Ол – бір емес, бес емес, он төрт рет ана атанған әйел. Бар ғұмырын ұрпағына арнаған асыл жар, аяулы ана. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінде Гүлназ Шәкенова есімді ана он төрт перзентті дүниеге әкеліп, солардың әрқайсына мейірімін, уақытын, өмірін арнап келеді. Қызығы отбасында егіз, үшемдер жоқ. Көп балалы ана Aqshamnews.kz тілшісіне аналар күніне орай он төрт баланың анасы болудың қандай сезім екенін әңгімелеп берді.
Гүлназ Шәкенова - Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінде 1979 жылы дүниеге келген. Көп балалы ана өзі де 10 бала тәрбиеленген үлкен әулеттен шыққан. Қазір 10 қыз, 4 ұлдың анасы, 9 немеренің апасына айналған аяулы жар.
Көп балалы ананың бір күні қалай өтеді?
Гүлназ Шәкенова дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Бала тәрбиесіне де, жұмысына да үлгеріп жүрген ол көп балалы отбасы болудың қиын да қызық тұстары жайлы және өзінің бір күні қалай өтетінін әңгімелеп берді.
«Мен 1995 жылы алғаш ана атанып, тұңғыш ұлымды дүниеге әкелдім. Балаларымның арасы 2-3 жылдан болып, 2008 жылы жетінші баламды босандым. Сол жылы алтын алқа алып, ресми түрде көп балалы ана болдық. Ал он төртінші баламды 2021 жылы өмірге әкелдім. Үлкен ұлым мен үш қызым отбасын құрып, үбірлі-шүбірлі болып отыр» дейді ол.
Гүлназ ханымның айтуынша, әр уақытты тиімді жұмсасаң бәріне үлгеруге болады.
«Менің күнім таңертеңнен күйеуімнің, балаларымның тамағы деп оянудан басталады. Оларды сабаққа, балабақшасына жіберіп, басқа да үй шаруасына үлгеремін. Түс болса түскі тамақтың қамы дейміз. Түстен кейін кіші балаларымды бір ұйықтатып аламын. Балалардың үй тапсырмаларына да уақыт бөлу керек. Сонан соң кешкі тамаққа кірісеміз. Сенбі-жексенбі болса үйдің күйбелең тірлігі күтіп тұрады» дейді Гүлназ Шәкенова.
«Бәрі қарсы болғанда күйеуім қолдау білдірді»
Гүлназ Шәкенова сәбилі болу жолында түрлі қиындықтар болғанын айтты. Жақындары тарапынан оны түсінбей, түрлі сөздер айтқандар да табылған.
«Ана болу – үлкен бақыт қой. Десе де бізге «өзіңді ойла, осы баладан кейін тоқтаңдар» деген сияқты сөздер де айтылды. Туған-туыстар арасында бізді түсінбегендер де болды. Алайда бәрі қарсы болғанда күйеуім қолдау білдірді. «Бала деген бақыт. Алланың берген сыйы. Одан ешқашан бас тартуға болмайды. Баланы бағатын олар емес, біз ғой. Еш мұңайма, әр бала өз несібесімен келеді» деп мені қолдап отырды» дейді Гүлназ ханым.
«Әр бала – өзінше бір тұлға»
Көп балалы отбасында отбасы шығындары да бір төбе әңгіме. Әр бала өз несібесімен болады десек те, олардың келешегі жеке инвестицияны талап етеді. Гүлназ ханым, осы тұста бала тәрбиесіндегі материалдық және моральдық көңіл бөлуге қалай үлгеретінін айтып берді.
«Әр бала өзінше бір тұлға ғой. Әрқайсының мінезі әр түрлі. Оларға жеке-жеке көңіл бөліп, тілін тауып сұрағанын алып беріп отыруға тырысамыз. Әсіресе жасыратыны жоқ мектеп жасындағы балаларымызға көбірек қаржылай көңіл бөлу керек болады. Қатарынан қалмасын деп қалағанын, сұрағандарын алып беруге тырысамыз. Болмай жатса, дұрыстап түсіндіріп отырамыз» дейді көп балалы ана.
«Мемлекетке туған балаңды міндетсіну – дұрыс емес»
- Бала тәрбиесінде ұстанатын басты қағидаңыз қандай?
- Балаларымды үнемі мейірімділікке, ізеттілікке, кішіпейілдікке баулып отырамын. Әрине көп балалы ана болу оңай нәрсе емес. Әр балаға көңіл бөліп, дұрыс тәрбие беруіміз керек. Десе де, көп адамға берілмей жатқан ана болу деген үлкен бақытты түсіне біліп, оны бағалап, әр балаға жеткілікті тәрбие беру алғашқы міндетіміз»
Гүлназ Шәкенова мемлекеттің көп балалы аналарға жасап отырған жағдайына риза екенін айтты. Оның сөзінше, әр ана баланы ел үшін емес, әуелі өзі үшін өмірге әкеледі.
«Мемлекет тарапынан көп балалы аналарға жасалған жағдайға көңілім толады. Алтын алқамды да, жәрдемақымды да алып отырмын. Әр ана дүниеге бала әкелсе өзі үшін, отбасы үшін әкеледі. Мемлекет оған ештеңе беруге міндетті емес. Сол себепті қисынсыз дүниелер сұрап, қазақтың санын көбейтіп жатырмыз деп міндетсіну - дұрыс емес секілді. Ең бастысы сол дүниеге әкелген балаларыңа дұрыс тәрбие беріп, өсіріп, жетілдіріп, солардың қызығына тоймай жүргенің - нағыз бақыт» дейді Гүлназ Шәкенова.
Еске салайық, елімізде мамыр айының екінші жексенбісі аналар күні аталып өтеді. Бұл атаулы датаны Үкімет 2023 жылы маусымда мереке күнтізбесіне сәйкес қосымшада бекітіп, оған қол қойды.