2024 жыл әлем тарихында «сайлау жылы» ретінде есте қалары анық. Жыл басынан бері көптеген елде елеулі саяси бәсекелер өтіп келеді. Алайда, АҚШ-та қарашада өтетін президент сайлауы қазірдің өзінде төрткүл дүниенің назарын бұрып-ақ тұр. Жаһандық көшбасшы державаның ішкі-сыртқы саясаты әлемнің әр түкпіріне өз әсерімен жетіп жатады. Сол үшін де бұл елдегі әр реткі сайлау науқанын әлем болып талқылайтыны бар. Талқылағанда да әр ел сайлау нәтижесін өз тұрғысынан бағалап, болжап, өзіне келіп-кетері қандай деген сауалдарға жауап іздейді. Әлі 100 күннен аса уақыт бар болса да сайлау нәтижесіне болжап, келер-кетерін екшеуге ертелік етпейді. Сонымен, кезекте Құрама Штаттардағы қос партияның қазіргі жағдайын есепке ала отырып, алғашқы адымдағы болжамдарымызды ұсынамыз. Әрі демократтар немесе республикашылдар жеңісінің ықтимал әсерлеріне талдау жасайтын боламыз.
Демократтардан үміткерлер аз емес
Төрт жыл бұрын Құрама Штаттар тарихындағы ең тартысты сайлау өткен болатын. Биылғы дода одан аспаса кем түспейді. Байден үміткерліктен бас тартқаннан кейін Демократиялық партия ғана емес, АҚШ-тың сайлау жүйесінің өзі үлкен тығырыққа тірелді. Сайлауға 3 ай шамасында уақыт қалды, мұндай уақытта бір тараптың үміткерсіз қалуы ел тарихында кездеспеген. Заңға сәйкес вице-президент Харристің үміткерлігі тамыз ортасындағы партия съезінде тұрақтануы тиіс еді. Әйтседе, Демократтар оған дейінгі уақытты Республикашылардың пайдасына беріп қойып қарап отырмасын аңғартты. Партия делегаттары қысқа уақыт ішінде Харристің үміткерлігін жақтап шықты. Әрі ол айналасы 3-4 күн ішінде сайлау науқаны үшін 100 миллион доллардан аса қаржы жинай алды.
Осыдан кейін оны Демпартияның ресми үміткері деп атай берсе де болар. Әйткенмен, партия ішіндегі қолдау ел ішінің қолдауы дегенді білдірмейді. Демократтар бар болғаны қиын жағдайдан шығып кетудің қамын істеп жатқандай. Камала Харриспен бәсекеге түскісі келетін демократ үміткерлер де аталып қалды. Қысылтаяң сәтте демократтардың үмітін ақтауға тұрарлық адамдардың есімдері атала бастады. Ол қатарда Мичиган губернаторы Гретчен Уитмер, Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом, Пенсильвания губернаторы Жош Шапиро, Иллиойс штатының губернаторы Дж.Б.Притцкерлер бар. Соңғы екеуі Трампқа қарсы батыл сыншы ретінде танылған саясаткерлер. Арасында Хариспен бәсекеге түсіп жатса Гэвин Ньюсомның жеңіп шығуы мүмкіндігі жоғары. Ол соңғы жылдары Демократтардың жаршысы әрі ұдайы өсіп келе жатқан саяси ықпалға ие тұлға ретінде танылған. Ең қызығы, осы аталғандардың бәрі дерлік демократтар үшін 2028 жылы өтетін сайлаудың басты үміткерлері деп аталып жүретін. Бұған қарап Демократиялық партия өз ішінде үміткерсіз қалу сценарийіне дайын болмағанын көреміз.
Әрине, партияластарының қолдауына және сайлау науқанын қаржыландыратын тараптардың белсенділігіне қарап Камала Харрис демократтардың негізгі үміткері деп тани берсек болады. Бұның бәрін айтып отырған себебіміз, демократтардың қазіргі қадамдарынан олардың жеңіске жету ықтималдығын болжауға тырысу болатын. Бүгінге дейінгі аяқ алыстарына қарап Демпартияның Республикашылдарға қарағанда ырықсыз орында тұрғанын айту қиын емес.
Трамп бір қадам алда...
Демократиялық партия тарапы үміткерін ауыстырып жатқанда, Республикашылдар сайлауалды үгіт-насихатын бастап кетті. Бұл – Трамп командасының қазіргі басты артықшылығы. Егер жарыс соңына дейін осы позициясын сақтап тұрса немесе бірнеше қадам озып кетсе, онда Трамптың екінші рет президент болу ықтималдығы зор. «Қызылдардың» (Республикашылдар) сайлауалды іс-қимылдарынан біз бұрынғы мемлекеттік кеңесші Жарет Кушнердің қолтаңбасын танып тұрмыз. Кез келген қолайсыз ситуацияны өзіне қолайлы бағытқа бұрып жіберетін Трамптың күйеу баласы қазір де оның сенімді кеңесшісі.
Президенттік өкілеттілігі кезіндегі кейбір мәселелер және жеңіл жүрісті актриса дауы сынды басты кандидат үшін жағымсыз істердің бәрі Трамптың пайдасына шешіліп келе жатуы оның командасында шебер үйлестірушілер мен іскер менеджерлердің бар екенін білдіреді. Оның үстіне, басты үміткерге жасалған қастандық президенттікке үміткердің ел ішіндегі қаһарман образын тіпті де биіктетіп жіберді. Тісқақты саясаткер, тәжірибелі ойыншы, күшті қарсылас саналатын Байденнің жарыстан шығып қалуы да Трамп үшін тағы бір олжа. Оның «Камала Харристі жеңу Байденді жеңуден әлдеқайда оңай» деуі бекер емес. Егер қазір үміткерлердің саясат алаңындағы салмағын бағаласа Харрис Трампқа тең келетіндей бедел жинап үлгерген жоқ.
Республикашылдар саяси додаға сақадай сай
Әрине, егер сайлау басқа бір елде өтіп жатса осы салыстырулар арқылы-ақ Трампты Құрама Штаттардың келесі президенті ретінде атар едік. Алайда, бұл Америка Құрама Штаттары, саяси технологиялар жетілген, әрі қызу бәсекеге толы ел. Саяси топтардың тағдыры қысқа уақыт ішінде өзгеріп отыратын жер. Сондай болжаусыздықтар арасынан Трамптың тағдыр-тәлейін тайдырып, Харристің бағын аспандатып жіберетін әлдебір оқиғалардың болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Сайлау тағдырын шешетін америкалықтар, соның ішінде де бірнеше штаттағы тұрғындардың таңдауы жеңімпазды анықтайтындай. Енді ғана партияластарының қолдауына ие болған Харрис барлық штаттарды аралап шығуға уақыты жоқ. Дегенмен, штаттардың өз дәстүрі бар. Кей штаттарда демократтарды қолдаушылар басым болса, кей штатта республикашылдардың ұдайы бәсі биік болып жатады. Уақыт аз қалғандықтан Харрис барлық штаттарды аралап жүрмейтіні белгілі. Сондықтан Трамппен ең сұрапыл бәсеке орын алатын шт атт арға басымдық беруі мүмкін. Яғни Пенсильвания, Огайо сынды алдынғы сайлауда итжығыс түскен штаттардағы жеңіс маңызды болғалы тұр. Егер кімде-кім АҚШ-тың келесі президентін алдын ала анықтағысы келсе, осы штаттардағы сайлауалды іс-қимылдарын бағалауына тура келеді.
Қалай десек те, Трампты бас үміткер еткен республикашылдардың саяси жарысқа сақадай сай екенін көріп отырмыз. Трамп өзінің қайта президент болатынына күннен-күнге сене түскендей. Десек те, сыртқы геосаяси жағдайлар да америкалықтардың таңдауына әсер ететіні тағы бар. Яғни америкалықтар қазіргідей күрделі жаһандық жағдайда ішкі мәселелерге баса назар аудара ма, әлде жаһандық мәселелерді маңыздырақ деп таба ма? Міне, осының өзі де жеңімпазды анықтаудың басты критерийінде тұрары сөзсіз.
Екі тарап жеңісінің ықтимал әсерлері
Егер Трамптың қазіргі басымдылығына қарамастан демократтар сайлауда жеңіп шықса не болмақ? Онда Ақүйдің қазіргі ішкі-сыртқы саясаты өз жалғасын табады. Сыртқы саясатта Украина мен НАТО бағытындағы қазіргі үрдіс жалғаса бермек. Демократтардың жеңісі Құрама Штаттарды әлі де байсалды ойынға қарай тартады, державаның бұл ұстанымы қазіргі халықаралық шиеленістердің болжаусыздығын жалғастыра береді. Былайша айтқанда, қазіргі халықаралық жағдай әлі де біраз жылдарға созыла түспек.
Бұл Украина жағдайына да қатысты. Джо Байден Украинаны қолдау ұстанымын батыл жалғастырушы президент екені мәлім. Бірақ бұл қолдаулар ұдайы кедергілерден өтіп отыруына тура келді. Кейде біршама уақыт қаржылық және қару-жарақ жағындағы қолдаулар үзіліп қалып отырды. Бұның бәрі Украинадағы соғыстың нәтижесіз, болжаусыз күйде созыла беруіне өз әсерін тигізіп келеді. Былайша айтқанда, толық әрі қарқынды қолдау арқылы Украинаны басымдыққа шығармайды немесе қолдауды тоқтатып Ре сейге жеңіс беріп те кетпейді. Нәтижесінде бұл өзге елдер мен аймақтардағы геосаяси үрдістерге әсер етіп, державалар бірін-бірі аңдып, орта-шағын елдер оларды бағып отыратын қазіргі картинаны қалыптастырды.
АҚШ үкіметін демократтар билеген кезде ұдайы осындай тәсілдер арқылы өздерінің стратегиялық қарсыластарының шыдамын тауысатыны бар. Бұл дегеніміз, АҚШ – Қытай, АҚШ – Ресей қарым-қатынастарының тіпті де ұзаққа созылатын шиеленісін көрсетеді. Орта – шағын елдер тұрғысынан осындай үрдістің ұзаққа созылуы белгілі деңгейде уақыт пен мүмкіндік берсе, енді бір қырынан көпжақты сыртқы саясатты сақтап тұрудағы ерік-жігерді де мұқалтады.
Трамп алдынғы өкілетті кезеңінде өзінің кескін әрекеттерімен танылды. Мысал көп: Мексика шекарасына қорған соғу; Қытаймен сауда соғысына кіру; Иранмен ядролық келісімнен шығып кету; Солтүстік Кореямен ашық келіссөздерге өту. Турасында мұндай тосын қадамдар әлем елдерін алаңдатады. Бірақ оның тиімді тұстары да бар, яғни үрдісті тездетеді. АҚШ пен Қытай арасында 30 жылдан аса уақытқа созылған белгісіздік, астыртын бәсеке Трамп тұсында ашыққа шықты. Әрі Трамп тұсында жаңа стратегия дайындалып, Қытайды өзінің басты стартегиялық қарсыластарының қатарына қосты. Әрі сол тұста АҚШ Орта Шығыстағы стратегиясын да жаңартып, Ауғанстан мен Сирия, Ирак жерлерінен әскерін шегіндірді. Басты назарды Үнді-Тынық мұхитына қарай бұрды.
Егер алдағы сайлауда Трамп жеңіске жетсе, біз осы бағыттардағы сыртқы саясаттың жандана түсетінін болжай аламыз. Әсіресе, АҚШ – Қытай қарым-қатынасы қақтығыс қаупіне дейін жақындап, содан кейін ғана келісім жолдарын іздеуге өтуі мүмкін. Ал Украина мәселесінде Трамптың жеңісі келіссөздерді жақындатуы бек мүмкін. Әрине, келіссөздер қай тарапқа тиімді жағдайда болатыны болжаусыз, сөйтсе де Трамп өзінің НАТО мен ЕО-дағы одақтас серіктестерін сынап-мінеуді қайталайды. Бұл Вашингтонның Еуропамен болған қарым-қатынасын салқындатып, ЕО елдері Украина мәселесінде өзге шығар жолдар іздей бастауы ғажап емес.
С5+1 форматы қайта жандануы мүмкін
Түпкі ойын астарлап айтатын, әрі болжау қиын демократтарға қарағанда айтарын айтып тастап қарап отыратын Трамп үкіметімен жұмыс істеу жеңілірек. Әйтсе де, оның да сын-қатері жетерлік. Джо Байден Орта Азия елдерінің лидерлерімен басын қосқан алғашқы АҚШ президенті болғанымен, С5+1 форматы Трамп кезінде жанданған. Әрі Трамп кезінде Қазақстан – АҚШ арасындағы сауда көлемі 40 пайызға, елімізге кірген америкалық инвестиция көлемі дерлік екі есеге өскені бар. Демократтардан кейін қайталай билікке келіп жатса С5+1 форматы тіпті де жандана түсуі мүмкін. Алайда, бұл жолы мол геосаяси қатерімен қоса келуі де ғажап емес. Себебі, Трамптың Ақүйге оралуы кейбір геосаяси үрдістердің қарқынын арттырып жібереді. Соның ішінде біздің аймақ үшін державалардың бәсекесі де бар. Вашингтонның аймақтағы іс-қимылына қарата Бейжің мен Мәскеудің жауабы аймақ үшін үлкен қолайсыздықтарды ала келуі әбден мүмкін.