Ел болашағы үшін бұл ресми сапардың маңызы зор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжіңге екі күндік ресми сапары табысты болды. Онда Қазақстан Президенті Қытай басшысы Ши Жінпіңмен (Си Цзиньпин) және өзге де жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесті. Бірқатар қытайлық ірі компания өкілдерін қабылдады. Сондай-ақ, «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысты. Әрине, қазіргі халықаралық жағдайдан қарағанда, сырт көзге форумның саяси сипаты басым көрінуі мүмкін. Бірақ біздің ұлттық мүддеміз тұрғысынан аталмыш халықаралық жобаның да, кезекті форумның да экономикалық маңызы басымырақ. Әрі ел болашағы үшін кезекті ресми сапардың маңызы тіптен бөлек. Олай дейтініміз, бұл жолы қол қойған 24 келісім қатарында біздің экономикалық дамуымызға тікелей әсер ететін бастамалар да бар. Сондықтан да Қытайдағы халықаралық форумның жай-жапсарын, келісімдердің бағыт-бағдарын нақтылай кетуге тура келеді.
Жоғары дипломатиялық ілтипат нышаны
Қытайдағы халықаралық форум қарсаңында сол елге ең ерте жеткен мемлекет басшыларының бірі – Қазақстан Президенті болды. Себебі, халықаралық форумға қатысудан тыс қазақ делегациясының өзіне жүктеген аса маңызды міндеттері де бар еді. Қазақстан Қытай үшін жоғары дипломатиялық байланысқа ие тату көршісі, әрі халықаралық жобадағы маңызды серіктесінің бірі. Астанамен қарым-қатынасқа баса мән беретінін Бейжің тарапы күтіп алу кезіндегі сән-салтанатты іс-шараларымен, ресми кездесулерлердегі жылы лебіздерімен аңғартты. Сап түзеген салтанатты құрмет қарауылынан тартып, самалмен теңселген гүл алқабындай бишілердің қойылымы жоғары дипломатиялық ілтипаттың нышаны болды.
Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде Қытай басшысы Қазақстан Президентін сыралғы көне досы ретінде ілтипатпен күтіп алды. Әрі келіссөз отырысы барысында Қазақстанның егемендігі мен тұтастығына қатысты маңызды ұстанымдарын қайталады. Қытай басшысы сөзінде «халықаралық жағдайдың аумалы төкпелілігіне қарамастан» Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қолдау көрсететінін жеткізді. Президент Тоқаев та өз кезегінде екі елдің жан-жақты стратегиялық серіктестік қарым-қатынасының барған сайын дамып келе жатқанына баса мән бере сөйледі.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бастаған делегациямен бірге ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянмен, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитет төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді.
Сонымен қатар, Қытай сапарының негізгі міндеттері аясында қытайлық бірқатар ірі компанияларының жетекшілерімен кездесіп, келісімдер жасасты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжіңдегі сапарының тағы бір мазмұнды бөлігі – Бейжің Тіл және мәдениет университетінде жалғасты. Онда Әбу Насыр әл-Фарабидің бюстін ашып, өзінің бұрынғы тәлімгерімен жүздесті. Бұл іс-шара да Астана мен Бейжіңнің дипломатиялық қарым-қатынасының тың дастаны болып қалды.
Келіссөздер мен келісімдер
Бұл жолғы келіссөздер нәтижесінде 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдердің жалпы құны 16,54 миллиард долларды құрайды. Қол жеткізген келісімдердің басым бағыты – мұнай өңдеу өндірісі, кен өнімдерін барлау және ашу, сондай-ақ, жол-логистикалық әлеуетті арттыру бағдарларын көздейді. Бұған дейін біз Еуропа сынды үлкен нарықтың Қазақстандағы және жалпы Орта Азиядағы табиғи ресурстарға, соның ішінде энергетика қорына айрықша мүдделі болып отырғанын білеміз. Дегенмен, алып нарықтық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге Қазақстанның әлеуеті дайын болмай келеді. Сондықтан қытайлық ірі компаниялармен осы бағытта тиімді келісімдер жасау маңызды.
«Аягөз – Тачэн» теміржолын салу жобасын айрықша атай кету керек. Қытай ұсынған «Бір белдеу, бір жол» жобасының құрлық арқылы Еуразияны жалғайтын экономикалық желілерінде Қазақстанның рөлі айрықша. Дегенмен, соңғы уақыттарда Үндістан мен Ресейді жалғайтын немесе Қытайдан Еуропаға Қазақстаннан тыс өтетін тасымал дәліздері, теміржолдар халықаралық маңызды жобадағы үлесімізді қысқарту қаупін тудырған. Қытайдың ең батыс шекарасындағы Шәуешек қаласы мен Аягөзді жалғайтын жаңа теміржол жобасы Қазақстанның аймақтағы транспорттық әлеуетін жаңа деңгейге, тіпті теңдессіз орынға көтеруі мүмкін. Бұл аймақтың солтүстік бағытындағы тасымал мүмкіндігін жоғарылатып, Қытайдан Еуропаға бағытталған тауар тасымалының Қазақстаннан өтетін көлемін көбейтеді.
Аталмыш жоба еліміздің аймақтағы транспорттық табысын жоғарылатумен бірге, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының да әлеуметтік-экономикалық өсіміне өзіндік ықпал ететін болады. Бұл жоба арқылы біз оңтүстіктегі көршілерімізбен бәсекеде тағы бір қадам алдыға түсе алатынмыз және бар.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы: 1 триллион АҚШ доллары
Қытайда өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумы аталған ауқымды жобаның 10 жылдығын атап өтті. Көзіқарақты жұртқа мәлім, бұдан 10 жыл бұрын Қытай басшысы «Бір белдеу, бір жол» жобасын алғаш рет Астана сапары кезінде ұсынған еді. Оның да өзіндік тарихи символдық мәні бар. Бейжің әу бастан аталмыш жобада Қазақстанның айрықша маңызға ие екенін мойындаған. Турасында, Қазақстанның табиғи географиялық мүмкіндігінің өзі де Қытаймен арадағы дипломатиялық байланыстарда ескермей келе жатқан артықшылықтарымыздың бірі.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасына қазірге дейін шамамен 1 триллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржы жұмсалған. Әлемнің көптеген елінде электр станциялары, жолдар, теміржолдар мен порттар секілді инфрақұрылымға инвестиция салу арқылы Қытай да өзінің саяси - экономикалық ықпалын тереңдетуге тырысты. Бұл бір жағынан, оның батыстық бәсекелестері үшін үлкен сын-қатерді де ұсынғаны анық. Сондықтан Қытайдағы форумға қатысты Батыс жұртының пікірі алабөтен. Тіпті, еліміз ішінде де кереғар көзқарастардың болатыны сөзсіз. Дегенмен, іргеміздегі алып экономика алға қойған мегажобадан біз де тыс қала алмасымыз анық еді. Тіпті, одан тыс қалу біздің ұлттық мүддемізге сай келмесі анық. Қазақ делегациясының кезекті Қытай сапарын міне осы тұрғыдан бағалау керек. Батыс пен Шығыстың қызу бәсекесі арасында ұлттық мүдденің жалауын жығып алмау – келіссөздер кезінде мейлінше тиімді келісімдерге жетумен жүзеге асады.