Тағзым
Кешегі «Қаңтар оқиғасы» әлі де ұмытылған жоқ. Ұмыта алмай жүргендердің бірі, қоғам белсендісі – Гүлзат Асанқызы. Ол әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылармен жұмыс істейді, сол топтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін жан.
Пандемия кезінде Алатау ауданындағы «Шаңырақ» ықшамауданында жұмыссыз, табыссыз, ас-сусыз қалған талай отбасына қайырымды жандардан жиналған азық-түлік пакеттерін жаяу-жалпылап тасығандардың бірі. Қалың бұқараға осылай жақын жүретін, айтар ойы, пікірі бар, қоршаған ортасына бей-жай қарай алмайтын санасы сергек жан болғандықтан, телебағдарламалар Гүлзатты тәуелсіз сарапшы ретінде жиі шақырады.
Иә, ол «Қаңтар оқиғасын» көзімен көргендердің бірі. Көрмейін десе, бұрынғы жұмыс орны – «Бақытты отбасы» орталығы да, үйі де дәл «Алматы Аренаның» түбінде болды. Баласын құшақтап терезе алдында тұрған сол күні. Бір кезде көшеге шыққан адамдардың қарасы қалыңдап бара жатқанына алаңдап, шыдамай сыртқа шықты. Бір-екі ер адам көшеде тұрған көліктердің дөңгелегін шешіп алып жатыр екен. «Бұларыңыз не, біреудің мүлкінде нелеріңіз бар, доғарыңыздар!» – деп еді, «Шаруаңыз болмасын, үйіңізге барыңыз», – деді түсі суық бұжыр қара. Гүлзаттың жүрегі зырқ ете қалды. Әлгі адамның жанарында өшпенділік бар сияқты көрінді. Бірақ оның жан-жағын неге қиратып жүргенін түсіне алмай дал. Айнала у-шуға толып кетті. Гүлзат жүрегіне өксік тығылып, үйіне әрең жетті. Бір қараса, ағыл-тегіл жылап отыр екен. Неге жылап отырғанын өзі де білмейді. Бір білері – Алматыға ниеті бұзық адамдар қастандық жасап жатқандай, алып мегаполис шайқатылып тұрғандай әсерден арыла алмады. Олардың бейбіт ниетте шеруге шыққан отандастарымыздың арасына іріткі салмақ болған лаңкестер екенін кейін білді ғой.
Әрине, бгінде ол күндер де артта қалды. Бірақ ұмыту мүмкін емес. Алматыда Республика алаңында «Қаңтар оқиғасының» құрбандарына арналған «Тағзым» көп сатылы сәулет кешені ашылды дегенде, ертеңіне арнайы барып көргені де сондықтан. Көңілі бір ысып, бір суығанын да жасырмайды. Сол күндер көз алдынан тағы бір өте шыққандай болған себебі. Қазір бүкіл арман-мақсатын жүзеге асыруға дәнекер болған ару Алматы бұрынғысынан да көркейіп, көз алдында биіктеп келеді. Соған қуанады.
Тақырыпқа орай
Гүлзат АСАНҚЫЗЫ, қоғам белсендісі: Тасқа қашалған тарих
«Тағзым» мемориалының авторларына рахмет, сәтті шешімдерге барған. Ондағы ескерткіш тастар төрт бөлікке бөлінген. Мәселен, ақшыл сұр бөлігі – еңсеруді, қара түс «Қаңтар оқиғасы» кезіндегі өзім куәсі болған дүрбелең мен үрейді бейнелейді. Сұр бөлігі құрбан болған жазықсыз жандар мен төгілген қанның символы болса, ақ түс болашаққа, жақсы күндерге ұмтылуды білдіреді. Әр тасқа қашалып жазылған ұлы тұлғаларымыздың қанатты сөздерін түгел оқып шықтым. Оның бәрі - бүгінгі ұрпаққа өнеге. Тасқа қашалған «Қаңтар оқиғасы» ешқашан қайталанбауы керек. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – үлкеннің де, кішінің де перзенттік парызы деп білемін.