Ұлт руханиятының абызы, көрнекті қайраткер Шерхан Мұртаза туралы сөз
ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің алтын ғасыры.
«Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір», «Сталинге хат»,
«Бесеудің хаты», «Ай мен Айша», «Бір кем дүние» шығармалары сол ХХ ғасырдың тарихи бет-бейнесін көркем дүниемен көрсеткен ұлттық жәдігерлер.
Шерхан Мұртаза сондай-ақ өткен ғасыр журналистикасының шырағы мен пырағы.
Орынтақтың құлы болмай, орынтақтың көркі болған да Шерағаң. Ол отырған креслоның үлкен-кішісі жоқ. Қай қызметке келсе де, сол қызметтің абыройына айналды.
Мұз жүректі жібітті, халқының сөзін айтты, қазақ әдебиетін байытты.
Шерағаңмен ағалы-інілі сыйлас болдық. Тағдырының қиын кезеңінде «Егемен Қазақстанға» қызметке шақырдым. Кеңесші болыңыз дедім.
«Кеңес беретін адамға, кеңесші болмаймын», – деп айтқан да Шерхан көкем.
«Жазғанымды түземейсің, күземейсің, қысқартпайсың, осы сөзге тұрсаң, міне – қолым», – деп, уәдемді алған да Шерағаң еді.
Содан соң бір оппозициялық газет Шерхан Мұртаза «Егеменнің босағасында отыр» деп жазыпты. Шерағаң қолма-қол жауап қайтарды: «Егеменде табалдырық жоқ, бәрі төр!».
Белгілі көсемсөзші Камал Смайылов «Егеменге» «ХХІ ғасыр – Қазақстан ғасыры» деген бір бет мақала жазды.
Мақалада Қазақстанда Менделеев кестесінде көрсетілген барлық қазыналар бар екендігін, оның елімізді бай елдердің қатарына қосатынына шек келтірмейтінін дәйектеді.
Шерағаң оған жауап жазды.
«Әй, Камал дос, сен ХХІ ғасыр Қазақстан ғасыры болады дейсің. Дұрыс-ақ, өзің жазғандай алтын мен күмістің үстінде отыр екенбіз. Айтшы, егер айтқандарыңның бәрі рас болса, осы алтын сандықтың үстінде қазақ неге жалаңбұт отыр?».
Жариялау керек пе? Басың да, тағың да кетуі мүмкін еді. Бірақ уәде Құдайдың бір аты. «Тәуекел» деп, жарияладым.
Бұл хат жазысу бір жарым жылға созылды. Камал ағам бірде заман ғаламторлық ақпаратқа кетіп бара жатыр деп интернет жүйесі туралы толғанды. Бұл кезде интернет әлі өзінің күшін көрсеткен жоқ еді. Сонда Шерағаң: «сол ғаламторыңмен бірге жастарымызды ұлттық құндылықтарымыздан айыратын рухани жағынан аздыратын күш келе жатқан жоқ па, деп ойламайсың ба? Ылғи атыс-шабыс, зорлық- зомбылық, парақорлық, зинақорлық фильмдер түбі түбімізге жетіп жүрмесін» деп жазды.
Кейін бұл хаттар менің «Егеменнен» кетуіме желеу болды.
«Бір кем дүниесінде» «Ай мен Айша» романынан үзінді келтірді. Онда 1937 жылы әкесі Мұртазаны ұстап бара жатқан түнгі сәт суреттеледі. Понятой дегендерін ертіп, түн қараңғысында үйіне НКВД-шілер кіріп келеді. Ай-шайға қарамай қамаққа ала бастайды. Сонда бір қызыл НКВД өкілі төрде ілулі тұрған жайнамазды көреді. «О, аяғым тоңып жүр еді, мына жайнамазды екіге бөліп, шұлғау жасайын», – деп аяғына орай бастайды. Бұл бала Шерханның жүрегіне шер болып қадалады.
Шерағаңнан қалған кейбір сөздерді жаңғыртқым келеді.
«Жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі, таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледі». Бұл әлі коммунистік жүйе қалпында тұрған кезде айтылған сөз еді.
«Екі тіл жыланда ғана болады»; «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді»;
«Менің қаруым – қолымдағы қаламым, бәлкім қызметімді тартып аларсыздар, ал қаламымды ешкім де тартып ала алмайды», – деп Н.Назарбаевқа жауап берген де Шерхан, Шерағаң.
«Аурудың асқынған тұсы – науқаншылдық»; «Қазір жоғарыдан төменге, өрден ылдиға дейін жаппай ұрлық, қарлық. Ұлы ұрлық дәуірі», – деп бетке айтқан да Шерағаң еді ғой.
Көреген екен ғой, көкем!
Қаралы қаңтардан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев Қазақстанның бүкіл байлығы 162 адамның қолында екенін ресми айтты ғой.
«Отан деген, ұят деген ұғым, сезім тапшы. Трижды убивает свою нацию тот, кто игнорирует родной язык. Мұны мен емес, Гегель айтқан», – деп еді-ау Шерағаң.
Депутаттық қызметінде де Шерағаң тіл үшін күресті.
Сенат пен Мәжілістің біріккен отырысында Амангелді Айталы ағамыз Мәжіліс және Сенат депутаттары мемлекеттік тілден тест тапсыру мәселесін көтерді. Бұл ұсыныс дауысқа қойылды. Оған Сенаттың 30 депутатының 8-і жақтап, екеуі қалыс, 20-ы қарсы дауыс берген. Ал Мәжілістің 65 депутатының 25-і жақтап, 40-ы қарсы болған.
Шерағаң осыған күйініп «Егеменге» «Өз үйіндегі өгей тіл» деген мақаласында «мемлекеттік тіл осылай күйрей жеңілді» деп жазды.
Төле би бабамыз дүние салғанда Әйтеке би айтыпты: «Төлеби өлді дегенше, әділет өлді десеңші», – деп...
Шерағаң дүниеден өткенде де қалың қазақ осылай қара жамылды.
Әділеттің шырақшысы дүниеден өтті, – деп күңіренді.
Шерағаңның өзі жоқ, сөзі қалды. Қоладан құйылған ескерткіші қалды. Ұлтқа айтқан аманаты қалды.
Шерағаңның 90 жылдығын атап өтіп, «Шерхан зерттеу» орталығын құрып, туған ауылында музей ашқан, еңселі ескерткіш қойған Тараз халқына рахмет! Тарихы бай көне Тараздың үстінен нұр кетпесін!
Уәлихан ҚАЛИЖАН, ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.