесе мінезге бай мүсінші

«Аға қандай адам еді?» деген сауалға:

«Біз оны Тілеу дейтінбіз. Ол өте ақкөңіл, мінезі бала сияқты болатын. Солай бола тұра, өте тік адам еді. Жұрт біреудің бірдеңесі ұнамаса жасырып, бетіне айтпайды ғой. Ал ол керісінше, біреу туралы ойын жасырмай тура айтатын мінезі де бар еді», - деп бастады естелігін апай. 

Тілеуберді аға бір кездері (1995 жылдары) өзі жұмыс беремін деп шақырған бір әкімнің алдында болыпты. Сонда әлгі кісінің бір мінездері оған ұнамай қалыпты. Сонда былайғы өмірде ақкөңіл Тілеуберді аға: «Сен неге кісі боласың, әкім болып көп болса 5 жыл отырарсың, одан кейін орныңнан түсіп қаласың, сол кезде жұрт сені ұмытып та кетеді. Сондықтан сен қарапайым бол, сәл түсіп сөйле» деген екен.

«Турасын айтқан туғанына жақпайды». Реті келгенде турасын айтқанымен, көп жағдайда ол ешкімге кек сақтамайтын кең мінезімен де ерекшеленетін. Өте кешірімшіл адам болыпты. Бір адам ғұмырында қанша жанмен жолығып, қаншасымен танысып-білісіп, араласып-құраласып жатады. Олардың бәрі бірдей біз ойлағандай жақсылық тілемейді. Пендешілікке салынып, көреалмаушылық та көрініп қалатын жататын кездер болады. Бірде Тілеуберді ағаны өзімен қатар жүретін скульпторлар сыртынан сынап-мінесе керек. Оны естіген ағаның мүсінші қызы әкесіне қатысты айтылғандарды көңіліне алып, ренішін жасыра алмай үйге айтып келсе керек. Сонда Тілеуберді аға: «Айта берсін, күнәмді жеңілдетеді» депті де қойыпты. Қазақтан сөз артылған ба, «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген. Әлгі жайттан кейін көп ұзамай ағаның сыртынан алып-қашпа сөз айтқан әріптестері Нұржамал апайдың дастарханынан дәм татыпты. Сол кезде болған жайтты ұмыта қоймаған қызы әкесіне сыртыңыздан сонша сөз қылған адамдарды қалай түк болмағандай қонақ қылып, солармен күліп отырсыз?» деп таңырқай сұраса, әкесі: «Айтса, айта берсін. Мені сөз етсе, өздері соған жете алмай жатыр.  Демек, менің бұл істе алда болғаным» деп болмысынан танбағанын еске алады жары Нұржамал апай.

«Біреудің өзі туралы айтқан қаңқу, жаман сөздерін ұмытып кететін. Кекшілдік, біреуден қызғану деген оның қанында жоқ еді. Біреуді аяқтан шалу дегенді де білмейтін», - деп жалғады сөзін асыл жары Нұржамал апай.

Көңілі таза адамның жүрегі де таза болары анық. Мүсіндері тастан қашалса да, жүректерге жетіп, көңілден шығуы осы мінезіндегі адалдықтан, аңғалдықтан болар. Тасқа жан бітірген мүсіндері адамды қайта таза тұңғиық ойға жетелейтіндей көрінді.

«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» немесе Құдай тілеуін берген мүсінші

«Тілеуберді ауыл академиясын үздік бітірген азамат. Сондықтан да оның өнері қазақ халқы үшін құнды».

Тілеуберді Бинашевтың өнеріне мемлекет қайраткері, қазақтың өнеріне, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып кеткен қазақтың қайсар ұлдарының бірі Өзбекәлі Жәнібековтың өзі осындай баға беріп кеткен. 

«Қажымұқан» мүсінін жасап шыққаннан кейін Тілеуберді ағаның өнеріне көп адам тамсанып, қайран қалысты. Солардың бірі – мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Аңғал ауыл баласының жүрегінің тазалығын, еш арамдығы жоғын байқаған ол оны үйіне қалаған кезінде еш шақыртусыз келе беруіне болатынын айтады. Тілеуберді Бинашевтің басқан әр қадамына шынайы тілектестігін білдіріп, қолынан келген құрметін аямапты.

Алматыда Республика сарайының алдында тұрған Абай ескерткіші баршамызға жақсы таныс. Оның авторы - қазақтың тұңғыш кәсіпқой мүсіншісі, Қазақстандағы ұлттық монументалды өнердің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хәкімжан Наурызбаев. Тілеуберді Бинашевтің Алматыға келіп, орнығуына, өнер жолын жалғастыруына ағалық ақылын айтып, жөн көрсеткен, қолынан көмегін аямағанның жанның бірі осы кісі екен. 

Қазақтың дархан даласындай кең пейілді Тілеуберді ағаның шаңырағында ылғи ақын-жазушылар, белгілі тұлғалар жиі қонақ болған. Көпшіл әрі қонақжай ерінің әрбір мейманын Нұржамал апай да еш қабақ шытпай, қай кезде болмасын ашық-жарқын көңіл-күймен, бар дәмдісін алдарына үйіп, күтіп алатын кездер де өткен.  

Белгілі актер, режиссер Асанәлі Әшімов ағамыз Тілеуберді ағаны Тілеужан деп атайды екен.

Тілеуберді ағаның шаңырағында болған белді, белгілі тұлғалар да оның ақкөңілділігін айтып еске алады. «Қонақжай қасиетін жұрттың бәрі білетін. Тілеу өмірден өткеннен кейін Қалдыбек Құрманәлиев:

«Менің өзім бір топ, 10 шақты адам ертіп келсем де, қабақ шытып көрген жоқ. Дастарханын жайып қойып отыратын еді», - деп еске алғаны бар дейді мүсіншінің жары. 

Тілеубердің ағаның өмірлік қосағы Нұржамал апай жолдасының осы өнерінің арқасында қазақтың «қаймағы» атанып кеткен небір жайсаң жандарымен дастархандас, дәмдес болып, сарқытын ішкен. Өзі де оларды барынша сыйлап, дастарханынан дәм татқызып, батасын алған.

Тілеуберді аға еңбегі сіңген қайраткер атағын алған кезде белгілі ақын Мұхтар Шаханов өнердегі інісінің осындай жетістікке жетуі оның ошағының иесі –  үйдегі келіннің арқасы деп ризашылықпен өлең жолдарын арнапты:

«Нұржамалдың күйеуі Тілеуберді,

Саған Құдай ерекше тіреу берді.

Шыншыл, адал жар берді, - дей келіп, ағалық көңілмен

 

Мүсіншілер ортасынан жарып шығып,

Атандың рухы зор дара қазақ

Ал сенің жолың болсын әрқашанда

Дара қазақ атанған қара қазақ», - деп келінінен бастаған өлең жолдарын Тілеуберді інісінің ерекшелігін даралаумен аяқтапты.

«Тілеуге бүкіл Қазақстанның ақындары өлең арнады десем артық болмайтын шығар.Тұманбай аға да, Иран Ғайып та, Бауыржан Жақып, Қазыбек Иса. Айта берсең көп қой», - дейді Нұржамал апайдың өзі де.

Туындыларынан қазақылықтың, ұлттық нақыштың иісі аңқып тұратын Тілеуберді Бинашевтің «Қажымұқан» туындысы ашылған кезде ақын Қадыр мырза Әли мынандай шумақтарын арнапты:

Мына далаң, өзің анаң, өз әкең

Сол далаға тартпай туған аз екен.

Осындай ұл таба аламын дегендей,

Тапқан сені қазекең.

Таза еңбекпен келген абырой мен атақ

«Мүсін жасау – қымбатқа түсетін өнердің рақаты». Бұл мүсінші, скульптор Тілеуберді ағаның өзінің сөзі. Ол өте еңбекқор адам болған деседі. Үйінің ауласындағы мұражайын көзбен көрген адам мұнымен келіспей қоймас. Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрғандары бар, тапсырыспен жасатып алып кеткендері бар хош жеке мұражайындағы туындыларын көргенде бір емес, бірнеше адамның ғұмыры жетпейтін аса көп мүсін, экспонат, композиция, эскиз бар. Бір сөзбен айтқанда, баға жетпес байлық. Осыдан-ақ оның өте тынымсыз еңбек еткенін айтпай-ақ, көруге болады.  

«Ол бір минут та бос отырмайтын. Өте еңбекқор болды. Сан алуан тақырыпта ізденетін, соған қарай экспозициялары да түрлі-түрлі», - дейді Тілеуберді ағаның қызы, әке жолын қуған мүсінші Гүлфия Мелдеш.

Тіпті ауырып, өмірден өтеріне үш күн қалғанға дейін тыным таппай еңбектеніп, шеберханасынан шықпапты. Сол кезде тынығу керек деп жақындары жан ұшырса да, дерті меңдеп, қолының әлі болмаса да «Мен істеуім керек» дейтін көрінеді.

Гүлфия қызымен бірге Тілеуберді аға Түркістанда биіктігі 5 метрге жуық Абайдың мүсінін жасап шығарған. Киелі шаһардағы Әл-Фараби, Шәмші Қалдаяқов, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіндері де осы кісінің маңдай терін төгіп жасаған қайталанбас туындылары.

Тапсырыспен де көп жұмыс орындаған. Бірақ оны өзі жасырмай:

 «Біздің елімізде әлі өзіңнің ойыңнан, көкірегіңнен жарып шыққан жұмыстарды, көрмеге арналған шығармашылық жұмыстарды түсіне бермейді. Әлі ондай дәрежеге жеткен жоқ. Адамдар үлкен тапсырыс жұмыстарын жақсы деп ойлайды» деп айтқаны бар деседі.  

Өнер туындысы өз көрерменіне жеткенше бірнеше сатыдан өтеді. Ал оның бәрі айналып келіп, қаражатқа тірелетіні тағы бар. Скульпторлар жасап шыққан жұмыстарын қолаға құйғызып, оны қалыпқа салып, қоладан құятын цехтарға береді. Осының бәрі сөзбен айта салғанға оңай болғанымен, машақаты көп жұмыс. 

Бірақ Тілеуберді ағаның алған бетінен қайтпайтын, «құлап қалса» , қайта тұрып, алға қарай ұмтыла беретін тағы бір тамаша қасиеті болған. Алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын. Шаршамай еңбектеніп, ізденетін. Өзінің ізін жалғаған мүсінші екі қызына да «оңай дүние жоғын, бәрі еңбектенудің арқасында екенін» барынша ұғындырып кетіпті. Шешімі табылмай тұрған жерден жол таба салу, тығырыққа тірелгенде де күйіп-піспейтін сабырлылық та бір бойынан табылған.

Жақсының жары немесе «Тілеуінің» тілеуін тілеген – Нұржамал апай

Тілеуберді Бинашев пен Нұржамал Бинашева бір ауылдың тумасы. Екеуінің махаббаты мектеп қабырғасында басталған. Бала күндегі достықтан басталған көңіл жарасымы екеуінің үлгілі отбасыға айналуларына ұласты. Тілеуберді ағаның мүсінші ретінде Алла берген талантын одан ары дамытуына, оның отбасына алаңдамай, жетістікке жету жолында оған сеніп, қолдап, қиын-қыстау кездерде сабырмен, шыдаммен қараған жан – адал жары, өмірлік серігі Нұржамал Ағабекқызы.

Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондай кезде де Тілеуберді ағаның ашу тез қайтады екен.

«Ашуы бір-ақ минут. Сондай кезде Тілеу шәй ішеміз бе десем, Шәй ішейік, иә деп, ренішін тез ұмытып кететін»

Екеуі Алланың берген 4 перзентін өсіріп, бағып-қаққан. Үш қыз, бір ұл. Оның ішінде екі қызы әке жолын қуып, мүсіншілікті мамандық ретінде меңгерген.

Иесін жоқтаған мүсіндер. Шаң басқан естеліктер

Жоғарыда Тілеуберді ағаның Алматыдағы үйінің ауласында жеке мұражайы бары айтылды. Ондағы бай мұраны көрген кез келген адам қаншама еңбектің шаң басып тұрғанын көріп, «қайран есіл еңбек» дері анық. Ол кісінің небір алтынға бергісіз мұрасының ескерусіз тұрғаны қынжылтады. 1986 жылдардан бері Алматыда тұратын қазақтың өнеріне еңбегі сіңген қайраткерге Ұлттық мұражайдан бір емес, бірнеше бөлме арнаса да артық болмасы анық.

Тасқа жан бітірген, небір ғұламаларды тастан «тірілткен» қазақтың арда туған бір ұлының осынша бай мұрасының көпке танылмай, бір бұрышта ескерусіз тұрғаны көңілге батады.

Алматыда Тілеуберді ағаның қолынын шыққан туындылары өте көп. Құрманғазы атындағы консерватория алдындағы күй атасына арнаған ескерткіші, өзі ұзақ жылдар тұрған Жетісу ауданы әкімдігінің алдында тұрған композициялары өте көп. Бұл бізге белгілілерінің бірен-сараңы ғана.

Тілеуберді Бинашевтің өмірден өткеніне үш жылдың жүзі болған. Өзі өмірден өткеннен кейін Нұржамал апай Президент атына, Алматы қаласының әкімшілігіне, Түркістан облысының әкімшілігіне хат жазған. Ақжол партиясының атынан да хат жазып, тиісті сұрауларды орындаған. Ондағы мақсат – қазақтың біртуар тума таланты, мүсіндеу мен кескіндеуде ұлттық өнердің өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтың еңбегін ұмытпау, еске салу, өскелең ұрпаққа көрсетіп, солардың бойына сіңіру. 

Қазақ даласының иісі аңқып тұратын туындыларының санынан шатасуға болады. Скульптордың он саусағынан шыққан елге белгілі «Мұңлық-Зарлық», «Керей-Жәнібек», «Баба рухы» монументтері, Қажымұқан, Абылайхан, Құрманғазы, Күләш Байсейтова ескерткіштері оның өнердегі эпикалық кең құлашын көрсетеді. Ал «Атамекен», «Әуен», «Сырласу», «Байырқұмның баласы», «Көктемгі жаңбыр», «Сүйінші» «Қиял» «Бинаш ата», «Аршагүл ана», «Байырқұмның қыздары», «Кемпірқосақ», «Дала қызы», «Сыр бойы» «Сағыныш» және т.б. туындыларынан лирикалық леп еседі.

Ал шаңырағындағы шағын мұражай-көрменің өзі бүгінде экспонтаттарға лық толы. Толыққанды мұражай болуға жетерлік дүние бар ішінде.

«Мұражайына келгенде көп қиыншылыққа кездесіп тұрмыз. Мұражайды ашылғанына 15 жылдан асып кетті, 20 жылға жуықтады. Ол жерде жылу жоқ. Жалпы жұмыстары толып тұр. Қанша музейге жетеді ол. Экспонат деген толып тұр. Үлгергіненше қаражат болған кезде бронзаға аударды, тасқа аударды. Ішінде тонированный гипстан тұр көбі. Соған жүрегім ауырады менің. Енді соны күш-қуатым барда ел игілігіне өткізсе екен деймін. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа қазақтың ұлттық құндылықтарының бәрі бар ішінде», - дейді өтінішін білдірген жұбайы Нұржамал Бинашева.

Қала берді, өнер мектептері, көшеге  Тілеуберді Бинашев есімін беруге де болар еді. 

«Арман көп қой адамда. Армандарымның ішіндегі ең үлкені – Тілеуге мұражайдың бір бөлмесі берілсе екен деймін. Осындай бай мұрасы шаң басып, елеусіз-ескерусіз тұрмаса екен деймін», - деп аяқтады сөзін Нұржамал апай жолдасының бай мұрасына алаңдаушылық білдірген күйінде. 

2025 жыл әлемдік музей индустриясы үшін маңызды жыл болмақ. Architectural Digest атты жетекші халықаралық басылым бүкіл әлем бойынша ең қызықты әрі көптен күткен бері күтіліп жүрген, ашылуы тиіс мұражайлардың тізімін жариялады. Бұл беделді рейтингке АҚШ, Франция, Жапония, БАӘ, Нидерланды сияқты елдердің 11 жаңа мәдени кеңістігімен қатар, Қазақстанда бизнесмен әрі меценат Нұрлан Смағұловтың бастамасымен салынып жатқан жекеменшік заманауи өнер музейі — Almaty Museum of Arts та енді. Бұл мұражай әлі ашыла қоймады. Дегенмен, қайырымды, қалталы азаматтар Тілеуберді Бинашевтің жоғарыда аталған бай мұрасын да ескерсе деген өнер майталманының жары Нұржамал Бинашеваның тілегі де бар. 

Төменде Тілеуберді Бинашевтің үйіндегі көрме-мұражайында сақтаулы тұрған мүсіндердің бір бөлігін назарларыңызға ұсынамыз: 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:47

14:43

13:46

13:35

13:33

13:05

12:49

12:48

12:45

12:43

12:39

12:37

12:35

12:31

12:26

12:21

12:20

11:34

11:09

11:05

10:58

10:50

09:40

09:33

04:54