Бүгін футболдан әлем чемпионаты басталады.
«Спорттың бәрі - бір төбе, футболым - бір төбе» дейтін жанкүйерлер «жарғақ құлағы жастыққа тимей», әрқайсысы өз командасы үшін тақым қысып отыр. Жалпы, бұл мундиаль несімен ерекше? Қандай ерекшелігі бар? Қай команда чемпион болып, қайсысы жабырқатуы мүмкін?
Катар қандай ел?
Катар – Парсы шығанағының Катар түбегіндегі шағын ғана мемлекет. Жер көлемі бар болғаны – 11 400 шаршы шақырым. Салыстырғанды жақсы көреміз ғой, Қазақстанда облыстар емес, аудандардың аумағы бұдан үлкен болып жатады. Оңтүстігінде Сауд Арабиясымен шектессе, қалған аумағын Парсы шығанағы жуып жатыр. 3 миллионға жуық халқы бар абсолютті монархиялы мемлекет.
Ежелде Араб халифатының отарында болған. Одан кейін Бахрейн әмірлері басқарды. Португалияға, Осман империясына, тіпті британиялықтарға да тәуелді болды. 1971 жылдан бері ғана толығымен азат елген айналды. Бүгінде Катар 8 әкімшілік аймаққа бөлінген. Соның бесеуінде Әлем чемпионатының ойындары өтеді.
Стадиондарының ең үлкені – Ұлттық арена. Құрылысы 2017 жылы басталыпты. 80 мың көрермен сыйдыра алатын аталмыш аренада финалмен бірге 10 ойын өтеді деп жоспарланған. Алайда, әлем чемпионатынан кейін орындықтарының саны 20 мыңға дейін қысқартылмақ. Жалпы, мундиальді қабылдайтын 8 стадион да бір-біріне ұқсамайтын ерекше. Әрқайсысының өз дизайны бар және жанкүйерлерге барлық жағдай жасалған. Футбол көріп отырғанда қатты ыстық болмас үшін салқындату жүйесі орнатылған. Сыртта аптап ыстық болса да, аренаның ішінде әрдайым +21°C көрсетіп тұрады. Әр орындықтың астында вентиляциялық құрылғы бар. Әлбетте, аяққа еш ыңғайсыздық тудырмайды. Орныңызға жайғасқанда, аяғыңызды құдды бір салқындатылған бұлттың арасына салып қойғандай әсерде боласыз. Айтпақшы, Ұлттық стадион салынған Лусаил қаласының да іргетасы ХХІ ғасырда қаланған. Нақты айтсақ, 2007 жылы. Бар-жоғы 13 жылда жарты миллион адамға жоспарланған алып шаһарға айналды.
Әлем чемпионатының фавориті кім?
Келесі мундиальдан бастап командалар саны 48-ге көбейеді. Ал биыл әлем чемпионатында 32 команда. Еуропадан 13, Азиядан 6, Африкадан 5 және Оңтүстік Америка мен Солтүстік Америкадан құрамадан. Турнир қожайындары ретінде автоматты түрде жолдама алған Катар әлем чемпионатына тұңғыш рет қатыспақ. Бразилия бірде-бір мундиальдан қалмаған. Германия жиырмасыншы рет қатыспақ. Одан кейінгі орында 18 рет қатысқан Италия келеді. Биыл оларға Аргентина жетіп алады. Ал Франция, Испания және Англия құрамалары өздерінің 16-шы чемпионаттарында доп теппек.
Әлбетте, фавориттердің көшін әдеттегідей Бразилия бастап тұр. Алайда, Selesao жігіттер соңғы рет осыдан 20 жыл бұрын топ жарыпты. Қорғанысы мен шабуылы да «сен тұр, мен атайын» деген жігіттерден Бразилия 2018 жылы Ресейде ширек финалда сүрінген болатын. Мамандар фаворит деп айдар таққан тағы бір команда – Аргентина. Тіпті, әртүрлі болжам құралдары да биылғы чемпион деп Albiceleste жігіттерін айтып жүр. Аргентина бірінші кезекте Лионель Месси бастаған шабуылшыларына сенеді. Дегенмен, алғы шепте кез келген қамалды бұзып өтетін бұл команданың қорғанысы соншалықты мықты емес. Ал Еуропа елдерінен бірінші кезекте Франция мен Португалияны айтып өтуге болады. Дидье Дешам сынды бас бапкері бар, Килиан Мбаппе, Кәрім Бензема, Осман Дембеле сынды ойыншылары бар Франция биыл да жеңіс тұғырына көтерілуді көздейді. Ал Португалияның сенері – Криштиану Роналду. Иә, клубтық деңгейде шау тарта бастаған шығар, бірақ ұлттық құрама дегенде Криштианудың ойыны ерекше.
Рас, басқа командалар да таңғалдыруы мүмкін. Испания, Германия, Англия, Уругвай сынды құрамалар да мықтылармен жасақталған. Тіпті, 2018 жылғыдай биылғы чемпионаттың да көпшілікті таңғалдырып, финалға дейін шабар өз Хорватиясы шығуы мүмкін.
Жалпы, биылғы әлем чемпионаты әдеттегідей жазда емес, қыста өтуі де мундиальға өзіндік шарм беріп тұр. Иә, клубтық командалар үшін ыңғайсыз, бірақ футболшылар мен жанкүйерлер үшін өте қолайлы уақыт. Өйткені, ойыншылар чемпионатқа шаршаңқы емес, нағыз бабында келді. Ал бұл бір ай бойы тамаша футбол ойындарын көреміз деген сөз.
Әлем чемпионаттары |
|||
Жыл |
Чемпионат қожайыны |
Финал |
3-орын үшін |
1930 |
Уругвай |
Уругвай – Аргентина 4:2 |
АҚШ – Югославия* |
1934 |
Италия |
Италия – Чехословакия 2:1 |
Германия – Аустрия 3:2 |
1938 |
Франция |
Италия – Венгрия 4:2 |
Бразилия – Швеция 4:2 |
1950 |
Бразилия |
Уругвай – Бразилия 2:1** |
Швеция – Испания 3:1** |
1954 |
Швейцария |
ФРГ – Венгрия 3:2 |
Аустрия – Уругвай 3:1 |
1958 |
Швеция |
Бразилия – Швеция 5:2 |
Франция – ФРГ 6:3 |
1962 |
Чили |
Бразилия – Чехословакия 3:1 |
Чили – Югославия 1:0 |
1966 |
Англия |
Англия – ФРГ 4:2 |
Португалия – КСРО 2:1 |
1970 |
Мексика |
Бразилия – Италия 4:1 |
ФРГ – Уругвай 1:0 |
1974 |
ФРГ |
ФРГ – Нидерланд 2:1 |
Польша – Бразилия 1:0 |
1978 |
Аргентина |
Аргентина – Нидерланд 3:1 |
Бразилия – Италия 2:1 |
1982 |
Испания |
Италия – ФРГ 3:1 |
Польша – Франция 3:2 |
1986 |
Мексика |
Аргентина – ФРГ 3:2 |
Франция – Бельгия 4:2 |
1990 |
Италия |
ФРГ – Аргентина 1:0 |
Италия – Англия 2:1 |
1994 |
АҚШ |
Бразилия – Италия 0:0, 3:2-пен |
Швеция – Болгария 4:0 |
1998 |
Франция |
Франция – Бразилия 3:0 |
Хорватия – Нидерланд 2:1 |
2002 |
Жапония мен Оңтүстік Корея |
Бразилия – Германия 2:0 |
Түркия – Оңтүстік Корея 3:2 |
2006 |
Германия |
Италия – Франция 1:1, 5:3-пен |
Германия – Португалия 3:1 |
2010 |
ОАР |
Испания – Нидерланд 1:0 |
Германия – Уругвай 3:2 |
2014 |
Бразилия |
Германия – Аргентина 1:0 |
Нидерланд – Бразилия 3:0 |
2018 |
Ресей |
Франция – Хорватия 4:2 |
Бельгия – Англия 2:0 |
*Ескерту: 1930 жылы 3-орын үшін ойын өткен жоқ. Топтық кезеңдегі көрсеткіштері жақсы болғандықтан, ұйымдастырушылар қола жүлдені АҚШ-қа табыстады. **1950 жылы финал және 3-орын үшін ойындар өткен жоқ. Үздік төрт команда арасында топтық кезең ұйымдастырылып, көп ұпай жинаған Уругвай чемпион атанды. Дегенмен, топтық кезеңде Уругвай мен Бразилия арасындағы матч шешуші болғандықтан, тарихшылар сол ойынды финал деп санайды. |
Керек дерек
СІЗГЕ ҚЫЗЫҚ 10 ДЕРЕК
Ертеңгі әлем чемпионатының қарсаңында назарларыңызға осы мундиаль жайлы ең қызық 10 деректі ұсынамыз.
Ең аласа бойлы футболшы
Әлем чемпионатына тіркелген ойыншылардың ішінде бойы ең аласа футболшы – марокколық Ілияс Шаир. Шотландияның «Куинз Парк Рейнджерс» командасында доп тебетін жартылай қорғаушының бойы бар болғаны – 158 см. Салыстырмалы түрде айтайық, ең бойшаң ойыншы – Нидерланд құрамасының қақпашысы Андрис Нопперт. Бойы – 203 см.
«Отанын сатқандар»
Әлем чемпионатына барлығы 831 футболшы тіркелген. Әр командада 26 ойыншыдан. Тек Иран ғана 25 футболшы апарыпты. Ал солардың ішінде 137-сі өзі туған елдің емес, басқа құраманың намысын қорғайды. Мәселен, қорғаушы Пепе Бразилияда дүниеге келгенімен, Португалияның намысын жыртып жүр. Ал ағылшын Рахим Стерлингтің туған жері – Ямайка. Мұндай футболшылар Мароккода көп. Аталмыш құраманың 14 ойыншысы өзге елде туған.
Әйел төрешілер
Катардағы әлем чемпионатында тұңғыш рет әйел төрешілер қызмет етеді. Бас қазы ретінде мундиальға франциялық Стефани Фраппар, руандалық Салима Мукансанга және жапониялық Есими Ямасита шақырту алды.
Англия – ең қымбат құрама
Әлем чемпионатындағы ең қымбат футболшы – Киллиан Мбаппе. Transfermarkt дерегі бойынша, оның бағасы – 160 млн. евро. Ал ең қымбат құрама – Англия. Футболшыларының жалпы бағасы 1,260 млрд евро. Екінші орында – Франция (953,5 млн евро), үшінші орында – Бразилия (899,5 млн евро), одан кейін Испания (798, млн евро), Германия (728,5 млн евро), Нидерланд (658,5 млн евро) деп кете береді. Ең арзан құрама – Катар. Турнир қожайындарының жалпы бағасы – 14,9 млн евро.
Ең жас және ең егде ойыншы
«Боруссия Д» командасының шабуылшысы Юссуф Мукоконың жасы бар болғаны 17-де. Дегенмен, ертең кәмелеттік жасқа толады. Ал ең егде ойыншы – мексикалық қақпашы Альфредо Талавер. Оның жасы – 40-та. Салыстырмалы түрде айтайық, Әлем чемпионатындағы ең жас бас бапкер – Лионель Скалони. Аргентина құрамасын баптайтын маман Талаверден бар болғаны 4 жасқа үлкен. Ал ең егде бас бапкер – Луи Ван Галь. Нидерланды құрамасының жаттықтырушысы 71-ге толды. Айтпақшы, футболшыларының жалпы орта жасы 24,7 жасты құрайтын Гана құрамасы осы мундиальдің ең жас командасы. Ал ең егде команда – Иран. Футболшыларының орташа жасы – 28,9.
«Бавария» бәрінен озды
Әлем чемпионатына ең көп ойыншы қосқан клуб – «Бавария». 17 ойыншысы Катарға аттанды. «Манчестер сити» мен «Барселонада» 16 ойыншыдан. Одан кейінгі орында 14 ойыншымен Мадридтің «Реалы» тұр. Сондай-ақ, үздік клубтар қатарында 13 ойыншымен «Манчестер юнайтед» те бар.
Стадиондар бір-біріне өте жақын
Катар – шағын ғана мемлекет. Ойындар 5 қаланың 8 стадионында өтеді. Ареналар арасындағы максималды қашықтық небәрі 56 шақырым. Бір стадионнан екіншісіне жету үшін жанкүйерлер максимум бір сағат жұмсайды.
Бар болғыр VAR
Әлем чемпионатында VAR жүйесі тіптен күшейтіледі. Офсайдтарды қадағалау үшін ФИФА жаңа бейне құралын ұсынды. Стадион шатырына қосымша 12 камера орнатылады. Ол футболшылардың позицияларын нақты есептеуге көмектесіп, төрешілерге тез шешім қабылдауға себеп болады. Сонымен қатар, допқа да электронды жабдық орнатылады.
Алкоголь әлде айықтырғыш
Араб елдерінде алкоголье және қоғамдық орындарда мас күйінде жүруге тыйым салады. Заңды бұзған адам алты айға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер стадионға мас күйінде кірмек болсаңыз, алдымен аренаның жанында салынған арнайы айықтырғыштарға жібереді. Содан кейін ғана ойынды тамашалай аласыз. Алайда, фанаттарға арналған аймақтарда алкоголь ішуге тиым жоқ.
Билет қанша тұрады?
Әлем чемпионатының билеттері 2022 жылдың басында-ақ сатылымға шыққан. Шетелдік жанкүйерлер үшін матч билеттері жергілікті тұрғындарға қарағанда бірнеше есе қымбат сатылып жатыр. Сонымен, топтық кезең ойындарының билеттері – 250–800 Катар риалы (69–220 АҚШ доллары) тұрады. Ал финалдың билеттер 220–5850 Катар риалы (604–1,6 мың доллар) аралығында.