Байлық салығын енгізу жайлы әңгіме елімізде жыл сайын көтеріледі. Дегенмен, бұл мәселе пандемияға байланысты дағдарыс жағдайында әлемде жиі айтыла бастады. Әсіресе, елімізде кейбір депутаттар яхта, ұшақ, қымбат көлік мініп, зәулім сарайда тұратын ауқаттыларға салынатын салықты арттыру туралы ұсыныстар айтып жүр. Шынында да, Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде халықтың бай және кедей топтары арасындағы алшақтық айтарлықтай өсті. Қазақстанда байлық салығын енгізетін кез жетті ме? Бүгін осы тақырыпты қозғағанды жөн санадық.
АЙЛЫҒЫ ТӨМЕН АЗАМАТТАР АЗ САЛЫҚ ТӨЛЕЙДІ
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әділдік үшін қолданысқа жалақы мен басқа да кіріс түрлеріне қатысты жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу мәселесін пысықтайтын уақыт жеткенін жариялады. «Үдемелі өлшемге сәйкес жалақысы төмен азаматтар салықты қазіргіден аз төлейді. Ал еңбекақысы жоғары қызметкерлердің төлейтін салығы артады. Мақсатымыз – еңбекақы төлеудің мейлінше кең тараған әрі жасырын тәсілін «көлеңкеден» шығару. Егер тиісті салық мөлшері қысқаратын болса, жалақыны жасырын төлеудің қажеттілігі болмайды», – деді Мемлекет басшысы. Біле жүріңіз, бұл қадам жалақыны конвертпен алатын азаматтардың санын азайтып, салық төлеушілердің қатарын көбейту үшін жасалып отыр.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, айына 250–300 мың теңге жалақы алатын азаматтар 10% емес, 7% табыс салығын төлеуге тиіс. 300 мың теңге мен 1,5–2 млн теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10% мөлшерлеме сақталуы керек. «Жылына 25 млн теңгеден көп табыс табатын азаматтар үшін табыс салығының пайыздық мөлшерлемесін арттыру қажет. Бұл мәселені үкіметтік комиссия нақтылайды», – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, жеке табыс салығының пайыздық мөлшерлемесінің шекті деңгейін 15%-дан асырмау керек.
Айта кетейік, Президенттің тапсырмасын орындау үшін Ұлттық экономика министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына парламент депутаттары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен қоғам қайраткерлері енді. Ұлттық экономика вице-министрі бір сөзінде үдемелі өлшем бойынша жеке табыс салығының шегі мен мөлшерлемесіне қатысты мәселе ашық талқыланатынын айтты. «Бұл шара қолға енді алынғандықтан үдемелі өлшемнің мөлшерлемесі қандай болатынын әзірге айту қиын. Нақты әрі дәйекті ақпарат жұмыс тобының басқосуынан кейін белгілі болады», – деді вице-министр.
ДЕПУТАТТАР ПРЕЗИДЕНТТІ ҚОЛДАЙДЫ
Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Саиров үдемелі өлшем Еуропа елдерінде кең тарағанын тілге тиек етіп: «Мұны «Еуропа- Скандинав моделі» деп атайды. Еуропалық стандартқа сай өмір сүру үшін бізге осы тәсілге жүгінуге тура келеді. Үдемелі өлшемнің шекті деңгейі Президент айтқан 15%-дан аспауға тиіс. Шекті деңгей бұдан жоғары болса, адамдар табысын жасыра бастайды», – деді халық қалаулысы.
Шынында да, жалақысы жоғары адамдар мемлекетке тапқан табысына сай салық төлеуге тиіс. Өйткені, мемлекет олардан бюджетке түскен түсімді трансферттік шығындар мен әлеуметтік төлемдерді жабуға жұмсайды. Осылайша қоғамда әділдік орнатуға бір қадам жасалады. Оның үстіне, қоғамда жалақысын конвертпен алып жүрген адамдар бар. Олар бұл қадамға салық төлеуден жалтаруды мақсат тұтып емес, тапқан табысын отбасын асырауға жеткізу үшін барады. Адамдарды да түсіну керек. Олар жақсы өмір сүргендіктен салық төлемей жүрген жоқ. Халық тапқан табысының 50%-ын азық-түлікке жұмсайды. Дамыған елдерде азық- түлік алуға айлық табыстың 8–10%-ы ғана жетеді.
Қазір бізде 100 мың теңге жалақы алатын адам мен 400 мың теңге табыс табатын адам бірдей, яғни 10% жеке табыс салығын төлейді. Әділдік тұрғысынан қарағанда, бұл дұрыс емес. Қолданысқа үдемелі өлшем енгізілсе, табысы аз адамдар аз, табысы көп адамдар көп салық төлейді. Яғни үдемелі өлшем халықтың басым бөлігі үшін тиімді болады.
Мәселен, биылғы дағдарыс АҚШ сияқты алпауыт дамыған елді де әбігерге салса керек, бұл елде қазір миллиардерлеріне 60%-дық біржолғы салық төлеу идеясы күшейе түскен. Мұнда да осындай заң жобасын сенаторлар ұсынды. «Миллиардерлердің төлемін жаса» деп аталатын заң жобасы 467 бай адамнан тұратын элитадан 731,8 миллиард долларға 60 пайыздық салық өндіріп алуы мүмкін. Бұған не мәжбүрлеп отыр? Себебі, елде пандемия басталған кезде 50 млн- нан астам америкалық жұмыссыздық туралы көмек сұрап, тағы 5,4 млн адам медициналық сақтандыруынан айырылған. Сенаторлардың пікірінше, біржолғы салық салу барлық америкалықтарға бір жыл ішінде медициналық шығындарды, соның ішінде рецепт бойынша дәрі-дәрмектерді төлеуге мүмкіндік береді.
Ал біздегі байлар ше? Қысылтаяң кезеңге қарамастан, Шешенстандағы футбол командасына ұшақ сыйлап, аурухана салып беретінін жария еткендер де бар. Рас, ғайыптан пайда болған қырғын дүние-дәулетін шетелге шашатын бай-шонжарлар да жоқ емес.
Белгілі экономист Мақсат Халық байларға салық салу туралы ұсынысты қолдайды. Дегенмен, ол дәулеттілерге салық салмас бұрын жалпыға бірдей табыс декларациясын енгізу қажет деп есептейді.
«Әрбір қазақстандық қанша табысы барын көрсетсе, сол кезде бәрі әділ болады. Менің ойымша, заңсыз жолмен байығандар өз мүлкін жария еткісі келмейді. Осындай лобби топтар парламентте де әрекет етіп жатқаны байқалады. Еш мүлкі жоқ, орта таптағы азаматтар табысын жария етуге қарсы емес деп ойлаймын. Байлықты заңсыз тапқандар қарсылық танытып жатқан жайы бар, – дейді ол.
Елімізде байларға арналған салық 2024 жылдан бастап енгізіледі деген жоспар бар. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров байлар салығы тек ауқатты адамдардың «қалтасына» әсер ететінін атап өтті. «Жаңа салық негізінен қымбат көліктерге, басқа да сәнді заттарға, мүмкін антиквариатқа, жылжымайтын мүлікке және өзге де бағалы заттарға салынуы мүмкін», – деді ведомство басшысы.
Қалай десе де, байлардың бәрінің де «қаржы айналымдарының» қозғаушы күші – тұрып жатқан елі. Сондықтан табысының көлеміне қарай сол елмен салығын да лайықты бөлісу – әділетті шешім болар еді.
ШЕТЕЛДІК ТӘЖІРИБЕ
Еуропа елдерінде «байлық салығы» баяғыдан бар. Бәленің бәрі ежелгі Рим империясында алқызыл киім мен қымбат әшекей тағынуға тыйым салудан басталған. Жүздеген жылдар өткеннен кейін осы қатаң ереже Венецияда тек қара гондолаға міну туралы бұйрыққа ұласты. Кезінде кейбір елдерде кітап, су құбыры, тіпті опера театрының билетіне де салық салынған. Өткен ғасырдың басында Норвегияда кәдімгі шоколад асып- тасудың белгісі саналды. 1810 жылы Пруссияда ит салығы шықты, себебі итті тек байлар асырай алады деген ұғым қалыптасты. Соңғы жылдары көптеген дамыған елдерде кері құбылыс байқалған еді – байлық пен сән-салтанатқа салынатын салықтың орнына қосымша құн салығының жоғарғы ставкасы енгізілді.
Көрші Ресейде де «байлар салығы» бар. Онда табысы жылына 5 миллионнан асатын азаматтар үшін салық ставкасы 13%-дан 15%-ға дейін өсті. Осы салықты енгізу арқылы олар биыл бюджетке 60 млрд рубль кіріс кіргізді. Сондай-ақ, бұл соманы алдағы жылы – 64 миллиардқа, 2025 жылы – 68,5 миллиардқа өсіруді жоспарлауда. Мемлекет бұл қаражатты ауыр, созылмалы және сирек кездесетін аурулары бар балаларды емдеуге жұмсайтын болады. Жаңа заң мүлікті сату (бағалы қағаздарды қоспағанда ) немесе сақтандыру төлемдері сияқты біржолғы кірістерге қолданылмайды. Билік мұндай шараларды Ресей бюджет тапшылығының өсуіне байланысты қабылдады. Енді олар байларға салынатын салық мөлшерлемесін одан әрі арттыруды қарастырып жатыр. Алдағы уақытта 21 пайызға, содан кейін 30–35 пайызға ұлғайтуды көздемек.
Ал Германияда байлар салықты көп төлейді. Мәселен, егер ерлі-зайыптылардың жалпы табысы жылына 18 мың еуродан аспаса, онда олар салық төлеуден босатылады. Принцип өте қарапайым: адам неғұрлым көп ақша тапса, соғұрлым оның салығы ұлғаяды. Мұны олар прогрессивті салық салу шкаласы деп атайды. Онда салық ставкасы 14-тен 42 пайызға дейін өсіп отырады. Кейбір жағдайларда арнайы максималды мөлшерлеме 45 пайызға дейін ұлғайтылған.
Мысалы, Швецияда «жоғарғы» шек 56,4%, ал төменгі шегі – 0%. Бельгияда табыс салығы 25%-дан басталып, 53,7%-ға жетеді.
Тақырыпқа орай
Ербол ИСАХАНОВ, Алматы қаласының тұрғыны: БАЙЛАР БӨЛЕК САЛЫҚ ТӨЛЕУГЕ ТИІС
Елімізде сіңірі шыққан кедейлер мен шылқыған байлардың арасы алшақтап барады. Сондықтан да байлыққа салық салуды әлеуметтік жауапкершіліктің бір тетігі іспетті қарастырған абзал. Бұл ретте байлар бөлек салық төлеуі тиіс. Өйткені, еліміздегі ауқатты адамдардың табысы көбейген сайын, сәйкесінше оларға салынатын салықты да еселеп өсіру керек. Егер шенеунік, ұлттық компания топ-менеджерлері мен кәсіпкердің айлық табысы 1 миллионнан асса, ол мемлекетке 40 пайыз салық төлеуі тиіс. Қазір елімізде табыс салығы бай мен кедейге бірдей – 10 пайыз. Яғни тұрғындар арасында теңдік жоқ. Бір жалақыға қарап отырған адамдар барынша үнемдеуге тырысады. Енді біреулер байлығын көрсетіп қалу үшін бір- бірімен бәсекелесіп жүр.
Соңғы кезде қымбат көлік, пәтер мен өзге де жылжымайтын мүлікке деген сұраныс өскен. Қазір тек құны 1 миллион доллардан асатын баспанасы барлар мен джип мінгендерге салық бірнеше есе жоғары. Сондықтан салық кодексіне өзгеріс енгізуді ұсынамын. Табысы жоғары адамдарға және қымбат көлік, зәулім үй сатып алып, оны ашық жариялап жүрген байларға салықты көбірек салу керек. Ал қайырымдылық жасап жүргендерге жеңілдік болуы тиіс.
Марат НАРИМАНҰЛЫ, экономист: ОЛАРДЫҢ АҚШАСЫН ТҰРМЫСЫ ТӨМЕН ОТБАСЫЛАРҒА БЕРУ КЕРЕК
Байларды аяудың қажеті жоқ. Олардың елге тигізіп отырған пайдасы шамалы. Өкінішке орай, біз ірі кәсіпкерлерге, ауқаттыларға салықты төмендету туралы жиі айтамыз. Кәсіпкерлер мемлекетке салықты неғұрлым аз берсе, соғұрлым олар өз бизнесіне инвестиция салады, көбірек жұмыс орындарын ашады, жұмысшыларына жоғары жалақы төлейді деп ойлаймыз. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс? Бүгінде бізде байлар мен кедейлердің арасы тым алшақтап барады. Түйені түгімен жұтып жатқан олигархтар қарапайым қара халыққа көмектесіп жатыр ма?
Қазір интернетті ашып қалсаңыз, баласын немесе өзін емдете алмай, қайыр сұрап жүрген адамдар қаншама? Әлеуметтік желіге суреттерімен қосып, небір ауру түрлерін жазғанда, қарап отырып жүрегің ауырады. Ондай адамдар саны тым көбейіп кеткен. Халықтың жағдайы өте нашар. Ал ауқаттылар байыған үстіне байып жатыр. Осы әділдік пе?
Менің ойымша, әрбір азамат жиып-терген дәулетіне сай салық төлеуі керек. Байларға салық салынса, ел қазынасына қыруар ақша түседі. Соның арқасында мемлекетте қосымша қаражат та пайда болады. Ал оны халықты әлеуметтік жағынан қолдауға, яғни көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедектерге көмек көрсетуге жұмсауға болады.