құтқарушылар барлық құрметке лайық
19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.
Аты айтып тұрғандай, кәсіби мереке иелерінің ең басты міндеті – тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмек көрсету, адам өмірін құтқару. Шынтуайтында, өзгенің өмірі үшін өзінің басын қатерге тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндай жауапкершілікті алу үшін адамға үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек.
Ендеше, өзгенің өмірін сақтау үшін өз жанын шүберекке түйіп қызмет етіп жүрген азаматтарымыздың еңбегі барлық құрметке лайық.
Құтқарушылардың кәсіби мерекелері қарсаңында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Әділ Еркінұлы Дәуренқұловтан жалпы төтенше жағдай туындағанда атқаратын жұмыстары жайында сұрадық.
МАМАНДЫҒЫМ - МАҚТАНЫШЫМ
Тараз қаласына жақын Құмшағал ауылының тумасымын. Жасым – 27-де. Бала кезімнен өрт сөндіруші болуды қаладым. Кейін мектеп бітіргеннен кейін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтына оқуға түсу арманым болатын. Бірақ ол жылы ҰБТ-дан өте алмадым, жолым болмады. Кейін шақырту алған соң Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге аттандым. Әскерден келгеннен кейін Тараз қаласындағы «Ғасыр» колледжіне оқуға түсіп, заңгер мамандығын алдым. 2018 жылы қазір еңбек етіп жүрген №1 мамандандырылған арнайы бөлімге өрт-сөндіруші болып жұмысқа орналастым. 6 жылдан бері осы мекемеде абыройлы еңбек етіп келемін. Ұжым сайдың тасындай мықты жігіттерден құралған. Барлығымыз бірге ас ішіп, кейде, тіпті бірге ұйықтаймыз да. Бір-бірімізге сыйлымыз. Әріптестерімнен үйренгенім де, әлі де үйренерім көп.
Өздеріңіз білесіздер, өрт сөндірушілердің әр күні қауіп пен қатерге толы. Соған қарамастан қызыл жалынмен арпалысуға дайын тұрамыз. Себебі, бұл біздің міндетіміз. Жазым деген табан астында ғой... Бірде Розыбакиев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы «Беккер» деген сауда орталығында өрт шыққаны туралы хабар келді. Біз «сол ғимараттың шатырын ашып, шатырдың астынан су шашыңдар» деген бұйрық алдық. Оқиға орнына жылдам жеттік. Бірақ, шатырдың үстіне жылдам шығамын деп аяғым тайып кетіп, лаулаған қызыл жалынның ортасына бір-ақ түскенім бар. Көрер жарығым бар екен, әйтеуір аман қалдым. Сол кез әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Таулы аймақтарда да қауіп көп. Мәселен, шырша жанып, үстіңе құлап кетуі мүмкін. Адам өмірін ажалдан аралашау, қиын сәтте көмек қолын созу, оларға қайта өмір сыйлау деген ерекше сезім. Еңбегімізді бағалағандықтың белгісі болар, кейде бізді халық арасында «бейбіт күннің батырлары» деп құрмет көрсетіп, кішкентай балалар бізбен суретке түсіп жатқанда, мамандығыма деген құрметім арта түседі. Осылайша көптің алғысына бөленіп еңбек етіп келеміз. Қазір жалақымыз көтеріліп, жағдайымыз жақсара түсті. Мен өз мамандығымды сүйемін!