ffin.kz

Шәй сататын келіншек

Шәй сататын келіншек almaty-akshamy.kz

Кез келген адамның абыройға еңбекпен жететіні белгілі. Бұл арада мәселе мансабы­ның жоғары болғанында емес, еткен ең­бегінің адалдығында. Содан да болар, автокөлікке қажетті қосалқы бөлшектер сататын базардың сатушылары да, сатып алушылар да Гүлшатты тегіс таниды. Анадайдан алдымен арбасы, сосын өзі көрінетін шәй сататын келін­шекті тұрақты клиенттері күтіп алып, шығарып салып жата­ды. Сонда осы Гүлшат деген кім еді дейсіз ғой.


Ол базардың басшысы немесе есепшісі, тіпті толып жат­қан лауазымды қызметтің бірінің де иесі емес. Бар болғаны таңнан кешке дейін шәй сатып, нәпақасын айырып жүрген көп қазақ әйелдерінің бірі. Гүлшаттың керек десеңіз, алып базарда белін жазып, демалып отыратын орны да жоқ. Жаз бойы базардағылар Гүлшаттың шәйімен шөлін басса, қыста бойын жылытады. Еңбекқор келіншек үлкен арбасын толты­рып алып, бүкіл базарды аралап шығам дегенше, түс ауып, кеш батады. Осылайша төңірегіндегілердің алғысына бөленіп жүрген еңбекқор Гүлшатқа көрсетілетін құрмет базар басшы­сынан артық болмаса, еш кем емес.



Гүлшаттың отбасы осыдан үш-төрт жыл бұрын ауылдан қалаға көшіп келген еді. Бірден мұнда орнығып, үйренісіп кету де оңайға түспеді. Әсіресе, баспана табу мәселесі қиын­ның-қиыны екен. Жекеменшік үйлерді жағалап, пәтер іздеген күндерін қалай ұмытсын? Үш баласының бар екенін көргенде үй иелері бірден бастарын шайқап, жолатқылары келмейді. Осы базардың маңайына түнеп қалған да кездері болған. Ондайда балаларының «ауылға қайтайықшы, бізге қала керек емес» деп талай жылағаны есінде. Кім ойлаған үлкен қаладан пәтер тауып, қоныстанудың оңайға түспейтінін. Ақырында, бір кішкентай бұрышты тапты-ау. Бұларға үй иесімен тұра­тын ескі үйдің бір бөлмесі бұйырды.



Көп ұзамай Гүлшат базарға шығып, шәй сатуды кәсіпке айналдырса, күйеуі Нұрлан дөңгелек ауыстырушының кө­мекшісі болып шыға келді. Бұрын базарда оны-мұны сатып жүргендерді көргенде іштей «осыдан бірдеңе түсер деймісің» деуші еді. Қарап отырса, тиыннан теңге құралады екен. Ал­ғашқы күні-ақ әжептеуір тиын-тебен жасап, сауданың дәмін алды. Түскен ақшаға көтерме сауда базарына барып, екі қорап шәй, қою сүт, кофе, бір реттік пластмасса ыдыстар, қасық, сулық сияқты қажетті майлықтарды сатып алды. Үйдегі ба­лақайларына тәтті-пәтті алуды да ұмытқан жоқ. Осылайша айы оңынан туып, шаруасы дөңгелене бастаған тұста үй иесінің «үйді босатыңдар, баспанамды сатам» дегені бар емес пе? Шаһарлы жерде туысы түгіл, танысы жоқ жас отбасының басына бұлт үйірілді. Кімге барып көмек сұрасын. Айналасы үш айдың ішінде бұл баспанаға да үйреніп қалыпты. «Жаз­ған құлда шаршау жоқ» демекші, ақыры туған үйінен кетіп бара жатқандай қимастықпен қоштасып, екі-үш түйіншегін арбасына таңып, баспана іздеуге шығады. Дегенмен, қақ- соқпен ісі жоқ, адал еңбекпен күн көріп жүрген ерлі-зайып­тыларға Тәңірдің өзі қолұшын бергісі келді ме, тосыннан баспананың табыла кеткені. Осы базарда көлікке қажетті темір тетіктерін сататын Мұхтар есімді ел ағасы Гүлшаттың көңілсіз түрін көріп, жөн сұраса кетті.


– Мына балаларды неге үйіңе қалдырып кетпейсің? Базар­да сапырылысқан халық, бірі болмаса бірі қағып кетуі әбден мүмкін ғой. Жазым деген аяқастынан, темір-терсек түсіп кетсе қайтесің, – деп жанашырлық танытады. Екі күннен кейін Мұхтар ағасы Гүлшаттың қолына баспана кілтін ұсы­нып, алыстау болса да паналай тұруға кеңес береді. Сол күні- ақ Нұрлан мен Гүлшат иесіз үйді аластап, іші-сыртын ақтап, кіріп алады. «Өз үйім – өлең төсегім» деген осы шығар. Екі бөлменің іші шаттыққа толып шыға келді.



Қазір Гүлшаттың отбасынан бақытты ешкім жоқ шығар. Ерлі-зайыптының ескі болса да, көлігі бар. Ең бастысы, екеуінің де нәпақа тауып отырған жұмысы бар. Күнде жұмыс­қа асыққан Гүлшат үш термосты ыстық суға толтырып алады. Қанты, тәтті тоқашы тағы бар. Сосын түске қарай үйіне бір соғып, балаларын тамақтандырып қайта кетеді. Соңғы кез­дері базардағы асхана меңгерушісімен келісіп, ыстық суды сол жақтан алатын болған. Әрі сол асхана пісіретін бауырсақ, самса, бәліштерді қоса сатады. Өзінің де, асхананың да сау­дасын жүргізіп жүр. Осылайша Гүлшаттың қою күрең шәйі мен ыстық бәлішінен соң, базаршылардың да жұмысы дөңге­леніп жүре береді.


Гүлшаттың айтуынша, өзі көпбалалы отбасынан шыққан. Жолдасы да бір отбасының ортаншы ұлы екен. Осы жазда шағын жер телімін сатып алыпты. Сәтін салса, көктемде үй салу ойларында бар. Қазір екеулеп қаржы жинап жүрген сыңайлы. Ең бастысы, адал еңбекпен нанын тауып жүрген отбасының ұйқысы тыныш. Еңбек адамы осылай болса керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04