ffin.kz

Алматыда шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары қалай іске асырылуда?

Алматыда шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары  қалай іске асырылуда? Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету – өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұған «Даму» қорының Алматы қаласы бойынша өңірлік филиалы ұйымдастырған пресс турда көз жеткіздік.


Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан іс-шараның мақсаты –  аталмыш қордың тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапқан кәсіпорындардың жұмысымен танысу, кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан істер жайынан халықты хабардар ету.


Іс-шара басталмас бұрын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Алматы қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Жандос Нұрғазинов БАҚ өкілдеріне арнап филиалдың қызмет бағыты мен жеткен жетістіктері, алматылық кәсіпкерлердің қордан алған қолдау нәтижелері туралы айтып берді. 




«Бүгінгі таңда «Даму» қоры бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда. Төрт бағытта жұмыс жасайды. Бірінші – субсиядалау, яғни кәсіпкердің екінші деңгейлі банктен алған негізгі борышы сыйақысының бір бөлігін субсидиялау. Екінші бағыт – кепілдендіру, 85%-ға дейін кепілдігі жеткіліксіз болған жағдайда кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Екі бағыт Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Үшіншіден,  жеңілдетілген несиелендіру, төртінші – мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлердің мониторингін жүргізу. Мемлекеттік бағдарламалар іске қосылғалы Алматыда жыл басынан бері 15 мыңға жуық кәсіпкер қолдау тапты. Мәселен, жыл басынан бері 9 айдағы қорытынды бойынша субсидиялау бағытында 800-ден астам кәсіпкер 100 млрд  теңгеге несие алса, кепілдендіру бойынша 500-ге жуық кәсіпкер 20 млрд  теңгеге жуық қаражат алып, мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр»,дейді филиал басшысы Жандос Нұрғазинов.



Өнімдеріміз жоғары сұранысқа ие


Біз алғаш табан тіреген кәсіпорын Алатау ауданына қарасты «Алғабас» ықшамауданындағы индустриалды аймақта орналасқан «BRBAPK» ЖШС жылыжай кешені болды.


«NAC Agro» брендімен танылған жылыжай топырақсыз көкөніс өндіруге арналған озық технологиялармен жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, жылыжайдың өндірістік қуаттылығы жылына 7 мың тоннадан астам көкөністі құрайды және тәулігіне 20 тоннадан астам көкөніс өндіре алады. Жобаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен жеке инвесторлар жүзеге асырған. Инвестиция көлемі 7,8 млрд теңгені құрайды. 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірісте голландиялық Dalsem Horticultural Projects B.V.  компаниясының технологиясы қолданылады. 



«Өндіріс кешені мемлекеттің қолдауымен 2016 жылы салынған. Биыл «Даму» қорынан төмен пайызбен 2 млрд теңгеден астам қаражат көмек алдық. Оның 500 миллионы жылыжайдың қасынан бой көтеретін лимон өсіруге арналған арнайы кешеннің құрылысына жұмсалады. Ал қалған қаражат осы 12 гектар аумақта жұмыс жасап тұрған жылыжай кешенінің жаңаруына пайдаланылады. Жаңа кешенде осы төңіректерде тұратын 200-ден астам адам жұмыс істейді. Ал мамандарымыз еліміздегі ЖОО-нын бітірген түлектер. Жыл сайын жас мамандарымыз Нидерланды, Германия секілді шет елдерге барып білімдерін жетілдіріп келеді, тәжірибе алмасу үшін оқуға жіберіп тұрамыз. Жылыжайда қызанақтың 12 түрі, екі түрлі қияр, екі түрлі баялды (баклажан) және болгар бұрышын өсіреміз. Өнімнің 35–40%-ын Алматы қаласына, қалған 30%-ды солтүстік өңірлерге жөнелтеміз, ал қалғаны Ресейге жіберіледі. Өніміміз сапалы болған соң  біздің тауарларға деген сұраныс та жоғары», – дейді агроном, өндіріс кешенінің басшысы Шәкен Бөлекбаев.




Қазіргі уақытта компания өндірістегі жаңа және қолданыстағы бағыттарды дамытуға ұмтылады, одан әрі дамытуды, оның ішінде өндірілетін өнім ассортиментін кеңейтуді жоспарлап отыр.


Кәсібің – нәсібің


Жылыжай жұмысымен танысқаннан кейін біз «БИЖАН ет комбинаты» ЖШС-не бардық.


Өнімдерін Алматы халқы ғана емес, бүкіл Қазақстан тұтынатын кәсіпорын бүгінгі таңда  жоғары сапалы шұжық пен ет өнімдерінің 100-ден астам түрін шығарады. Аталмыш компанияға биыл 25 жыл толып отыр. 


«Бижан» ЖШС директорының орынбасары Бақытжан Қадырбаевтың айтуынша, мұнда шикізат өнімі өз елімізден әкелінеді. Компанияның Көкшетау қаласында ірі қара, мал бордақылайтын орны бар. Сол себепті оларға шикізатты тасымалдау қиынға соқпайды. Алматыдағы кәсіпорында 235 адам жұмыс істейді. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Кәсіпорынның Алматыда – 20, Астанада – 8 фирмалық дүкені бар, – дейді директордың орынбасары Бақытжан Қадырбаев.


Кәсіпорын «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы «Басымды жобаларды несиелендіру және қаржылық лизинг тетігі» бағдарламасы бойынша инвестицияны қаржыландыруға ие болған. Бағдарлама шарттарына сәйкес сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігі жылдық 15%-дың 9%-ын құрайды. Бүгінде жаңа зауыттың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылған.


Мемлекеттен қолдау бар


«Жақсыны – көрмекке» демекші, біз ат басын бұрған үшінші кәсіпорын – «TEPLOSTIL» ЖШС қасбеттік жылу панелін өндіретін зауыт болды.


Қауіпсіздік ережелерін барынша сақтау мақсатында келген қонақтарына қорғаныс шлемін ұсынған кәсіпорын басшысы өндірістік цехтағы жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен таныстырды.  Негізін 2019 жылы қалаған кәсіпорын фасадтар мен құрылымдарға арналған термопанельдер мен сәндік бұйымдарды шығарумен айналысады.



«Біздің компания қасбетке арналған жылу панельдерін өндіретін отандық компания болып саналады. Негізінен, өнімдер орташа табыс табатын қарапайым халыққа арналған. Біздің өнімдер біріншіден, үйді жылытады, екіншіден, әсемдік береді. Қолдану мерзімі – 25 жыл. Зауытты салғанымызға екі жыл болды. Инвестициямыздың құны 800 мыңнан асады. «Даму» қорынан займ алып, оны 200 млн.-ға субсидияладық.  Біз қазір пенопласт өндіретін цехта тұрмыз. Мұны  «Даму» берген қаражатқа салып бітірдік. Аталмыш қордың кәсіпкерлер үшін жасап жатқан еңбегі көп. Мамандардан кеңес алу, жалпы, ондағы барлық процесс еш қиындықсыз жеңіл жүреді. Бұл кәсіпкер үшін үлкен жеңілдік,  алдағы ісіне нық сенім мен серпіліс береді. Осы тұрғыдан алғанда біз мемлекеттің қолдауына, «Дамудың» қызметіне алғыс білдіреміз. «Әрекетке – берекет» деген. Кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттен қолдау бар деген осы», – дейді кәсіпкер, «Teplostil» ЖШС директоры Ержан Қалимолдиев.




Компания өнімдерінің негізгі тұтынушылары – жеке тұлғалар. «Еуразиялық Банк» АҚ арқылы өз қызметін кеңейту үшін мекеме кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бойынша инвестиция мақсатында қаржы алған. Бағдарлама шарттарына сәйкес сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігі жылдық 19%-дың 13%-ын құрайды. Қолдау арқасында «TEPLOSTIL» ЖШС өндірісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр.


Профильден – әйнекке дейін...


Баспасөз туры ПВХ өнімдерін өндіру бойынша жетекші компаниялардың бірі – «Комбинат Светопрозрачных Конструкций» ЖШС-інде жалғасын тапты.




«Компания құрылғанына екі жыл уақыт болғанына қарамастан құрылыс нарығындағы жетекші компаниялардың біріне айналған. Біздің зауыттың бірегейлігі сол, бір «шаңырақ» астында төрт түрлі өнім шығарады. Мұнда профиль жасаудан бастап әйнекке дейін кез келген күрделіліктегі витраждар, терезе және есік жүйелерін жасаудың үздіксіз процесі жүреді. Сенімді жеткізушілер арқылы шыны аламыз. Мәселен, әл-Фараби даңғылындағы жаңа «Almaty Theatre» құрылысына біздің зауыттың өнімдері пайдаланылған. Халық тұтынатын тауарларға қашан да сұраныс бар. Қазір заманауи үлгідегі түрлі ғимараттар да, жеке тұрғын үйлер де көз ілеспес жылдамдықпен салынып, бой көтеруде. Біз соларға металл пластиктен кез келген күрделіліктегі витраждар, терезе және есік жүйелерін өндіру және орнату бойынша жұмыстарды орындаймыз», – дейді зауыт технологы Дмитрий Кулаков.



«Center Leasing» ЖШС арқылы өз қызметін кеңейту үшін компания Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бойынша инвестицияға қаржы алған. Бағдарлама шарттарына сәйкес сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігі жылдық 21,75%-дың 13,75%-ын құрайды. «Комбинат Светопрозрачных Конструкций» ЖШС қолдау аясында жаңа жұмыс орындарын ашқан.  


Құндылық пен білімнің мекені


Пресс-турдың соңғы нүктесін Наурызбай ауданына қарасты «Қарғалы» ықшамауданында орналасқан «ZAMAN» элиталық қазақ мектебі» ЖШС қойды. 


Тау бөктеріне жақын орналасқан заманауи білім ордасы басқа мектептерге мүлде ұқсамайды. Құрылысы мен әрлеу жұмыстарына тек табиғи өнімдерді пайдаланған ғимараттың сыртқы келбетінің өзі ерекше. Айналасы жап-жасыл көгалмен көмкерілген элиталық қазақ мектебі жалпы және орта білім беруге негізделген. Мұнда оқушылар шет тілдерін қосымша оқумен қатар, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін терең зерделей отырып, мемлекеттік тілде білім алады.  




«Жаһандану заманында жаңа технологияны еркін меңгерген, ақылды, әрі өркениетті жеткіншек қалыптасу үшін осындай тәрбиесі мен тағылымы мол мектептер ашылып жатса, нұр үстіне нұр. Мақсатымыз – математикалық пәндер мен ағылшын тілін тереңдетіп, қазақ тілінде оқытатын мектеп-гимназия ашу, оны 590 оқушыға дейін кеңейту үшін жаңа ғимарат салу болатын», – дейді мектептің негізін қалаушы Амангелді Нұров.



Оның айтуынша, мұнда бұрын «Дәулет» орта білім беру мектебі болған. Мұғалімдер мен оқушылардың құрамы сол кезден қалыптасқан.  13 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Педагогикалық ұжымның 90%-ын бұрынғы мектепте қызмет атқарған мұғалімдер құрайды.


Р.S. Кәсіпкерлерге бизнеспен, өндіріспен айналысуға даңғыл жол ашып берген «Даму» қорының Алматы қаласы бойынша өңірлік филиалы ұйымдастырған пресс-тур жұмысы түс ауа аяқталды. Әрине, қордан қолдау тапқан ұжымдардың бәрін бір күнде аралап шығу мүмкін емес. Дегенмен, «көп естігеннен бір көрген артық». Пресс-тур барысында біз аталмыш қордан нақты көмек алып, өз істерін дөңгелетіп отырған кәсіпорындардың жұмысына куә болдық. Өндіріс орындарында білек сыбана қызу жұмыс істеп жатқан жандардың еңбегін көрдік. Қорыта айтқанда, халықты тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге септігін тигізіп жатқан кәсіпорындардың жетістіктеріне қуандық. Бұл көріністер мемлекеттен көмекті кәсіптің қай түріне болса да алуға болатынын көрсетсе керек.  


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02