ffin.kz

Ажалдың аузынан... өнердің бағына оралған...

Ажалдың аузынан... өнердің бағына оралған... azh.kz

Әмен Қайдаровтың туғанына – 100 жыл


 


Әдетте, өмірге ерекше бір миссиямен келетін адамдар болады. Олар қандай да бір айрықша құбылыстың, жаңа үрдістің бастауында тұрып, соның бағын жандырады, сара жолын, соны соқпағын салады.


 


Әмен Қайдаров та – сондай тұлға. Оның қиын-қыстау тағдырды бастан кеше жүріп, оқ пен оттың, өмір мен өлімнің ортасынан ғайыптан тайып аман қалғанының өзі – қазақ мультипликациясының бағы дерліктей жағдай. Осынау өнер саласының қазақ елінде кеңінен қанат жайып, шыңдалып, шымырланып, шеберлік шыңына көтерілуінің өзі Әмен Әбжанұлының шығармашылық тегеурінімен, шалқар шабытымен тығыз байланысты десек, артық айтқандық емес.


Өткен ғасырдың 70-жылдарында Әмен Қайдаровтың арқасында қазақ мультипликациясы елімізде ғана емес, күллі кеңестік кеңістікке танымал елеулі құбылыс болды. Осы өнер саласына мамандану мақсатында Қазақстанға жұрттар Орта Азия республикаларынан ағылып келіп жатты. Бауырлас қырғыз, түркімен, тәжік халықтарының алғашқы мультфильмдері Әмен ағаның тікелей атсалысуымен, қолдауымен түсірілді. Режиссердің өзі түсірген алғашқы қазақ мультфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» Бүкілодақтық бәсекеде топ жарумен қатар, Нью-Йорктегі халықаралық фестивальде де жүлделі болды. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген фильм 48 елге сатылып, әлемдік прокатта толайым табысқа жетті.


Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінің халықаралық бірінші симпозиумы 1976 жылы  Алматыда өтуі де – қазақ мультипликациясының әлемдік деңгейде мойындалуының бір көрінісі болды. Бұл көптеген киногерлерді осы жанрда ізденуге ынталандырды. Шын мәнісінде, мультипликация шығармашылық ізденістер мен өзіндік тәжірибе алаңына қолайлы ортаға айналды.  


    Жақсылыққа үндейтін, адамгершілікті дәріптейтін, қазақ тарихындағы шоқтығы биік шығармалардың туындыгері Әмен Қайдаров көпшілігінің сценарийін өзі жазған «Ақсақ құлан», Құйыршық», Қожанасыр – құрылысшы», «40 өтірік» атты мультфильмдер сериясы үшін 1980 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.   



 



  • Бірінші шегініс: АЛБЫРТ ЖАС


Ол 1923 жылы 3-маусымда Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Жіңішке ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келді. Аштық пен жалаңаштық, жаппай мұқтаждық жайлаған қиын кезең Әбжан әулетін де айналып өткен жоқ. Отбасындағы 13 баладан Әмен мен қарындасы Райхан ғана аман-есен өсіп-жетіледі. Аштықтан қашқан әулет 1932 жылы жан сауғалап Алматыға жетеді. Ата-анасының жаңаша сауат ашып, арабшадан латыншаға көшуіне, ал Әменнің орыс мектебіне баруына тура келеді. Жаппай қуғын-сүргін басталған 1937 жылы отбасы бір түнде қайтадан көтеріле көшіп, Көкшетауға қоныс аударады. Бұған сол уақытта өздерімен көрші тұрған және жақын ағайын болып келетін Сәкен Сейфуллиннің тұтқындалуы себеп болады.  


Соғыс өрті тұтанған бойда мектепті бітірмей жатып, әскер жасына жетпесе де, өзі сұранып, Ақмоладан майданға аттанады. Бұл жөнінде Әмен аға өзі бір әңгімесінде: «Соғыс бізсіз аяқталып қалады» деп қорыққанымыз сонша, құрдастарым бар, барлығымыз бүкіл жан-тәнімізбен тезірек майданға жетуге асықтық. Жібермей қоятынын біліп, қашан кетер-кеткенше мұны ата-анамыздан да жасырдық, – дейді. Бір жылдай Ташкентте радиотелефонист курсында оқығаннан кейінгі әскери жолы Оңтүстік-Батыс, Дон, Сталинград, Украина майдандарында жалғасады. 1944 жылы ауыр жараланып, госпитальда бірнеше ота жасалған сарбаз, 20 жасында елге оралады. Денсаулығы бірден оңалып кете қоймаған ағасының сол кездегі жағдайын: «Жарасы ашылып кетіп, Ақмоладан Алматыға ұшақпен алып келген кез есімде. Сонда атақты хирург Сызғанов отадан кейін шығып: «ұлдарыңыз о дүниеге барып қайтты» дегенде анам ол кісінің қолын сүюге ұмтылды, ал әкем екеуміз қасында қуаныштан көзіміз жасқа толып тұрдық», – деп еске алған екен қарындасы Райхан.   




          * Екінші шегініс: ІЗГІЛІККЕ ҚҰШТАРЛЫҚ   


Әмен аға суретті кішкентай кезінен сала бастаған. Мектеп қабырғасында жүргенде көбіне құрбы-құрдастары мен ұстаздарының бейнесін кескіндеген. Оның сыртында, әжесі майын тамыза әңгімелеп беретін ауыз әдебиеті кейіпкерлері көкейіне мықтап қонақтағаны сонша, бала күнінен-ақ соларға жан бітіруді ойлап, түрлі қиялға берілетін болған.      


Өзінің айтуынша, сурет салумен майданда жүрген кезінде шындап айналыса бастаған. Ол туралы өзі кейіннен: «Неге екенін білмеймін, сол кезде менде әлдебір шабыт пайда болды. Әлі есімде, окопта жатқам, жанымда жолдастарым бар, күн шайдай ашық болатын. Аспанға қарасам – біздікілер ұшып жүр, сондай әдемі. Блокнотымды алдым да, қарындашпен сол көріністі сала бастадым. Ұшып өткен самолет дәл сол мезетте маған қарлығашты елестетті және қатты әсер етті», – деп әңгімелеген екен.  


Өмір мен өлім сәт сайын арбасқан аласапыран кезде де өнерді жанына серік етіп, қанды қырғын арасынан жарық сәуле іздеу үшін адамға қаншама ерлік, өрлік қажет десеңізші! Сол табандылық, ізгілік атаулыға деген сол құштарлық оны әрдайым үлкен мақсатқа жетеледі. Сөйтіп, жарақатынан құлан-таза айығып кете қоймағанына қарамастан соғыстың соңын ала көркемөнер училищесіне түсіп, кейінірек қолтаңбасы айқындалып, орта жасқа таяп қалған шағында мамандығы бойынша Мәскеуде оқып, үздіксіз ізденістен танбады. Институтты бітірер кезінде елге өзінің алғашқы мультфильмінің бүкіл материалын дайындап алып келді. Қазақ мультфильмінің алғашқы қарлығашы жай ғана қанат қағып қойған жоқ, төрткүл дүние жұртшылығының ыстық ықыласын иеленіп, табысымен таңдай қақтырды.


«Жалғыз қарлығаш көктемді алып келмейді» деп айтуды ұнатқан бірегей тұлғаның арманы – ұлттық мультипликация мектебін қалыптастыру болды.  Барлығы дерлік өзінің шәкірттері болып келетін әріптестерімен бірлесе отырып ол бұл арманына жетті де. Жемісті де жеңісті еңбек нәтижесінде сол кездері студияда жылына 6 мультфильмнен түсірілген екен. Сондай-ақ ол туындыларға еліміздің аса көрнекті өнер шеберлері атсалысқан. Музыкасын атақты Нұрғиса Тілендиев жазса, авторлық мәтіндерді Шәкен Айманов, Ыдырыс Ноғайбаев, Зәмзәгүл Шәріпова сияқты танымал өнер саңлақтары оқыған.        


 




  • Үшінші шегініс: САҢЛАҚ СУРЕТКЕР


Қоғамдық жүйе ауысқан аласапыран кезде адами-мәдени құндылықтардың құлдырауымен бірге, қазақ анимациясы да қожырап, тығырыққа тірелді. Сол уақытта Әмен аға өмірінің мәніне айналған мультипликация өнерінің өсіп-өркендеуіне, дамуына қолдау көрсетуді сұрап, талай емен есікті қағады, талай шендінің алдына барады. Ұлтты жаңғыртатын жас ұрпақ екенін айтып, оларды рухани сусындататын, жақсылыққа үндейтін кемел өнердің көкжиегін кеңейтуге күш салады. Дүниенің астаң-кестеңі шыққан 90-жылдары қазіргі өнер академиясынан мультипликация кафедрасын ашады, «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы анимациялық студияның жұмыс істеуіне бастамашы болады, бүгінде белгілі өнер майталманына айналған аниматорлардың талай буынына сабақ беріп, өмірден өтер-өткенше ұстаздық етеді.   


Өз ісіне шын берілген бірегей тұлға тек мультипликация ғана емес, басқа да жанрларда тер төгеді, миниатюралар, пейзаждармен қатар, Ж.Жабаев, Ә.Молдағұлова, Қ.Сәтпаев, Н.Тілендиев сияқты басқа да көптеген атақты адамдардың портреттерін салады. Әлем елдерінің анимацияға көп көңіл бөле бастағанын көріп, бізде де анимациялық жеке мекеменің болуын арман етеді. Әмен аға осыдан ондаған жыл бұрынғы бір сұхбатында: «Соңғы уақытта теледидардан, кинотеатрлардан шетел мультфильмдерін көрсету сәнге айналды. Олар баланың бойына, негізінен, қатыгездік пен өшпенділікті, арсыздықты дарытады. Кейбіреулері тіпті бала санасын өзге дінмен улайды. Бұл біздің салт-санамызға жат. Мультфильм, біріншіден, тәрбие беруге тиіс, бірақ оны ескеріп жатқандар шамалы. Қазір  қазақтың төл мультфильмдерінің саны 100-ден асты, бірақ соларды көрсетпейді», – деп қынжылғаны бар.


Әмен Әбжанұлы арман еткен жеке анимациялық мекеме араға талай жыл салып барып, шығармашылық бірлестік ретінде былтыр ғана құрылды. Аталған орталық осыдан 7-8 ай бұрын «Әмен ағаның ғажайып бәйтерегі» атты қысқаметражды мультфильм түсіруге кіріскен және ол биыл, яғни «қазақ мультипликациясы атасының» 100 жылдығы қарсаңында көрерменге ұсынылады делінген. Сол сияқты, аталған мерейтой республика көлемінде кеңінен аталып өтеді, теңдессіз суреткердің есімін ұлықтау мақсатында Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында көшелерге есімі беріледі, аймақтарда анимациялық кино апталықтары ұйымдастырылып, онда Әмен Қайдаровтың жұмыстары ғана емес, басқа да киногерлердің күні бүгінге дейін түсірілген анимациялық үздік картиналары да көрсетіледі деген әңгіме айтылған. Мінеки, ол күн де есік қағып тұр. Бірақ мэтр мерейтойының дүркіреп аталып, жоспарланған іс-шаралардың іске асып жатқанын әлі көрмедік. Қалай дегенмен де, өнерге өлшеусіз еңбек сіңіріп, соның жолына бүкіл ғұмырын арнаған дара тұлға рухына тағзым ете отырып, жарқын істерін дәріптеу, ұлағатты ұстанымын ұрпақ санасына сіңіру қай кезде де кеш емес.


93-ке қараған шағында дүниеден өткен саңлақ суреткер: «Мен айтарлықтай ұзақ әрі қызықты өмір сүрдім. Өкінішке қарай, бүкіл ой-арманыңды іске асырып үлгеруге өмір қысқа. Ал менің жоспарларым әлі де көп еді» деген екен. Айтса-айтқандай, өмір қысқа, ал өнер – мәңгілік. Демек тағылымын шамшырақ етіп, шығармашылық үрдісін жалғастырар шәкірттері, ізбасарлары барда Әмен ағаның арман-ойы, жоба-жоспарлары жалғасын табады деген үміт басым. Лайым солай болғай!..



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51